Бұл тоңтерістік әкімшіл - әміршіл жүйенің теориясы мен идеологиясының дағдарысқа ұшырағандығының белгісі еді. Алайда мұндай «дабылдардың» бірді – біріне лайықты жауап берген жоқ. Жаңартуға ұмтылыстар оппортунизм, ревизионизм, яки «капитализмге қайта оралу» деп бағаланды. Мұнда ел басқару жүйесін сақтап қалудың барлық құралдары, тіпті әскери жағдай енгізу де түгел қолданылды. Қасарыспа қасаңдық пен идеологиялық шалықтау шылауында қалған КСРО мен социолистік қосын елдері басшыларының басым көпшілігі қоғамдық құрылысты түбегейлі өзгерту міндеттерін шешу биігіне өре жеткізе алмады. Идеологиялық қысым көрсету мен әр түрлі жазаларға ден қою социализм дәуіріндегі рухани өмірдің басты нышандарына айналды.КСРО-дағы саяси ахуалдың өзгеруі экономикалық реформалар мүмкіндігін айтарлықтай тарылтты, ал кейіннен олардың мүлдем тежелуіне әкеп тіреді. Оның үстіне шаруашылық жүргізу тәжірибесі бірте-бірте социализм туралы қасарыспа қасаң түсініктер салдарынан туындаған, күні біткен шептерге сырғи берді. Осының нәтижесінде республика тарихи прогрестен біртіндеп шетқақпайлана берді. Реформалардың қусырылуы 70-жылдардың басында кейінгі кезеңдердегідей ауыр сезіле қойған жоқ. 170-тен астам өнеркәсіп кәсіпорны мен цех, оның ішінде Лисаков кен-байыту комбинаты, Шерубай-Нұра шахтасы, Талдықорған аккумулятор зауыты, бірқатар жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары бой көтерді. Павлодар облысында Екібастұз отын-энергетика кешенінің Ертісте Шүлбі СЭС-інің құрылысы басталды. Трактор және ауылшаруашылық машиналарын жаса, мал шаруашылығы мен жем өндіру машиналарын шығару салалары озыңқы қарқынмен дамыды. Мұнай өндіру көлемі ұлғайды. Бұл сала әсіресе Маңғыстауда жедел өркендеді. 1975 жылға қарай республиканың барлық кәсіпорындары дерлік энергиямен қамтамасыз етілді. Минерал тыңайтқыштар өндіру – 1,8 есе, сары фосфор – 1,5 есе өсті, оның үстіне республиканың фосфор өнеркәсібі КСРО бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады. Мұнайдың едәуір көлемін сыртқа шығару халық шаруашылығына қажетті сырттан тасылатын тауарларды көбірек сатып алуға мүмкіндік туғызып, экономикалық дамудағы жаңсақтардың ащы зардабын тежей тұруға жәрдемдесті. Бірақ 70-жылдардың екінші жартысынан бері қарай мұндай теріс бетбағыттар барған сайын айқын аңғарыла түсті.