БАҚАЛШАҚТЫЛАР ТИП ТАРМАҒЫ—CONCHIFERA Ізбесті бақалшағы бар, күрделі құрылысты моллюскалар. Нерв жүйесі шашыранды—түйінді, бүйір жүйке бағаналары артқы ішектің астында бір-біріне ауысады. Ішкі қапшығы (тұлға), көздері, қармалауыштары, тепе-теңдік (статоцистері) мүшелері жақсы дамыған. Дене жабыны кутикуласыз. Теңіздерде, мұхиттарда, тұщы суларда және құрлықта мекендейді. Тип тармағы бес класқа бөлінеді: моноплакофоралар—Monoplacophora, бауыраяқтылар—Gastropoda,күркеаяқтылар—Scaphopoda, тақтажелбезектілер--Lamellibranchia, басаяқтылар—Cephalopoda.
БАУЫРАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ--GASTROPODA Бауыраяқтылардың немесе ұлулардың 90000-нан астам түрі бар, көпшілігі теңіздерде, сондай-ақ тұщы сулар мен құрлықта және паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар.
Бауыраяқтылардың дене тұрқы 2-3 мм-ден бірнеше сантиметрге дейін барады. Ең ірісі Hemifusus proboscidiferus, оның ұзындығы бақалшағымен қоса 60 см. Сол сияқты теңіз қояны Aplysia-ның ұзындығы—25 см, Африкада мекендейтін құрлық ұлулары Achatina да ірі ұлулар қатарына жатады.
Бауыраяқтылардың денесі үш бөліге бөлінген: бас, аяқ, тұлға. Басы тұлға бөлімінен айқын бөлініп тұрады. Тіл пішінді жақсы жетілген аяғында кең жорғалағыш табаны болады. Тұлғасы дененің жоғарға жағына қарай қап тәрізді өсіндіні түзеді, бұны ішкі қапшық деп те атайды. Барлық бауыраяқтыларға тән ерекшелік, ол құрылысының асимметриялы болуы.
Бұлардың бақалшағы жақсы дамыған, кейбір кезде редукцияға ұшырауы мүмкін.
Бауыраяқты моллюскалардың асимметриясы келесі белгілермен сипатталады: оң жақ мантия комплексінің мүшелері жойылып сол жағы мүшелерінің күшті дамуы; ішкі қапшықтың немесе тұлғаның спираль тәрізді оралуы, бұл ерекшеліктері бақалшақтың спираль тәрізді оралуына байланысты.
Құрылысы мен физиологиясы.Бауыраяқтылардың дене пішіні алуан түрлі, көпшілігінің денесі ұзынша және арқа жағы томпайып шығыңқы болып келеді. Жақсы жетілген басының бауыр жағында аузы, артқы жағында 1-2 жұп қармалауышы мен жұп көздері орналасқан. Екі жұп қармалауыштың бірінші жұбы сипап сезу қызметін атқарады, ал артқы қармалауыштың үстінде көзі орналасады. Басының алдыңғы бөлігі анда-санда ұзын тұмсықша ретінде созылып тұрады.
Аяғы бұлшықетті және жорғалаушы табаны бар, ол дененің бауыр бөлімінің өсіндісі. Сондықтан да бұл ұлуларды бауыраяқтылар деп атайды, аяғының жиырылуының нәтижесінде жануар субстрат бетінде баяу қозғалып жүреді. Әр алуан тіршілік етуіне байланысты аяғы да алуан түрлі модификацияға ұшыраған. Ең күшті өзгеріске ұшырыған жүзіп тіршілік ететін Gastropoda класының кейбір өкілдерінің аяқтары. Мысалы, қырлыаяқтылардың (Prosobranchia клас тармағы) аяғы бүйірлерінен қабысып жіңішке вертикальді жүзгіш қанатқа айналған, кейде бүйірлерінен қабысып жіңішке вертикальді жүзгіш қанатқа айналған, кейде бүйір жиектерінде екі жағына есетін табанының кішкене ридументі болады. Аяқтың артқы бөлігі ұзын құйрық тәрізді тұтқаға созылады. Ал, қанатаяқтылардың (Opisthobranchia клас тармағы) аяғының бүйірлік бөлігі күшті өсіп кетеді де, қанат тәрізді қалақша түзеді.
Тұлғасы немесе ішкі қапшығы, төменгі сатыдағы бауыраяқтыларда симметриялы және жалаңашжелбезектілердікі, өкпелілердікі сияқты аяқтан айқын бөлінбеген. Ал, Gastropoda класының көпшілік түрлерінде керісінше, тұлғасы аяғының үстіне спиральді оралған қапшық түрінде бөлінген. Тұлғаның төменгі жерінде жабын қатпары немесе мантия қатпары, ал оның астында мантия комплексінің мүшелері бар мантия қуысы түзіледі. Қатпар да, мантия қуысы да тұлғаның алдыңғы және оң жағында дамыған, мантия бақалшақты бөліп шығарады, көбінесе спиральді оралған бақалшақты түзейді. Бақалшақтың төбе жағы тұйық біткен—ол оның төбесі деп аталады, ал оған қарама-қарсы екінші ұшында тесігі (устье) орналасқан. Тесігі арқылы жануардың басы мен аяғы сыртқа шығып тұрады. Тек сирек жағдайда ғана бақалшақтардың бұрамдары бір жазықтықта жатады.
Бақалшақтың спираль бұрамдары конус тәрізді (турбо спиральді). Бұрамдарының диаметрі жануарлардың өсуіне сәкес төбесінен қарама-қарсы тесіне дейін үлкейеді. әрбір жаңа түзілген ірілеу бұрамдары бұрынғыларды орап көрсетпей басады. Бұндай бақалшақтар инволютті деп аталады. Көбінесе соңғы орамдар алғашқысына жақын тұратындықтан олардың барлығы көрініп тұрады. Бауыраяқтылардың арасында бақалшақтың спиральді оралуының бағыты бойынша бақалшағы екі типті болады: үстінен қарағанда спираль, сағат тілінің бағытымен бұралса онда мұндай бақалшақты оңға бұралған немесе дексиотропты деп атайды. Бұндай бақалшақ көпшілгінде бар. Егер, бақалшақ солға қара бұралса, онда оны солға қарай бұралған немесе лейотропты бақалшақ деп атайды. Осьтің айналасында спираль тәрізді бұрамдары болса оны тығыз бағана немесе колонка деп атайды. Ал, бұрандалары ішкі қабырғалары арқылы бір-біріне жанаспаса, онда колонканың орнына кішкене қуыстар немесе кіндік түзіледі. Спиральді бақалшақтың кендігі сонша, ұлулар қауіпті жағдайда барлық денесін соған жинап алады.
Бауыраяқтылардың бақалшағы сыртқы жұқа органикалық қабаттан (periostracum) тұрады, оның астында бақалшақ бетіне перпидикуляр орналасқан, әкті тақталардан түзілген фарфор тәрізді қабат (ostracum) жатады. Кейбір бауыраяқтыларда, мысалы Haliotis, Turbo-да жылтыр перламутр қабаты бар.
Бауыраяқтылардың барлық класс тармақтарында бақалшақтың редукциясы байқалады. Редукция мынандай кезеңдер арқылы жүреді: бақалшағы жақсы жетілген, бірақ жануардың денесі жиырғанда бақалшаққа толығымен симайды; бақалшақ одан әрі кішірейе береді де екі мантиялы қатпарлармен көмкеріледі;.