Уақыт демекші, әр комиксті салуға шамамен қанша уақыт жұмсайсыз?
– Орташа есеппен жарты жылдай. Негізі бұл – өте аз мерзім. Жақында ресейлік бір суретші-иллюстратормен таныстым. Ол он екі жыл бойы бір комикспен жұмыс істеген екен.
– Комикс жанрымен айналысатын суретшіге қандай қабілеттерді меңгеру керек?
– Суретшілерге жиі қойылатын талаптардың бірі – «Өз ойыңнан салып үйрен». Бұл ережені кім шығарғанын білмеймін, бірақ әйтеуір сен әлдебір нәрсені ешқандай суретке қарамастан өз ойыңнан сала білмесең, демек – сенің нашар суретші болғаның. Комикс салу кезінде осы ереже мүлде жүрмейді. Өйткені, адамның миы алдамшы. Сен өзіңнің бес жасыңда жолақ-жолақ сары құлақшын кигеніңе бек сенімді болуың мүмкін. Бірақ ескі суреттеріңді көргенде, ол құлақшынның өрнегі өзгеше екенін, түсі де сары емес, қоңыр болғанына көз жеткізесің. Ал комиксте деталь өте маңызды. Әсіресе, автобиографиялық комикстерді салар кезде адамдардың киімін, үйлердің дизайнын, көшелердің келбетін дәлме-дәл беруге тырысқан абзал. Ол үшін архивтерді ақтарып, сол уақытта түсірілген фотосуреттерді іздейсің. Тіпті, кейде оқиға орнына барып қайтуға да тура келеді.