Ұзақ уақыттар бойы Қазақстанның мәдениет тарихын көрнекті ғалым, академик Р.Б. Сүлейменов зерттеді. Ол өз ізденістері нәтижесінде көптеген іргелі монографиялар мен мақалалар жазды. Әрине, тұғырнамалық тұрғыдан бұл зерттеулер кеңестік кезең идеологиясының ықпалында жазылған, әйтсе де Р Б. Сүлейменов өз енбектерінде бай деректік материалдар негізінде 1917 жылдан 70-жылдар басына дейінгі халыққа білім беру, ғылым және мәдениет салалары дамуының тарихын қайта жаңғыртты. Оның зерттеуінің көптеген тұжырымдары күні бүгінге дейін өзектілік құнын жойған жоқ.1970-1980 жылдары жарық көрген А.К. Қанапин мен А.Д. Яндаровтың, Н. Жанділдиннің, К. Бейсембиевтің, М. Бурабаев пен В. Черняктің монографиялық еңбектері және Р.Б. Сұлейменовтің «Қазақстандағы мәдени төңкерістің зерттелу кезеңдері» . атты мақаласы халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістер туралы кең әрі терең түсініктер тұрғысында жазылған. Қазақстан тарихшылары, сондай-ақ зиялы қауымның, оның ішінде ұлт зиялыларының да қалыптасу тарихы жөнінде, бұл ретте олардың өздерінің ойынша, бұл үрдістің ерекше жақтарын аша отырып, зерттеулер жүргізді .