Екі қат көрпе- жастық Желдірбайға, Төселген сондай орын Мұсатайға, Кір жастық, жыртық көрпе мына бізге, Жатайық дау шығармай енді жайға [40:10-13].
Мұны естіген үй иесі өз қателігін түсініп, Ғафуриге қайта төсек салып беріп, жақсылап сыйлап, жөнелтеді.Жалпы М.Ғафури өлеңдерінде қазақ өлеңінің құрылысы (он бір буынды қара өлең), ұйқасы (а,а,б,а) және ырғағы (3,4,4) үнемі сақталып отырады. Мұны, әсіресе, оның «Сібір темір жолы», «Шаттық жыры», «Бай адам», «Қорқақтық», «Алмашыну» т.б. өлеңдерінен анық байқауға болады.
М.Ғафуридің қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін ақынның баласы Әнуар Ғафури өзінің «Қонақжай елде» деген әңгімесінде толық әрі анық жазған.
Қазақ арасында жүріп өз шығармаларын қазақ, татар тілдерінде қатар жазған, сондықтан туысқан екі әдебиеттің ортақ өкілі саналатын ақындардың бірі, әрі драматург - Әкрам Ғалымов (1892-1913). Әкрамның әкесі Меңдіғалым деген кісі Уфа губерниясында дүниеге келген. Жас кезінде Троицкіге келіп, Мұхаметжан хазірет дегенннің медресесінде оқиды.Ол кейін Түркістан жағында біраз болады да, кейін Ақмола маңына келеді.Қазақ балаларын оқытады.Осында Қазаннан келген бір қызға үйленеді.Одан Әкрам туады. Сөйтіп Әкрам Ғалымов Ақмола қаласында, татар отбасында туады, сонда оқып, білім алады. Кейін Троицк, Қостанай медреселерінде оқиды. Содан соң Қостанайда мұғалім болып, бала оқытады. Өмірінің соңғы жылдарында «Айқап» журналында жауапты хатшы болып істейді [37:54-56; 32:148-150; 42:203-208].
Әкрам қаршадайынан-ақ қазақ және татар тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Жастық жемістері» деген атпен 1912 жылы Қазан қаласында, қазақ тілінде басылып шығады. Жиырма сегіз беттік жинағындағы бұл өлеңдерін Әкрам нағыз қазақ ақындарынша төгілдіріп жазады.
Әкрам драматургиямен де әуестенеді. Қостанай молдаларының басынан өткен бір оқиғаны пайдаланып, «Май мәселесі» атты бір перделері күлдіргі пьеса жазады. Қостанайдың көркемөнерпаз әуесқойлары бұл пьесаны сол кездің өзінде-ақ сахнаға қойып, бүкіл қаланы шулатады. Троицкідегі «Хызмет» баспасы бұл пьесаны 1913 жылы өз алдына жеке кітап етіп шығарады.
Әкрам Ғалымов жастай қайтыс болған. Бірақ осыған қарамастан ол артына едәуір әдеби мұра қалдырған. Оның жоғарыда аталған екі кітабынан басқа да бірнеше шығармалары баспа бетін көрген. Мәселен, «Айқап» журналының 1912жылғы 11 санында Әкрамның «Бишара қыз» атты көлемді әңгімесі жарияланды.Жазушы өзінің бұл әңгімесінде әйел теңдігі мәселесін сөз етіп, ескі әдет-ғұрыптың құрбаны болған қазақ қызының ауыр халін, аянышты өлімін суреттейді. Ақынның «Айт күні», «Замандастарға», «Жұртқа қайтып жағу керек», «Қыс», «Өкініш» атты өлеңдері де осы журнал беттерінен орын алған. Әкрамның «Не екен сұлу қыздың түсін алған» деп басталатын өлеңі Абайдың « Бір сұлу тұрыпты хан қолында» деп басталатын атақты өлеңімен өте үндес келеді.
Әкрам аударма ісімен де айналысқан. Мәселен, Ғ. Тоқайдың «Сүтке түскен тышқан» деген мысалын «Тышқаннан ғибрат» деген атпен аударып оны өзінің «Жастық жемістері» атты жинағына енгізеді, тіпті Әкрам ағылшынның ұлы ақыны Дж.Байронның «Шиллион тұтқыны» атты атақты поэмасын да орыс тілінен қазақ тіліне аударды.
Әкрам қазақтың сол кездегі көрнекті ақын- жазушылары М.Сералин,С.Торайғыров, С.Көбеев, М.Кәшимов, т.б. дос болған.
Ә. Ғалымов шығармаларында көбінесе халықтың көбінесе халықтың қараңғылығы, өнер- білімнен артта қалуы, қазақ әйелінің ауыр тұрмысы, қожа-молдалардың арамзалығы сөз болады.Халықты оқу-білімге, өнер-ғылымға үндейді, әйелдерге бас бостандығын беруге, теңдік әперуге шақырады. Әкрам шығармалары көбінесе өзінен бұрын және өз тұсында өмір сүріп, еңбек еткен қазақ пен татардың көрнекті ақын-жазушылары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ғ.Тоқай, С.Торайғыров, С.Көбеев шығармаларымен үндес келеді. Кейде олардың ықпалында болып, солардың сарынында өлең жазса, кейде өзі де олардың кейбіреулеріне әсер етіп отырады. Қайткен кұнде де Әкрамның өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиеті мен сабақтас, соның бірі бұтағы я жапырағы тәрізді жайқалып тұрады.
Татар, башқұрт және қазақ әдебиетінің байланысы жөнінде сөз болғанда, атақты ақын Шаихзада Бабичтің (1895-1919) есімі де еріксіз еске түседі. Ол он бес жасынан бастап қазақ даласына жиі келеді, мұнда қазақ балаларын оқытады. 1911-1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде қазақ шәкірттері – Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Н. Манаев, Ә.Мұстафиндермен бірге оқиды.
Ш.Бабич жас кезінен-ақ татар-башқұрт ауыз әдебиетін жинау және үйренумен шұғылданған. Ол өзінің күнделік дәптеріне қазақтың 79 мақал- мәтелін, көптеген қазақ өлеңдерін жазып алған. Ш.Бабич қазақ ауыз әдебиетін жинаумен бірге, қазақ халқының жазба әдебиетін де өте ықыласпен оқып, үйрене бастайды. Жас ақынға әсіресе, А.Құнанбаевтың өлеңдері ерекше әсер етеді.Өзінің кейбір өлеңдерін (Мәселен, «Халқым үшін», «Күнә мен жаза» т.б.) Абай өлеңдері үлгісінде жазады. Тіпті ол орыстың ұлы ақыны М.Ю. Лермонтов шығармаларымен алғаш рет Абай аудармасы арқылы танысады [37:48].
Бабич жалғыз Абай емес, қазақтың басқа да ақын- жазушыларымен , олардың шығармашылық ерекшеліктерімен жақсы таныс болған. Мұны оның кейбір шығармаларынан байқауға болады. Мәселен, ол әліпби тәртібімен жазған «Китаб ән-нас» сияқты ұзақ өлеңдерінде ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың көптеген ақын-жазушылары туралы пікір айтады [43:222].
Академик Қ. Жұмалиев Ш.Бабичті Абай шәкірттерінің қатарына қосқан .Міне, осының өзі-ақ Бабичтің қазақ әдебиетімен тығыз байланысын көрсетеді және оның шығармашылығы қазақ-татар әдебиетінің туысқандық байланысының жарқын бір беті болып табылады.
Қазақ тілін еркін игерген, оның бай ауыз әдебиетін жақсы білген, өз өлеңдерін кейде қазақтың өлең өлшемдерімен жазған татар ақындарының бірі – Зәкір Садықұлы Рәмиев – Дәрдмәнд (1859-1921). Ол Орынбор губерниясының Сперлітамақ уезінде туған, көбінесе Орск маңында тұрған. Алғашқы өлеңдері 1902 -1903 жылдары «Тәржіман», «Қазан мухбирі» газеттерінде, кейін өзі шығарып тұрған «Уақыт» газетімен «Шора» журналында жиі жарияланып тұрды. Өмірінің көпшілігін қазақ арасында өткізген ақын қазақ тілін жақсы біледі, сондықтан өзінің өлеңдерінде қазақ сөздерін жиі қолданады, өлеңдерін кейде қазақ жырының өлең өлшемдері, ырғақ,ұйқас түрлерімен жазады. Мәселен, оның 1906 жылы басылған «Яңбыр» («Жаңбыр») атты өлеңі тікелей қазақ өлеңінің үлгісінде жазылған.