Кіндік тамырлы арамшөптер. Кіндік тамырлы арамшөптердің топырақта қысайтын бір ғана жуан кіндік тамыры болады. Көктемде тамыр мойнының бүршігінен жаңа өркен өсіп шығады. Негізгі өкілдері: ащы жусан, қышқыл қымыздық және басқалары.
Ащы жусан (Полынь горькая Artemіsіa absіnthіum).Күделі гүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық арамшөп. Сабағының биіктігі 60 см-ге дейін жетеді.Тұқымы және вегетативтік мүшелері арқылы көбейеді. Бір өсімдік 100 мыңға дейін тұқым береді, оның ұзындығы 0,8 мм, топырақтың беткі қабатынан жақсы өніп шығады.
Тамырсабақты арамшөптерБұл топтың арамшөптерітұқымынан және түрі өзгерген жер астындағы тамырсабағының көмегімен өніп-өседі. Бұлар өте зиянды арамшөптер. Қазақстанда суармалы егіншілігінде кәдімгі қамыс, қараажырық, құмай, ал республиканың солтүстік суарылмайтын жерлерінде жатаған бидайық кең етек алған.
Жатаған бидайық (Пырей ползучий, Elytrіgіa repens).Астық тұқымдасына жататын көпжылдық арамшөп. Сабағының биіктігі бір метрдей. Бұл арамшөп тұқымы және вегетативтік мүшесі (тамырсабағы) арқылы көбейеді.
Кәдімгі қамыс. (Тростник обыкновенный, Phragmіtes communіs).Астық тұқымдасына жататын көп жылдық арамшөп.Сабағы биік, 3 метрден асады, жуандығы 1,2-1,5 см, іші қуыс. Бұл өсімдіктің шашақгүлінде 5 мыңнан 50 мыңға дейін дән болады. Оның ұзындығы 2мм шамасында, жердің беткі қабатынан жақсы өніп шығады.
Кәдімгі қамыс тамырсабақтары арқылы жақсы көбейеді.Кәдімгі қамыстың бір ерекшелігі – ол тек ылғалы мол жерлерде ғана өседі. Сондықтан, бұл өсімдік республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңіріндегі суармалы егістіктерінде кең тараған.
Қараажырық, соражырық (Свинорой, Cynodon dactіlon). Астық тұқымдасына жататын көпжылдық арамшөп. Сабағының биіктігі 40-80 см. Бір өсімдік 2 мыңға дейін тұқым береді. Ол жердің беткі (2-3 см) қабатынан топырақ 25-30 градусқа қызған мезгілде көктеп шығады. Бірақ, қараажырықтың тұқым арқылы көбею мүмкіндігі жоқтың қасы.Бұл арамшөп негізінен вегетативтік мүшесі-тамырсабағы арқылы көбейеді. Ол топырақтың 15-20см қабатында орналасқан. Тамыр сабағының ұзындығы 2 метр шамасында. Өсуіне қолайлы жағдай туған кезде бір жаздың ішінде 18-40 есе көбейіп, бір гектар жердегі тамырының ұзындығы 800 шақырым, салмағы 4,5 тонна , ал бүршік саны 4,5 млн-ға жетеді.Тамырсабағының басым көпшілігі суармалы жерлерде 15-17 см, ал тәлімі егістіктерде 0-5 см тереңдікте орналасқан.
Қараажырық орман көшеттерінде, бау-бақшаларда, жүзімдіктерде және басқа егістіктерде кездеседі. Ол республиканың суармалы жерлерінде, әсіресе Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында себілетін мақта, көкөніс, малазығы дақылдарының егісінде өседі.