Мақалада Ащысай полиметалл комбинатына қарасты Хантағы елді-мекенінің (Хантағы-Қарасай
Кентау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 6 км-дей жерде, Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Қарашық
(Хантағы), Біресек өзенінің сағасында орналасқан. Өңір пайдалы қазбаларға қандай бай болса, оның
тарихы да соншалықты бай. Хантағының көнекөз кеншісі Байбеков Ибадулла (1930 ж.т.) тау етегіндегі
бұл ауылдың су-жайылымын, түрлі дәрілік өсімдіктерін (қалампыр, күшала, көкемарал ж.б), сай-сайдан
тұратын тамаша табиғатын былайша әңгімелейді: «... мынау тоғаннан әрмен солға қарай бірнеше сай бар.
Бәрінің аты, тарихы бар: Итсигенсай, Моғолсай, Үш сана, Ақын сай, Сарыбай т.б. Өзі оннан көп. Мал
жайып жүріп жаттап алғанбыз. Бестоғайға барған соң Келтесай, Жолдысайдан өтесің, сосын одан әрі
қарай Теріскей басталады. Бұл жерде неше түрлі бұлақтар бар. Ырғайлы деген жер бар. Басы – Ұзын
Қарасай, Келте Қарасай, Тассай деп аталады. Сол жерде «Тастың бауы» деген бар, ол ата-бабаларының
отырған жері. Оның бір жағы Тастыкі, екінші жағы Құлжабайдыкі. Содан Құлжабайсай, Көрпебайсай
деген жерлер бар. Бұл жерде жөтелі күшейіп, қатты науқастанып қалған ж.б түрлі дертке шалдыққан
адамдарға ем болатын дәрілік шөптер көп...» [1]. 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығынан Қаратауды
паналаған елдің ізі де жатыр, ол осы жерлердің тарихи атауларынан-ақ белгілі. Соған сәйкес Қаратау
Қос империя билігі (патша және совет) тұсында орыс ғалымдары қазыналы Қаратау қойнауын үздіксіз
ғылыми-зерттеу нысанына айналдырды. Мысалы, ХІХ ғ. ІІ жартысында Қаратаудың оңтүстік өңірі Н.А.
Северцовтың, А. Арендоренконың, А.Ивановтың ж.б [2], 1904-1930 жылдары Торланнан Оңтүстікке
қарай М.Бронниковтың, В.Н. Вебердің [3] ж.б, Торлан асуынан солтүстікке қарайғы аймақ яғни, Хантағы
және Қарасай кен ошақтары 1929 жылдан бастап инженер Н.А. Брызгалов [4] бастаған Қарасай
геологиялық барлау партиясының (оның құрамында кәсіби геолог мамандар И.И. Князев, Е.Е. Захаров
ж.б, Казгеолтрест – И.Л. Новохатский және Орталық ғылыми-зерттеу және геологиялық барлау
институтының (ЦНИИГРИ) қызметкерлерінің) зерттеу объектісіне айналды. Олар өңірдің жер қыртысы
ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
130
мен онда болып жатқан өзгерістерді (ауданның тектоникасын), пайдалы қазбалардың сапасы мен қорын
анықтады [4, 5]. Нәтижесінде Қарасай-Хантағы қорғасындары сапалық тұрғыдан да, қор жағынан да бай
болып шықты. Бұл жөнінде зерттеуші А.В. Соловьев «такие месторождения, как Ачисайское и
Кантагское и другие, отличались высоким содержанием свинца» [5, 22], - деп баса көрсеткен болатын.
Қаратау жоталарынан қорғасын, мыс, цинк, никель ж.б. түрлі-түсті металл қорлары табылған сайын
КСРО ВСНХ Геологиялық Комитеті барлау партияларының қызметін күшейте түсті. Мысалы, 1928-1929
жж Қазақстанда 50 геологиялық барлау партиясы жұмыс істеген болса, 1931 жылы оның саны 140-қа
көтерілген. 1932 жылдың 1 қаңтарында геологиялық барлау партиялары (ГРП) Қазақстанда мыңнан аса
түрлі-түсті металл кенішін, ондаған көмір ошағын тауып, мемлекеттік тіркеуге алады [5, 21]. Хантағы-
Қарасайдың алғашқы зерттеушісі инженер Брызгалов та: «... Қарасай кенішінен ескі жер астында ұзақ
жылдар жатып қалған руда қалдықтарының шашылып жатқан үйіндісін таптық, сол арқылы мұндағы
рудалардың химиялық және минерологиялық құрамын анықтауға мүмкіндік туды, - дей келе, - ол, мұнда
қорғасынның бай қоры болуы мүмкін» [4, 5], - деген болжам жасайды. Расында Қарасайдың қазынасы
шаш-етектен болып шықты...
Хантағы жұмысшылар поселкесінің құрылу және даму тарихы бүгінде арнайы зерттеу нысаны бола
қоймаған. Сондықтан оның ең алғашқы бейнесін сомдау түрлі дереккөздерге үңілуді қажет етті. Ащысай,
Қарасай, Хантағы, Сүлейменсай, Қаракенсай рудниктерінің басын біріктірген Ащысай полиметалл
комбинаты өмірге келген соң, «Қаратау кеншілері» аталатын мерзімді баспа газеті жарық көре бастады.
Газеттің алғашқы нөмірі 1937 жылдан басталады. Кейін бұл газет «Кентау кеншілері», «Кентау
правдасы», қазіргі уақытта «Кентау шұғыласы» делінген атпен жалғасын тауып келеді. Міне осы
«Қаратау кеншілері» газетінде қызметін Ащысайдан (1927 ж) бастаған сосын, әрі қарай Хантағы,
Қарасай, Мырғалымсай рудниктерінде жалғастырған Әмірғали Қашаубаевтың естелігі жарық көреді. Ол
Башкирияның Туймазин ауданындағы Однегул селосынан Ащысайға тілмәштыққа жұмысқа шақырылса
керек. Ол сол уақыттағы Ащысайдың әсем табиғатын, Қаратау баурайындағы құлпырған қызғалдақтарды
көргенін айтады. 1929 жылы Ащысайда тілмәш болып қызмет етеді де, келесі 1930 жылы Хантағыға
бағытталған ГРП-ң (геологическая разведывательная партия) құрамына қабылданады. Оның айтуынша
алғашында Хантағы руднигі жанындағы поселокта екі-ақ үй болса керек (// Горняк Каратау 28 август
1955 ж). Өз отбасымен бірге келген Әмірғали: «...келіншегім Бибиасма палаткада тамақ әзірлейді,
кішкентай балам Александр палатка төңірегінде жүгіріп ойнап жүретін. Қызым Фаузия ешқандай
медицинаның көмегінсіз жертөледе өмірге келген еді», - деп естелік әңгімесін айтады. Әмірғали
Қашауғалиев 1933 жылы Қарасай, 1934 жылдан бастап Хантағы руднигінде әр түрлі жұмыстарды істеген.
ТЭЦ ол уақытта тұрғызылмаған. Қуаттылығы 200 квт болатын кішкентай жылу станциясына машинист
болып та істегенмін дейді. Хантағы шахтасы тәулігіне 200 тонна руда беріп тұрғанын айтады. «Шахтадан
түрлі рудалар араласқан ауыр тастарды көтергіш құралдың көмегінсіз, мына қолымызбен вагонеткаларға
толтырып, сосын вагонеткаларды штольня арқылы сыртқа қолымызбен итеріп шығаратынбыз. 1935
жылы ТЭЦ іске қосылды, бірақ оның қуаты мардымсыз болды. Біз бірақ соған да қуандық. Есімде мұндай
ауыр жұмыстарды шахтада жергілікті көп тұрғындар, тіпті қазақ әйелдері де істеді. Басқа жақтан
келгендер де болды...» [6, 2], - дейді.
Архив құжаттарынан Ащысай полиметалл комбинаты бойынша 1937 жылғы жүргізілген облыс
комитеті жүргізген комиссияның есеп материалдары кездесті. Онда Хантағы тұрғындарының тұрмыс
жағдайы жазылған. Жұмысшылар поселогі ретінде қалыптасып келе жатқан ауылдың жағдайы жұпыны
болды. Бұл өңірдің жарықпен, жылумен қамтамасыз етілмегені, соған сәйкес тұрғындардың басым
көпшілігінің қысқы уақытта жаппай суықтап ауырып қалатыны, сондай-ақ, лай-саздан өздері тұрғызып
алған, төбесі қара қағаздармен жабылған үйлерінің (қатты жел тұрғанда, жаңбыр, қар жауғанда оп-оңай)
бүліншілікке ұшырап жататыны сөз болады. Осылайша тұрғындар біріншіден өндіріс орындарындағы
қолайсыздықтардан, екіншіден тұрмыстық ауыртпалықтардан қатты қажыды. Аталған Есеп
материалында үй шатырындағы қара қағаздарды темірмен ауыстыру - мемлекеттен кредиттік қаржының
бөлінбеуі себепті орындау мүмкін емес деп көрсетіледі. Құжаттың соңында Ачполиметалл
Комбинатының бастығы С.Устинов қол қойған [7, 28].
Хантағы Ащысай, Ақжар жұмысшы поселоктарымен бірге бой көтерген елді мекен еді, сондықтан
аталған өңірлер де осыған ұқсас жағдайы болды. Ащысай поселогы құрылысының Бас жоспары 1936
жылға дейін болмаған, ондағы жұмысшылардың баспанасы, тұрмысы, өмір сүру сапасы ылғи да жұпыны
күйде болғаны айтылады. Бұдан қорытатын ой: мемлекет Қаратаудың қазына байлықтарын ғана емес
оның жергілікті жұмысшы адамдарының да еңбегін аяусыз, шексіз пайдаланды деуге негіз бар. Соғыс
жылдарында арзан жұмыс күші ретінде депортацияға ұшырағандардың - поляктардың, еврейлердің,