Қазақстан Республикасы тарихы пәні, оны оқыту әдістемесін қалыптастыру
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті құндылықтарына мектеп оқушылары қызығушылығын арттыру
Оқушылардың тарихи білімді шығармашылықпен қолдану іскерлігін қалыптастыру
Жоғары деңгейде тұжырымдалған жалпытарихи және әлеуметтік түсініктер жүйесін меңгеру оқушыларды тарихи даму заңдылықтарын түсінуге алып келеді. Тарихи даму заңдылығын ашу дегеніміз – тарихи құбылыстар мен процесстер арасындағы объективті, ішкі, маңызды, үнемі қайталанып отыратын байланыстырды анықтау деген сөз. Бұл байланыстарды анықтау үшін оқушы фактылық білімнің үлкен қорын меңгеруі керек. Сондықтан, тарихи даму заңдылықтарын түсінуді қалыптастыру ұзақ та күрделі болып келеді.
Тарихи үдерістің заңдылығын меңгеру үшін тарихи құбылыстардың арасындағы белгілі-бір байланыстар тобын анықтай алу керек. Оның алғашқысы – себеп-салдарлық байланыстар. Оны саналы түрде меңгеру үшін байланысқа түсуші әрбір түсінік пен құбылыс туралы және олардың байланысының себебі мен салдары, яғни нәтижесі туралы толық білім оқушы санасынан орын алуы тиіс.
Мысалы, мемлекеттің пайда болуын түсіндіре отырып мұғалім өзара байланысты образды фактілердің тізбегін құрайды. Яғни, еңбек құралының жетілуі, еңбек өнімділігінің артуы, артық өнімнің және бір адамның екінші адамды қанауының мүмкіндігінің, қарама-қарсы таптардың, мемлекеттің пайда болуы. Осы тақырыпқа байланысты кесте мектеп оқулығында бар, бірақ соның аппликациялық түрін сабақ үстінде оқушылардың көзалдында біртіндеп құру маңызды. Мұғалім түсіндіруін тыңдап және көрнекі образдарды көре отырып, олар заңдылық тізбесінің әрбір бөлігінің кезектілігін тереңірек түсетін болады. Ең алғаш рет бұл схема Ежелгі Египет тарихы материалын меңгеру кезінде түсіндіріледі. Дәл осы тізбе Қосөзен және Грекия мемлекеттерінің пайда болуын түсіндірген кезде де пайдаланылады. Оқушылар бұл тізбені өзбеттерінше құрастыра бастаған кезде мұғалім тапсырманы күрделілендіреді. Индия мен Қытайдағы мемлекеттердің пайда болуын қарастыру кезінде (оқу жылының соңы, оқушылар нақты фактілік материалдың үлкен қорын жинақтаған, кесте тізбесінің кезектілігін меңгерген кез) мұғалім тізбе байланыстарының алғашқы және соңғы нүктелерін ғана көрсетеді де, қарастырылатын елдің нақты материалының негізінде еңбек құралының жетілуі мен мемлекеттің пайда болуы тізбесін оқушылардың өздерінің толық құрастыруын талап етеді.
Байланыстардың екінші тобы – аймақтық байланыстар. Мысалы, ежелгі дүние мемлекеттеріндегі табиғат жағдайы мен шаруашылық түрлері арасындағы байланыстар, адамзат қоғамының белгілі-бір бағытта дамуына оның географиялық жағдайының ықпалы және т.б. Тарихпен таныса отырып, оқушылар қоғам өміріне табиғат жағдайлары бірқатар ықпал етеді; ежелгі заманда адам табиғатқа тәуелді болады; табиғатты толық меңгергеннен кейін адам оны қорғай бастады деген қорытындыларға келеді. Жоғарғы сыныптарда экологиялық мәселелерге үлкен көңіл бөліне бастайды.
Байланыстардың үшінші тобы – мерзімдік байланыстар, яғни, белгілі-бір кезең ішінде болған оқиғалар мен құбылыстардың реттілігі мен бірмерзімділігін анықтау. Мысалы, феодалдық қоғамның дамуының белгілі-бір кезінде феодалдық бытыраңқылықтың пайда болуы мен орталықтандырылған мемлекеттердің қалыптасуы ортағасырлық мемлекеттерде ғана жүзеге асып отырды.
Заңдылық – көптеген заңдардың қызметінің нәтижесі. Сондықтан, оқушыларға заңдылық түсінігін айтпас бұрын, оларды «заң» түсінігімен таныстырған жөн. Бұл үшін жоғарғы сынып оқушыларын «қоғамдық даму заңдылығы» түсінігімен таныстырамыз.
«Қоғамдық даму заңдылығы» түсінігі – білім қалыптастырудың барлық жүйесіндегі әрі маңызды, әрі өте күрделі кезең. Алдымен заңның белгілерін атап шығып, осыдан соң оларды түсіндеру қажет. Заң дегеніміз, объективті түрде құбылыстардың арасындағы олардың мағынасын көрсететін жалпыға бірдей, тұрақты байланыс. Оқушылар төменгі сыныптан бастап «Қандай ортақ белгісі бар?» деген сұраққа жауап бере бастайды. Заң туралы білім нақты тарихи материал, түсініктер жүйесі және теориялық тұжырымдау кезінде қалыптасады. Қоғамдық дамудың заңдылықтарын түсінуді қалыптастыру тарихи білім жүйесін толық меңгеру негізінде жүзеге асырылады. Фактілер жүйесін меңгерген оқушы оларды бір-бірімен салыстыра отырып, белгілі-бір құбылыстардың белгілі-бір дәуірде болмай қоймайтындығына көз жеткізеді.
Оқушылар тарихи материалды меңгергеннен кейін ғана жалпылаушы қорытындылар жасай алады. Оқушыларды оқиғаның басты және қосалқы себептерін анықтауға, себеп пен түрткіні, себеп пен қажетті тарихи алғышарттарды өзара ажырата алуға үйрету қажет. Бұл әрине, 6 сыныптан басталады. Сабақта үнемі «Неге?» деген сұрақ қойылып, қарастырылатын барлық оқиғаның болу себебіне үнемі назар аударып отыру қажет. Ол оқушының ойын оятып, құбылыстың байланысын көруге, тарихи заңдылықты анықтай алуға үйрететін жаттығу болып табылады. Жоғарғы сыныпта жұмыс күрделіленеді, назар себеп-салдарлық және заңдылықтық байланыстардың арақатынасына аударылады.
Заңдылықтарды қалыптастыру оқушылардың белгілі-бір интеллектуалдық іскерліктерді білуін қажет етеді (мысалы, жалпылау және абстракциялау). Сондықтан, оқушылардың тарихи заңдылықтарды түсіну қабілетін көтеру үшін олардың жалпы ойлау қабілетін дамыту да қоса-қабат жүргізілу қажет. Ол әртүрлі әдіс-тәсілдер көмегімен жүзеге асады. Соның біреуі – салыстыру әдісі. Салыстыру барысында құбылыстар мен үдерістердің (процесс) жалпы белгілері мен ерекшеліктері, олардың даму идеясының өзі анықталады. Салыстыруға үйрету міндетті түрде төменгі сыныптардан бастап, жоғары сынытарға қарай бірте-бірте күрделілене береді. Алғашқы кезде оқушылар құбылыстардың тек ортақ белгілерін, немесе айырмашылықтарын ғана іздеп табады, ал салыстыру үшін оларға тарихи құбылыстардың аз ғана белгілері беріледі. Бірте-бірте ұқсастықтары мен айырмашылықтары бір мерзімде табылуы тиіс нысандардың саны көбейе береді, ал салыстыру неғұрлым абстрактылы түрде жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |