2.5 Жоғары сезімдер Сезімдер, атап көрсетілгендей, адамның қажеттіліктерімен және оны қанағаттандыру мүмкіндіктерімен байланысты қажеттіліктердің сипатына байланысты жай және жоғары сезімдер деп бөледі. Жай сезімдерге белгілі бір физиологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру немесе қанағаттандырмаумен байланысты сезімдерді жатқызамыз. Мысалы, аштық, шөлдеу, тою, жүрегі айну сияқты эмоциялық жағдайлармен байланысты сезімдер жатады. Жай сезімдердің ерекше биологиялық мәні зор. Олар бас ми алабына дене жағдайы туралы сигналдарды жеткізіп отырады: денсаулығы немесе аурулығы, қарапайым қажеттіліктерді қанағаттандыру немесе қанататтандырмау туралы.
Жоғары сезімдер адамның рухани дүниесін білдіреді және оны жеке тұлға анықтайды. Жоғары сезімдер рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау негізінде пайда болады. Жоғары сезімдер анық байқалатын қоғамдық сипатта болады және адамның қоғамдық өмірдің әртүрлі жақтары мен құбылыстарына қатынасын білдіреді (моралдық, интелектуалдық және эстетикалық). Жоғары сезімдердің мазмұны, олардың бағыттылығы адамның көзқарасымен, адамгершілік мінез-құлық ережелерімен және эстетикалық бағалаулармен анықталады. Жоғары сезімдер адамгершілік, эстетикалық және интеллектуалдық болып бөлінеді.
Адамгершілік сезімдер - қоғамдық өмірдің талабына сәйкес көрінетін адамның жоғарғы сезімдерінің бір түрі. Бұлардың мазмұны да, құрылымы да өте күрделі. Мұндай сезімдер тобына жолдастық, достық, махаббат, адамдық, шыншылдық , ар-намыс, борыш, жауапкершілік, елжандылық, ұят, ұлттық мақтаныш, қазақстаңдық патриотизм т.б. жатады.
Адамгершілік (моралдық) сезімдер дегеніміз дүниедегі құбылыстарды қабылдауда адамдардың көңіл-күйі және бұл құбылыстарды қоғамның қалыптасқан ережелерімен салыстыруды айтады. Бұл сезімдердің байқалуы көрсеткендей, адамдар адамгершілік талаптар мен ережелерді меңгереді. Адамгершілік талаптар қоғамның тарихи дамуының үрдісіңде оның дәстүрлеріне, сипатына, дініне, идеологиясына және т.б. байланысты қалыптасады және өзгеріп отырады. Мысалы, ар-намысты қорғау, көбінесе қайсар, өжет, табанды, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын адамдарда жиі байқалады. Адамның өмір сүріп отырған қоғамы, оның нақтылы іс-әрекеті моралдық сезімдердің мазмұнына күшті әсер етеді. Егер саналы кісі ұжымдық және қоғамдық ережелерді бұзса, бұған қатты қиналады, ал бұларды ылғи орындап жүрсе, жаны рахаттанып, көңіл-күйі көтеріңкі, шат-шадыман күйде жүреді. Ата-аналар мен мұғалімдердің басты міндеті оқушы санасында осындай сезімдерді қалыптастыру болып табылады.
Адам баласы қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен ардақталады. Моралдық сезімдер адамдардың іс-әрекетінен, қарым-қатынасынан байқалады. Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттілік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Осы адамгершілік сезімдерді ұстанған қазақ халқы жастарды отбасында кішіпейілділікке, имандылыққа, ізеттілікке, инабаттылықққа тәрбиелеуді бірінші орынға қояды. Халқымыз: "Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер" деп, адамгершілікке тәрбиелеуде ата-ананың үлгі-өнегесіне ерекше мән берген. Адам өз ортасына қарап өседі. "Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады", "Он рет өсиет айтқанша бір рет өнеге көрсет" дейді халық. Мәселен, өткен замандардың бір ақылгөйі Сенека "Уағыз айтып жақсылыққа жетелеу қиын, ал өнеге арқылы оңай" деген екен.
Халық психологиясы жастарды сабырлы, адал, арлы азамат болуға үндеп отырады. "Өлімнен ұят күшті", "Ақылды болсаң арынды сақта, ар-ұят керек әруақытта". Баланың бойында жақсы адамгершілік сезімдердің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазына байланысты. Сондықтан да халқымыз: "ұстазы жақсының — ұстамы жақсы" деп бекерден-бекер айтпаса керек.
Эстетикалык сезімдер. Қоғамның даму үрдісінде адам моралдық талаптармен ғана емес, сонымен қатар сұлулық ұғымдарын басшылыққа ала отырып, қоршаған дүниенің құбылыстарын қабылдау қабілеттілігіне ие болады. Бүл жағдай эстетикалық сезімдердің пайда болуы үшін негіз болып табылады. Эстетикалық көңіл-күйлер өте көп қырлы және күрделі.
Эстетикалық сезімдер — болмыстағы шындықтың сұлулығын, әдемілгін, әсемдігін қабылдаудан туатын көңіл-күйі. Эстетикалық сезім табиғат көріністерінен, әуезді әуендерден, әсерлі оқиғалардан, өнер туындыларынан пайда болады.
Адамның эстетикалық сезімі өз ортасына, тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Эстетикалық сезімі жетілген адам табиғат сұлулығын қабылдап сүйсінеді. Адамның қоғамға, дүниеге көзқарасы эстетикалық сезімімен астарласып жатады.
Эстетикалық сезімдер деп әдемі заттар мен құбылыстарды қабылдаумен байланысты, ол туралы елестетулермен және ойлармен байланысты адамның көніл-күйінің жағымды сезімдерін айтамыз. Н.Г. Чернышевский эстетикалық сезімдердің адамның көңіл-күйінде алатын орнын бағалай келіп былай деді: "Біз сұлулықты шексіз сүйеміз, біз сүйсінеміз, оған шаттанамыз...".
Эстетикалық сезімдер бізде алдымен қоршаған дүниенің құбылыстарымен, табиғатпен және оның өмірімен, адамдармен және оның өмірімен, іс-әрекетімен пайда болады. Н.Г. Чернышевскийдің анықтамасы бойынша, "Сұлулық дегеніміз — өмір". Бізді қоршаған дүние және өмір онда әртүрлі байқалады. Сондықтан да адамның эстетикалық сезімдері ерекше алуан түрлілігімен ерекшеленеді.
Эстетикалық сезімдер — пассивті бақылап ғана қоймайды, сонымен қатар олар адамның барлық іс-әрекетінің түрлерінде байқалады, олар іс-әрекетті ынталандырып белсенділігін арттырады. Міне, эстетикалық сезімдердің тиімділігі, мәні осында.
Эстетикалық сезімдердің тамаша қайнар көздеріне — сазды, бейнелеу өнерін, поэзияны және т.б. жатқызуға болады. Өнер шығармаларын жасаудағы адамның шығармашылық қызметі негізінен эстетикалық қажеттіліктер арқылы ынталандырылады. Өнер шығармалары адамдардың санасына негізінен эстетикалық сезімдер арқылы әсер етеді. Өнер мен әдебиет шығармаларында шындықты неғұрлым терең, толық және әділетті бейнелесе, солғұрлым адамдарда эстетикалық талғамды көп қалыптастырады және бұл шығармалар эстетикалық көңіл-күйдің қайнар көзі және эстетикалық тәрбиенің құралы ретінде бағаланады.
Эстетикалық сезімдерді қалыптастыруда Абай мен Махамбеттің поэзиясының, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің құдіретті күй-өнерінің, Ә. Қастеев пен О. Таңсықбаевтын бейнелеу өнері саласында қалдырған тамаша туындыларынан эстетикалық нәр аламыз, жас ұрпақтың эстетикалық қажеттілігін қанағаттандырады және олардың эстетикалық талғамын дамытуға көмектеседі.
Қазақ поэзиясының алыбы, гуманист-ақын Абай адамгершілікті, сұлулықты, шынайы махаббатты жырлады. Ақын өзінің көңіл-күйін, адамға, өмірге деген қарым-қатынасын музыка тілінде шебер бейнелейді. Нысанасына дәл тиетін өлең-сөздің небір патшасын тудырған ақын-ән өнерінде де өнердің құдіретті күшін паш етеді:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Интеллектуалдық сезімдер — адамның ақыл-ой іс-әрекетімен байланысты. Интелектуалдық сезімдерге таң қалу, әуестену, өзіне-өзі сену, қанағаттану сезімдерін жатқызуға болады. Интеллектуалдық сезімдер танымдық іс-әрекетте пайда болады. Бұл сезімдер әртүрлі теориялық және практикалық мәселелерді қойғанда, міндеттерді шешкенде, ғылыми жаңалық ашқанда, ойлап тапқанда, қандай да болсын жаңаны меңгергенде және танығанда пайда болады және көңіл-күйді білдіреді. Теориялық және практикалық міндеттерді шешкенде адам ерекше жағымды сезімде болады. Бұл сезімді бастан кешіргенде адам ерекше қуаныш жағдайында, көңіл-күйі, күш-жігері көтеріңкі болады. Қанағаттану және қанағаттанбау сезімі адамда өзінің жеке интеллектуалдық үрдісінде пайда болады. Белгілі міндетті ойдағыдай шешуде қанағаттану сезімін тудырады.
Интеллектуалдық сезімдер тек адамның таным іс-әрекетіне байланысты пайда болып қоймайды, ақыл-ой үрдістерін дамыта отырып, сонымен қатар оларды ынталандырады, ақыл-ой қызметін күшейте түседі, ойлаудың жылдамдығына, нәтижелілігіне, білімнің мазмұнына және дәлдігіне әсер етеді. Мысалы, таң қалу және әуестену сезімі адамды әртүрлі мәселелерді шешуге, одан да терең білімді меңгеруге итермелейді. Таң қалу сезімі дәлелдеуді іздестіруге, өзіміздің ойымызды негіздеуге, пайда болған сұрақтарға дұрыс жауаптарын табуға итермелейді.
Интеллектуалдық сезімдерге сонымен қатар логикалық ойлаудың қанағаттанғандығын жатқызамыз, адамның ойы анықтылығымен, бірізділігімен, негізделуімен ерекшеленеді. Керісінше, ойлаудың логикасы бұзылған жағдайда, атап айтқанда, адам ойында анықтылық, бірізділік, негізделу болмағанда, қарама-қайшылықтар кездескенде адамда жағымсыз сезімдер пайда болады. Мысалы, өте жақсы оқылған лектордың, баяндамасының дәрісі, мәнерлі де тартымды сөйлеген сөзі жағымды сезімді туғызады. Тілдің грамматикалық ережелерін сақтамай, стилі жағынан өте ауыр, мазмұны жағынан тартымсыз лектордың сөзі бізде жағымсыз сезімді шақырады.