Күн қызды, қызды ауа мұнарланып, Сағымдап, қыр мен дала шұбарланып, Ауа тымық, шық етпес, қысылды таң, Жаңбыр күтед жер жүзі құмарланып, Көрінді көк жүзінде қара бұлт, Бұлғанып қайрат пенен ожарланып, Жүгіртіп үйірмелер, естіріп жел, Ашулы келе жатыр жұмарланып[44:26]. Немесе: Мүйізі бар қойдың бәрі қошқар емес, Ұшқан құстың бәрі сұңқар емес, Кімдер айтпас өлеңді, айтар бәрі, Шоқаңдаған ақсақ есек тұлпар емес [44:67]
Міне, татар ақыны Дәрдмәндтің бұл өлеңдерінің кәдімгі қазақ өлеңінен айырмасы аз. Алғашқы өлеңі Ы.Алтынсаринның «Сәуірде көтерілер рахмет туы» немесе А.Құнанбаевтың «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» деген өлеңдерімен тақырып жөнінен де, көркемдік жағынан да, өлең құрылысы, өлшемі жағынан да үндесіп жатады. Тіпті,Дәрдмәнд өз өлеңдерінде татардың әдеби тілінде кездеспейтін, кездессе де өте сирек ұшырасатын қазақтың мұнарланып, сағымданып, шұбарланып, жұмарланып, ожарланып, оқырана, шуласып деген сөздерін де қолданады. Бұл сөздер татар тілінде болмағандықтан және татар оқушыларына түсініксіз болғандықтан, Дәрдмәнд кітабында оларға түсінік берген.
Дәрдмәндтің бұдан басқа «Өткен күндер», «Тал шыбық», «Корап» («Кеме»), «Балалар, бар мектепке!», «Кімдер айтпас өлеңді», «Жаз» сияқты өлеңдері де қазақ өлеңінің өлшемімен жазылған.
Қазақ өлеңдерінің өлшемін, ырғақ, буын, ұйқас заңдылықтарын пайдалану фактісін М.Ғафури, Н.Думави, Ә. Ғалымов, Ш.Бабич, Ф.Бурнаш шығармашылығынан да кездестіруге болады. Мысалы, М.Ғафуридің «Сібір темір жолы», «Бай», «Қорқақ», Фатхи Бурнаштың «Қорқыт», «Қазақ қызы», («Дала дауы»), «Сахара ханы» атты өлеңдері қазақтың өлең өлшемі, ұйқас, ырғақ заңдылықтарымен жазылған. Мұның өзі татар жазушыларының қазақ ақындарына үнемі ұстаз ғана болмай, сонымен бірге олардың да қазақ әдебиетінен көп нәрсені оқып үйреніп отырғанын көрсетеді.
Татар мәдениеті мен әдебиетінің ықпалында болған қазақ ақын-жазушыларының бірі және ең көрнектісі Мұхаметжан Серәлин (1871-1929) еді. Мұхаметжанның әкесі Серәлі қазақ, ал, шешесі татар қызы болса керек. Мұхаметжан сегіз жасында медресеге оқуға түседі. Онда алты-жеті жыл оқиды, мұсылманша орта дәрежелі білім алады. 1900 жылы ол татар миллионері Яушевке қызметке тұрады. Сонда жүріп татарша , орысша газет- журналдар оқиды, әдебиетпен әуестенеді, «Гүлкәшима» (1903), «Топ жарған» (1907) поэмаларын жазып шығарады, қазақ тілінде журнал шығару қажет екен деген ойға келеді. Ақыры ол 1911 жылдың қаңтар айынан бастап, Троицк қаласында «Айқап» атты қазақ журналын шығара бастайды.
М.Серәлиннің татар жұртшылығы және оның мәдениетімен байланысын оның өзі шығарып тұрған «Айқап» журналының беттерінде жарияланған мақалаларынан анық көруге болады. Мұхаметжан «Айқап» журналында қазақтың сол кездегі жағдайы, тұрмыс- халі, оқу-ағарту мәселелерімен бірге көркем әдебиет мәселесіне, соның ішінде татар - қазақ әдебиеттерінің байланысы мәселесіне де елеулі орын берген. Мәселен, «Айқап» журналыгың бетінде татардың көрнекті ағартушы ғалымы Шиһабетдин Маржани, «Тәржімән» газетінің редакторы Исмаил Гаспринский, татар халық ақыны Ғабдолла Тоқай жөнінде арнайы мақала жазады.Әрине бүгінгі күннің тұрғысынан алып қарағанда, бұл мақалалардың бәрі бірдей ойдағыдай шыға бермейді. Дегенмен, бұл мақалалар М.Серәлиннің татар халқына, оның мәдениеті мен әдебиетіне деген ілтипатын анық көрсетеді. Ол қай мақаласында болмасын татарларды «ноғай бауырларымыз» - деп атайды.
Татар -қазақ әдедиетінің өзара байланысы жөнінде сөз болғанда, ең алдымен Ғ. Тоқай мен С.Торайғыровтың (1893-1920) есімі еріксіз еске түседі. Бұлай дейтініміз, Тоқай қаншалықты үлкен ұстаз болса, Сұлтанмахмұт соншалықты өз ұстазына сай шәкірт еді. Екеуінің тағдыры да өте ұқсас. Мәселен, екеуі де бірдей қаршадайынан ата-анасынан айырылып жетім қалады, есін біліп, ер жеткенінше кім көрінгеннің қолдарында өседі.Әуелі ауыл молдаларынан оқып, хат таниды. Кейін медреселерде оқып, сабақ алады.
Екеуі де өлең жазады, ақын болады, жастайынан ауруға шалдығады. Ақырында екеуі де қыршын жасында - 27 жастарында қайтыс болады. Арттарына өлмес еңбек, өшпес даңқ қалдырады.
Сұлтанмахмұт татар тілі, мәдениеті, әдебиетімен ерте танысты.Біріншіден, ол алдынан өткен молдалардың көпшілігі татар еді, әрі ол кездегі оқу көбінесе татар тілінде жүретін. Оның үстіне ол кезде қазақ тілінде кітап, газет-журналдар (1902-1910) жоқтың қасы еді. Сондықтан олардың оқитыны көбінесе татардың кітаптары, журналдары, газеттері болатын. Сұлтанмахтұттың әдебиетпен, оның ішінде татар әдебиетімен алғаш танысуы 1906-1907 жылдары деуге болды. Өйткені, бұл жылдары ол Мұқан деген молдадан оқиды.
Сұлтанмахмұт осы Мұқан молдадан оқып жүрген кезінде содан үлгі алып, өлең жаза бастайды. Ал, татар әдебиетімен жақын таныс болуы – 1910жыл. Себебі бұл жылы ол Нұрғали деген кісіден сабақ алады. Ол Троицк қаласында оқып келген, жаңаша оқып келген кісі екен және қазақ- татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды, әдебиет кітаптарын алдырып, оқып тұрады екен. Оның үстіне ол Сұлтанмахмұтқа заман жайлы, өнер жөніне, татар ақыны Тоқай туралы көптеген әңгіме айтады. Сұлтанмахмұт осы Нұрғали алдырған кітаптарды, журналадары, газеттерді оқиды, ол айтқан әңгімелерді сүйсіне тыңдайды. Сөйтіп, қазақ, татар әдебиетімен жақсы танысады. Дүниенің мәнін, заманының жайын аңғара бастайды. Осыдан бастап ол, өнер - білімге ықылас қояды, өлең, әңгіме жазуға белсене кіріседі.
Әкраммен таныс болған Сұлтанмахмұт «Айқап» журналының беттерінде өзінің бірсыпыра өлеңдерін, мақалаларын, хаттарын бастырады.Ал, кейін «Айқаптың» хатшысы болып қызмет атқарып жүрген Ә.Ғалымов қайтыс болғанда, оның орнына «Айқап» журналының редакциясына хатшы болып, Сұлтанмахмұт қызметке орналасады.
Троицкідегі медреседе оқуы, «Айқап» журналында қызмет істеуі С.Торайғыровтың көзқарасына және шығармашылығына едәуір әсер етеді. Өйткені, бұл жылдары ол татар әдебиетімен молырақ танысады, татар баспасөзінде жарияланған шығармаларды көбірек оқиды, ондағы саяси-әлеуметтік сарындар, қоғамдық көзқарастар жас қазақ ақынының ой-пікіріне, шығармашылығына өз ізін қалдырады. Мәселен, Сұлтанмахиұт өз аулында жүріп, 1907 – 1911 жылдары жазған өлеңдерінде көбінесе ел ішіндегі қараңғылықты, надандықты сынайды. Еңбекші бұқара мүддесін, таптық көзқарасты ашық, баса айтады. Ал, Троицкіде жүрген кезде жазған өлеңдерінде ақын көбінесе бірлік, елдік мәселесін көбірек қозғайды, жалпы ұлттық мәселені баса айтады. Бұл Сұлтанмахмұттың «Түсімде», «Бұлар кім», «Кешегі түнгі түс, бүгінгі іс» деген өлеңдерінде байқалады. Оның үстіне өз өлеңдерінде сөздері мен сөз тіркестерін көбірек қолданады. Мәселен, Торайғыров татардың , сол татар тілі арқылы келген араб-парсының мына сөздерін жиі қолданған:бәліш, милләт, бек, тауфих, дауан, шат, зинһар, хикая, ғафу, жамағат, мәтбұғат, хашия, мантық, хатымкәр, мүрит, хадим, жәдит, таракки, жаһаләт, мәжүж, нығмет, зілзәлә,ұсұлы т.б.
Сұлтанмахмұт татар баспасөзі көтерген ұлттық ұранмен бірге оның Ғ.Тоқай, Ғ.Ғафури, Ғ.Камал, Ғ.Ибраһимов көтерген ағартушылық – демократиялық идеясының да жаршысы болады. Бұған оның сол Троицкіде жүріп жазған «Оқып жүрген жастарға», «Талибтерге», « Оқудағы мақсат не?», «Түсімде көрген аянышты хал», « Анау-мынау», «Арыстан мен тышқан», «Мағынасыз мешіт», «Екі тышқан», «Көк өгіз», «Зарлану», «Бір баланың тілек- батасы», «Алғыс», «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңдері мен мысалдары «Қазақ оқу оқыту жолы қалай?», «Қазақ тіліндегіөлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылары» деген мақалалары толық дәлел бола алады.Сұлтанмахмұт өмірінің Троицк кезеңіндегі саяси – мәдени және әдеби бетін анықтайтын, негізінен осы өлеңдері. Ал, ақынның бұл өлеңдеріне көбінесе сол кездегі татардың алдыңғы қатарлы ой-пікірлерінің, ең алдымен, татардың аса көрнекті халық ақыны Ғ.Тоқайдың игі әсері тигенін аңғару қиын емес.
С.Торайғыров татар тілінде оқу оқыған татардың сол кездегі мәдениеті мен әдебиетін еркін игерген және оны аса жоғары бағалаған.Сондықтан да ақын:
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр [45:51],-
деп татар халқының оқу-ағарту, мәдениет жағынан алға кеткенін, өнер- білім жөнінде оларды басқалармен қатар тұрғанын жазады, ал, оқу-мәдениеті жағынан кеш қалған қазақ халқын татар халқынан үлгі-өнеге алуға, яғни оқу-білімге, өнерге ұмтылуға шақырады. Бұл жылдары С.Торайғыров,әсіресе татар ақыны Ғ.Тоқайдың шығармаларын көптеп оқиды, оның «Екі тышқан» атты мысалын қазақ тіліне аударады және Тоқай мысалының ізімен өзі де «Арыстан мен тышқан», «Көк өгіз» атты мысалдар жазады. Соның нәтижесінде Сұлтанмахмұттың көптеген өлеңдері мен Тоқай шығармаларының арасында мазмұн және идея жөнінен үлкен ұқсастық барлығы байқалады. Өзінің туған елін, жерін сүю, туған тілді құрметтеу, тұрмыс туралы түсінік, әйелдерге көзқарас т.б. тақырыптар жөнінде татар ақыны Ғ.Тоқай мен қазақ ақаны С.Торайғыров шығармалары үнемі үндес жатады.
Тоқай мен Торайғыров шығармашылығының тек мазмұны менидеясы ғана емес, сонымен бірге кейде тақырыптары да ұқсас болып келеді.Мәселен, Тоқай өз өлеңдерін «Достарға бір сөз», «Көк сиыр», « Туған еліме», «Тұрмыс», «Әне-міне», Алданған татар қызына», «Түс», «Сүтке түскен тышқан»деп атаса, С.Торайғыров өз өлеңдеріне «Досыма хат», «Көк өгіз», «Туған елім», «Тұрмысқа», «Әне-міне», «Шал алған қыз», «Түсімде», «Арыстан мен тышқан» деген ат берген. Екі ақынның бұл тақырып үндестігінің өзі олардың ой-пікірінің ұқсастығының бір көрінісі болмақ.
Ғ.Тоқай мен С.Торайғыров өлеңдерінің тек мазмұн иеясы мен тақырыбы ғана емес, сонымен бірге кейбір көркем сөз тіркестері сөз қолданыс тәсілдері де үйлес. Мәселен, Тоқай мен Сұлтанмахмұттың кейбір өлең жолдары былай болып келеді:
Тоқай: