Экологиясы. Көпаяқтылар күндізгі жарықты қаламайтын, бұтақтардың, тастардың астында тығылып түнде тіршілік ететін жануарлар. Кивсяктар өте баяу қозғалады, ал ерінаяқтылар, керісінше, шапшаң, ширақ болып келеді.
Көптеген көпаяқтылар ұрпағын сақтауға бейім. Олар жұмыртқаларын арнайы жерге немесе басқа материалдардан жасалған арнайы ұяшықтарға салады, немесе шығарған жұмыртқаларының үстінде спиралына оралып ұрық шыққанша қоректенбестен жатады.
Көпаяқтылар Қырымда, Кавказда, Орталық Азияда кең тараған. Ең ірі, ұзындығы 28 см-ге дейін, жуандығы саусақтай болатын сколопендралар мен кивсяктар тропикалық елдерде көп кездеседі.
Chilopoda класс тармағының өкілдерінен басқа барлық көпаяқтылар зиянсыз. Ірі ерінаяқтылардың, мысалы Scolopendra-ның шағуы аса ауыр болуы мүмкін.
Классификациясы. Көпаяқтылар класы 4 класс тармағына бөлінеді: симфилалар - Symphyla, пауроподалар - Pauropoda, ерінаяқтылар - Chilopoda және қосжұпаяқтылар немесе кивсяктар - Diplopoda.
СИМФИЛАЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SYMPHYLA
Ақ түсті немесе сарғыштау болып келген, ұзындығы 1 см-ге дейін ұсақ көпаяқтылар, топырақ арасында, түсіп қалған жапырақтардың, тастардың астында тіршілік етеді, шапшаң қозғалады. Мұртшалары жіп тәрізді ұзын, көпбуынды, үш жұп ауыз аяқтары бар, көздері болмайды. Трахея арқылы тыныс алады, бір жұп стигмалары бас бөлімінде орналасқан. Жүру аяқтары 12 жұп, ал дене сегменттерінің саны 15-тен 22-ге дейін. Аяқтарының түбінде өте ұсақ өскіндер (грифелькалар) және томпайып тұратын дорбалары бар. Осы белгілерімен және ауыз аппараттарының құрылысымен симфилалар алғашқы қанатсыз насекомдарға ұқсас. Соңғы тұлға сегментінде жұп церкалары орналасқан, оның түбінде өрмек безінің тесігі ашылады. Жыныс жүйесі денесінің алдыңғы бөлімінде орналасып, тесігі тұлғаның үшінші сегментінде ашылады, тек Polyxenellidae тұқымдасында - жыныс жүйесі артқы бөлімінде. Даму жолы анаморфоз ұрықтану кезінде аталықтары сперматофораларын топыраққа жабыстырып қояды. Аналықтары сперматофораны аузымен алып, айрықша жақ қалташығына салады да, жыныс тесігінен шыққан жұмыртқаларын аузында сақтап, сол жерде оларды ұрықтандырып, содан кейін топыраққа түсіреді. 10 күннен кейін жұмыртқадан личинка шығады, Scutigerella туысының личинкалары 6 жұп, ал Hanseniella - 7 жұп аяқты. Ересек түрлері 6 жыл өмір сүреді.
150-ге жуық түрі бар, барлық аймақтарда (Антарктидадан басқа) кең тараған. Негізгі өкілі Scolopendrella immaculata, ұзындығы 8 мм, мекені орталық, және оңтүстік Еуропаның орманды аймағы. Шіріген өсімдік қалдықтарымен қоректенеді. Кейбір түрлері өсімдіктерге зиян келтіреді. Негізгі туыстары: Scolopendrella, Scutigerella, Hanseniella.
Достарыңызбен бөлісу: |