Жұқасауыттышаяндар отряды - Leptostraca 8 түрі бар, ұсақ теңіз шаяндары. Жоғарғы сатыдағы шаяндардан төменгі деңгейлі белгілерімен көзге түседі: жұқа, қосжақтаулы пішінді карапаксы баскеуде бөлімін түгел жапқан (отрядтың аты да осыдан); 8 жұп кеуде аяқтары екі бұтақты, жапырақаяқты (Phyllopoda) шаяндардың аяқтарына ұқсас; құрсағы 7 сегментті және соңғысының ұшы ашалы; ересек түрлерінде тек антеннальды бездері ғана емес, аздап редукцияға ұшыраған максиллярлы бездері де зәр шығарады. Осындай бірқатар белгілерімен Leptostraca төменгі мен жоғарғы сатыдағы шаяндар аралығындағы байланыстырушы буын деп болжайды. Негізгі өкілдері: Nebalia bipes, Nebaliopsis typica. Nebalia туысы Силур дәуірінен белгілі.
Ауызаяқты шаяндар отряды - Stomatopoda Жылы теңіздерде, су түбінде көмшіп тіршілік ететін шаяндар. Денесі созылыңқы (34 см-ге дейін), құрсағы өте ұзын және мықты, аяқтары екі бұтақты, жүзуге және тыныс алуға бейімделген. Басы протоцефалон, онда қозғалмалы әрі сабақшалы фасеттік көздері мен екі жұп мұртшалары орналасқан. Кеуденің алдыңғы 4 сегменттері жақкеуде құрамына кіреді. Кеуде аяқтарының алғашкы 5 жұбы (әсіресе 2-ші жұбы) ұстағыш аяқтарына айналған, 2-ші жұп аяғының соңғы буыны екі бүйірінен кетік ұстараның жүзі сияқты қабыстырылған және бәкі пышақ тәрізді өзінің алдыңғы буынының арнайы ойысына (науа) салынады.
Желбезектері кеуде және құрсақ аяқтарында дамыған. Жүрегі ұзын, түтікті. Дамуы метаморфозбен өтеді, личинкалары планктонды. 200-ге жуық. түрі бар. Негізгі өкілі дәуіт-шаян - (Sguilla oratoria), ұзындығы 20 см. Жерорта теңізінде, сонымен қатар Тынық және Үнді мұхиттарында тамаққа қолданылатын кейбір ірі ауызаяқты шаяндарды аулау кәсібі дамыған.
Мизидалар отряды - Mysidacea Басым көпшілігі теңіздерде, тұщы суларда тіршілік ететін шаяндар. Ұзындығы 0,5-2,5 см. Басы - протоцефалон, бір жұп сабақшалы фасеттік көздері және мұртшаларынан тұрады. Кеудесінің алдыңғы 3 сегменттері жақкеуде құрамында. Кеуде аяқтарының бірінші жұбы жақаяғына айналған, қалғандары екі бұтақты. Желбезектері жоқ, карапакс арқылы тыныс алады (карапакс үш кеуде сегментін жауып тұрады). Соңғы жұп құрсақ аяқтарының эндоподиттерінің түбінде тепе-теңдік мүшелері - статоцисттері орналасқан.
Аналығы жұмыртқаларын кеудесінде орналасқан тұқым шығарушы қалтасында алып жүреді. Дамуы метаморфозсыз, жұмыртқадан шыққан ұрпақтарының ересек түрлерінен көп айырмашылығы жоқ.
Мизидалар органикалық қалдықтармен, балдырлармен, ұсақ шаяндармен қоректенеді. 500-ге жуық түрі бар. Негізгі өкілі - Mysis relicta Солтүстік Еуропада, Америкада салқын және таза көлдерде мекендейді. Mysida туысының көптеген түрлері Каспий теңізінде және тұщы су қоймаларында кең тараған. Мизидалардың жасанды суат және шаруашылықтағы балықтардың негізгі қорегі ретінде ерекше маңызы зор.
Эуфаузиялар отряды - Euphausiacea Бұлар теңіздерде, планктон қабатында мекендейтін шаяндар. Ұзындығы 7 мм-ден 96 мм-ге дейін. Басы - протоцефалон, бір жұп сабақшалы фасеттік көздері және мұртшалары бар. Көздің сабақшасында және кеуде мен құрсақ сегменттеріңце 10 жұп жарық шығару (жарқырау) - фотофора мүшесі болады. Жақкеуде құрамына барлық кеуде сегменттері қосылған, аяқтары жақаяқтарына айналмай, тек жүзуге бейімделген, екі бұтақты, олардың түбінде желбезектері орналасқан. Жүзуге құрсақ аяқтары да қатысады. Карапаксы жақсы дамыған.
Жұмыртқаларын суға салады немесе құрсақ аяқтарына жабыстырады. Дамуы метаморфозбен өтеді, личинкасы - науплиус.
80-нен аса түрі бар. Негізгі өкілдері: Euphausia superba және Thysanoesia raschii. Бұлар балықтардың және мұртты киттердің негізгі қорегі. Антарктика суларындағы мұртты киттердің көптеп бір аймақта жинақталуы - крильдың қарқынды жылдамдықпен дамуына және көптігіне байланысты.
Криль (голландша Кгіеі - ұсақ - түйек, құртақандай) - көптеген ұсақ планктонды шаянтәрізділердің кәсіптік аты. Euphausia superba криль құрамының негізгі компоненті (бөлігі). Криль ауланып, олардан толып жатқан - сыр қоспасы, пасталар, мал шаруашылығының азық қоры, витаминдер әзірленеді.