Эмоция (сезім шарпуы) – сезімнің тікелей қатынастағы уақытша көрінісі. Мысалы сахнадағы айтыскер ақындардың бір ауыз тапқыр сөзіне бола көрермендердің бір мезет дүрілдете қол соғып, қошемет айқай салуы.
Іс-әрекетке ықпал жасау тұрғысынан стеникалық және астеникалық болып бөлінеді. Стеникалық эмоциялар адамға қуат беріп, ісәрекетке ынталандырады. Бұл жағдайда адам «тау қопаруға эмоциялар» дайын тұрады. Керісінше, кейде толғаныстан адамның аяқ аласы байланады, енжарлық басады-бұл астеникалық эмоция көрінісі. Осыдан жағдайға, дара ерекшеліктерге орай, эмоция адам қылығына әртүрлі ықпал жасауы мүмкін. Мысалы қорқыныш сезімінің саналы болуынан адам өзін жинақтап, қатерге қарсы шабуылға шығады. Ал сол қорқыныш адамды шідерлеп «тізесі қалтырайтын» дәрежеге де келтіреді.
Қуаныш – орындалуы күмәнді болып тұрған қажеттіліктің толық қанағаттандырылуына байланысты туындайтын ұнамды эмоционалды күй.
Таңдану – күтілмеген оқиғаға байланысты пайда болатын эмоциялық белгі. Таңдану бұрыннан бар сезімдерді тежейді. Осыдан зейін толығымен таңдануға себеп болған нысанға ауысады, кейін ол қызығушылық ниетке жол ашады.
Қасірет – алғашында аз да болса сенім күттірген маңызды өмір қажеттілігінің орындалмауы не оның орындалмайтыны жөнінде ақпарат алудан болатын жағымсыз эмоциялық күй.
Қаһар – субьектте өте маңызды қажеттіліктің күшті кедергіге ұшырап, орындалу мүмкіндігінің кенеттен жойылуына байланысты пайда болып, дүлей көрініс беретін, ұнамсыз эмоциялық қалып.
Жиіркену – тікелей қатынаста болған обьектердің (заттар, адамдар, құбылыстар, оқиғалар т.б.) жеке адам идеологиясына, адамгершілік не эстетикалық талғамына ымырасыз қарама-қарсылықты болуынан туындайтын ұнамсыз сезім түрі.
Жек көру – адам аралық қатынастарда субьектінің көзқарас өмірлік салты мен сезім обьекті қылықтарының бір-біріне сәйкес келмеуінен жүз беретін ұнамсыз көңіл-күй.
Қорқыныш – субьектте өз тіршілігіне шын немесе болуы мүмкін қатер жөнінде ақпарат алумен бірге пайда болатын сезімдік құбылыс.
Ұят – субьектінің өз қылық-әрекеттері, ниеттері және сырт келбетінің басқалар күткендей не өз принциптеріне орайлас болмағанын түсінуден келіп, шығатын ұнамсыз сезім түрі.
Эмоциялық толғаныстар бір текті болмайды. Бір обьекттің өзі біріне бірі қайшы келген әр қилы сезімдік күйді пайда етеді. Бұл құбылыс амбивалентті (екі ұшты) деп аталады. Амбивалентті жағдай адамдағы тұрақты қалып пен нақты оқиғаға байланысты оның сезімі арасындағы қайшылықтан туындайды: мысалы, махаббат және қызғаныштан болатын өшпенділік екеуі бірге жүреді.
Өте күшті эмоциялық әрекет көрінісі – аффект қысқа да қарқынды өтуімен ерекшеленеді. Бұл сезім құбылысы субьекті үшін өте қажетті болған өмір жағдайларының кенеттен өзгеріске түсуінен болады.
Адамның көңіл күйінің кейпін білдіретін жәйттің бірі психологияда фрустрация (көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы) деп аталады.