RESEARCHES OF GLAZED CERAMICS FROM MEDIEVAL CITES OF VALLEYS OF SHU
AND TALAS RIVERS
Annotation
The structure of the glazed ceramics found at medieval cities in valleys of the Shu and Talas Rivers is analyzed
in the article. The chronology of emergence and the production technology of glazed ceramics are resulted. The
chemical analysis of blue, white, black, red, brown, yellow color glaze on ceramics, found at medieval cities of
Aktobe, Aspara, Kulan, Low Barskhan, Bektobe, Tamdy for the first time was made.
Keywords: valleys of Shu and Talas Rivers, the Middle Ages, clay, ceramics, engobe, glaze.
Шу-Талас өңірлеріндегі ортағасырлық қоныстық ескерткіштерден табылған қыш ыдыстардың
біршама бөлігін сырлы ыдыстар құрайды. Қыш ыдыстардың бетін әсемдеуде қолданылған алуан түрлі
әдістердің бір түрі – бетін қоспалар арқылы әшекейлеу. Олар көзелік саздың бетіне тұтасып, түсін
өзгертеді. Бұл әдіс жоғарыда айтылған өңдеу тәсілдерінің кез-келгеніне жүргізілген. Ыдыс бетін
әшекейлеу әдістерінің негізгі екі түрі бар: бірі бұйымның белгілі бір бөлігі болса, екіншісі толығымен,
яғни іші-сыртының барлық жері. Әшекейленген ыдыс күйдірілу барысында, басқа да өңдеу тәсілдеріне
қарағанда бетін өзгертеді.
ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
298
Шу-Талас өңірінің ортағасырлық қалаларының қолөнер кәсібінде көркем өрнекті қыш бұйымдардың
пайда болуы, дамуы және оның басқа да көркемдік мәдениет түрлерімен өзара байланысы оның заттай
мәдениетінде өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Ортағасырлық көзешілік өндірісте қыш бұйымдарды әсемдеп өрнектеудің біршама таралған түрі –
көркемдік өрнектер. Көркемдік өрнектерге бұйымдардың бетіне (іші-сыртын, ішін, сыртын) түрлі түсте
түсірілген бояулар немесе бояқтар және сұйық қорытпалар жатады. Олар алуан түрде көркемделіп
әшекейленген. Бояуды түсіру жолдары да әрқалай: жағу, көмкеру, жалату, суару, салу және т.б.
Бетін бояудың біршама кең тараған әдісі – бояғыш затты сыр немесе пигмент. Пигмент органикалық
немесе органикалық емес болып, күйдіргенге дейін де, күйдіргеннен кейін де қолданыла береді. Дегенмен
органикалық пигменттер күйдіру кезінде жиі тотығып, жойылып кетеді. Заттек қолданылған уақытта
бұйым беті құрғақ болса жақсы ұстайды. Қалалардың ыдыстары бір түсте, екі түсте, ол бихромды деп
сипатталады және үш немесе одан көп түсті полихромды әшекейлі болып келген.
Көпшілік пигменттер керамикаға бояғыш қоспа, жұқа саз, су мен байланыстырушы ретінде
пайдаланылған. Бояғыш заттар бұйым бетіне жануарлардың қылынан немесе жүнінен, өсімдіктердің
талшығынан не қауырсынынан жасалған бояу жаққыштар арқылы жағылуы мүмкін. Бояғыш заттар
химиялық элементтерден тұрады, тек үш бояғыш зат: темір, марганец және көміртек күйдіру
температурасына төтеп береді. Металл элементтердің көптеген түрі сырда (глазурьге) қолданылуы, оның
түстік шеңберін арттырады.
Ортағасырлық қалалардың керамикаларының сыртына, не ішіне түс беріп көркемдеудің екі түрі: ангоб
пен глазурь (сыр) болғандығын көреміз.
Ангоб (французша – engobe) сұйық лай (саз), қышты сәндеудегі жалатпа немесе көмкерме, оны қыш
бұйымның сыртына, оған түс беру үшін немесе тұрпайы құрылыстық материалдарға пайдаланылады.
Ангоб ақ (ақ саздан) және түсті (түсті құрайтын қоспалы лай) болып ерекшеленеді. Ангоб антикалық
сәндік өнерде кең тараған, орыстардың қыш өндірісінде «побела» («ақтау») атауымен белгілі. Ангоб
әдетте жаңа пішінделіп, кептіріліп немесе күйдірілуге дайындалған бұйымның сыртын бүркуде немесе
суаруда қолданылады (ангобтайды).
Глазурь (немісше «glas» - шыны (әйнек) сөзінен «glasur» шыққан), қыш бұйымның бетіне 0,15-0,3 мм.
қалыңдықта жағылған, күйдіруде сіңіп бекіген шыны тәрізді көмкерме.
Керамика ісі бойынша техникалық және ғылыми-көпшілік әдебиеттерде глазурьдің формуласы
төмендегідей беріледі: X(R2O+RO)∙YR2O3∙ZRO2, мұндағы X, Y, Z – глазурьдағы негізгі, амфотерлі және
қышқылды тотықтарға сай құрамды анықтайтын коэффициенттер [1, с. 21].
ІХ ғ. бастап мәдени қабаттардан кездесетін, бетінде, не толығымен алуан түрлі түсте нақышталып
көркемделген немесе өрнектеліп әсемделген ыдыстарды орыс тілінде «поливная», кейде «глазурованная»
деп атайды. Олай болса, орыс тілінде «глазурь» сөзінің бір баламасы ретінде «полива» (орысша «полива»
- қыш заттардың бетіне жағатын шыны тәріздес жылтырауық қорытпа) қолданылады. «Полива» сөзінен
«поливная керамика» атауы шығып, ол барлық сырлы ыдыстардың ортақ атауына айналған.
«Полива» – қыш ісінің дамуында, саз өнімінің құрамы үшін қоспада және саз сұрыбын таңдауда,
сонымен қоса оның пішінін келтіру мен күйдіруде, өңдеу мен бұйым сыртын әшекейлеудің шығуында
маңызды рөл ойнады. Жұқалықтың шегі мен қыштың түсі бойынша әдемілік, беріктілік пен жеңілдікті
алуға септігін тигізеді. Дегенмен қыш – ыдыстарды сылауға арналған сұйық құрам.
Қазіргі таңда осы көркем қыш ыдыстарды неше түрлі түсте әсемдеп әшекейлеген бояуға не қорытпаға
байланысты терминдер аудармасыз немесе аударылып беріліп келеді. Кейбірі аталған терминдердің
тілімізде мағынасын ашатын сөздермен баламаланып немесе сыртқы көрінісіне қарай жазылуда.
Дегенмен, жоғарыда аталған «глазурь», «поливная» және «ангоб» сөздері қазақша еңбектерде қалай
берілгендігіне тоқталып өтуді жөн көрдік.
И.М. Джаббаров Хорезмдегі қыш қолөнершілердің «глазурь» сөзін «ашкар», ал «ангоб» сөзін «лай»
деп атайтынын жазған [2, с. 389].
К.А. Ақышев «глазурь», «поливная» ыдыстарын «жылтыр көзді», «жылтыр шынымен боялған»,
«глазурьмен қапталған» немесе «қорғасын түсті шыны бояумен боялған» деп берген [3, б. 70-85].
М. Қожа «глазурь» сөзін «сыр» деп берсе, ал «ангоб» сөзін сол күйінде қолданған [4, б. 64-115].
У.Х. Шәлекеновтың еңбегінде «глазурь» сөзін «жылтыр өрнекпен сырланған» деп берсе [5, б. 154],
Н.О. Алдабергенов «глазурь» сөзін «сыр» деп баламалаған [6, б. 119-124].
К.М. Байпақов пен Д.А. Воякин «поливная» сөзін «әйнекей» деп аударып, «глазурь» сөзін сол күйінде
қалдырған [7]. К.М. Байпақов пен Е.А. Смағұлов «глазурь» сөзін «сырлы» немесе «бояулы», «поливная»
сөзін «шыңылтыр» деп берген [8, б. 32, 38]. сонымен қоса, «газурь» сөзін тағы бір еңбектерінде
«шыңылтыр», «жылтырақ», ал, «полива» сөзін «қаптама» деп берген [9, б. 50-55].
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №3(58), 2018 ж.
299
К. Байпақов пен А. Нұржановтың еңбегінде «глазурь» мен «полива» сөздерінің мынандай түрлерін
келтірген: «жалатпа», «жылтырауық сылақ», «глазурь» [10, б. 113-140].
М. Елеуовтың еңбегінде «глазурь» сол күйінде, «поливная» сөзі «бояулы» деп берілген [11, б. 117].
М. Қасеновтің еңбегінде ыдыстар түсі мен түрленуіне қарай «жалатпалы» және «жалатпасыз» деп
бөлінген [12, б. 23].
Сонымен іші мен сырты әсемделіп көркемделген ыдыстар жоғарыда аталған еңбектерде «жылтыр
шынымен боялған», «глазурьмен қапталған», «қорғасын түсті шыны бояумен боялған», «глазурь»,
«ангоб», «бояулы», «жалатпалы», «жалатпасыз», «шыңылтырлы», «жылтыр өрнекті», «сырлы» деп
берілген.
Түркі халықтарының бірқатарының «глазурь» сөзіне берген баламасы немесе аудармасы мен
түсіндірмесіне тоқталайық.
Түркиялық түріктер «глазурь» сөзін «sir», «sirça» деп атаса, глазурьмен көмкеруді «çinelemek»,
«sirlamak», «simlemek» деп атайды. «Sirça» - біздіңше «әйнек» дегенді білдіреді. Яғни, «глазурь» сөзінің
түрікше аудармасы біз қолданылып жүрген «сыр», «шыны» немесе «әйнек» сөздерінен алшақ емес екен.
Дегенмен, «бояу» сөзі түріктерде де «boya» деп айтылады.
«Глазурь» сөзі қырғызша «айнектей катуу сыр» деп аударылады [13, с. 132]. Яғни, мұнда да «әйнек»
сөзі қолданылып отыр. Ал, «бояу» сөзі қырғызшы «боëк», ал, «сыр» сөзі «сыр» деп айтылады [13, с. 306].
Татар тілінде «глазурь» сөзі «шійрä», «чини» деп жазылады [14, с. 81]. Бұларда да «шыны» сөзі
айтылған. Бірақ, «бояу» сөзі «ренг» деп аталса, «сырлы» сөзі біздіңше «бәдіз» («ою»), «бедер» дегенді
білдіреді.
Өзбектер «бояу» сөзін «bo’yoq» деп айтады [15, с. 316].
«Глазурь» сөзі орысша-қазақша сөздікте «әйнеке», «әшекей», «жылтырауық» (ыдыстың іші-сыртын
жалататын, сырлайтын жылтыр зат) деп аударылған [16, с. 172]. Сонымен қоса, «глазурь» сөзі қазақ тіліне
«әйнекей», «шыңылтыр» деп те аударылған. Әйнекей – қыш, фаянс және т.б. заттардың сыртын
жылтырататын қорытпа, глазурь [17, б. 65]. Шыңылтыр – әйнек, қыш, фаянс, т.б. заттардың сыртын
жалтырататын қорытпа, сыр – бір затқа ерекше түс, рең беру үшін пайдаланылатын сұйық зат, бояу [17, б.
601, 751]
Олай болса, жоғарыда аталған аталымдардың мағынасы мен түсіндірмелері көрсеткендей «глазурь»
сөзі орыс тілінде «полива», түркі халықтарының тілінде «сыр», «шыны», «әйнек» деп аударылатыны
белгілі болды.
Дегенмен, «глазурь», «полива» сөздерінің аудармасын қазақ тіліндегі «шыңылтыр», «әйнекей», «сыр»
сөздері беріп тұрғанымен, түркі халықтарына ортақ «сыр» сөзі ыдыстарға көркемдік түс беріп тұрған
бояудың немесе қорытпаның толық мағынасын ашады. Себебі, «бояу» – затты белгілі бір түске келтіру
үшін жағылатын, жұқтырылатын сыр, бояқ [17, б. 107]. Яғни, сұйық қорытпа «сыр» деп аталады.
«Глазурь» шыныға ұқсас болғандықтан, «шыны тәрізді сыр» деп беріледі. «Глазурьдің» түсіндірмесінде
түске бөленуі металдар тотығының қосылуының нәтижесінде іске астындықтан, оны «сыр» деп атауға
толық негіз бар. Оның үстіне, Махмұд Қашқаридің еңбегі бойынша «шыны» сөзі көне түркі тілінде
«sïrïčya» деп аталғаны жазылған [18, с. 505]. Осы сөздің түбірінде айтылғандай «сыр» сөзінің жатуы
мәселені нақтылай түседі. Дейтұрғанмен, «бояу» сөзі көне түркі тілінде «boδuy» деп берілген [18, с. 109].
Әйтсе де, түрлі түсті бояуда сырланған ыдыстардың сырты мөлдір, түссіз шыны тәрізді қорытпамен
көмкерілгендері де кездеседі. Ондай жағдайда «мөлдір, түссіз сыр» деп атағаннан гөрі бірқатар түркі
халықтарына ортақ сөздің түбірінен шыққан тіліміздегі «шыңылтыр» немесе «әйнекей» сөздерін
қолданып жазу оның толық сипатын ашып көрсете алады.
«Шыныаяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» – деп мақалдатқан халқымыз «сыр» сөзін бұрыннан
ыдыстың сыртындағы қорытпаға байланысты айтса керек.
Сондықтан да, түрлі түсті бояуда көмкеріліп әсемделген қыш ыдыстарды түркі халықтарының көбінде
қолданылатын «сыр» сөзіне байланысты «сырлы ыдыстар» немесе «сырлы қыш ыдыстар» деп атауға
толық негіз бар. Ал «ангоб» сөзі көбінде түпкі мағынасы бойынша сол күйінде беріледі.
«Ангоб» пен «сырдың» қалай жасалынып, қандай мақсатта жағылатындығына тоқталсақ.
Саз бұйымды кептіру және күйдіру барысында ангоб залалды болдырмауды қамтамасыз етеді.
Ангобтың иілімділігі көзелік саздан да жоғары болады. Сондықтан ангоб массасына әр түрлі қоспалар:
каолин немесе ақ түсті саз, глинозем, бор, кварцты құм, сонымен қатар қыш ұнтағы, шамот қосылады.
Ангобтың түсін өзгерту үшін бояушы тотықтар мен соған ұқсас пигменттер қосылған. Қызыл қоңыр
түстегі барлық реңкті ангоб массасы көзе өндірісінде ежелгі уақыттан бері қолданылып келеді, себебі ол
құрамында темір қоспасы көп табиғи түсті иілімді саздан дайындалған.
|