Кіріспе. Мәдениет морфологиясы



бет26/39
Дата20.02.2023
өлшемі232,96 Kb.
#69553
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   39
Шәкәрім Құдайбердіұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі. Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан) Шыңғыстау ауданының (қазіргі Абай ауданы) беделді өнегелі отбасында дүниеге кел­ген. Оның әкесі Құдайберді – Құнанбайдың ұлы, ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың үлкен ағасы. Жеті жасында, 37 жастағы әкесі қайтыс болып, Шәкәрім Абайдың үйінде тәрбиеленеді, бұл оның көзқарасы мен шығармашылық қабілетіне өшпес із қалдырды. Бес жасынан оқуға үйреніп, әрдайым өзін өзі дамытудың арқасында араб, парсы, түрік, орыс тілдерін меңгерді, осылайша Шәкәрім сол кездегі білімді адамдардың бірі болады. Әдебиет, тарих, философия, шешендік өнер, музыка, дін, жаратылыстану ғылымдары – бәрі жас Шәкәрімнің қызығушылығын тудырып, оның шығармашылығының ин­теллектуалды тереңдігінің бірден бір көзі болады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы көптеген өлеңдер мен поэмалардың, повесть­тер мен аудармалардың авторы болды. Ақынның көзі тірісінде «Қазақ айнасы» (1912) өлеңдер жинағы жарияланып, оның көптеген өлеңдері қолжазба түрінде және халық жадында сақталды. Шәкәрім сюжетті романтикалық «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» (екеуі де 1912 ж. жарыққа шықты), «Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларын, «Әділ-Мария» романын жазып, адамгершілік тақырыбына бірнеше әңгімелер жазды.
Ш.Құдайбердіұлы қазақтардың тарихы мен діні жайында 1911-1912 жж. Орын­борда жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» трактаттарын жазды.
«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» Шәкәрім Абайдың кеңесімен жаз­ды. Ол бұл еңбекке өзінің бар өмірін арнады. Шәкәрім мүлдем тәуелсіз болды және өз бетінше ой түйді. Ол ешқашан өзінің аяқасты пайда болмаған, ұзақ іздену мен табанды зерттеулері және терең ойларының нәтижесінде қалыптасқан пікірінен айнымады. Бұған оның тамаша философиялық «Үш анық» шығармасы дәлел, бұл еңбегінде Шәкәрім түрлі философиялық бағыттарды жақтаушылардың, материа­лизм мен идеализмді қолдаушылардың, діни ғалымдардың, христиан, мұсылман будда және басқа дін өкілдерінің қаламынан шыққан өте көп деректерді пайда­ланды. Шәкәрімнің пікірінше: «Адал еңбек, ар-намысты сана, таза жүрек – осы үш қасиет бәрінен үстем болуы керек. Бұларсыз өмірде бейбітшілік пен татулық болмайды».
Ш.Құдайбердіұлы көркем туындылары мен аудармаларында ағартушылық гуманизм ұстанымында болып, өз шығармашылығы арқылы ХІХ ғ. соңы–ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты.
Домбыра дәстүрінің аса көрнекті өкілі – халық арасында «күй атасы» атанған ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы – бүкіл дүние жүзіне белгілі композитор. Құрманғазы Қазақстанның музыка мәдениетінде ерекше орын алады. Халық ара­сында егер сіз қазақ жерінің бүлкілі мен тынысын естігіңіз келсе, ұшы-қиыры жоқ жазира даланың еркін желі не туралы ән салатындығын көргіңіз келсе, жүйрік арғымақтардың кең тынысты шабысын сезгіңіз келсе, қазақ халқының күш-қуаты неде екенін түсінгіңіз келсе Құрманғазы күйлерін тыңдаңыз деген тәмсіл бар.
Құрманғазының талантты шәкірті Дина Нұрпейісованың қабілет-дарыны да осындай ауқымда. Дина күйші өзінің орындаушылық және композиторлық шығармашылығында Құрманғазы жетістіктерін лайықты жалғастырып қана қоймай, оның мектебінің батырлық-драмалық және азаматтық-демократиялық бағытын дамытып, ХІХ және ХХ ғасырлар дәстүрлерімен тоғыстырды.
Халыққа аса көрнекті күйші Тәттімбет Қазанғапұлы есімі де кеңінен белгілі. Бар-жоғы 45 жас қана өмір сүрген Тәттімбет бай музыка мұрасын қалдырды, оның ішінде қазақ аспаптық музыкасының қазынасын байытқан күйшінің қырықтан астам күйлері бүгінгі ұрпаққа жетті.
Дәстүрлі мәдениетті жеткізуші ақын-жыраулар мен күйшілер қызметінің арқасында қазақ халқы ұлы тұлғалар мен айтулы оқиғаларды өз жадында сақтап қалды.
Ұлы ақын-жыраулар мен күйшілер – Отанға деген қалтқысыз махаббаттың, атамекенге адалдықтың, халыққа, оның оның арман-мұраты мен құндылықтары жолында қызмет етудің жарқын үлгілері болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет