Қазақстан Республикасы тарихы пәні, оны оқыту әдістемесін қалыптастыру.
1.Тарихты оқыту әдістемесінің педагогикалық-психологиялық пәндермен байланысы
Тарихты оқыту әдістемесінің міндеттері
Тарихты мектепте оқытудың әдістемесінің міндеттері оның мазмұны мен педагогикалық ғылымдар жүйесіндегі орнына байланысты болады. Әдістеме мұғалімдерді тиімді тарихи білім беруге қажет оқытудың мазмұнымен және педагогикалық құралдармен, біліммен және іскерліктермен қаруландырады.
Мектепте тарихи білім берудің құрылымы мен мазмұнының проблемасы арасында факті мен теориялық тұжырымның арақатынасы, оқушы санасында тарихи түсінік және қоғамдық даму заңдарын түсінуді қалыптастыру, тарихи үдерістер мағынасын ашу маңызды орын алады.
Әдістеменің маңызды міндетінің бірі – оқушылардың ойлауын дамыту. Оқушылардың тарихи ойлауын дамыту, олардың ойлау тәуелсіздігін қалыптастыру міндеттері өздеріне сәйкес
әдістер және оқу құралдарын қажет етеді.
Тарих курсында концентрациялық түрде адамзаттық өндірістік, әлеуметтік-саяси және адамгершілік тәжірибесі көрсетілген. Оқытудың әдістемесінің өзекті міндетінің бірі – тарихтың мектеп курсының тәрбиелік мүмкіндігін ашу, тарих сабақтарында тәрбиелеудің міндеттін тиімді шешудің жолдарын анықтау. Сөйтіп, тарихты оқыту барысында тәрбие беру, білім беру, дамыту мақсаттарын біріктіре жүзеге асыру.
Тарихты оқыту әдістемесі оқушыларға жаңа материалды меңгеру кезінде өздерінің бұрын алған білімдерін неғұрлым толық пайдалануға мүмкіндік беретін жолдарды іздестіреді, сондықтан, әр тақырып беретін білімнің өзектілігін іздестіру барысында курсішілік және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру проблемасы пайда болады.
Әдістеме мектеп тәжірибесін зерттеуге негізделеді. Әдістемелік зерттеулер бақылау және тәжірибе қою тәсілдері арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші жағдайда зерттеуші оқыту үдерісіне ықпал етпейді, керісінше тарихты оқыту іс-тәжірибесіндегі жетістіктер мен кемшіліктер туралы білім жинақтайды. Оқыту іс-тәжірибесін талдау мынадай бөліктерден құралады:
Педагогикалық басылымдарда жарық көрген іс-тәжірибелерді оқып-зерттеу;
Оқыту нәтижелерін көрсететін құжаттарды, мұғалімдер баяндамасы, мәлімдемелері, оқушылардың жазба жұмыстары, сабақ конспектілері мен оны талдау хаттамаларын және анкеталарды оқып-зерттеу;
Оқыту барысын тікелей бақылау (сабаққа қатысу, мақсат, мазмұн, оқытуды ұйымдастыруды және басқаларын анықтау).
Тарихты оқытудың педагогикалық іс-тәжірибесін талдау әдістемелік зерттеуге материал береді.
Тәжірибе қоя отырып зерттеу кезінде тәжірибені жасаушы арнайы, белгілі-бір мақсатты көздеп оқыту үдерісіне кіріседі және зерттеу мақсатына орай оқу үдерісін қайта құрады, оның мазмұнына, құралдарына, оқыту тәсілдеріне жаңа өзгерістер енгізеді. Алайда, оқытудың үдерісінің кез-келген өзгертілуі барысында оның жалпы заңдылықтары әрқашан есте болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |