Кіріспе. Мәдениет морфологиясы



бет1/39
Дата14.10.2023
өлшемі232,96 Kb.
#114001
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
Байланысты:
лекциялар мәдениеттану


Кіріспе. Мәдениет морфологиясы

1. Мәдениет түсінігінің қалыптасу тарихы


2. Ғылыми пән ретіндегі мәдениеттану тарихы
3. Материалдық және рухани мәдениет.
4. Мәдениет типологиясы

1. «Мәдениет дегеніміз не?» - деген сұраққа жауап беру үшін, бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығуына тоқталуды жөн көрдік. Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолынан өтті. Мәдениет ұғымын алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға тырысқандар философтар болды. Бірақ, өкінішке орай, ХҮІІІ ғасырға, яғни Ағартушылық кезеңіне дейін, басты құндылық – «адам мен оның ақыл ойы» деген қағида жүзеге асқанға дейін «мәдениет» сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пайданылды.


Бұл терминнің алғашқы мағынасы жер-анамен, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. «Мәдениет» ұғымы латынның «cultura» сөзiнен келiп шыққан, жерді жырту, топырақты өңдеу деген мағынаны бiлдiредi, яғни өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, дәлірек айтқанда, егіншілік пен ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты қарастырылды. Гректер культура ұғымын «пайдея» - бала жетектеуші, білім беруші, ал римдіктер тәрбиеші, ұстаз мағынасында қолданған. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Сонымен бірге мәдениет сөзі «құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу, табынушылық» деген мағыналарға да ие. Араб тілінде «маданият» - қала деген мағынаны білдірді.
Мәдениет ұғымы және оның мәні туралы ерте дәуірден бастап-ақ философтардың еңбектерінде көзқарастар қалыптасқан. Б.з.д. 45 жылы рим философы М. Цицерон «Тускулан әңгімелері» шығармасында мәдениет дегеніміз адам жанын рухани жетілдіру деп түсіндірген. «Мәдениет» түсінігінде адам өмірінің шығармашылық қызметі мен оның биологиялық формасының арасындағы айырмашылық жатады.
2. Тарихи тұжырымдарға сүйенсек, мәдениеттану жеке пән ретінде XІX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады. Сондықтан да оны әлі де болса буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз. Мәдениеттану - әлеуметтік-ғылыми және гуманитарлық білімдердің тоғысында қалыптасып келе жатқан, ғылымның салыстырмалы жас саласы. Мәдениеттану терминін ғылыми қолданысқа бірінші болып АҚШ мәдени антропологы Лесли Уайт енгізді. Ол өзінің "Мәдениет туралы ғылым", "Мәдениет эволюциясы" және "Мәдениет ұғымы" атты еңбектерінде мәдениеттану басқа қоғамдық немесе гуманитарлық ғылымдардан жоғары тұрып, олардың әмбебапты тұжырымдамасы болады деген пікір айтты. Ол мәдениеттануды, антропологиядан бөлініп шыққан, қоғамдық ғылымдар кешеніндегі дербес ғылым ретінде қарастырады. Л.Уайт (1900-1975) өзінің «Мәдениет жайлы ғылым» (1949) атты кітабы арқылы көп еңбек сіңірді. Оның еңбегі мәдениеттің зерттеу пәнін анықтауда өте зор. Ол өзінің осы танымал еңбегінде мәдениеттанудың зерттеу объектілерін топтастыра келіп, үш жүйені бөліп көрсетеді. Олар: технологиялық, әлеуметтік және идеологиялық жүйелер. Оның біріншісі өндіріс құралдарын қамтып, адам мен табиғаттың өзара қатысын реттеуге бағытталған. Екіншісі адамдар арасындағы – экономикалық, адамгершіліктік, саяси қатынастарды құрайды. Үшінші жүйенің мазмұны идеялар, наным-сенімдер, аңыз-әпсаналар және білімдерден тұрады. Бұл жүйелердің ішіндегі бастысы ретінде алғашқы жүйені атап өтеді.
А. Швейцер кезінде философияда мәдениеттің көп зерттелмегенін айта келе," мәдениетке көңіл бөлмесе, философияның өзі мәдениетсіздікке ұрынады " [5, 12 б.], — деген екен. Бұл тұжырым мәдениеттің қоғамдағы маңыздылығын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге заман шындығын айта отырып, болашаққа жол нұсқайды. Осы жерде Швейцердің сөзіне сүйеніп, мәдениеттану пәні дамымаса, ұлттық мәдениеттің негізін оқымаған ұрпақ қана емес, бүкіл қоғамның өзі өркендемейді, үнемі рухани шектеуге ұшырап отырады деп сеніммен тұжырым жасауға болады.
Мәдениеттану пәні жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалы ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, ондағы басты мәдени процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасайды. Мәдениеттануды тек қана гуманитарлық ғылымдар саласында ғана емес, сонымен бірге жалпы теориялық пәндер қатарына да жатқызуға болады. Өйткені бұл пән адамзат баласының мәдени өміріндегі толып жатқан құбылыстарды жүйелі түрде қарастырады.
Мәдениеттану қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік т.б.) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстары мен, тәуелділіктерін зерттейді.
Мәдениеттану пәнінің негізгі қырлары мыналар:

  • Мәдениет онтологиясы: оны анықтаудың және таным жақтарының көп түрлілігі;

  • Мәдениет гносеологиясы: мәдениеттанулық білімінің негізі және оның ғылымдар жүйесіндегі орны, ішкі құрылым және методология;

  • Мәдениет морфологиясы: әлеуметтік ұйымдасу формаларының жүйесі ретіндегі оның функционалдық құрылымының негізгі көрсеткіштері, әлеуметтік тәжірибені реттеу және коммуникациялар, оны тану, кумуляция жасау және тарату;

  • Мәдени семантика; рәміздер, таңбалар, мәдениет мәтіндері және тілдері, бейнелер, мәдени коммуникациялау тетіктері туралы түсініктер;

  • Мәдениет антропологиясы: мәдениеттің тұлғалық көрсетткіштері туралы, мәдениетті “жасаушы” және “тұтынушы” адам туралы түсініктер;

  • Мәдениет социологиясы: мәдениеттің әлеуметтік страттануы және дифференциясы туралы, “ойын ережелері” жүйесі ретіндегі мәдениет туралы түсініктер;

  • Мәдениеттің әлеуметтік динамикасы: әлеуметтік-мәдени процестердің негізгі типтері, мәдени феномендер мен жүйелердің генезисі мен өзгермелілігі туралы түсініктер;

  • Мәдениеттің тарихи динамикасы: мәдени-әлеуметтік ұйымдасу формаларының эволюциясы туралы түсінік;

  • Мәдениеттанудың қолайлы аспектілері: мәдени саясат, мәдени институттардың функциялары туралы түсінік.

Ғылымда, олар кез келген мәдени феноменді талдауға келетін, танымның ерекше мәдениеттанулық методтары қалыптасып келеді.
Мәдениеттану адамзатпен жинақталған, материалдық және рухани құндылықтарды тек қарапайым суреттеуге емес, ол жүйелі бірлік ретіндегі адамдық мәдениеттің бүкіл әлемін зерделеуге ұмтылады, ал мәдениеттану тарихы - бұл адамдық мәдениет әлеміне теориялық ой жүргізудің жаңа тәсілдерінің пайда болуы тарихы. Әрбір жаңа концепцияның пайда болуы алғашқысын шығарып тастамайды, сондықтан мәдениеттанулық білім – бұл өзара әрекет, өзара әсер, сұхбат өрісі.
Мәдениеттанудың ең көп тараған анықтамасы оны мәдениет дамуының ең жалпылама заңдылықтары туралы ғылым деп түсіну болып табылады. Бұл анықтама ақиқатқа қайшы келмегенімен, әйтсе де пәнді біржақты көрсетеді.
Мәдениеттану ғылыми пән дәрежесіне жету мақсатында, сөзсіз мәдениет археологиясына сүйенеді, оның генезисін, өмір сүру мен дамуының құпияларын ашып, мәдени мұрагерліктің тәсілдерін жетілдіреді. Бұл жұмыс үш дәрежеде жүзеге асырылады: 1) мәдениетті, оның базистік негіздерін сақтау: 2) мәдениетті жаңғырту, мәдениеттің дамуына жаңаша ықпал ету; 3) мәдениетті трансляциялау немесе мәдениет әлемін халықтың игілігіне айналдыру. Бұл үш дәреженің арқасында мәдениеттің сандық-салалық (ғылым, техника, өнер, филисофия, экономика т.б.) сапалық сипатын тереңірек ашып көрсетумен қатар, мәдениеттің құрылымын, тұтастығын, даму заңдылықтарын ашып көрсетуге мүмкіндік аламыз.
3. Адамның жасаған әрекеті алдымен ойда, рухта пайда болады, тек содан кейін ғана белгілер мен нәрселерде көрініс табады. Мәдениетті адамдар өздері жасайды, оған үйретеді. Әрбір жекелік мәдениетті әлеуметтік мұра ретінде қабылдап, қажет болғанда оған өзгертулер ендіреді. Сондықтан соғыс немесе апаттар кезеңінде қираған ғимараттар, көпірлер адамдардың санасындағы мәдениеттің бөлігі ретінде қайтадан қалпына келтіріле алады. Сөйтіп мәдениет екі бөліктен тұрады: материалды және рухани. Материалды мәдениет (артефактар) қолмен жасалынады, рухани мәдениет, ол-парасаттың жемісі. Материалды мәдениетті сақтап қалу үшін ол материалды емес мәдениеттегі сөздерге, ойларға, дағдыларға, әдет-ғұрыпқа және сенімдерге меңгеріліп алынған рухани дүниесіне айналуы керек. Әрине, ежелгі мәдениеттердің материалды қалдықтарын ескерткіш ретінде мұражайларға сақтайды, бірақ олардың мәдени маңызы жоғалғандықтан, бүгінгі ұрпақтар оны қайтадан қалпына келіруді керек етпейді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет