Чупа-чупс пен Марғау шығып кетеді.Сахнада Кафка мен Қыз қалады.
Кішкентай қыз көзін қатты жұмып алған, қиналып тұр. Әлдене есіне түсіре алмай тұрғаны анық. Кафка айналып, таңданып қарайды.
К: Не қарап тұрсың?
Қыз: Тс-с-с! Үндеме!
Кафка кетіп қалады. Сосын қайта жанына келеді.
К: Бір жерің ауырып тұр ма?
Қыз: Үндеме дедім ғой.
К: Жарайды.
Кафка қайта кетіп қалады. Былай барып, тұрып-тұрып, қайта келеді.
К: Мүмкін айтарсың.
Қыз әлі тұр.
К: Айтпасаң қой. Менде де бір құпия бар. Айтпаймын саған [тілін шығарады].
Қыз үнсіз. Кафка дегбірі қашып, олай бұлай жүре бастайды.
К[жалып]: Айтш-ы-ы-ы енді! Өтіне-е-е-м!
Қ: Ту-у-у Кафка! Мазамды алдың ғой.
К: Енді қызығып бара жатқан жоқпын ба.
Қ: Айтпаймын. Айта алмаймын.
К: Неге айтпайсың? Аспаннан ақша тілеп тұрсың ба? Ақша беретін сиқырды білесің бе? Маған да үйретші.
Қ: Ту-у-у Кафка! Білмеймін. Олай емес.
К: Енді не? Әлде бақсы болайын дедің бе.
Қ: Жоқ.
К: Сиқыршы?
Қ: Жоқ.
К: Тәуіп.
Қ: Жоқ деймін.
К: Енді не? Айтшы өтінем.
Кафка қалтасынан жалдам қара бір зат алып шығады.
К: Айтсаң бар ғой. Осыны саған ойланбастан сыйға тартамын.
Қ: Бұл не?
К: Қақпақ.
Қ: Ненің?
К: Кока коланың.
Қ: Мхм, оның маған керегі не? Қақпақ деген толып жатыр емес пе.
К: Олай деме, қақпақты табу қиын. Үшеуін жинасаң, тегін кола алуға болады.
Қ: Мен кола ішпеймін.
К: Енді айта салшы. Айтқаныңды жасайын. Оңға десең оңға, солға десең солға барайын.
Қ: Шынымен білгің келе ме?
К[секіріп]: Иә, иә, иә!
Қ: Ешкімге айтпайсың ғой.
К: Айтпаймын. Айтсам аузым күйсін.
Қ: Уәде бер.
К: Уәде берем.
Қ: Әкел қолыңды.
Екеуі саусақ алмасады.
Қ: Онда тыңда.
К: Иә.
Қ:Ме-е-е-н…
К: Се-е-ен…?
Қ: Ме-е-е-н..
К: Се-е-е-ен…?
Қ: Мен барғой.
К: Иә.
Қ: Анау не бар емес пе?
К: Не ?
Қ: Елестетіп тұрғам.
К: Нені?
Қ: Ертегіні.
К[таңданып]: Қандай ертегіні?
Қ: Кәдімгі ертегіні.
К: Ертегіні елестетуге бола ма екен.
Қ: Енді мүмкін елестетіп көрсем, бәлкім ертегіге сеніп кетермін деп ойлағам.
К[көңілі бірден түсіп]: Енді? Елестете алдың ба?
Қ[мұңайып]: Жоқ.
К: Ой, дым қызық емес ғой.
Қ: Сен ешкімге айтпауға уәде бердің.
К: Несін айтамын. Айтатындай бір қызық болса ғой. Елестету! «Ол елестетті» деп айтам ба біреуге. Қалай айтам.
Қ: Қызық емес пе.
К: Дым қызығы жоқ.
Қ: Кафка, ренжімеші.
К: Жүр, одан да, қонжықты іздейміз.
Қ: Кафка деймін.
К: Қақпағымды қайтар өзіме.
Кафка алдыға түсіп, кетіп қалады.
Төбеден жалғыз домалақ қызыл лампа түседі. Екеуі де соған қарап тұр.
Қыз: Бұл не?
К:Біз жеткен сияқтымыз.
Қыз: Қайда?
К: Қонжыққа.
Қыз: Бірақ қонжық көрінбейді ғой.
К[жарықты нұсқап]: Мынау тұрған сол емес пе?
Қыз: Жоқ, Кафка. Бұл лампа. Түнде жанатын жарық лампасы.
К: Бұдан әрі жол жоқ. Сапардың соңы осы.
Қыз: Қонжық ше?
К: Қонжық табылмады.
Қ: Достарымызға не айтамыз. Олар қонжыққа үміт артып отыр ғой.
Кідіріс.
Осы сәтте сахнаға Дуан Долы атып шығып, лампаны бір ұрып, сындырып тастайды.
ДД: Жоқ. Ертегі менікі. Оған сенуге жол бермеймін! Ешкім сене алмайды. Сенбеуі керек.
Қыз қорқып, Кафканың артына тығылады.
Қыз: Кафка, бұл кім?
К: Бұл ма? Дуан долы. Сиқыршы әйелдің баласы.
Қыз: Бұған не керек?
К: Ертегілерді ұрлаған осы.
Қ: Дуан долы. Сен неге біздің ертегімізді ұрлайсың.
ДД: Себебі мені ешкім жақсы көрмейді. Тіпті анам да мені жануарға айналдырғысы келді.
Қ: Олай деме, есесіне біз сені жақсы көреміз. Көрдің бе. Сені іздеп келдік.
Кафка: Иә, Дуана долы. Сен ең жақсы кейіпкерсің. Біз сені жақсы көреміз. Достарыңның бәрі сені жақсы көреді.
ДД: Рас па?
Қ: Рас. Ертегіні ұрлаған сен емес. Тек оны өздеріне қайтар, сонда бәрі сені жақсы көретін болады. Анаң да сені кешіреді.
ДД[жылап]: Менің ешқашан достарым болған емес. Мен сиқыршы болғым келген. Бірақ анам оныма қарсы болды. Сиқыршының бәрі жаман ба?
Қыз: Жоқ. Сен біз көрген ең мейрімді, әрі ең батыл сиқыршысың. Өзің қарашы. Әлем онсыз да жауыздыққа толы. Солардың қатарына қосылма. Жақсылықтан үміт үзуге болмайды Дуан долы! Одан да мына әлемді аз да болсын түрлі түсті әсем бояулармен бояуға тырысайық. Бірге болсақ қолымыздан бәрі келеді. Ғажайыптар елінен ертегіні тартып алсаң, ол қалай Ғажайыптар елі болмақ. Өзің ойлашы. Біздің барлық достарымыз сенен өтініп сұрайды. Олар ертегісіз өмір сүре алмайды. Бізге ертегі керек. Егер бізге ертегіні қайтарсаң сен де мынау қарғыстан құтылатын боласың.
ДД: Шын айтасың ба?
Қыз: Шыным.
ДД: Алдамайсың ба?
Қыз: Жоқ.
ДД: Уәде бер.
Қыз: Уәде берем.
Екеуі қол алысады.
ДД[жүрегі жібіп]: Жарайды. Мен ертегілерді босатамын. Тек менің қайда екенімді анама айтпаңдар. Келістік пе.
Қыз: Айтпаймыз, Дуан долы! Ол ештеңе білмейтін болады.
Дуан долы сабасына түсіп, сиқырын жасайды. Сахна шетінен домалақ жарықтар бірінен кейін бірі сырғанап шығады. Дуан долы болса ұсқынсыз сиқыршыдан әп-сәтте әдемі жігітке айналып шыға келеді. Айнала түрлі-түсті шарға толады, жап-жарық.
Кафка[бір домалақ шарды алып]: Кішкентай қыз, қарашы! Мынау менің ертегім ғой. Ішінде ән ойнап жатыр. Әне, анау тұрған мен. Билеп жатырмын. Міне мына жерде ән салып жатырмын. Қандай ғажап десеңші!
Қыз[өз шарын қолына алып]: Мәссаған! Менің ертегімді қара. Қонжық екеуіміз ойнап жүрміз көрдің бе. Мынау анам ғой мені балабақшаға апара жатқан.
Кафка: Көрдім. Қонжық сондай бақытты!
Қыз: Алақай! Рақмет саған Дуан долы!
Қыз жүгіріп барып, Дуан долыны құшақтап алады.
ДД: Кешіріңдер мені достарым. Мен сендерді әуреге салдым. Мен енді қайталамаймын. Ең тәртіпті, әрі ең ақылды Дуан долы боламын.
Достарыңызбен бөлісу: |