Емтихан – оқушылардың білімін қорытынды тексерудің және бағалаудың арнаулы формасы. Емтихан (1944 жылдан бастап енгізілген) білімгерлердің білімін жинақтауға және бір жүйеге келтіруге, оларды оқу жылы бойынша оқуға ынталандырады, оқу жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі.
Сынақ – қорытынды бақылаудың айрықша түрі, ол белгілі бір тарау немесе тақырып бойынша атқарылған оқу жұмыстарының бүкіл өн бойында оқытушы қолданған тексерудің барлық түрлерін ескере отыра қойылады. Сынақ (1959 жылдан енгізілген) оқу бағдарламасының негізгі бөлімдері және тақырыптардағы білім, білік, дағдыларды жүйеге келтіру, тереңдету міндеттерін шешеді.
Сынақ жұмыстарын енгізудегі мақсат – бағдарламадағы теориялық білімдерді күшейту, бекіту және оқыту үдерісінде білімгерлердің жоғары белсенділіктерін, жауапкершілігін, дербестігін орнықтыру.
Сынақ жұмысы оқу бағдарламасының негізгі бөлімін, тарауын оқып болғаннан кейін жүргізіледі. Оқытушы оның өткізу мерзімін, тақырыптары мен талқыланатын сұрақтарын білімгерлерге алдын ала хабарлайды. Оларға жеке-дара тапсырмалар беріліп, қосымша әдебиеттерді оқу тапсырылады және қосымша сабақ өткізіледі.
Оқыту сапасының менеджменті: критерийлері мен көрсеткіштері. «Сапа» – кең ұғым, В.Лапидустың жүйелеуінде сапаға төмендегідей анықтама беруге болады:
Сапа – стандартқа сәйкестік.
Сапа – стандартқа сәйкестік және үдерістердің орнықтылығы.
Сапа – қызметкерлер мен тұтынушылардың сұраныстары мен талаптарын қанағаттандыру.
Сапа – қоғамның мүлік иесінің (акционердің) тұтынушылық және қызметкердің сұранысы мен талаптарын қамтамасыз ету.
ИСО-8420 халықаралық стандартына сәйкес, «Сапа – объектінің алдын-ала анықталған, нақтыланған сұранысын қанағаттандыратын қабілеттерінің сипаттамалық жиынтығы».
В.В.Киянский және т.б. ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек:
Сапа - бұл талапқа сәйкестік және сәйкессіздіктің болмауы.
Сапа – сәйкессіздікті жою емес, алдын-алу.
Сапа – дүкенге тауардың емес, тұтынушылардың келуі.