Инемен тігілетін кестені керіп, инеге сабақталған жіппен алуан түрлі мәнерлеп тігіп кестелейді. Ол үшін кесте салынатын матага
әуелі өрнек түсіріп алады да, сол өрнек ізімен тігеді. Кесте тігетін инелер молтақ, көздері кең болғаны жөн.
Айқас (крестеп)тігу де инемен тігілетін кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.
Айқаспен тігу үшін матаның бетін ұсақ торкөздерге бөліп, болмаса тігіліп отырған матаның арқау, айқас, тоқылу торкөздерін байқай отырып тіккен дұрыс. Сонда ғана әрбір түскен жіп айқасы біркелкі шығады.
Кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі түктеп тігу. Кестені түктеп тіккен кезде, бізбен шалынған жіптің үстіңгі жағында (өң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей бүлдіргі қалып отырады. Кестені тігіп болғаннан кейін әлгі қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың түсірілген бүлдірге жіптері қырқылыи тегістелген соң, кәдімгі кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады.
Үлгі бойынша сызылған өрнектің үстіне мәнеріне қарай тізіліп алынған әр түрлі ұсақ маржандар, моншақтар бастырып, тігуді маржандап кестелеу. Мұндай әдістер тақия, сәукеле, өңір, қол дорба сияқты бір киер киім мен сән-салтанат бұйымдарына ғана қолданылады. Үнемі киілетін немесе жұмысқа ғана киілетін, сондай-ақ арқан жіптің тартуына түсетін заттарға бұл өнер қолданылмайды. Себебі ондай заттардағы маржандар тез сөгіліп кетуі мүмкін.
Алтындап, күмістеп тігусән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, пүліш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер) пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге тігістерден гөрі ауыр келеді.
Алтындап тігуге көбіне бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады.
Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың қамзолдарының омыраулары, өңірлері және тағы да сол сияқтылар осылай тігіледі.
Алтын жіппен тігу Орта Азия халықтарының бәріне тән өнер. Онымен атағы шыққан әйгілі кестешілер ғана айналысқан. Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал
шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі.
Кестелеп тігуді тігін машинасымен де атқарады. Осы заманғы тігін машиналарының барлығында да кестелеп тігуге арналған жеке табандары мен пластикалары бар. Кесте жіптерінің жуан-жіңішкелігіне қарай оған қолданатын біздің, қол иненің, машина инесінің жуан, жіңішке түрлерін, не бос тастап сирек, жиі тігудің де мәні зор.
Сөйтіп, қазақтың әр алуан әдістермен, неше түрлі мәні бар қол тігістерінің көптеген түрлерінің ішінде көркем тігіс үлгілерінің көп екенін көріп, көркем тігіс мәнерлері қай халықтың тігіс өнерінен болса да кем түспейтінін көрдік. Мұндай бай мәнер тиімді әдістермен тұрмыстық жиһаздарды, алтын, күміс, маржан, меруерт сияқты көрікті заттарды тізіп кестелеуге де болады.