6.Топырақ құнарлылығының және олардың көбеюінің агрохимиялық көрсеткіштері.
Топырақ құнарлылығы – топырақтың өсімдіктер дүниесін қажетті қоректік заттармен және сумен, ал тамыр жүйесін оттекпен, жылумен және қолайлы физико-химиялық ортамен қамтамасыз ету қасиеті. Бұл топырақтың ең басты қасиеті. Топырақ құнарлылығы биоценоздың жалпы өнімділігі мен ауылшаруашылығы дақылдарының түсім мөлшерін анықтайды. Топырақ құнарлылығын екіге бөледі: табиғи және жасанды.
Табиғи топырақ құнарлылығы топырақ түзілу процесі нәтижесінде пайда болған топырақтың табиғи күйіндегі құнарлылығы. Ол қарашірінді қабатының қалыңдығына, қарашірінді құрамына, қоректік элементтердің жеткілікті болуына, топырақтың түйіршікті, минералды және химиялық құрамына, микробиологиялық процестердің қарқындылығына тәуелді.
Жасанды топырақ құнарлылығы сол табиғи құнарлылықты арттыру мақсатында қолдан жасалған көптеген әрекеттердің нәтижесінде (өңдеу, тыңайтқыштар қолдану, дақылдарды егіп өсіру, мелиорация, т.б.) алынады және егілген а. ш. дақылдарының түсім мөлшеріне қарай бағаланады. Топырақты қорғап және оны дұрыс пайдалана білсе, оның құнарлылығы артады. Табиғи құнарлылығы төмен, егіншілікке жарамсыз топырақтарды да адамқолымен жақсартып, егіншілікке қарқынды пайдалану арқылы жоғары өнім беретін алқаптарға айналдыруға болады. Табиғи құнарлылық пен жасанды құнарлылықтың қосындысы – экономикалық немесе тиімділік құнарлылық деп аталады.
Топырақ құнарлылығының агрохимиялық көрсеткіштері-өсімдіктердің қоректену элементтері мен қамтамасыз ету қабілетін сипаттайтын қасиеттер кешені және оңтайлы қоректік режим.
7.Ауылшаруашылық жерлерінің агрофитоценоздары және олардың ерекшеліктері.
Агрофитоценоз, агроценоз (гр. ‘agros’ егістік жер, phyton өсімдік, koinos жалпы) — құрамына мәдени және екпе дақылға зиян келтіретін арамшөптер кіретін адам қолымен жасалған өсімдік бірлестігі; ауыспалы егіс, тыңайту және өсімдіктерді қорғау жүйесі бірыңғай шаруашылық тәртіпте қолданылатын агроэкожүйенің (бір егістіктің) біртекті үлескісі шегіндегі мәдени өсімдіктер мен арамшөптер жиынтығы.
Агрофитоценоз ауыспалы егістің немесе көпжылдық дара дақылдық егістіктің барлық фазаларын біріктіреді. Ауыспалы егіс барысында мәдени өсімдіктер өзгергенде топырақты арамшөптердің тұқымды және өсімді бастамасы (тамырсабағы) тұрақты сақталады. Агрофитоценоздың құрылымы мәдени өсімдікті еккеннен қар жауғанға дейінгі өсімді маусымда өзгереді. Мұндайда мәдени өсімдіктердің дамуына байланысты биіктеп өсуі, өркендер саны, жалпы биомассасы, өсімді және генеративті мүшелері арасындағы жайғасулары ғана өзгеріп қоймай, арамшөптердің маусымдық қозғалыс құрамы мен күйі де өзгереді. Олар әртүрлі кезеңде гүлдеп, жеміс береді. Сонымен қатар Агрофитоценоз құрылымы климаттың ауытқуынан және ауыспалы егіс фазасына байланысты өзгеріске ұшырайды. Ылғалды және климаты салқын жылдары мәдени өсімдіктердің өсуі тежеліп, арамшөптер қаптап кетеді. Гербицидтер қолданудан да агрофитоценоздың құрылымы өзгереді. Адамның іс-әрекеті нәтижесінде табиғаттағы жабайы өсімдіктер 4 мәдени өсімдіктер тобына бөлінеді:
Адамның араласуы нәтижесінде өзгеріске ұшыраған өсімдіктердің табиғи тобы мәдени түрге айналдырылған агрофитоценоз деп аталады. Бұған жоспарлы түрде пайдаланылатын табиғи орман мен жайылым, шабындықтар жатады;
Қолдан егілген орман мен көпжылдық екпе шөп шала мәдени агрофитоценозға жатады. Олардың өсіп-жетілуіне жоспарлы шаралар қолданылмайды;
Қолдан егіп, үнемі бақылап, жақсы өсіп-өнуіне түрлі шаралар қолданылып отыратын өсімдіктер құрамы (егістіктер, бақтар, т.б.) мәдени агрофитоценозға жатады;
Интенсивті агрофитоценозға жылыжай, гидропоника өсімдіктері жатады. Мұнда адам топырақты ғана емес, ауаны да реттеп отырады.