ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
68
Келесі кезекте, Іле өңіріндегі геосаяси жағдайдың орнауына себеп болған фактор ол Ресей
империясының аймақта күшеюі болып, ол Ұлы жүздің Ресей билігін мойындаумен байланыстырылады.
Нақтырақ айтқанда Жетісу жерінің Ресейге өтуі онымен іргелес жатқан Іле өңіріне қарай орыстардың
жақындауын айқындады. Бұл процесс ХІХ ғасырдың басында басталып, бұған дейін Орта жүз бен Кіші
жүз аумағын иеленген Ресей империясы келесі кезекте Ұлы жүз жерін басып алуды көздеді және Жетісу
мен Іле өңірінде болып жатқан саяси жағдайды қырағы бақылап отырды. Басты мақсат, қазақ жерінің
ендігі иеленбеген оңтүстік аймағы мен Орта Азияны иелену және сол арқылы Оңтүстік Азия мен
Үндістанға шығу болды. Ол үшін Ресей билігі алдымен Оңтүстік Қазақстанға, әсіресе Жетісуға қарай
жүйелі түрде әрекет етті. Ол бойынша жергілікті Ұлы жүз қазақтары арасынан сұлтандар, рубасылар мен
батырларды өз жағына тартып жұмыс істеді [4]. Мұның барлығы ХІХ ғасырдың басында жүргізіліп, бұл
кезде Ұлы жүзде хан билігінің біртұтастығы әлсіреген еді. Бұл кезде Жетісу жері сырттай Ресей мен
Қоқан билеушілері бақталастыққа түсті. Осы тұста Қоқан хандығына Англия тарапынан қолдаудың
болғанын айта кеткен орынды. Ағылшындар Орта Азия мен Шығыс Түркістанды әлемдік империалистік
мемлекеттердің назарынан тыс қалған аймақ деп есептеп, оны өз ықпалына алуды көздейді. Бұл кезде
қоқандықтар өз қоластындағы қазақ, қырғыз және басқа да халықтарға қысым көрсетіп, бұл жергілікті
қазақтардың наразылығын тудырды. Осыған байланысты Жетісу қазақтарының үлкен бөлігі Ресейге
қосылуға бел буды. Оның басты мысалдары 1818 жылы Ұлы жүз қазақтары тарапынан өздерін Ресей
билігіне өту туралы өтініш түсті. Осы тұста патша үкіметі де белсенді шешім қабылдады. 1819 жылы
патша үкіметі Ұлы жүзден 55462 адамды қабылдайтын шешім шығарды. Бұл жағдай бұдан соң жалғасып,
1824 жылы Ұлы жүздің 14 сұлтаны Сүйік Абылайханұлы бастаған жалпы 165 мыңға жуық адам Ресей
билігін мойындады. ХІХ ғасырдың басында Іле өңірімен жақын жатқан Жетісу немесе нақтырақ айтқанда
Ұлы жүз қазақтарының саяси жағдайы осындай болған еді [5, 127-128 с.].
Осылайша, Іле өңіріндегі саяси ахуалдың өзгеруіне ықпал еткен сыртқы саяси факторлардың бірі ол –
Ұлы жүз қазақтарының аймақтағы саяси жағдайды Ресеймен бірлесіп басқаруы болды. Бұл жағдай Ұлы
жүздің Ресейге қосылуын қамтамасыз етіп, Жетісуда Ресей әкімшілігінің нығайғанын көрсетті.
Жетісудағы қазақ-орыс қатынастарының күшеюі және жалпы Ұлы жүз аумағының Ресейге қосылу
процесі Ресей империясының Іле өңіріне енуіне мүмкіндік берді. Ресей билігінің көздегені де осы болып,
ол уақыт өткен сайын Іле өңірін өз қолында ұстаған Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарай жақындай берді.
Орыстардың Іле өңіріне табан тіреуі алғаш рет 1846 жылы орын алып, ол кезде алғашқы басқыншылық
әрекеттер орын алды. Ресейдің бұл әрекеті Қытайды қатты алаңдатты. Алайда, Ресей жағы ашық соғыс
қимылдарын болдырмай, Іле өңіріне қатысты барлық саяси процестерді қарусыз, бейбіт түрде жүзеге
асыруға тырысты.
Орыстардың Іле өңіріне бейбіт түрде жақындауына 1847-1848 жылдары Ресей империясының Ұлы
жүзді өзінің субъектісі ретінде танып, ондағы халықтар мен жалпы аймақты басқару үшін арнайы өкіл
(пристав) тағайындау жөнінде шыққан Ресей императорының арнайы жарлығы ерекше әсер етті. 1847
жылы Қапал бекінісінің салынуынан кейін-ақ, 1848 жылдың басында Ресей империясының Ұлы жүз
қазақтарын басқару және Жетісу өлкесін бақылау үшін Үлкен орда приставтығы деген атпен аймақты
басқару әскери әкімшілігі құрылады. Ресей Сыртқы істер министрлігі Ұлы жүз аумағының Ресей
империясының құрамына қаншалықты тез қосылуы оның Шығыс Түркістанға қарай жақындауын
соншалықты тездетеді деп мәлімдеді. Ұлы жүзде пристав тағайындау аймақта жергілікті халық пен Ресей
әкімшілігі арасындағы саяси диалог жақсы жүзеге асырылады деп шешілді. Ресей билігі мұндағы
жергілікті қазақтарды өзіне қарсы қойып алмау үшін соғыс қимылдарын болдырмауға барынша тырысты.
Билік тарапынан орынсыз тонау мен қиындықтар тудыру бұрынғымен салыстырғанда аз болды. Ұлы жүз
қазақтарының басым бөлігінің орыс билігін мойындауы Ресей империясы осы аймақта тыныштық пен
бейбітшіліктің кепілі болады деп күтілді. Бірақ, Ресейге қосылуға ынталы болмай, керісінше оған қарсы
болып, Қытай мен Қоқанға өтіп кеткен қазақтар да аз болмады [6, 68-69 c].
Жоғарыда аталғандай, Ресей империясы Жетісуды иеленген соң ол үшін енді Шығыс Түркістанға жол
ашылды. Ендігі кезекте, саудасы мен қолөнері, шаруашылығы мен егіншілігі жоғары дамыған Шығыс
Түркістан Ресей үшін қыруар байлықтың көзі болып саналды. Ресей билігі аймақта Қытай үстемдігінің
әлсірей бастағанын пайдалануға тырысып, жылдар бойына оны өзіне қаратуға тырысты. XIX ғасырдың
басынан бастап осы ғасырдың бел ортасына дейін Іле өлкесі мен жалпы Шығыс Түркістанда Ресей
саясатының дамуы аймақта үлкен өзгерістердің орын алуына себепші болды. Бұл жағдай Қытай билігін
қатты алаңдатып, Құлжа аймағында Ресей саясатының тереңдеудің алдын-алу жолдары қарастырылды.
Шығыс Түркістанда Ресей империясымен шекаралас болып қалған Іле өңіріндегі саяси жағдай ХІХ
ғасырдың 40-50 жылдары аймаққа орыстардың жақындауына байланысты үлкен өзгерістерге ұшырады.
|