Бақалшақты жапырақаяқты шаяндар отряд тармағы -Conchostraca Ұзындығы 30 мм-ге дейін, ұсақ шаянтәрізділер. Карапаксы денесін толық жауып тұратын қосжақтаулы бақалшағы түрінде дамыған. Бақалшақтың жақтауы жануар денесімен ІІ-ші максилла сегментінің аймағында жалғасады және тұйықтағыш бұлшықеттері де дәл осы жерде орналасқан. Антеннулалары қысқа, антенналалары ұзын, екі бұтақты. Кеудесі 10-32 сегментті, әрқайсысында екі бұтақты аяқтары бар. Құрсағы рудиментті, екі тырнақшаларымен аяқталады.
Conchostraca-ның 150-ге жуық түрі бар, көбінесе ұсақ тұщы су, кеуіп бара жатқан су қоймаларында мекендейді. Нашар жүзеді, сондықтан шөгінділерде көміліп тіршілік етеді. Негізінен табиғатта аналықтары да, аталықтары да кездеседі, бірақ Limnadiidae тұқымдасының барлық түрлерінде, мысалы Limnadia lacustris-тің тек партеногенетикалық аналықтары ғана белгілі. Жұмыртқалары аналығының арқа жағында, бақалшақтың арасында орналасады, қалың қабықпен қапталынған, кеуіп кету мен тоңазуға төзімді.
Бұтақмұртты шаяндар немесе су бүргелері отряд тармағы -Cladocem 400-ге жуық түрі бар, ұзындығы 1-5 мм, шалшықтардан бастап ірі көлдерге шейін барлық суларда және кейбіреулері теңіздерде тіршілік ететін планктонды ұсақ шаянтәрізділер. Басым көпшілігінің денесі қосжақтаулы, мөлдір, жұқа карапакс қабатымен (бақалшақпен) жабылған. Антеннулалары қысқа, ал антенналалары ұзын, екі бұтақты, көптеген қылқандармен жабдықталған, жылжу мүшенің қызметін атқарады, осылар арқылы суда секіріп қозғалады (су бүргелері деп атауы да осыдан). Басында науплиус көзі мен күрделі көздерінің қосылуы нәтижесінде пайда болған үлкен фасеттік көзі болады. Кеудесі қатты қысқарған 4-6 сегменттерден ғана тұрады. Кеуде аяқтары жапырақ тәрізді, көптеген қылқандармен жабдықталған, олар сүзгінің ең басты бөлімі (қорегін судан сүзіп алатын), әрбір аяқтарында арнайы тыныс алу мүшелері - желбезек қалақшалары бар. Daphnia туысына жататын түрлерінің аяқтары бір минутта 300-ге дейін ырғақты тербеліс жасайды және жануар сол аяқтарымен тыныс алады және ұсақ қорегін ұстап алады. Құрсағы буындалмаған, алға қарай бүгілген 2 тырнақша тәрізді тікенекпен көмкерілген. Детритпен, бактериялармен, бір клеткалы балдырлармен қоректенеді.
Негізгі туыстары: Daphnia, Bosmina, Diaphanosoma, Leptodora т.б. Daphnia туысының 26 түрі бар, негізгі түрлері кәдімгі дафния - Daphnia pulex, D.longispina.
Дафнияның басқа бұтақмұртты шаяндардан ерекшелігі даму жолында екі түрлі ұрпақтың алмасуы немесе гетерогония байқалады: партеногенетикалық және қос жынысты. Әдетте, көктемде қыстап шыққан жұмыртқадан партеногенетикалық аналықтары шығып, олар ұрықтанбай келесі партеногенетикалық аналықтарының бірнеше ұрпақтарын бере бастайды. Соңғы партеногенетикалық аналықтары ұрықтануға дайын, кейін жаңа партеногенетикалық ұрпақтарды шығаратын жұмыртқаларды салады. Ұрықтанбаған, тек қана аналықтарды беретін жұмыртқалар нәзік қабықпен қапталынған және оларды аналығы денесінің арқа жағында бақалшақтың арасында орналасқан арнайы ұрпақ шығару камерасында сақтап, сыртқа шығарады. Жұмыртқадан шыққан аналықтары аталықтарымен шағылысып енді тыныштық күйдегі жұмыртқаларды салады. Олар алдымен ұрпақ шығару камерасында орналасады да, кейін бір немесе екі қабатты, қатты - эфиппиум деп аталатын қалың қабыршақтармен қапталынады. Эфиппиум күйінде жұмыртқалар қыстап шығады да, көктемде даму процесі қайтадан басталады. Сөйтіп, бір циклдің ішінде екі түрлі ұрпақтың кездесіп отыруы байқалады. Тіршілік циклінің ұзақтығына қарай мұртаяқтылар формалары - моноциклді, дициклді, полициклді. Егерде, бір жыл бойына бір ғана даму циклі болса, олар моноциклді, екідициклді (Daphnia pulex). Бірақ сыртқы ортаның өзгергіштігіне қарай әрбір түр бір жылдың ішінде тіршілік циклін өзгертіп тұруы мүмкін және бір түрдің бір аймақтағы әр түрлі су қоймаларында тіршілік циклі де әр түрлі.
Бұтақмұртты шаяндардың тіршілік циклінде жыл мезгіліне қарай сыртқы құрылысы да өзгермелі. Бұны маусымдық өзгерістер немесе цикломорфоз деп атайды. Мысалы, Daphnia-ның түрлі температура жағдайларына қарай басының пішіні не "сүйір", не "домалақ" түрге айналып өзгеріп отырады: басының домалақ болуы төмен температураға, ал сүйір болуы - жоғары температураға байланысты.
Бұтақмұртты шаяндардың тәжірибелік маңызы зор. Олар тек омыртқасыздарға ғана емес, барлық балық шабақтарына да қорек бола алады.