Кеміргіш ауыз аппараты. Бұндай ауыз аппараты таракандарда, тік қанаттыларда, қоңыздарда және т.б. болады. Кеміргіш ауыз аппаратының жоғарғы және төменгі жағынан жалпақ кутикулды пластинка жауып тұрады, бұл жоғарғы ерін болып табылады.
Жоғарғы еріннің астында қатты пластинка – күйсегіштері немесе жоғарғы жағы деп аталатын мүшелері болады, бұның ішкі жағында тісшелері орналасқан. Күйсегіштерін еттер қозғалтып тұрады, сол себепті қорегін кеміреді және ұсақтайды. Насекомдардың күйсегіштері бунақты аяқтарынан пайда болған. Үстіңгі жақтың астында күрделі құрылысты төменгі жақтары болады. Төменгі жақ негізгі екі бөліктен тұрады: ілгіш (кардо) және біліктен (стволик-стинес) Білігіне бес бунақты қармалауыштары және ішкі қалақтары бекінеді. Сыртқы қалағының пластинкасында қалың түктері болады, ал ішкі қалағының пластинкасында жуан қатты түктері және иілген ілмектері болады. Сыртқы қалақтары ауыз аппаратының бүйір жағынан жауып тұрады, ішкі қалақтары қосымша роль атқарып қоректі ұстауға, ұсақтауға көмектеседі. Ауыз аппаратының төменгі жағында төменгі ерні болады. Төменгі ерін негізгі екі бөліктен тұрады – иек алды және иек асты, бұдан басқа екі бөлікті қармалауыштардан, екі сыртқы, екі ішкі қалақтардан тұрады. Қалақтар мен қармалауыштардың екі еселенген санына қарағанда, төменгі ерін, төменгі жақ иек алды және иек асты ауыз мүшелері үш жұп аяқтардан пайда болған. Төменгі жақтың түктерінде, төменгі ерінде, сонымен қатар ауыз аппаратының басқа бөлімдерінде ауыз қуысында көптеген дәм сезу мүшелері болады. Ауыз мүшелерінде көптеген сезгіш нерв тармақтары болады.
Кеміргіш-сорғыш және жалағыш ауыз аппараты. Мұндай ауыз аппараты араларда, бал арасында, гүлдерден шірнеліктер жинайтын жарғаққанаттыларда болады. Бұл ауыз аппараты кеміргіш ауыз аппаратына жақын, дегенмен біраз айырмашылықтары да бар. Күйсегіштері үлкен, тісшелері болмайды, олар қызмет атқарады: ұя жасаған кезде балауызды илеп, өңдейді, ал гүлдерге қонғанда аталықтардан тозаң жинап алады. Төменгі жағы, төменгі ерінмен қосылып ұзын тұмсыққа (хоботқа) айналған, осы тұмсықтарымен гүлдердің шірнеліктерін сорып алады. Сыртқы қалақтары қатты ұзарған, оған қарапайымдалынған ішкі қалақтары жанасып тұрады, түктері көп емес. Төменгі еріннің ұзын тілі болады, бұл ішкі қалақтардан пайда болған, буынның көптеген қысқа түктері және шырын ағатын науасы болады. Сыртқы қалақтары немесе қосымша тілі, өте кішкентай, ал түктері ұзын болып келеді.