ӨМІРШЕҢ ТУЫНДЫ
ХХ ғасырдың басында көлемді прозаның
алғаш баспалдағын қалаған Сəбит Мұқанов
болды десек қателеспейміз. Алғаш рет 1935
жылы «Адасқандар» деген атпен жарық көріп,
кейін
өңделіп
қайта
басылған
«Мөлдір
махаббат» романы – жазушының ғалымдардың
назарын жиі аударып, көбірек тілге тиек болған
туындысы.
Əрбір көркем шығармаға сол дəуірдің, сол
заманның өмір шындығы негіз болады. Қалың
көпшілікке «Мөлдір махаббат» деген атпен
таныс «Адасқандар» романы да шыншыл оқиға
желісінде жазылған. «...Романда суреттелген
оқиғалардың бəрі де өмірдің өзінен туып,
шындық деңгейінде суреттеледі: Бəтес (Бəтима)
пен Бүркіттің (Сұлтанбектің) махаббатынан
өрбіген трагедияны көзімен көріп, қатты
толғануы қолға қалам ұстатпай қоймайтын еді.
Осы шығармашылық қажеттілік сыртқа шығар
форманы іздеген уақытта С.Мұқанов прозаның
ең ауыр да күрделі түрі – романды таңдап алды»
(1.101). Алғашында қатал сынға ұшыраған
роман одан кейін де бірнеше өзгеріске түседі.
Романның жазылу тарихын, шығармашылық
зертханасын, көркемдік деңгейін əдебиет зерт-
теушілері кеңінен қозғады. Кезінде қаншама
зерттеу еңбектері, мақалалар мен ғылыми
жұмыстарға негіз болған Сəбит Мұқановтың
«Мөлдір махаббат» романын кеңестік жүйенің
саяси идеологиялық тұсауынан еркін елдің
көркемдік дүниетанымы тұрғысынан саралап
көрелік.
Əдебиеттану ғылымында романды кең кө-
лемде талдаған зерттеушілер – Т.Нұртазин,
Б.Кенжебаев, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, Т.Кəкі-
шев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев,
Ə.Нарымбетов, Р.Нұрғалиев, Қ.Ергөбек, Рахым-
жан Тұрысбек. «Дүниетаным жəне шығарма»
мақаласында ғалым Рахымжан Тұрысбек:
«Шы-
ғарма 1928 жылы жазылып, 1931 жылы Қы-
зылордадан жеке кітап болып жарық көрді. Үш
бөлім, отыз тараудан тұратын роман күрделі
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №6(130). 2010
178
кезеңнің қоғамдық-əлеуметтік сипатын өзек
еткен шындық оқиғаға құрылған. Роман өңделіп,
1935 жылы «Адасқандар» жəне «Сын бая» деген
атпен орыс тілінде жарық көрді. Оның ішінде
1962, 64 жылы «Светлая любовь», ал 1959, 61,
88 жылдары «Мөлдір махаббат» болып басыл-
ды. Бұл реттен алғанда романның жарық көруін-
де кемшілік жоқ секілді»
(2), – деп романның
жариялану тарихына тоқталады. Шығарманың
осылайша бірнеше рет көптеген данамен та-
ралуы романға деген сұраныстың жоғары
болғанын көрсетеді. «Мөлдір махаббаттың»
жазылу тарихын зерттеушілер де, Сəбит
Мұқановтың өзі де талай əңгімелеген болатын.
Белгілі ғалым Құлбек Ергөбек өзінің «Сəбит
Мұқанов» еңбегінде
жазушының көлемді
шығармаларын кеңінен таратып əңгімелейді.
Өмірде Сұлтанбек, Бəтима мен Мұстафаның
арасындағы қарым-қатынас, сол уақыттағы
дəуір келбеті, əлеуметтік ортаның жекелеген
адамдар өміріндегі көрінісі, оқиғаның Сəбит
Мұқанов қызығушылығын туғызуы – барлығы
да Құлбек ағаның осы еңбегінде талданады. Ең
алғашқы көлемді романды ХХ ғасырдың
басында əдебиетте Сəбит аға Мұқанов туындат-
қанын білеміз. Роман кезінде сынға да ұшырады,
таптық тұрғыдан дұрыс қабылданбады, қайта
өзгеріске түсті, сонда да шығарма өзінің өмір-
шеңдігін дəлелдеді.
«Мөлдір махаббат» романы төрт бөлімнен
тұрады. «Сүйген жер» бөлімінде басты кейіпкер
туған жері, туған үйі туралы мəлімет береді.
Бүркіттің отбасынан 1911 жылғы «Доңыз»
жұтында көп шығын шығады. Жалпы Бүркіттің
əкесі байлық десе ар-намысы тұрмақ, туғанын да
сатып жіберуден тайынбайтын аяр адам ретінде
суреттеледі. Сол «жылқылар бір-бірінің құйрық,
жалын; қойлар бір-бірінің жүнін жұлып жей
бастаған» «таусылған шақта» Əбеу малдарын
Орал тауына айдайтын тұсы бар. Сапардан бар
малынан айырылып қайтқандағы мына көріністі
қазіргі оқырманның қалай қабылдайтыны
туралы сөз етсек: «Жасым ол жылы төрттен аз-
ақ асқанмен, əкемнің қандай халде келгені
есімде жақсы сақталған: «өлдім!» деп шыңғыр-
ған дауыстан шошып оянсам, төрдей қараңғы
үйдің ішінде, қамыс арасында қорсылдап айбат
шеккен қырдың қабаны сияқты біреудің
күрілдеген былапыт сөзді ашулы даусы естіледі,
шамасы, əкемнің даусына ұқсайды. «Өлдім»
деген сөзді қайталай айтып шыңғырған,
шешемнің даусы сияқты... Не болды, Əбеужан!..
Өлтірдің ғой сорлыны!.. Тоқталшы!.. Басшы,
ашуыңды!..» деп арашалаған дауыс əжемдікі!..
Шошып оянған бала-шағаның шулай жылауы-
нан қараңғы үйдің іші азан-қазан!.. Тағы
біреулердің арашалаған даусы естіледі...» (3.10).
Шығарманың осы тұсын оқыған оқырманның
төбе шашы тік тұрып, құйқасы шымырлары
анық шығар. Əрине, қазақ əрқашанда малын
жанынан артық көрген, «мал ашуы – жан ашуы»
деген мəтел де текке шықпаған болар. Əйтсе де
осы көріністен-ақ жазушы суреттеп отырған
кезеңдегі жалпы адамзаттың əйел баласына
деген көзқарасын көреміз. Бүгінгі күннің
оқырманы, əсіресе, жастар жағы мұны басқаша
қабылдары анық. Адамның адамдық құнды-
лығы, менің ойымша, қай кезде де шамалас
болған. Осы оқиға арқылы жазушы Əбеудің
қорқаулығын дəлелдей түскісі келгендей. Бұл
кейіпкердің бейнесі солдатқа адам жинау
тұсында да барлық қырынан көрінеді. Əбеудің
іс-қимылы туралы оқып отырып, мұндай
адамдардың қазіргі қоғамда да қаптап жүргенін
мойындайсың. Бұл да шығарманың шыншыл-
дығы. Əр кезде де өмірдің ақ пен қарадан, жақсы
мен жаманнан тұратынын ойға салады.
Романдағы Бүркіттің əжесінің образы –
нағыз қазақ анасының бейнесі. Кейіпкердің
əжесіне деген сезімі де оқырманды баурап
алады. Əжесінің өжеттігін суреттегенде əде-
биеттегі батыл аналар образына ұқсатасың.
Мəселен, ешнəрседен тайынбайтын, қорқаулы-
ғында шек жоқ Бүркіттің əкесі Əбеу анасының
алдында жас баладай жуасып қалатынына бір
жағынан күлкің де келеді. «Əкемнің əжеме
сөзсіз бағыныштылығын сонда ғана көрдім:
«Жүр!» деп əжем бұйыра сөйлегенде əкем тө-
сегінен жылжып түсе берді» (3.37).
«Арпалыс күндері» тарауында тап тартысы,
кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі қоғам кеңінен
суреттеледі. Кеңестік дəуір мен ақ, қызылдар-
дың арасындағы тартыс көптеген шығарма-
лардың тақырыбына арқау болды, шығарманың
жарық көрген уақытында маңызды атрибуттың
бірі болып талданған бұл тақырып, тарихы-
мыздың бір беті болғанымен егемендік алғалы
бері мұндай шығармалардың біршамасы ұмы-
тылып кеткені жасырын емес. Бірақ «Мөлдір
махаббат» ешуақытта мұндай туындылардың
қатарына кірген емес, кірмейді де. Себебі
шығарманың негізгі өзегі – мəңгілік өшпес
махаббат. Адамның басты құндылықтары –
адамгершілік қасиеттер мен адам мен адам, ана
мен бала, əке мен бала арасындағы қарым-
қатынасы – кеңінен суреттеледі. Шығармада
«бай баласы», «алашордашы», «ұлтшыл» деп
айыпталған қазақтың талай марғасқаларының
қуғынға түскенін тарих та айғақтайды. Сондай
алашордашының бірі Бүркіттің нағашысы –
Вестник КазНУ. Серия филологическая, №6 (130). 2010
179
Жақыпбек. Профессор Құлбек Ергөбектің зерт-
теуіне сүйенсек, өмірдегі Сұлтанбектің (Бүркіт)
нағашысы – Міржақып Дулатов. «Оян, қазақ!»
деп жан ұшырған Міржақыптың шығармаларын
кеңестік кезеңде оқуға тыйым салынғаны
бесенеден белгілі. Бірақ, тарих та, өмір де
«алашордашы, ұлтшылдарды» қалай ақтап
алғанының куəсі де біз. Олай болса, Т.Кəкіш-
ұлы, К.Ахмет сынды белгілі ғалымдарымыздың
«1935 жылы «Сын бая» болып шыққанда
«Комсомольская правда газеті «Литературная
газетаның» араша түсуіне қарамай, дөрекі со-
циологиялық сынмен сойды да салды. Одақтық
көлемде айтылған ойдың салмағы ауыр болды...
...1959 жылы «Мөлдір махабатта» Алаш
мəселесін «тереңдетпеске» шарасы қалмағанын
көбіміз біле бермейміз» (1.106) деген дəйекті
пікірлері саяси ахуалдың шығармадан көрініс
табуы замана талабынан туындағанын аңғар-
тады.
Бұл көркем шығарма болғандықтан мұндағы
барлық оқиғаны шындыққа жанасады дей
алмаймыз. Жалпы «Сүйген жер» бөлімі тек
атамекен мен отбасын бейнелеп қоймай, сол
уақыттағы заманның ащы шындығын ашады.
Ақтар мен қызылдар арасындағы қақтығыс
барысында көптеген кейіпкердің образы ай-
қындалады. Ауылдас-ағайыны, өмір бойы
шаруашылығын жүргізуге себін тигізіп жүрген
Нұржанды баласының да, анасының да ара-
шасына бермеген Əбеу секілді бөріден, əдетте,
өзінен алыс кетпеген бөлтірік туылуы керек қой.
Бүркітті бай баласы ретінде қаншалықты
ұнамсыз бейнеде көрсетуге тырысқанымен,
жазушының оған іші жылып тұрғанын сезінген
оқырман да оған бей-жай қарай алмайды.
Баласының əже тəрбиесінің арқасында дұрыс
бағытты таңдауы, ақ көңілі мен шынайы ниеті
Əбеудің өмірін сан рет сақтап қалады.
«Қылығыңа қарағанда, осы отырған жеріңде
атып өлтіретін адамсың. Бірақ бұл жолы мен
сені аман жіберем! (Əкем жылап қоя берді. Б.)
Бірақ сен үшін емес, мынау балаң – Бүркіт
үшін!.. ..ана жылы, он алтыншы жылдың
көтерілісінде, мына əкеңнің қолына түскен ағам
– Нұржанды дарға асып өлтірерде, сол тұрған
топтан кіп-кішкене сен ғана араша түспек боп
шырылдаған екенсің. Сол қылығың үшін, əкең
Нұржанның қанын саған қимаса, мен əкеңнің
қанын саған қидым!..» (3.99).
Қашанда көркем шығарманы жан-тəнімен,
беріле оқитын оқырман бас қаһарманға қарап,
оның іс əрекетінен үлгі алады. Бұл тұрғыдан
Бүркіт образының оқушыға берер тəрбиелік мəні
орасан. Шығарманың берер тəрбиесін өрбітсек,
жазушы салыстырмалы суреттеулер арқылы
ақылды мен ессізді, текті менен тексізді таны-
тады. Мысалы, заман тынышталып, қырғындар
басылған соң қашақ Əбеудің отбасы еліне
қайтады. Сол кездегі Еркін ұйытып отырған
ауыл берекесін көзімен көрген Бүркіттің
аузымен жазушы біршама кейіпкерлерге мінез-
деме бере кетеді. «Қыран баласы – Қырымға, ит
баласы – жырымға қарайды» дейді қазақ. Сол
екі «баланың» қайсысы болғым келгені есімде
жоқ, Еркін «ас пісті» деп шақырғанша, мен осы
ауылдың көп үйіне кіріп, тінтіп шыққандай
болдым, сонда аңғарғаным – былтырғы Тор-
ғайда көргенімнен əлдеқайда ілгері кеткен
халық; «ит басына іркіт төгілді» дейтін мол-
шылық болмағанмен, басы іспеуі былай тұрсын,
бұл ауылда қарны ашып отырған бір де жан жоқ
сияқты, сол тоқшылықтың тетігі – өздерінің
бірлесіп атқарған еңбегі сияқты. Былтырғы
егініне де разы олардың, биылғы егіннен дəмесі
одан да зор сияқты...
Осы бірлескен істе, бəрінің тоқырар қазығы
Еркін болғанға ұқсайды. Ол əлі жиырма екі
жастағы жігіт. Онымен құрдас біздің Текебай
ел-жұртқа қазық болу түгіл, өз басын зорға алып
жүр. «Ораздының баласы он бесінде баспын дер,
тоғышардың баласы жиырма бесте жаспын дер»
дегендей, Еркін қайда кеткен, Текебай қайда
қалған!..» (3.121).
Романдағы Бүркіт пен Бəтес арасындағы
шоқтығы биік махаббат екінші «Сүйген жар»
бөлімінде баяндалады. Бұл тарауда екі жастың
басындағы махаббат оқиғасы, өз махаббаттарын
қорғау жолындағы жастардың алдында жолық-
қан кедергілер суреттеледі. Бала кезден туын-
даған махаббаттың беріктігі екеуінің басына
бұлт үйірілген, тағдырдың түрлі шырмауына
түскен кезінде де өз іргесін сөккізбеген берік
қамалдай. «Мөлдір махаббат» романында Сəбит
Мұқанов Бəтесті ескіліктің құрбаны болған қыз
ретінде суреттейді. Ол ауыл байының ерке,
сезімтал, нəзік жанды қызы. Бүркіт пен Бəтес
арасындағы махаббат ұшқыны он үш-он төрт
жастарында, əжесімен ере келген еркекшора
Бəтестің қыз екенін түсінген сəттен бастап
сезіледі. Романның негізгі қазығы да осы екі жас
арасындағы махаббат. Жазушы өмір, заман
шындығын да, тап тартысын, əйел теңдігі
мəселесін де екі кейіпкердің образы арқылы
көрсетуге тырысады. Бəтесті ескілік салты
бойынша бала күнінен сол аймақтың ірі
байының баласымен атастырады. Бұл оқиға
роман барысында екі жастың қосылуына ең
басты кедергінің бірі болады. Ауылдың ақ-
сақалдары да, екі жастың əкелері де ескіліктің
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №6(130). 2010
180
ғұрпынан қайтқысы, əбден елдің бəрін бұраған
қылбұрауды босатқысы келмейтін ескі көзқа-
растағы адамдар. Өз махаббатын, өз басының
еркін қорғағысы келген Бəтестің оқуға деген
ынтасы да жоғары болады. Бəтестің алғаш
Бүркітпен бірге оқуға аттануға ниеттенген
тұсында кедергі ретінде Қоңыр қожадай ескілік-
тің түп қазығы, берік қамалы кесе көлденең
бөренедей тұра қалады. Бұл оқиға бізге сол
кездерде əйел баласының тағдырына көгендеулі
қойдың тағдыры сынды қарағандардың көп
болғандығын көрсетеді. Өз басында билігі,
аңсаған арманына жетер жолда табан тіреп,
қайырылмастан жүруге қазақы тəлім-тəрбие
жібермеген Бəтес жұмған аузын ашуға да
қорқады. Қазіргі жиырма бірінші ғасырда,
əрине, заман басқа, заң басқа. Ешкім ешкімді
қыстауға да, зорлық-зомбылық көрсетуге де
қақысы жоқ. Бірақ жасы үлкенге қарсы келмеу,
айтқан сөзін аяқ асты етпеу деген секілді ата-
баба тəрбиесінен алыстамадық, оны жоғалт-
пауымыз керек. Бүркітке қол ұшын ұсынған
салық жинаушы Самалық образы арқылы
жазушы жастарды бұл шырмаудан алып шы-
ғатын тек кеңес үкіметі екенін астарлап тұр.
Бүркіт əкесі мен нағашысына жақтаушы бола
алмайтынын əрбір іс-əрекетімен танытады.
Араларында қақтығыс та болады. Бұл да ескі
мен жаңаның тартысы. Ақыры оның бетін бері
қарата алмайтындарын түсінген ағайыны бұл
іске Мүсəпірді араластырады. Мүсəпір –
адамның ішіндегі ең қоры. Десек те, ол сондай
аярлыққа барғанмен, жалғыз өзі оның барлығын
жүзеге асыра алмас еді, ол үшін жұмыла
кірісетін жұдырық қажет болды. Жұдырықты
жұмылдырып тұрған ең басты алақан ол Бүркіт
пен Мүсəпірдің нағашысы – Жақыпбек. Ғалым
Рақымжан Тұрысбектің «Дүниетаным жəне
шығармашылық» есімді зерттеу еңбегінде
«Романдағы Мүсəпір бейнесі – арамдық пен
жауыздықтың жиынтығы. Қолдан келсе адам-
дарды бір біріне қарама-қарсы қояды, достас-
тыру, табыстыру орнына өршітуге, тор құруға
əуес. Жақыпбек тобының айтқанына құран
сөзіндей сенеді. Өмірге, ондағы болып жататын
үлкенді-кішілі өзгеріс-құбылыстарға Жақыпбек
көзімен қарайды» (3.126) деп жазуы да осының
дəлелі.
«Иесіз бақшаның ішінде» жиенінен естіген
сөздерін көңіліне ауыр алып, кек түйген
Жақыпбек енді ойын жүзеге асыру үшін Мүсə-
пірді ортаға салып, оған Бəтесті шырмауына
түсіру үшін барынша көмек қолын ұсынады.
Жақыпбек роман барысында Бүркіттің оқып
білім алуына көп септігін тигізеді. Соған қарап
оқырман Жақыпбекті адал көңілді нағашы деп
те қабылдап қалуы мүмкін. Ал Жақыпбек
Бүркітті оқытқанда кеңес үкіметіне қызмет
ететін кеңестік азамат болсын деп емес, өзі
секілді кеңестік идеяны астыртын əрекетпен
жоймақшы топтың қатарын көбейткісі келді.
Өзінің сонша «еңбегінің» зая кеткенін түсінген
ол енді Мүсəпір арқылы Бүркітті қорлауды
ойлады. Романда Мүсəпір, Жақыпбектердей
жағымсыз кейіпкерлер қатарын Балқаш, Жаңыл,
Бөдене, Қарсақ, Күзен секілділер, сондай-ақ
олармен бір болмаса да, мақсаттары бір Əбеу,
Мəмбет, Сасық, Жұман жəне оның əйелі, Қоңыр
қожа мен Бүркіттің анасы толықтырады.
«Мөлдір махаббат» романында Сəбит Мұқанов
Бəтеске шаң жұқтырмайды», – дейді Құлбек
Ергөбек, біздіңше, Бəтеске шаң жуытпау арқылы
жазушы махаббатқа шаң жуытып алмауды
ойлаған секілді. Бүркіт мылтық кезеп өлтіруге
келгенде де, Бəтес мойынсұнып, «қасқырдың
айдауында
жортып
келе
жатқан
тоқты
сияқтанып» алдына түсіп томпаңдайды. Бəтестің
бұл қылығынан жазушы «махаббатсыз дүние
бос» деген ойға келіп, өлімнен қорықпай
қасқайып тұрған ғашықтың образын көрсеткісі
келгендей.
Бəтестің Мүсəпірдің алдауына түсіп үлкен
қайғыға ұрынатын тұсы «Адасу бөлімінде», ал
барлық шиеленістің түйіні шешіліп, нүктесі
«Шешілген шиелер» бөлімінде қойылады.
Құлбек Ергөбек біз жоғарыда атап өткен зерттеу
еңбегінде Сəбит Мұқановтың романды жазу
барысындағы «жекелеген жоспарын» оқушыға
ұсынады. Сол жоспардың ең соңғы сөйлемі:
«Үкім қандай болу керек?» Шығармада үкімді
Бүркіт өзі шығарады. Əрине оған кеңес
берушілер де болады. Бірақ Мүсəпірді өлтіріп,
кек алуға басты кейіпкер саналы түрде барады.
Сондықтан, бұл – оның өз шешімі. Оқиғаны
басқаша аяқтауға болар ма еді? Махаббат
оқиғасы, түрлі шырғалаңға ұшыраған махаббат
иелері. Адамдық тұрғыдан келгенде қоғам
өлімді жақтаған адамға үрке қарауы да мүмкін,
бірақ бұл махаббатты, адалдықты сенімді,
адамдықты қорғау жолындағы өлім. Сол себепті
жазушының бұл шешімі оқырманның ойымен
үндес келетін сынды. Романдағы Бəтес əрекетіне
бүгінгі таңдағы сол Бəтестей қыздардың
көзқарасы өзгерек, ал Бүркіттің шешімін
қолдаушылар көп. Көпшілік пікірінше Бəтес
сүйе біледі, махаббатына да берік, махаббат
жолында өлімнен де қорықпады. Əйтсе де, Бəтес
өз махаббатын қорғай алмады. Алғаш көріп
шошыған Күзен мен Бөдененің үйіне қайта
барып, бір басқан шоғын қайта басты. Əсияның
Вестник КазНУ. Серия филологическая, №6 (130). 2010
181
арнап жіберген үйіне тоқтамауы да қателік.
Бүркіттен хат болмады деп, Мүсəпірмен
серуендеуі – əлсіздік. Қанша оқырман, сонша
пікір болуы да заңды. Бір сөзбен айтқанда,
«Мөлдір махаббат» романы əлі күнге дейін
сұранысқа ие, оқылып қана қоймай, жастардың
арасында терең талқыға да түсетінін көргенде
шығарманың өміршеңдігіне тағы бір көз жет-
кіземіз.
1. Т.Кəкішұлы, К.Ахмет «Сəбит Мұқанов» (Əдеби-
ғылыми ғұмырнама). Алматы: Арда, 2005 ж.
2. Р.Тұрысбеков «Адасқандар» романының нұсқа-
лары, кейіпкерлер əлемі туралы // «Лениншіл жас», 1990
жыл, 14 желтоқсан.
3. С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», Алматы: Жазу-
шы, 1988 ж.
* * *
В статье автор анализирует повесть «Адасқандар»
(«Мөлдір махаббат»), одно из лучших произведений
С.Муканова, с точки зрения современного художествен-
ного миропознания.
Н. С. Исмагулова
СƏБЕҢНІҢ ШАҒЫН ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫ
С.Мұқановтың жазушының қазақ проза-
сында социалистік реализм принциптерін қа-
лыптастырған
шығармаларының
қатарында
оның əйгілі романдарымен бірге, əңгіме,
повестерінің де аталуы заңды. Өмірді сырттан
бақылаушы болмай, жаңа заман істеріне
белсенді араласқан, əдебиеттің партиялығы мен
халықтығы принципіне кіршік шалдырмаған
суреткердің прозалық қысқа жанрдағы туын-
дылары да елеулі. Бұл мақалада біз Сəбеңнің
шағын прозалық шығармаларының ішінен оның
16 томдық таңдамалы шығармалар жинағына
енген повестері туралы сөз қозғамақпыз.
Жалпы жазушы шығармаларында адамды
көркейтетін, абыройға жеткізетін қуатты күш
ретінде еңбекке ерекше мəн беріледі. Əсіресе,
«Жарқын жолмен» жəне «Ажардың ажалы»
повестерінде. Бұлардың алғашқысында қазақ
əйелдерінің арасынан алғаш рет техниканы
меңгергендердің бірі тракторшы Үміттің бей-
несі, соңғысында еркін махаббатқа ұмтылған,
өмірге құштар Ажардың іс-əрекеті нанымды
берілген. Бұл шығармалардың тағы бір ерек-
шеліктері – өмірдің тікелей жанды айғақтарын
қорыту негізінде жасалғандығы. Өмірді терең
зерттейтін, кеңестік құрылысқа тікелей аралас-
қан жазушы қалың айғақтар ішінен типтік
оқиғаларды екшеуге мол мүмкіндік табады.
Таптық тартыс қаншалықты шиеленіскен оқиға-
лар тудыратынын «Ажардың ажалы» повесі
айқын дəлелдейді. Мұнда тəркілеуге ілінген
Төлебайдың жаулық əрекетке көшуі, астыртын
қастандықтар жасауы, оның нəтижесінде Ажар-
дың қайғылы қазаға ұшырауы əңгімеленеді.
Білімге қарай құлаш ұрып, алғырлығымен
жақсы нəтижелер көрсетіп жүрген, ел мақтаған
Ажардың, ең бастысы, əкесінен демеу көрмеуі,
оның надандық көзқарастарының оған көп
нəрседе тосқауыл болуы – шығармадағы ең
басты трагедия болып табылады. Қызына
өмірінде не əкелік жылы сөз айтпаған, не сүйіп
иіскемеген, аузынан ешуақытта несие сөз
шықпайтын, айтатын сөздері əрі долаң, əрі
тұрпайы əкесі Қаратілеудің портретін жазушы
шеберлікпен бере білген: «Қаратілеудің ісіне
түсі лайық сықылды: алпамсадай денесінің
жауырыны күдістеу келген, алдындағыны тарпа
бассалғандай еңкек; қалың қабағында қою, ұзын
қара қасы кішігірім сақалдай желкілдейді,
ойнақшыған кішкене шүңірек қара көзі інінде
жатқан жыландай жылтырайды; бет-аузының
мұрны мен көз көлемінен басқа жерін түгел
жапқан бұйра қою қара сақалдың қылдары
аттың ту құйрығындай; саусағының буындарына
дейін шоқтала өскен қара қылдар анау-мынау
мұрттай; дауысы бұқаның өкіргеніндей жуан»
(1.161). Осы бір суреттеу қыз əкесінің бейнесін,
сыртқы келбетін көз алдымызға еркін елестетуге
мүмкіндік береді. Ал төмендегі жолдардан оның
мінезін, жан-дүниесін, жаратылыс табиғатын
танимыз: «Ол, өз ақылынан басқаны тыңдамай-
тын қырыс, кер азу, мінезі ұрт адам да. Жанына
жақпаған істе, кім де болса бетінен алып қауып
тастайтын. Сол мінезінің үстіне Қаратілеу
өлгендей жалқау. Жасы қырық бестерге жаңа
келген, күші қайтпаған, істеп кетсе жұмыс
алдынан бұрқырап отыратын кісі болғанмен,
үйінде тым-тырыс жата береді де, табысы
болмаған соң не асқа, не киімге жарымай
жүдейді де жүреді. Ажардан басқа жаны – əйелі.
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №6(130). 2010
182
Бірде ауру, бірде сау оның тиіп-қашты еңбегі
кімді жарытады? Қылығына қарап, Қаратілеуді
колхоз басқармасы мүшеліктен шығарып жі-
беруге талай рет оқталады да, жалғыз Ажардың
көңілін қимағандықтан қалдыра береді» (1.167).
Ажар мен Тайжан арасында бейкүнə ма-
хаббат отының тұтануы тартымды суреттеледі.
Қыздың ұнатпауына қарамай, оны қолға
түсірудің бар амалын жасап жүрген прокурор
Салмақпай мен оған жел беріп, көмектесіп
жүрген Төлебай есімді қаскүнемнің азғырып,
айдап салуы нəтижесінде Қаратілеу ақыры
Ажардың ажалына жетіп, қылмысты Тайжанның
мойнына артады.
Күнəсін кеш түсінген қыз əкесі сот бары-
сында ауыр қылмысын мойнына алады.
«Ағынан жарылған оның ұзақ жəне ауыр сөзін,
көппен бірге, мəжіліске қатынасқан жазушысы
да тыңдап отырып қажетті жерінің бəрін
блокнотына сүйкеп алды. Сол сүйкеуден осы
повесть туды» (1.212) деп аяқталатын шығар-
мадан аңғарғанымыздай, 1935 жылы нақты
өмірде болған оқиға желісінде 1937 жылы жаңа
повесть дүниеге келген.
Сəбит Мұқановтың жоғарыда сөз болған
жаңа адам бейнесін елестетерліктей еңбектері-
мен қатар, «Бақташының баласы» атты
шығармасында қызғылықты адам мінездері
кездеседі. Жалпы бұл шығармада шаруашылық
малына тыныштық бермейтін, көшпелі, мал
баққан қазақ халқына қашаннан таныс жау –
қорқау қасқырмен алысқан қарапайым қазақ
шалының бейнесі сомдалған. Шалдың іс-
əрекетінің
басы-қасында
немересін
қатар
жүргізу арқылы, атасына болысуына, одан көп
нəрсе үйренуіне назар аудара отырып, автор
ұрпақтар сабақтастығына меңзейді. Жаңа өмір
ағымына қарамастан, кең даланы мекен еткен,
сол даланың тілінде сөйлей алатын, əлі де
сұранысқа ие болып қала бермек қазақы
қасиеттің, өмірлік тəжірибенің құндылығын
аңғартады. «Ит – жеті қазынаның бірі» деп
санаған қазақ халқының аңға тазы қосу өнері-
нен, жалпы аңшылық өнерінен жазушының
хабардар ғана емес, бұл оның жанына жақын
тақырып екендігін қаламгердің шығарма тақы-
рыбын шебер аша білуі айқын байқатады.
Сəбит Мұқанов – тарихшы жазушы. Оның
жазушылық тəжірибесін қадағалап қараған
адамның қай-қайсысы болса да бұл пікірді
жоққа шығармайды. Жазушы қазақ қоғамының
даму жолын, ондағы негізгі бетбұрыс кезеңдерді
өз шығармаларында шыншылдықпен бейнеледі.
Бірде дəуірдің тарихи оқиғаларына сүйене, бірде
кітаптарын өмірде нақты болған адамдардың іс-
əрекетіне құра отырып, ол халық өмірі дамуы-
ның бұлтарыссыз шындығын өз шығармашы-
лығының өзекті тақырыбы етті.
Жазушының «Балуан Шолақ» шығармасы-
нан да осы тарих белгілерін мол табамыз.
Өйткені «Балуан Шолақ» тарихта болған қа-
зақ халқының дарқан ұлы туралы шығарма.
Қаламгер шығармасын көпшілікке аңыз деп
ұсынады, дегенмен осы бір тарихи шындық
суреттеріне бай, дəуір тынысы кең қамтылған
шығармаға қажет материалдарды жазушыға
халық өмірі, оның қуанышы мен қайғысы, сол
жолдағы Балуан Шолақтың күресі берді.
С.Мұқановтың өте сəтті шыққан туындылары-
ның қатарына жататын бұл шығарманы зерттеу
нысанына айналдырған ғылыми мақалалар да аз
емес. Мысалы, ұлы жазушымыз М.О.Əуезов:
«Ескі өмірден алынған кейіпкерлерінде де жаңа
дəуір таңын тосқан асыл сезімдер жүреді. Ауыл
тірлігін революция жолымен жаңғыртам деп
алысқан жеке-жеке адамдардың бəрінде үлкен
оптимистік наным мол болады. Осылай етіп
суреттеу жазушының өз кеудесіндегі үлкен
нанымнан туған» (2.10) десе, əдебиетші-ғалым
Белгібай Шалабаев: «Романның батырлық
дастандарға ұқсауында көп мəн бар. Сюжет
дамыған сайын қызықты болу үшін автор
бұрынғы қазақтың эпостық жырларының əдісін
қолданып отырады. Балуан Шолақ кейде «отқа
салса күймейтін, суға салса батпайтын, найза
өтпейтін, қылыш кеспейтін ертегінің ері сияқты.
Баяғының батырындай оның да «Аққошқар»,
«Қаршыға» тəрізді əруағы, «қолтығына қос
қанат біткен аты» бар. Жекпе-жекте жолба-
рысты да өлтіреді» (3.140) деп жазады. Жазу-
шының жыр-дастандарды жатқа айту машы-
ғының шығармасының сюжетін дамыту, кейіп-
керлерінің образдарын сомдау ісінде оң нəтиже
бергендігі айқын.
Ал алыптың Ақбоз аты туралы: жазушы
Естай Мырзахметов: «Балуан Шолақ жанына
балаған тұлпарын жас баладай мəпелеп бағып,
неше түрлі өнерге үйреткен ғой. Ақбоз ат
иесінің айтқанының бəрін түсінетін болған жəне
де иесіне шексіз берілгені сондай, оның ай-
туынсыз, бұйрығынсыз аяғын қия басуды
білмеген. Байлаусыз, тұсаусыз жүретін, енесінің
соңынан ерген құлындай, жетелемей-ақ еріп
отырған. Сөйткен есті жануар алты күн бойы тас
қорада байлауда, қамауда тұрып, аласұрып,
иесін іздеп, арқырап, кісінеумен болған емес пе?
Енді иесін көргеннен кейін сағынып көрісіп
құшақтасқан адам секілді басын екі иығына
кезек-кезек салып, көзінен жас сорғалап, кісіше
жылағанын Балуан Шолақ жүрегі елжірей айтып
Вестник КазНУ. Серия филологическая, №6 (130). 2010
183
жүрген дейді. Өлеңде де сол. Ақбозының
көзжасын тыя алмағанын айтқан. Ол жайды
жете білмейтін біреу Балуан Шолақ өзі жылады
деп ұққан», – десе (4.7), тұлпардың қасиеттілігі
жайлы Балуан Шолақтың немересі Шайдолла
Құдайбергенов: «...Бұл жануар өте белді жəне
ақылды ат болыпты. Белді дейтінім, атамыз осы
Тастыөзектің Аққұдық жайлауында қызы
Бəтенді ұзату үшін той жасайды. Сонда жігіттер
көкпар тартамыз деп оның үлкен ұлы Исажар-
дан серке сұрайды. Мұны естіген Балуан оларға:
«Жапырақтай жалғыз атқа қайсысыңның та-
қымың толады. Одан да тана тартыңдар, –
деп мүйізі шығып қалған өгізшені бауыздап
береді.
Намысқа тырысқан небір атпал азаматтар
əлгіні қозғалта алмай əуре-сарсаңға түседі.
Жігіттердің ақ тер, көк тер болғанын көрген
атамыз түс қайта Ақбозбен «көкпарды» жерден
үзеңгі бойы көтерген күйі ауыл шетіндегі Айша
деген жесір əйелдің есігінің алдына апарып,
солқ еткізіп тастай салады. Сонда батырдың
астындағы аты əлгі екі аралыққа дейін сымдай
созылған күйі аяғын санап басып, сыр бермей
жетті дейді көргендер. Ал, оның ақылдылығын
мынаған байланыстырып айтады. ...Балуанның
қарасы көрінсе немесе оның дыбысын естісе
жарықтық Ақбоз өрісте жүрген жерінен желіп
отырып келіп атамызға бір соғып кетеді екен.
Ол кісі иығын тұмсығымен түрткілеп: «Мен
келдім!» – деп тұрған оның мойнын алақанымен
қағып, еркелеткеннен кейін ғана, аты үйірдегі
жылқыларға қайта барып қосылатын болған»» –
дейді (5.4).
Шығармада Балуан Шолақ Көкшетау елінің
атақты байы Нығметжанның асау жылқысы –
Ақбозды үйретіп мінеді: «... Мойнына бұғалық
түскенін сезген Ақбоз қарғи кеп жөнелгенде,
Балуан Шолақ жерге отыра қап, жұлқи тартты.
Шапшыған ат тегеурінді қолдың екпінімен
шалқасынан түсті. Ат түрегелгенше Шолақ шап
етіп құлағынан ұстай алды. Ақбоз алдыңғы екі
аяғын ербитіп, көзі шатынап тұра бергенде,
Шолақ құлағынан төмен қарай тұқырта басып
қалып еді, ат етбетінен түсті.
Ақбоз жанталасып екінші рет тұра бергенде,
Шолақ оның құлағын босатып, тізесіне төгіле
өскен шоқтығына сол қолын орап алды да, жұқа
шаптан қамшымен тартып жіберді. Бұрын етіне
бұндай таяқ тиіп көрмеген Ақбоздың жаны
ышқынып, орнынан тұра, ыта жөнелгенде
Шолақ үстіне қарғып шығып кетті...» (6.50). Бұл
жолдардан балуанның «қолтығына қос қанат
біткен атына» қатысты тұстарда аңыз сарыны
шындық ауылынан алысқа кетпегенін байқаймыз.
Ғалым Серік Қирабаев: ««Балуан Шолақ-
тан» менің өз басым қараңғыда қарманып,
шығар жолды таба алмай жүрген, бірақ
ешкімнің тəлкегі мен зорлығына көнбейтін
халықтың мылқау, дүлей күшін көремін. Оны
оқыған кісі адамның біреуге тəуелді, құл
болуының заңсыздығын, ол адам табиғатына
жат екенін аңғарады. Адамдық ар, намыс оған
көнбейді. Адам қашанда ерікті болуға тиіс.
Балуан Шолақ бейнесі бізге осыны түсіндіреді.
Ол ешкімге жалтақтауды, билік басындағылар
мен орыс чиновниктерінен қаймығуды білмейді.
Оларға қарсы саналы күрес те жүргізбейді.
Жолына бөгет болған жандарды сүйретіп тастап,
дүрліктіріп, өз жолымен жүре береді. Балуан
Шолақтың жеке басына тəн осындай мінездерге
жазушы тарихи көзбен қарайды. Шығармадағы
Балуан мен Ғалияның ғашықтық суреттері оған
көтеріңкі рең береді. Саяси күрестен аулақ,
қоғамдық өмірдің сырын танырлық білімі де
жеткіліксіз балуанның ішкі рухани байлығын біз
осы махаббат линиясынан танимыз. Оны
қажытпай, ілгері сүйреп жүрген де осы байлығы.
Сəбиттің романды əуелде «Батырлық поэма»
деп жариялауы да тегін болмаса керек» (7.229).
«Балуан Шолақ» романы, ең бастысы, 1916
жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дейінгі халық
тағдырының қат-қабат сырларын ашады. Қара-
пайым бұқара халықтың ғасырлар бойғы
үнсіздік көрпесін ысырып, көнбістік қамытын
шешіп, саналы түрде көтеріліске бел бууының
тарихи-əлеуметтік себептерін көркем бейнелеп
береді. Аталмыш шығармадағы тартыс пен
характер мəселесін дендей зерттеген ғалым
Серік Мақпырұлының сөздерімен айтсақ:
«Балуанды жерлеу кезіндегі қарапайым көпші-
ліктің Шолақтың трагедиялы өліміне қайғы-
руымен əділетсіздікке қарсы ашу-ызаның қатар
тасқындауы, сана-сезімдеріндегі серпіліс, ши-
рығу, батыл, ашық əрекетке бəтуаласу – мұның
бəрі халық психологиясындағы түбірлі өзгерісті
аңғартады. Романның идеялық-көркемдік мақ-
саты да біздіңше осыны – халық оянысын,
осыған себепші болған əлеуметтік жағдайды
бейнелеу. Осындай идеялық мақсатына сай
жазушы романға Балуан Шолақ бейнесін басты
тұлға етіп алады. Өйткені өзінің қуғын-сүргінде
өткен ерекше тіршілігімен, зорлық иелеріне
қарсы жүргізген стихиялы күрес-тартысымен
халық тағдырын, оның санасындағы сілкіністі,
оянуды, жамандыққа қарсы тұра алатын жігері
мен күшін танытады» (8).
Жоғарыда аталған пікірлермен қатар, ғалым
Р.Кажиакбарованың «С.Мұқановтың «Балуан
Шолақ» романының шығармашылық тарихы»
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №6(130). 2010
184
атты зерттеу еңбегінің құндылығын ерекше атап
өтуіміз тиіс.
«Тарихи тұлға – Балуан Шолақ Баймырза-
ұлы жазушы шеберлігінің арқасында əдеби
кейіпкерге айналады, дара мінезімен, іс-əрекеті-
мен бірге рухани ішкі қасиеттері тұлғаланады.
Мұндай жағдайда көзбен көрген, бастан кешкен,
ой елегінен өткізген оқиғалар, образдар шығар-
маға шынайы сипат береді» (9) деп орынды
пікір білдірген ғалым одан əрі Балуан мен
Сəбеңнің өмір жолдарынан үндестік іздеп, оны
шығармалардан келтірілген нақты мысалдар
негізінде дəлелдеп береді. Екеуінің де жас-
тайынан өлеңге, күреске құштар болуын
пайымдай келе: «...жазушы Балуан Шолақтың
бала шақтағы характерін ашуда өзінің бала кезгі
бастан кешулері мен кейіпкер түптұлғасы
жайындағы ел аузында аңызға айналған есте-
ліктерді ұштастыра пайдаланған...» (9) деген
сынды дəйекті пікірлер білдіреді.
Жалпы Сəбит Мұқанов көп жазған жəне
жемісті жазған, сол еңбегі арқылы көзінің
тірісінде-ақ дүниенің төрт бұрышына түгел
дерлік танылған қаламгер. Оның «мұқалып
көрмеген» қаламынан туған туындылар қанша-
лықты көп болса, соларды таңдап, түсіндіруге,
жақсыларын жарқырата көрсетіп, кем-кетіктерін
ашарлық сын-ескертпелер жасауға арналған
шығармалар да, байқағанымыздай – əсіресе,
«Балуан Шолақ» туралы, соншалықты мол,
ұшан-теңіз.
Шеберлік – тек талантпен ғана алынар асу
емес, ізденіспен, ерен еңбекпен игерілер шың.
Олай болса, Сəбеңнің «Балуан Шолақ» туын-
дысының шебер өрілуіне себепші факторлар
қатарына тынбай ізденіс нəтижесінде тақырып-
тың сəтті таңдалуын жəне осы тақырыпты ашу
жолындағы тынымсыз еңбегін де жатқызған
жөн. Ал, Сəбеңнің қайталаулары ше? Бұлар да
бір-біріне оралғы болып, оқуды қиындатып
тұрған жоқ па? Тіпті олай емес! Көне көз, кəрі
құлақ қарттардың ертегі-аңыздарды осылай
бастайтыны, онысын үй толы жұрт ұйып
тыңдайтыны рас. «Екен»-дер мен «дейді»-лер
шал мен кемпірдің, жігіт пен қыздың баста-
рынан өткендерін, оны халық жадында сақтап,
ұрпақтан ұрпаққа айтып қалдыра беретіндігін
аңғартса керек. Қаршадайынан сондай ертегі-
аңыздарды көп естіп, жаттап өскен жəне оларын
топ алдында айтып дағдыланған сұртаңдайлар
сөзді қашан да осылай бастаған. Халық про-
засының ауызша əңгімелеуге де қолайлы,
тыңдаушы құлағына да құйыла беретін осы бір
«жеңіл» əдісін Сəбең романдар мен повестер
жазу үстінде, əсіресе монологтар мен авторлық
баяндауларда шебер қолданған. Сөйлемдердің
қарапайымдылығы, олардың оқуға, айтуға,
қабылдауға соншалық жеңілдігі, жеке сөздердің
бірін-бірі күшейтіп, ұғымды дəл беріп қана
қоймай, жан-жағына, оқушы ойына сəуле түсіріп
тұратын бейнелілігі халықтық əдебиет рухын
танытады. Сəбең шығармаларының баға жетпес
құндылығы көп сырлары мен қырларының бірі
осында – олардың халық əдебиеті қайнарынан
суарылғандығында жəне оның туын поэзияда
ғана емес, көркем прозада да жоғары көтер-
гендігінде болса керек.
Мысалы, ертекші-əңгімешілердің белгілі бір
оқиға желісін тартуы бар да, оны тыңдау-
шыларын қызықтыра өрбітуі бар ғой. Басты
кейіпкерлердің қимыл-əрекетіне, қарама-қарсы
күштердің қақтығысына байланысты оқиға бірде
шиеленісіп, бірде «баяу» ағады. Кейде арнайы
баяндауды, қосымша түсінік беруді қажет ететін
жайлар да тап болады.
Ол өзінің прозалық шығармаларында, реті
келген жерінде, сөз, оқиғалар орайына қарай,
халық əдебиетінің барлық жанрларынан дерлік
мысалдар келтіріп, ұзақ-ұзақ үзінділер, маз-
мұндаулар да беріп отырады. Бұлары шығар-
маның ажарын ашып, оқушыларын қызықтыра
түседі. Сонымен қатар олардың халық əде-
биетінен азды-көпті мағлұмат алып, ой-өрісін
кеңейтуіне де көп пайдасын тигізеді. Сəбең
шығармалары кешегі ұрпақты ғана емес, бүгінгі
жəне келер ұрпақтарды рухани қазынамызды
сүюге, қадірлеуге тəрбиелейді десек артық емес.
Ұрпақтан ұрпаққа қалып келе жатқан
рухани қазынамызды жасаушы да, оны қас-
терлеп сақтаушы да халық. Ел ішінде ертек-
шілер мен əңгімешілер, ақындар мен жыр-
шылар, əншілер мен күйшілер көп. Кең далаға
іргесін кең сала қоныстанған ауылдардың
үстінде əрқашан дерлік əн қанатын қағып
тұрады. Үлкен-кіші жиындарда өлең-жыр өзен-
дей тасып жатады. Қарттар бас қоса қалғанда
əңгіме-дүкен қызып, ағыл-тегіл шешендік
сөздер тиегі ағытылады. Ақылдыдан шыққан
асыл сөздер таланттыларға жетуге асығады.
Мақал-мəтелдер, нақыл сөздер тыңдаушылары-
ның құлағына құйылып, жаңа бір ой салып
жатады. Олардың құдіретті күші жамандықтан
жирендіріп, ізгілікті, жақсы əдетті үйретуге
жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда ескіруді,
тозуды білмейтін, мəңгілік көгеріп, жайнап
құлпыра беретін халық əдебиеті өзі туған
халқына қалтқысыз қызмет етіп бағады.
Осындай шешендік сөздер, халық даналығы
тудырған мақал-мəтелдер Сəбең кітаптарынан
көптеп орын алған. Оның қаламынан туып,
Вестник КазНУ. Серия филологическая, №6 (130). 2010
185
жарық көрген дүниелерді оқығандардың наза-
рына ең алдымен шалынатыны да осы – мақал-
мəтелдердің молдығы. Олай болса, бұл пікі-
ріміздің дұрыстығына шүбəланушылар да бол-
мауы тиіс. Сəбит Мұқанов шығармашылығы
туралы сөз болғанда халық əдебиеті жəне оның
жазушы жолына əсер-ықпалы туралы мəселеге
соқпай кету мүмкін емес.
Сəбеңнің «Туған халқыма» атты өлеңінде
мынадай бір жолдар бар:
Сөйлессем сырларыңа кетем сүңгіп,
Аламын жанға азық мың-сан күндік,
Өзіңе сыйды тарта білгенімді,
Жеткенше əл-қуатым кеңес жыр ғып.
Қай тұсқа барсамдағы кезігесің,
Əрдайым жандай жақын сезілесің,
Бүгіннің, болашақтың, өткеніңнің,
Шертесің көрген сайын шежіресін.
Сəбеңнің осы бір екі ауыз өлеңі оның бар
сырын, шынын айтып сайрап тұрғандай. Халық
жазушысы халқымен күнде сөйлесіп, сырларына
сүңги берген. Сөйлескен сайын одан өлшеусіз
мол жан азығын алған. Халық шежіре шертуден,
жазушы оны тыңдаудан жəне сол білгендерін,
оның өзіне көркем туынды түрінде жомарт-
тықпен сыйға тартудан жалықпаған. Сондықтан
да оның əрбір шығармасы нағыз халықтық
болып туған, оқушылар жүрегіне тура жол
тапқан.
Қорытындылай келе айтарымыз, жазушы-
ның бұл еңбектері – жеке тоқталып айтуға,
зерттеуге, насихаттауға тұрарлық туындылар.
Осы бір повестерін зерделеу суреткердің
стильдік ерекшелігін, көркемдік бейне жасау
мүмкіндіктерін, шеберлік деңгейін терең жəне
толық түсінуге мол мүмкіндік береді. Қаламгер
бірде тарихи оқиғаларға сүйене, бірде өмірде
нақты болған адамдардың іс-əрекетіне құрыл-
ған, халық өмірін суреттейтін, көркемдігі,
идеясы жағынан құнды, шыншылдықты бейне-
лейтін, асыл туындыларын қазақ қауымына мұра
ретінде қалдырды, қазақ прозасының арнасын
кеңейтті.
«С.Мұқанов толық мағынасында халық
жазушысы еді. Оның бұл қасиеті дарынды жазу-
шының ұшан-теңіз шығармашылық мұрасынан,
оның сан-сала тақырыбынан, бай мазмұнынан,
берік идеялық тұрғысынан, байырғы да құнарлы
халықтық тілінен анық көрінеді. Сонымен қатар
бұл қасиет оның халықпен мидай араласқан
байланысынан да көрініп тұратын еді. Аудан,
облыстарды, өндірістерді, колхоз, совхоздарды,
оқу, мəдениет орындарын Мұқановтай көп
аралайтын жазушыны өз басым бұрын-соңды
көргенім жоқ. Қайда жүрсе де қарапайым
адамдардың ортасында мұндай сіңімді, мұндай
жағымды да сүйкімді жазушыны жəне көргенім
жоқ. Өйткені, оның өзі қарапайым еді, кішіпейіл
еді, мінезі жарқын еді, – кəрі болсын, жас
болсын, əйел болсын, ер болсын, – бəрімен
дереу түсінісіп, тіл тауып кететін» деп жазады
ғалым М.Қаратаев (10).
Жалпы алғанда, Сəбит Мұқановтың по-
вестері өзінің идеялық саралығымен, өмір
оқиғаларын екшеудегі принциптілігімен ерек-
шеленеді. Бұлар, сөз жоқ, болашақ үлкен
прозашының сенімді аяқалысын байқататын
тəжірибе сатылары еді. Осы повестерінің құры-
лыстық, сюжеттік, көркемдік өрнектері де түрлі-
түрлі. Кейде жазушы қаһарман тағдырын уақиға
шытырманының қат-қабатына араласқан тұсын-
да елестетеді. Енді бірде оқиға өріліп, орталық
кейіпкердің естелігі түрінде суреттеледі. Бірақ
сол шығарманың бəрінің де идеялық нысанасы
айқын, ол нысана – бұрын əлеуметтік теңсіздік
зардабын шеккендердің революция рухымен
оянып, кеңес заманында тың серпінмен жасам-
паздық еңбекке араласқанын, кеңестік дəуірдің
құрылысшысы ретінде қалыптасқанын, өз басы-
нан таусылмас қуат тауып, өмір күрестерін-
де бірте-бірте шыныққандығын көрсету.
_____________________________________
1. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар жинағы. 16
томдық. 3 том. Алматы, Жазушы: 1972.
2. Кəдімгі Сəбит Мұқанов. Естеліктер кітабы.
Алматы, Жазушы. 1984 ж.
3. Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен
қалыптасу тарихы. Алматы, Мектеп, 1983 ж.
4. Мырзахметов Е. Балуан Шолақтың бір өлеңі.
//Қазақ əдебиеті, 1986. №39, 26 қыркүйек.
5. Аупыбаев Ж. Балуан Шолақтың немересі. //Еге-
менді Қазақстан, 1999, 30 шілде.
6. Мұқанов С. Балуан Шолақ. Алматы: Өнер, 1980 ж.
7. Қирабаев Серік «Тəуелсіздік рухымен» Астана,
2002. 226-241 б.б. Сəбит Мұқанов – қазақ əдебиетінің
классигі.
8. Мақпыров С. Тартыс. Жағдай. Характер // «Қазақ
ССР ҒА Хабарлары». Филология сериясы, 1989. №4.
9. Р.Кажиакбарова Өмірлік деректен көркем туын-
дыға \\ Ұлт тағылымы, 2000. №1.
10. М.Қаратаев Бұдан 40 жыл бұрын... «Қазақ əде-
биеті», 19 сəуір, 1974 жыл. №16 (1210), жұма.
* * *
Автор статьи анализирует повести С.Муканова,
вошедшие в 16-томный сборник избранных произведений.
Рассматривает структурные, сюжетные, художественные
особенности этих произведений. Определяет их роль и
место в становлении его как известного писателя-прозаика.
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №6(130). 2010
186
Е. Н. Исмаилова
Достарыңызбен бөлісу: |