1.3 Ұсталық – көнеден қалған құнды мұра
Жер бетіндегі ең көне кәсіптердің бірі – қазақтың қолөнері. Әлемнің әр қиырында жүргізілген археологиялық жұмыстар дәлел болады. Өткен ғасырдың қазба – жұмыстар барысында ежелгі қоныс-тұрақтар мен обалардан заманның ұсталары мен зергерлері соққан сан түрлі бұйымдар табылып жатады. Зерттеушілер еңбектеріне көз салсаңыз, түрлі жайтқа қанығасыз. Ең қызықты жайт, әлемнің көптеген халықтары ұсталық өнерді қасиетті деп, ал ұсталарды «киелі» адамдар деп санаған. Қазақ қоғамында «он саусағынан өнер тамған» ұста-зергерлер ерекше құрметтелген. Қолы шеберді бабалармыз: «темірге тіл, жаңқаға жан бітірген» «жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған» деп әспеттеген. Ұсталардың халық арасында бағалы болатын ретіде бар. Ел қорғаған батырдың бес қаруы, диқаншының соқасы мен тырмасы, күрегі мен кетпені, әйел затының әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттың көпшілігі ұста қолынан шығатыны белгілі.[ Қосымша 3 ]
Қазақ жерінің қай қиырындада шеберлер болғаны анық. Сондай ұсталардың бір шоғырын тудырған аймақ - Торғай жері. Атап айтсақ, Торғай өлкесінде ұсталық өнерді дамытқан Бектепберген ұста Үдербайұлы–1870 жылы бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысы Терісбұтақ бойында дүниеге келген. Халық батыры Аманкелді Имановтың туған ағасы. Жастайынан шебер ұсталығымен, аңшылығымен танылған. Ауыл молдасынан және өз анасы Қалампырдан дәріс алған, мұсылманша сауат ашқан. Әкесі қайтыс болғаннан соң, дәулетті адамдарға жалшы болған. Киіз үй сүйегін,шана жасауды кәсіп еткен,біраз жыл Қарсақбай Байқоңырына барып кен қазған. 1916жылғы Торғай көтерілісі кезінде Балықтың Қарасуында ұстахана ұйымдастырылып, сарбаздарға қару-жарақ соғатын ескі мылтықтарды жөндейтін ұсталар тобын басқарған. Аманкелді қаза тапқаннан кейін, жазалаушы милициядан бас сауғалап Қарақұм арқылы Қызылордаға өтіп кетпекші болған.[ 3 ]
Тайшық ұста Момынұлы – 1871 жылы Жыланшық бойында дүниеге келген. Зулап тұрған сағаттай бұл өмірден әйгілі тұлға 1932 жылы өткен. Халық шебері, сәулетші, зергер, сауаттыда болған. Төре әулетінен шыққан. Жыланшық, Сарыторғай, Терісқаққан төңіріндегі қызыл кірпіштен қаланған әсем үйлер мен мазарлар осы кісінің қолынан шыққан. Жыланшық өзенінің Дулығалы саласындағы Бірәлі байдың, баласы Сұлтанның, Әйгісінің, Ахметінің екі қабатты қызыл үйін, Көшкінбайдың 1928 жылы Рахметтің болыстың қызыл үйі мен қызыл кесенесін тұрғызған. Көптеген шәкірттерінің арасынан Сейтқасым шебер есімі белгілі.
Сейітқасым Жамбылұлы - 1897 жылы бұрынғы Торғай оязы, Қайдауыл болысында дүниеге келген. Мұсылманша сауатын ашып, кейін білімін жаңаша жетілдірген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. 1930 жылы Шымкенттегі қол өнер мектебін бітірген. Кірпішті, әкті қолдан күйдіру мамандығын меңгеріп, киіз үй сүйектерін, ат шана, арба, үй жабдықтарын шапқан, сүйекпен, күміспен әрлеп әшекей бұйымдар жасауды кәсіп еткен. Қайыстан торсық, ат әбзелдерін өріп, аяқ-киім тіккен. Ат баптап, тазы салып, аңшылықпен айналысқан. Торғайда бақша өнімдерін өсірген.
Талпақ ұста Байторыұлы – халық сәулетшісі, шебер. ХІХ ғасырдың орта тұсында Торғай оязы Қайдауыл болысының аумағындағы Ұлы Жыланшыққа құятын Терісбұтақ өзенінің бойында өмірге келіп, ер жеткен соң Торғайда тұрған. Торғай қаласындағы қызыл кірпіштен салынған үйлер мен Ы.Алтынсариннің мектебінің ғимараты Талпақ ұстаның қолынан туған. Арғындар жайлаған Тосын құмындағы ұзын қыпшаққа жататын қаз-кеделдің көп атасы қоныс еткен Торғай, Жалдама жағасындағы Сарылар орналасқан Қабырға, Бегімбет пен Тоқпандар мекендеген Терісбұтақ өз бойындағы Түгел Бегімбет, Алтынбай, Жездібай, Бекбау тамдарымен Берденніңқызылүйі әлі күнге дейін сақталған. Талпақ ұстаның қолынан туған Досан қопасындағы Қызыл мешіт пен Терісбұтақтағы төбесі күмбезделіп көмкерілген. Бердікей мешітінің ғимараттары осы өңірдегі сәулет өнері құрылыстарының ең озық үлгісі болып табылады.
Баязит Төлегенұлы - 1872 жылы бұрынғы Торғай оязы Қайдауыл болысы, Терісбұтақ бойында дүниеге келген. 1916 жылғы көтеріліс сарбазы, ұста, халық батыры. Амангелді батырдың ағасы Бектепберген басқарған ұсталар тобында сарбаздарға қажетті қылыш, найза, қалқан, айбалта соғып, ер-тұрман әзірлеген. Шебер сәулет өнерімен де айналысып, 1926 жылы Обалы қопасының солтүстік беткейіндегі қыр үстіне тұрғызылған Көшімбек бидің күмбезді кесенесін салған.
Жұмабаев Жармақ /шын аты Жармағанбет/-1902 жылы бұрынғы Ақкөл атырабы қазіргі Торғай облысы Жангелдин ауданы «Южный» совхозында дүниеге келген. Әкесі Жұмабай асқан зергер ұста болған. Жастайынан әке өнерін үйренген - Жармағанбет 13 жасынан ел алдына Жармақ деген атпен таныс болады. Ол жастайынан 1916 жылғы көтерілісте Аманкелдінің қолдауын тауып, сарбаздарға қару соққан. Алғаш қырықтық, кетпен, пышақ, шымшуыр, соғып бастаған. Жармақ кейінірек сақина, жүзік, алқа, білезік, шаштеңге, ер-тұрман, жасаған. Бүкіл Торғай даласына даңқы жайылған зергер, ұста, ісмер аталған. Отан соғысына дейін колхоз шаруашылығында ұста, соғыс кезінде қазіргі Жанкелдин ауданының Қызыл әскер, Еңбек, Торғай учаскелерін түгел қамтыған. Зұлым жауды жеңуде өз үлесін қосқан 1964 жылы құрметті зейнеткер атанды.
Қылышбаев Жәкіжан – 1891жылы Целиноград облысының, Ақтау өңірінде туып өскен. Жеті атасынан зергерлік өнерін кәсіп еткен. 1916жылғы ұлт-азаттық көтерілісте ағасы Бекежан екеуі қолына қару ұстап емес, күндіз – түні сарбаздарға қару-жарақ соғып көмектескен. Сол бір дауылды кезеңде Жәкіжан Қылышбаев былай дейді: Приставты өлтіргеннен кейін Рақымжан бізге келіп, /Қорғалжын даласындағы көтеріліс басшысы/ ағам екеуімізге қолқа салды. Қанжар, шоқпар, айбалта жасап беруді өтінді. Ағайындылар екеуіміз: 250 айбалта, 260 найза, 110 қанжар жасадық. Барлығы: 50 ұста жиналған едік. Олар 1500 айбалта, 3000 найза, 300 қанжар жасап шығарды.
Елікбай Мырзахмет– 1893 жылы Торғай облысының Аманкелді ауданы, бұрынғы «Екідің» қазіргі Сарыторғай совхозы деп аталатын жерде туып өскен. Өзі жас кезінен ағасы Қожахметпен тел өсіп, ата-кәсібі қолөнершілікті меңгеріп, ағаштан, темірден түйін түйген шебер атанған. Мырзахмет өнерді 12 жастан үйреніп, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарына дейін халық ішінде атағы көпке тараған қалаулы ұста, белгілі шебер атанған. Колхоз кезеңінде шаруашылықта колхоз ұстасы болып істеп, кейін басшылықта еткен. Азаматсоғысы жылдары маңдайының терін сыпырып, Аманкелді сарбаздарына ағасы Қожахмет екеуі қатар тұрып қылыш соғыпты. Осылайша ұстаның еңбегі бүкіл Қазақстанға жайылды.
Көгентаев Сәдуақас – 1898жылы қазіргі Торғай облысының Аманкелді ауданында туып өскен. Аталары: Қойбас, Елубай, Бердіқожа, Бейімбет, Тәутен, Көгентайдан бастап, жеті атасынан зергерлік өнерді мирас еткен, бесаспап шебер ұста болған. Шешесі Тәтікеш Есілбайқызы он саусағынан өнері тамған шебер болған. Сәдуақас 15 жасынан үлкен атасы Тәутен ақсақалдан өнеге алып, әкесі Көгентаймен үзеңгілес қызмет етіп, бала шәкірт жас шағынан аса ұқыпты да зерек, аймағына әйгілі зергер ұста болған. Өйткені үлкен атасы Тәутен зергердің атағы бүкіл Қазақстанға,терістігі Қостанай,батысы Ақтөбеге дейін жеткен шебер болған. Сәдуақас ат жетер ағайын арасында, қала берді Торғайдың кең даласын жайлаған елдің тұрмыс қажетін өтеген, қолынан келмейтін іс болмаған. Осы өңірде тұңғыш ұйымдасқан колхоздың темір ұстасы болды. Ол түрлі соғыстарда, сарбаздардың қаруын соғып беріп отырған. Мысалы: 1916 жылғы көтерілісте Амангелді Имановтың сарбаздарына қару-жарақ соққан. Сәдуақас кеңес өкіметіорнаған жылдары Аманкелді ауданы, қазіргі «Родник»совхозы маңындағы Жыланшық өзені бойында қоныс аударады. Он саусағы өнер құлағында ойнаған қарттық шағында,сәулетті таңның шапағын өнерімен қарсы алып, кеңестік отбасыға сонау алғашқы серіктестікке ұйымдасқан колективтік қоғамға қызмет етті. Отан соғысы жылдары 1941 -1945 жылдары техника жөндеумен айналысты.
Аяған Кенжебайұлы 1968 жылы өмірден өткен. Ұста өмірден өткенімен артында ата ісін жалғаған ұрпақтары қалды. Аяған ұста сонау сол бір соғыста Батпаққарада ұсталық жасаған. Аяған ұста тек темірден түйіп қоймай, ағаш шеберіде болған. Соның дәлелі ретінде 1961 жылы жасаған тал бесік көненің көзі ретінде сақтаулы тұр. Ақшығанақтағы мұражайда құнды заттардың барлығы Аяған ұстаның қолынан шыққан. Аяған ұстаның екі ұлы, екі қызы болған. Артындағы ұрпағының бірі Ғабдыраш кеңес кезінде аты мәшһүр ғаламға әйгілі болған. Әке көрген оқ жонар демекші, ізін жалғастырушы ұлы Торғайға мәлім белгілі ұста болып отыр. Осы жазба мәліметтің барлығы ұлының арқасы. Өзі өлседе,орнына үлкендей бір барша ғалам сиятын мұра қалдырып кетті. Ризамыз аты әйгілі қолөнердің негізін салған осындай азаматтарға. [4]
Амангелді Иманов он екі ұстаны, оның ішінде Жәлелді қару-жарақ жөндеп, әзірлеуге ұйымдастырған уақыттан бері жыл өтіпті, бірақ ол күндер әлі есімде, жадымнан еш уақытта шықпақ емес деп Жәлел атамыз осылай шерінтарқатады. Қария өз сөзінде Аманкелдінің өз ордасы тұрған Батпаққарадан 8 км-дей жерде өздерін орналастырғанын айтты. Қаймана қазақ қария сөзі бойынша: «еңбек еткен жалықпас» деген ұранмен олар күндіз-түні қару-жарақ соққанын айтқан еді. Ең алдымен ер қаруы бес қарудың бірі шиті мылтықтарды соға бастады. Қазақта «еңбектің наны тәтті» демеуші ме еді. Иә, Торғай даласының ұсталары жауынгерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етумен еңбекақысын таппаған. Бұлда дұрыс болғаны анық. Өйткені адам баласы өзін ғана ойламай, өзінің туған жерін ойлауы керек. Сөйтіп, Жәлел осы мақсатпен өзін күндіз-түні еңбек етіп, еліне қызмет етті. [ 5 ]
Ұсталық әбзел — ұсталық қалыптасу өндірісінде қолданатын құрал – сайман. Ұсталық көрік- көмір отынына арналған ұсталық көрік, дайындама қыздыру жүретін, көмір салатын, ұя тәрізді шұңқырошақ - шойын қорапша орнатылған, қаланған кірпіштен тұрады. Ұсталық ошақ - шойын қорапшадан және іргетасы қаланған кірпіштен тұратын, көмір отынды қодданып дайындаманы қыздыратын, ұя тәрізді шұңқырлы ошақ.
Ұсталық пісіру құймакесектің немесе дайындаманың ішкі ақауларын соғумен пісіру. Ұсталық ұзындатқанда өту; өтпе - дайындаманы өз осі бойымен бұрмай, соққышпен жүйелі кезекпен жаншудың жиынтығы. Ұсталық ұзындатқыш - дайындаманың көлденең қимасының ауданын азайту арқылы ұзындығын үлкейтетін операция.
Қолөнер халқымыздың мәдени өміріндегі көне дәуірден өріс алған салаларының бірі. Оның ішінде қазақ салтымен біте қайнасқан қолөнер түрі – зергерлік. Торғай облысында бұл өнердің өте жоғары дәрежеде өркендегеніне республикалық, облыстық мұражайларда қойылған зергерлік бұйымдар дәлел. Бұл күні зергерлер мүлде жоқ деп айту қиын. Дегенмен, қазір ұлттық рухымызға тән оюлы, әшекейлі күмістен соғылған сақина, сырға, білезіктерді өте сирек кездестіреміз. Көре қалған күнде де, баяғы сән – салтанаты мол өмірмен қауышқандай зор әсер алар едік. Алтын, күміс, темірді сазша илеп, он саусағынан өнері тамған зергерлерімізді осы кезде таңдай қағып, еске аламыз. Сондай керемет зергер ұстаны осыдан қырық жыл бұрын көріп едім. Сонау жетпісінші жылдардың ортасына дейін өмір сүрген ол зергердің есімі – Аяған Кенжебаев еді. Ол – ел арасында аты аңызға айналған шебер болатын. Аякең кезінде Амангелді Иманов бастаған ұлт – азаттық қозғалысқа қатысқан, көтерілісшілерге мылтық, найза, қылыш, айбалта, соққан ұста еді деп еске алады Жұмат Әнесұлы.
Ұстаның тегіне тоқталсақ, Торғайдың Тосын болысын1873-1915 жылдары басқарған атақты Дәуренбек болысқа сөздің реті келгенде құрдастары: «Е, Дәуке жасыңыз келіп қалды,сіз кеткен соң өзіңіздей адам бізге табыла берер ме екен, сіздің орныңыз толмайды ғой», - дегенде Дәуренбек: «Дәуренбектің орны толады, амандық болса әлі талай Дәуренбек туады. Бұл өңірде үш адамның орны толмайды, Самтықбайдай есепші болмас, Ізбастыдай оташы болмас, Кенжебайдай сыншы болмас» деген екен. Осындағы Кенжебай –Аяған ұстаның әкесі. Атағы атбегі болған адам. Ол кісі ат жаратып қосқан Кенжебай Шұбар, Әуесбай Күрең деген аттар талай жылдар бәйгенің алдын бермей өткен. Жүйрікті жазбай танитын сыншы болған. Руы - Байғозы Бақай. Ұстаның өмірге келуінің өзі хикая. Кенжебай есейіп қалған шағында ер жетіп қалған екі бірдей ер баласы өліп қайғыға душар болады. Жасым келіп қалғанында мынадай болдым, енді ұрпақсыз өтемін-ау деп қайғырып жүргенінде әйелі аяғы ауыр болып дүниеге ұл бала әкеледі. Кенжебай: «Е, Құдайым мені аяған екен ғой»деп баланың атын Аяған қояды. Одан соң тағы бір ұлды болғанында «О, Тоба» деп Тобаған қояды. [ 6 ]
Аяған ұста 1896 жылы Жанкелдин ауданы Ақшығанақта дүниеге келген. Өз заманында атағы алысқа кеткен,темірден түйін түйген ұста болған. Ол кісінің бойындағы шеберлік бала жасынан біліне бастайды. Бес жасар кезінде үйде қаптап кеткен тышқанды құрту үшін тышқанға қақпан жасайды. Есейгенде ой-өрісі кеңейіп, шеберлігін арттырып, нағыз ұстаға айналады. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Аяған ұста қару – жарақ соққаны жөніндегі деректер тарихшы – ғалым М. Қозыбаевтың зерттеу еңбектерінде кездеседі. Жұмат атамыздың айтуынша: біздің бала кезімізде де Аяғанның Аманкелді сарбаздарына мылтық соққанын ауылдың үлкен – кішісіне дейін ертегідей қып айтып отыратын. Оны растығына кейін көзім жетті. Өйткені, 1960 жылға дейін Торғай поселкесінде болған Амангелді Иманов және Арқалық өлкетану мұражайларында 1916 жылғы көтерілісшілердің пайдаланған білтелі мылтықтары мен қылыштарын көрдік. Сол кездің куәгерлері, бүгінде көзі көрген қариялар шиті мылтықтарды тек, Аяған ұстаның жасағанын айтатын. Аякеңнің қолынан шыққан мылтықтан Амангелді батыр тиынды атып түсіргенін көрген кісілер де болған екен. Сонау бір кезде қолдан жасалған дегесін, мұражайдағы шиті мылтықтың ұңғысын қарап көріп едім, оқ шығатын жерінің тесігі ұзын бұрғымен тескендей түп – түзу екен. Ұстаның шеберлігіне таңқалдым.
Су маманы, Торғайлық мынандай әңгіме айтқаны бар еді: «1920 жылдары Торғай поселкесінен үш – төрт шақырым жерде су құбырына ор қазып жүргенде шиті мылтықты тауып алдық. Бұл ұңғысының оқ салатын жағын күмістен, оюлы зер салған мылтық еді. Ұңғысына иесінің атасының ата – тегі жазылған екен. Мен бұл мылтықты сол кездегі облыстық сол кездегі облылыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков сұратқасын, осы Арқалық өлкетану мұражайына тапсырып едім. Сол мылтық бұл күні мұражайда жоқ болып шықты. Ондағылардың айтуынша республикалық орталыққа қайта жөндеуге жіберіпті. Менің естуімше, он алтыншы жылғы көтерілісте мылтық жасаған Аяған ұста ғана болған екен. Сондықтан да бұл мылтық Аякеңнің қолымен соғылған мылтық деп ойлаймын. Менің әкем 1955 – 1966 жылдары XXI партсьезд атындағы ұжымшарда қызмет етті. Аяған ұстаны сол кезден білетін адам. Тығыршық келген орта бойлы, шоқша сақалды сары кісі еді. Оның қолынан шыққан күміс, сақина, білезіктер, қапсырмалар әдемілілігімен көз жауын алатын. Аякең ат әбзелдері – ер, құйысқан, өмірліктерді де күмістен әшекейлейтін дейді Жұмат атамыз.
Жұмат атасының әкесі Аякеңе бір ту қой беріп, арнайы жасатқан күміс пышақ біздің үйде әлі күнге дейін бар. Оның сабы киіктің мүйізінен сапталып, күміспен, күптелген. Пышақтың алмас қырына менің аты – жөнім және жасалған жылы, күні, айы ойып жазылған. Яғни, бұл 1964 жылы еді. Оған 36 жыл өтсе де алмас жүзі мұқалмаған, әлі қалпылдап тұр. Марқұм Аякең шаш алатын ұстара да жасай беретін.
Жерлесіміз Ғафу Қайырбеков «Большевик ауыл» дастанын жазған ақын. 1993 жылы ол елге келгенде күміс пышақтың әдемілілігін көріп, зергердің шеберлігіне көңілі толып еді. Бұл затқа Ғафаң өз шығармасына қатысы бар адамның затын көргендей қанаттанып қалды. «50 – ші жылдардың ортасында» «Большевик ауылды» жинақтап жүргенімде Аяған туралы естігенім бар. Ақынның «Шебер» атты өлеңі осы сегіз қырлы жандарға арналған еді. Шынтуайтында, бұл өлең Аяған тәрізді сирек кездесетін киелі зергер – ұсталардың жан – дүниесін, өнерінің биіктігін жеткізер еді оқырманға:
«Зергер», «Ұста», «Шебер» деген сөздердің
Мұндай ісін, мұнша күшін сезген кім.
Жаңа ғана қарапайым жан едің,
Ендігі бір сәт құдіреттей өзгердің,
Өзгердің де нұр тамшылап қолынан,
Қанат алып, ақ шабыттың жолынан,
Дүниені әшекейлеп жөнелдің
Айнытпастан жаратылыс формынан.....
Дарын қонған тума зергер туралы асыл сөз айтылса, осылай болса керек еді. 1966 жылы ел арасында белгілі азамат, кәсіпкер Ерболат Төлегеновпен бірге елге барған еді. Әуел бетінде ауылдың үлкендеріне кіріп сәлемдестік. Соның бірі – 90 - нан асқан Әбдікәрім деген ақсақал еді.
Ол А. Иманов көтерілісі кезінде халық киізге көтеріп сайлаған екі ханның бірі – Оспан ханның баласы болып шықты. Жергілікті жұрттың айтуынша ол 37 – ші жылы жаламен айдалып кетіп, елге кейінгі жылы ақталып оралған. Біз көргенде 100 – ге жуықтаған қарт науқастанып жатыр екен. Сұңғақ бойлы, кезінде келбетті адам болғанға ұқсайды. Әбекең сол жылғы қысқа әңгімесінде былай деп еді.
37 – ші жылғы нәубетте Аяған екеуміз бірге ұсталып, Сібірге де бірге айдалдық деген ақсақалдың айтуынша, Аяғанның Сібірге дейін бармай елге оралуына кенеттен болған жолдағы оқиға себепкер болыпты.
«Халық жаулары»деп айыпталғандар тиелген эшелеон Колымаға бет алып бара жатып, Сібірдегі Тайганың ортасында қақақаған аязды күні тоқтап қалады. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, поезд өз орнынан қозғала алмайды. Орысша білмейтін Аяған тұтқындар тиелген вагонда бірге келе татардан неге тоқтап тұрғанын сұрайды. Ол поездың дөңгелегін айналдыратын шойын білектің сынғанын, эшелонның тоқтап тұрған себебі сол екенін түсіндірді. Содан Аякең сынған белдігін барып көріп, оны жөндеп бере алатынын тілмаш арқылы жеткізеді. Аякең көрік жасатып, ағаш жақтырады. Табанда жаңағы сынған белдікті жалғастырып берген екен. 40 градус аязда тұтқын халықты қырылудан сақтап қалуға себепкер болғасын ба Аяғанды сол жерден елге қайтарыпты.Оспан ханның баласы Әбекеңнің аңыздай қылып айтқан сыры осы еді.
Аяғанның ұстаханасында болып, зергер өнерін қанық білетін Қабжан Сәрсенбаев деген азамат: «Аякең ауыл шаруашылық машиналарының бөлшектерін қолдан соға беретін. Оның пышақтары, балғалалары алмастай өткір. Темірді шыңдалудың терең сырлары мен тәсілдерін білуші еді» - дейді.
Бала кезінді Аяған ұста Қазасалған деген жерде тұрды. Жазғы каникулда Аякеңнің ұстаханасынан шықпаушы едім, - деп тамсана еске алады заңгер Қуантай Шынтеміров. Ұзын темір белдіктерді сазша илеп, қалаған бөлшектерді қалыпқа құйғандай етіп шығаратын. Мен көрігін басып, көмек көрсетіп жүретін едім, соған разы болған шығар, зергер шағын төс пен қысқыштарды арнайы маған соғып берді. Оларды Аякең көзіндей көріп, осы күнге дейін сақтап жүрмін.
Иә, сән – салтанатымызды асыратын, Аякеңнің қолынан туындаған зергерлік әшекей бұйымдар ел арасына кезінде көп тараған, олар әлі де бар. Ел Аякеңнің есімін әрқашан құрметпен еске алады. Аяған тәрізді зергерлер бүгінде сирек. «Аяған киелі зергер, аруақты ұста еді ғой. Ондай қасиет екінің біріне қона бермес» деп отырушы еді қариялар.
Аяған Ғабдыраш деген баласы болды. 1982 жылы А. Иманов атындағы ауылда өткен шопандартойына Торғай облысының барлық ұжымшарлары қатысты. Онда әр шаруашылықтың киіз үйлерін тігіп, салт – дәстүрлерін халыққа көрсету дәстүрге айналған кез тұғын. Сол шопандар тойында XXI партсьезд атындағы ұжымдар тіккен киіз үй алдында Қабдыраш Аякеңнен қалған көрік, ұста құралдарымен сақина, білезік, соғып отырғанын байқап, қолыма алып көріп едім, қатардағы дүниелер екен.
Ауылдың барлық құрал–саймандары Аяған ұстаның қолынан өтіп отырған. Ақшығанақта совхозы 1960 жылы құрылған. Оған дейінгі колхоз уақытында шаруашылыққа қажетті техника көп бола қоймағаны белгілі. Міне, сол уақытта барды ұқсатып пайдалануға туракелді. Әсіресе шөп шабу науқанында косылканың сынған орақ, тырмасынт.б бөлшектерін жөндеп – жалғапмалға қысқы азық дайындауғакөп үлес қосқан. Аяған ұста тек темірден түйін түйіп қоймай, ағаш шебері де болған. Соның дәлелі ретінде 1961 жылы немересі Мақсұтқа арнап жасаған тал бесік көненің көзі ретінде әлі сақтаулы тұр. Бұл бесікте ұстаның шөберелері де тербеліп өскен. Ақшығанақ ауылында белгілі ақын, марқұм Кеңшілік Мырзабеков атындағы мұражай бар. Мұражайдың ең көне жәдігерлері ұста қолынан шыққан, тұтынған бұйымдар. Мысалы: көрігі, кісен, сақиналары т.б бұйымдары сақтаулы тұр.Аяған ұста ескіше оқыған, діни сауаты болған адам. Жалпылай айтқанда, яғни атамыздың өнері көркем, еңбегі ерен, беделі мылтықтай берен.[ 7 ]
Жәлел Бекмырзаұлы - 1887 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Үрпек ауылында өмірге келген. Көзі көрген ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Жәлел Бекмырзаұлы темірден түйін түйген ұста, шебер, ісмер адам. Түрлі материалдардан тұрмысқа қажетті заттар, әшекей бұйымдар жасаған. Ұлт-азаттық көтерілістің қатысушысы және ұстасы болған. Сарбаздарға бес қаруын жасап беріп отырған. Жасаған қару-жарақтары Қостанай облысындағы «Өлкетану» мұражайында, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі» тарихи мұражайына және ауданымыздағы А.Иманов атындағы мұражайда сақталған.
Атамыздың шыққан тегін айтатын болсақ: Тайпасы Ұзын Қыпшақ, руы Елке, Елкеден Ораз, Ораздан Жаңбыршы, одан Отарбай, одан Бекмырза, оның баласы Жәлел. Жәлелдің жалғыз баласы Жапар 1936 жылы туған, оның үш айлығында әкесі Жәлел 1937 жылы «халық жауы» деген желеумен Қостанай облысы орталығына жауапқа шақырылған жерінен оралмай, атылды деген хабар келеді.
Артында қалған жалғыз баласы ер жетіп, башқұрт қызы Фания Шахиңгерей қызымен отау құрады. Бұл отбасында алты ер бала, үш қыз бала өмірге келеді. Аттарын атасам Мәлік, Манарбек, Анарбек, Гауһар, Ғарифолла, Гүлнар, Жанар, Орынбасар, Құрманғазы деген балаларын өмірге әкелген. Бүгінде ұстаның ұрпақтары әрқайсысы отбасылы болып, балаларын тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.
Тәуелсіздік туын көтерген дәуіріміздің бір игі жұмысы тарихымыздың қараланған беттерін тазартып, бұрмаланған шындықтарды түзетіп, жабулы қалғандарын ашып, жалған жалаға ұшырағандарды ақтап, олардың анық орны мен бағасы бүгінгі күндері берілуде. Жәлел Бекмырзаұлының да жалған жаладан азат болуын ұрпақтары қуана еске алады.
Аты аңызға айналған ұсталар мен шеберлер Торғай өлкесінде де аз болмаған. Атақты азаматтардың бірі-Аманкелділік Мырзахмет Елікбайұлы \1893-1986 ж.ж\ еді. Ол туралы кезінде республикалық “Өнер” баспасынан шыққан зергерлер туралы кітапта жан-жақты баяндалғанын жұртшылық жақсы біледі. Мырзекең дүниеден өткенінше зергерлік кәсібін ардақтап өткен ақсақал болатын. Келіні “Батыр ана”, “Алтын алқа” иегері Алтын Кәрішалқызының айтуынша ұстаның еңбегін елі ғана емес, колхоз, совхоз және аудан басшылары да жоғары бағалаған. 1973 жылы марқұмның жасы 80-ге толар тұста Аманкелді ауданының сол кездегі бірінші хатшысы Сартай Омаров шеберге “Коммунизм жолы” совхозының орталығы Қарасу ауылынан үлкен жеке үй салдырып берген көрінеді. Қария мұнда он үш жыл өмір сүріпті. Мырзекеңнің ұсталық өнерін өз балалары Қабижан, Қалижан, Кәрімжандардың ұстауының реті келмепті. Қарияның жасы 70-ті орталаған шағында ұлы Қалижанның баласы Бейбіт қасында жиі болыпты. Қарт зергер өзінің өнерін осы немересінің бойына сіңіруді қалапты. Оған ұста дүкенінде көрік бастырып, күміспен, алтынмен қалай жұмыс істеуді үйрете бастапты. Өзге немерелеріне қарағанда Бейбіт жуас әрі сабырлы, тиянақты болған екен. Немересінің мінезін ұнатқан зергер бірде немересіне:
-Бейбітжан, ұсталық, зергерлік-қасиетті кәсіп. Олар адам өміріне аса қажетті әрі киелі саналатын темірмен, болатпен, алтынмен, күміспен жұмыс істейді. Ұсталық төзімділікті талап етеді. Сенің бойыңда осы қасиет бар. Менің жасаған заттарымды көріп, көзіңді үйретіп, таныса бер. Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Бізге бес атамыздан ұсталық дарыған. Жетінші ұрпақ сенсің. Бар білгенімді саған үйретіп кетсем-арманым жоқ. Зергерлердің де бақыты-ісін ұрпағының жалғастыруы болып табылады. Осыны есіңе ұста. Зергерліктің күні өткен деп ойлап қалма, -дейді. Бейбіт атасының сөзінің құп алып, мектептегі сабағынан келген соң, ертеңгі тапсырманы орындап тастап, ұста дүкеніне келіп, ардақты атасына көмектесіп, зергерліктің қыр-сырын үйрене бастайды. Орта мектепті тәмамдаған соң қазіргі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік Университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, мамандық алып, елге оралды. Қарт ұста маман болып келгеніне қатты қуанды. Бұл кезде оның жасы 85-ке келген, көзінің нұры азайған шағы еді.
-Бейбітжан, мамандығың құтты болсын! Елге қызмет жаса! Қолың қалт босай қалса, ата кәсбің зергерлікті жалғастыруды да ұмытпа! Мен сенен үміт күтемін,-дейді.
Арада бір жыл өткенде қарт ұста бақилық болды. Бейбіт болса мамандығымен қызмет істеп жүрді. Арада 5-6 жыл өткенде ел Тәуелсіздігін алып, нарықтық экономикалық қатынас басталды. Қырсыққанда Бейбіт жұмыссыз қалды. Келіншегі ауыдағы орта мектепте мұғалім болатын. Ақылдаса келе, жұмыс іздеп, ауылдан көшуге бекінді. Жолдасы балаларға білім берсе, Бейбіт қолдағы малын бағып, қатардан қалмады. Қол қусырып бір күн отырған отырған жоқ. Арасында “Ақ жол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде біраз жыл бас эконмист болып қызмет атқарды. Ол жабылып қалған соң қайтадан өз үйінде малын бағып, қарекет етіп жатты.
- Мал ұстаған соң, бір үйге бір адам керек екен. Алты ай қыс төрт-түлікті бағудан қолым тие бермейді. Дамыл көрмеймін. Ал көктем шығысымен Астанаға барып, жұмыс істеп қайтамын. Қарап отыруға болама? Еңбек етпеген адамға нәпақа қайдан табылады? Соңғы кезде қыс айларында атамның кәсібі зергерлікпен айналысып жүрмін. Онда да ауыл және аудан тұрғындары тапсырыс берген соң түрлі қолөнер бұйымдарын жасаймын. Сақина, алқа, білезік, шашбау және басқа да зергерлік бұйымдар жасаймын. Өзімде алтын, күміс жоқ. Бағалы бұйымды сатып алатын қаражат көзі жоқ. Жұрт өзі әкеліп береді. Сол әкеліп бергендерімен жасап жүрмін. Атам марқұм маған өзінің қара көрігін, құрал-саймандарын түгел сыйлаған еді. Асыл мұраның барлығын құрметтеп ұстап, сақтап келемін. Көрігі де үйімде тұр. Зергерлік бұйымдар жасасам, бойым жеңілдеп қалады. Істеген заттарымды көріп, өзімше ләззат аламын. Атамның ұста дүкені өзі ұзақ жыл тұрған Чкаловтағы ескі үйінің жанында сақтаулы тұр,-дейді Бейбіт.
Қазақтың қолөнері ешбір халықтың қолөнерінен кем еместігін бүгінде әлем жұртшылығы мойындағаны белгілі. Ал ұсталық– ұлттық рух сана – сезіміміздегі бұлақтың бастауы болып саналады. Бұрын тіптен құрметті болған. Қазір де қасиетін жойды деуге болмайды. Бейбіт мұны жақсы түсінген. Қолынан шыққан зергерлік бұйымдардың сапасы жаман емес.
-Бизнестің барлық түрін дамытқан дұрыс. Соның ішінде қазақтың ежелгі қолөнері бизнесін дамытуға назар аударылса құба-құп болар еді. Мен он үш бала туып, солардың онын тәрбиелеп өсірген ардақты анамын. Аллаға шүкір, балаларымның барлығы да жоғары білім алып, әр салада жұмыс істеп, қызмет етіп жүр. Атам мен енемді алақанымда аялап бақсам, олар менің балаларымды бағып, қағып өсірді. Солардың ішінде атамның жолын Бейбітімнің ұстағанына іштей қуанамын. Қазір Бейбіттің өзі 50-ден асып барады. Жоғары білімі болса да ауылда отырып қалды. Мүмкін Алла тағала оған атасының зергерлігін жалғастырсын деп осындай мүмкіндік беріп отырған шығар. Аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту орталығы Бейбітке қазақтың қолөнерін дамытуы үшін қайтарымсыз грант берсе жақсы болар еді деп ойлаймын. Қазір аудан бойынша қолөнершілер жоқтың қасы. Өйткені, бүгінде жұрттың көбі тіршілікке пайдалы, қолайлы кәсіп іздеп кетті. Ал біразының өз бетімен қолөнер бизнесін дамытуға қаржысы жоқ.
Иә, қай ана болмасын балаларының кәсіп етіп, еңбек еткенін қалайды. Апай үшін Бейбіт әлі бала. Былай қарасақ, балаларымның бәрінің де қызметі бар. Жұмыссыз жүргені Бейбітім ғана. Сондықтан да, халқымыздың киелі өнерлерінің бірі-ұсталық пен зергерлікті дамытуға тиісті орындар мән берсе екен деп ойлаймын. Егер осындай қолайлы жағдай жасалса, Бейбітім атасы сияқты темірден түйін түйген атақты зергер ұста болары,-анық дейді анасы Алтын Кәрішалқызы.
Бейбіттің ұста дүкені үйінің бір бөлмесі. Біз оның ұста дүкенінде болып, өзімен әңгімелесіп, жасаған қолөнер бұйымдарын көріп, танысқанда білгеніміз: ол аузы ауыр, биязы, жүзіне иманы үйірілген, инабатты азамат екен. Мен ауылынан аттанарда:
- Жасым 50-ден асқанда қайда барамын. Енді қарап отырмай еңбек етіп, төрт-түлік малымды бағып, қолым босаса немесе түнемелік тапсырыс берушілердің зергерлік бұйымдарын жасап берумен айналыса бермекпін. Қол қусырып, құр қарап отыруға болмайды ғой. “Қарекет жасағанның берекеті болады” деп бұрынғылар бекер айтқан ба! Алда-жалда аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі тарапынан халқымыздың қолөнерін дамытуға грант беріліп жатса, осы кәсіпті кеңейтіп, жоғары деңгейге жеткізгім келеді. Қаржы көзі болса зергерлік бұйымдарды әдемілеп жасап, сапасын осы заманғы биік деңгейге шығаруға қабілетім жетеді деп ойлаймын. Қаржыны игерудің көзін де жақсы білемін. Қанша дегенмен жоғары білімді экономист қаржыгермін ғой,-дейді Бейбіт Қалижанұлы. Адамның не істеуі өзіне байланысты емес пе. Кей-кезде ата-дәстүр салтын ұмытпағанымыз парыз. Қазіргі күнде біз осындай азаматтарды бағалап, мақтан тұтуымыз керек. Себебі өз дәстүрін сүйетін адам, ол өз елінің ертеңі мен келешегін ойлайтыны анық.[ 8 ]
Елікбаев Мырзахмет 1894 жылы Сарыторғай бойындағы Екідің ауылында дүниеге келген. 12 жасынан бастап жеті атадан келе жатқан аруақ ұста зергерлікке жетелеген ағасы Қожахмет екеуі ұсталықпен де, зергерлікпен де айналысқан. 1916 жылғы ұлт - азаттық қозғалыс кезінде Қараторғай болысы бойынша Әбдіғаппар, Аманкелді бастаған сарбаздарға қолдан қылыш, берденке мылтығын соққан.
1932-1933 жылдары Жалдамаға көшіп келіп Ақсай деген жерге қазіргі Чкалов ауылында тұрған. Сол қиын-қыстау заманда елін – жұртын аштықтан аман сақтап қалған. 1934-1935 жылдары жергілікті тұрғындар серіктестік құрған. Серіктік Қоғалы серіктестігі деп аталған. М.Елікбаев осы серіктестіктің ұйымдастырушысы болған.
1939 жылы Алматыда өткен колхозшылар сьездіне Стахановшы - колхозшы ретінде қатысқан. Соғыс жылдарында броньмен тылда қалып, ауыл шаруашылығы техника бөліктерін қолдан соғып, техниканы тоқтатпай, соғысқа өз үлесін қосқан. Бірнеше мақтау грамоталарын Отан соғысы жылдарында медальмен марапатталған. Кейіннен 1960 жылға дейін бұрынғы Чкалов колхозы, кейіннен Коммунизм колхозында ұста болған.
1961-1962 жылдары құрметті пенсияға шыққан. Өзі 1985 жылы қараша айында 92-ден 93-ке аяқ басқан шағында қайтыс болған. Әкесі Елікбайдан бес ағайынды 1. Сүлеймен 2. Қожахмет 3. Сейдахмет 4. Мырзахмет 5. Мырзабек, Сүлейменнен Төлеген, Әбікен, Төлегеннен Жолтай Чкалов ауылында бірнеше жыл тракторист болып істеген, қазір пенсияда. Қожахметтен Назымбек, Назымбектен Мейрамхан, Бауыржан. Мейрамхан қазір Жезқазған қаласындағы драмма театрында жұмыс істейді. Бауыржан Арқалық қалалық түрмесінің зам.директоры, атағы капитан. Сейдахмет ерте кезде қайтыс болған, бала жоқ. Мырзахметтен Қабижан, Қалижан, Кәрімжан. Қабижаннан: Жұмахан, Бақытжан, Жасұлан, Таңатхан, Ерлан, Руслан. Бақытжан ата жолын қуған өнер иесі, қазір Алматыда өнер академиясында сабақ береді. Өзі Москваның Суриков атындағы өнер институын бітірген.
Ерлан әке жолын қуған. Қазір Рудный қаласыында сот. Әкесі Қабижан 35 жыл сот болып істеп, 1994 жылы 64 жасында қайтты.
Қалижан 1958 жылдан механизатор, әртүлі жұмыстар істеген. Қалижаннан: Рамазан, Бейбіт, Төлеужан, Өміржан, Қайыржан. Мырзахметтің ұлы Қабижан өзінің «Ақ тілек» кітабында былай дейді: «Әкем зергерлігімен ел жұртына танымал болған жан еді».
Ұлы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Қазақ өнерінің тарихы» атты 3 томдық еңбегінде әкемнің зергер-ұсталығы жөнінде айрықша тоқталған дейді ұрпақтары. Өнер зерттеушісі Ә.Тәжімұратов «Шебердің қолы ортақ» деген еңбегінде Мырзахмет ата ұстаған алтын, күмісті балқытқан қара көріктің аруақты екеніне көз жеткізе жазды. Әркім де туған әкесін дүниедегі ең жақыны, ең асылы екенін айтуға тиіс. Сол сияқты ағамызда өз әкесін дүниеге келген адамдардың ішіндегі ең адалы, ең дарқаны, аса ізгі, сиректе сом тұлға дер едім дейді. Мүмкін, бұл баға Мырзахмет атаны тысқары білетіндері үшін тым артық та көрінуі мүмкін, ал бұл кісімен бірге жұмыс жасасқан, дәмдес – тұздас, сырлас болғандар дау айтуы мүмкін емес дейді ағамыз. Қысқаша айтқанда, өмірге нағыз адам болып келіп, нағыз адам болып өтті.Бұл кісінің қадір – қасиеті туралы өмірден ерте өткен аяулы жерлесім, жолдасым, журналист – ақын Қайыржан Елешов 1943 жылы мынадай толғау жазып қалдырған дейді ағамыз. Бұл өлең былайша сыр шертеді:
О, Мырзеке, Мырзеке,
Ұста болдың ұстамды
Әміріндей темірдің,
Балқытқандай деміңмен,
Қоламтасын көмірдің,
Жер сілкінткен вулкандай,
Лавасы күшті көрігін,
Жайсаңында қызыл шоқ,
Темірге жем өрігін.
Ат табанды, ай шынды,
Қолдағы балға берігін.
Болат төсін құс мұрын
Жанындағы серігін
Ара таңдай қысқышын
Сым тартатын көрігін,
Қолыңа алсаң темірдің,
Біріншісін жемірдің,
Екіншісін бір іс қып,
Үшіншісін күміс қып,
Төртіншісін түймелеп,
Бесіншісін үймелеп,
Алтыншысы шығыршық,
Жетіншісі тұрды тығыршып.
Сегізіншісі сақина,
Тоғызыншысы шытыра.
Оныншысы жүй еді.
Он бірін бент қып түйредің,
Он екінші ораққа,
Он үшіншісін қару-жараққа
Он төртінші дөкет дұз,
Он бесінші қашау біз.
Осы өлеңді алып оқып, Мырзахмет ата Қайыржанды шақырып алады. – Ал Қайыржан мынандай өлеңнің қолқасы немен өлшенбек? – деді. Сонда Қайыржан өзіне тән қарапайым қалпында жымия түсе:
- «Мырзеке, менің осы өлеңді жауыма сіздің табиғатыңыздағы өзгеден ерек түр тұлғаңыз, мінезіңіз, іс-қимылыңыз, арқау болғанына, өлеңіне өлшем боларлық адам жанымда екеніне қатты қуанған едім. Әкелі- балалы арадағы сыйластық тым еленбей қалмасын, маған бар болғаны сіздің қолтаңбаңыз есебінде ұзақ жылдар ескерткіш үшін жақсылап бір домбыра жасап берсеңіз болғаны» - дегені бар емес пе дейді ағамыз.[ Қосымша 4 ]
Домбыра бір жетіде дайын болып, ақынға тарту етілді.
Мырзахметтің немерелерінің бірі Мәскеудегі Суриков атындағы мемлекттік көркем сурет инситутытының түлегі, бүгінде қазақ мемлекеттік көркем сурет академиясының оқытушысы Бақытжан Мырзахметовтың қылқалам туындыларының біразы Алматы – Астана, Москва – Петербург көрмелеріне қойылып, көрермен ілтипатына бөленді. Бақытжан Мырзахметовтың бүгінде бүкіл халқымыз 200 жылдығын тойлап жатқан қазақтың біртуар ұлы Махамбет Өтемісұлының портретін салуы және жаңа стилде көрсетуі бүкіл суретшілер қауымын дүр сілкіндірген оқиға болды.
Жастайынан атасы соққан зергерлік бұйымдарға көзі қанығып өскен суретші. Жігіттің барлық шығармалары да халық өміріне, оның тұрмыс - тіршілігіне сәйкес болып келеді. Ақсай ауылының шығысында үлкен қорым бар. Соның ортасында шығыстық үлгіде кірпіштері шебер қиюласқан мазар бар. Оны халық зергері М. Елікбаевтің балалары мен немерелері, шөберелері тұрғызған. Ұстаның өзі соғып шығарған көздің жауын алар әдемі де, әсем зергерлік бұйымдар сияқты мазары да алыстан ерекше көз тартады.
Ата жолын қуған оның немерелері атағы бүгінде таяу шетел халқына танымал болуда. Үстіміздегі жылы Президенттік мәдени орталықта оның немересі Бақытжанның жеке көрмесі мамандар, халық тарапынан зор бағаға ие болды.Мырзахмет ұстаның қолынан шыққан зергерлік бұйымдары Торғай атырабы, Қазақстанның қиыр шеті шартарабына тараса, немересі Бақытжан Еуропаша білім алып, қазақ қол өнерін өркениеттер өнерімен ұштастырып, атағы әріге кетті. Третьяков галериясына еңбектері қойылды. Оның қазақ өмірін суреттейтін «Қош», «Жеті жарғы», «Кәмпеске» шығармалары халқымыздың өткен тарихын шынайы көрсетер шығармалар.
Халық ұстасының екінші бір немересі Бейбіт ауылда жеке шаруашылықта жұмыс істейді. Ата жолын қуған ұл бос уақытында зергерлік жұмыстарымен айналысып, сақина, білезік, сырға, шолпы, т.б. әшекей бұйымдарын жасаумен айналысады. Ол жасаған сәндік заттар нәзіктігі, ойлылығы, үйлесімділігі, әсемділігімен халықтың зор ілтипатына ие болуда. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына арнап жасаған, оның символикалық белгісі мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
92 жасқа дейін барлық саналы өмірін ел игілігіне жұмсаған, колхоз совхозының жұмысында «Стахановшы» озат атанған халқына қадірлі, еліне құрметті Мырзахмет Елікбаев ұстаның мол мұра зергерлік бұйымдарын ғана емес, өз ісін жалғастырар, өзі бастаған шеберлік өнерді алға сүйрер осындай ұрпаққа тәрбиелеп кеткен адам [9].
Көпшілік арасында ықпалға ие болған ұсталық, зергерлік өнер-өткен ғасырда өте танымал болған. Сол танымалдылылыққа ие болған Торғай жерінің біртуар тумасы Жұмабайұлы Жармақ\1902-1994\. Жармақ ұстаны жұртшылық қауым “Шебердің қолы ортақ” атты кітап қолжасбасынан таниды. Кіші қызы Манат апаның айтуынша: Жармақ Торғай даласы тұрғындарының кем-кетігін жамап, сол сүрлеу заманда өз өнерін, елімен сүйсіндірген керемет азамат болған. Бала Жармақ жастайынан Ақкөл атырабында 13 жасынан бастап ұста болған. Ол ұсталықтың қыр-сырын меңгерген, ісмер, бесаспап азамат атанған.
Батырдың аты өлмейді,
Ақынның хаты өлмейді.
16 жасында асқар тау әкесінен айырылғанда да мойымай, қос анасын алақанына салып баққан. Кедей шаруа тұқымынан шықса да, туысқан отбасын асырауға қам-қарекеті жететін еді. Ақша табу сол заманда оңай емесекені бәрімізге белгілі. Сол үшін ол өз ауылынан тысқары жатқан Семиозер совхозына қоныстанған. Бұл жыл апамыздың айтуынша: 1926-шы жыл дейді. Кім өз елінен еш жағдайсыз безді дейсіздер? Бірақта соған қарамай ұста осы сапарына аттанады. Бұл сапарында Жармақ атамыз дәулетті кісілерге жалданып, өмір сүру қажеттілігіне байланысты \ат әбзелдерін, мата киятын қайшы, қой қырқатын-қырықтық\ заттарды жасаған. Осылайша Жармақата-анасына қолғабыс танытып, көмектескен. Жармақ бұл сапардан ақшаға толы қоржынын қампитып,1928 жылы жалғыз ағасымен бірге еліне қайтады.
Иә, Жармақ сияқты азаматтың атын ұмытпауымыз керек. Өйткені қиын қыстау кезеңде өз отбасы, өз елі үшін тер төккен даңқты батыр, шеберіміз де соғысқан. Жармақ ұста 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде 300-ге тарта найза, бірқатар білтелі мылтық, басқа да қару-жарақ түрлерін соғыпты. Міне, осы уақыттан бастап Жармақ Жұмабайұлы ұсталықтың шеберлік шыңына берік сеніммен өрлей бастаған. Ұстаның ересен шеберлігі ауыл арасын ғана қамтып қоймай, облыс көлемінде де мақтауға ие болған. Өзі кедей адам болғандықтан ба, 1928 жылдар аралығында ұжымдастыру болған кезде тәркілейтін заты болмаған. Тек өзінің көне көз құралдары ғана қалған. Батыр да, батыл атамыз 1932-1933 жылдары ашаршылық кезінде атақты ұста – қиын-қыстау кезеңде қорлық көрмес үшін, бала, жан амандығын сақтау үшін сонау шалғайдағы Науырызым, Сыпсың жағына ығысып, қайын жұртында бас сауғалаған. 1933 жылы «Өз үйім - өлең төсегім» демекші ауылына қайта оралған. Келгеннен соң, нағыз патриот атамыз – елім, жерім, деп колхоз қызметіне де араласқан. Сондықтан да атамыз өз еңбегін өзі де ескермей, қарапайым сөзбен ғана «іс соқтым» деп сөйлеген. Атамыздың Абай сөзімен айтқанда: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап» деген сияқты сөзі деп түсінемін. Батыр атамыздың еңбегі ерен екенін түрлі жағдайда байқай аламыз. Мысалға айтар болсақ: Жармақ ұста «Қабақ», «Шөмішкөл», «Саға», «Збан», «Жаңақұрал» ауылдарының ардақты ұстасы болған. Көріп отырғанымыздай батыр тұлға Жармақ ұстаның еңбегі таусылмас қазынадай болғандай. Кейбір көзін көрген кісілердің айтуынша: Жармақ ұстаның 93-ке қарап дүние салуы, ұзақ жасауы осы өмір бойы балғамен жұмыс істеуінен шығар дейді. [Қосымша5 ]
Жер шабылып, атыздар жасалғасын, шығырдан су бере, мамырдың басында шөпке дайындық келеді. Шөп жинайтын мала, шөп машина мен тырманың жиі сынатын бөлшектерін жөндеуде темірді пісіру, шегендеу көп қолданылатын. Бұл өте қиын, жауапты жұмыс, қазір оны электр пісіргіш қондырғы арқылы оп-оңай орындауға болады.
Арбаның табан темірін тарту үнемі, үздіксіз жүріп жатады. Оның арнайы қондырғысы бар.
Пісіріліп қызған, шамалы қысқартылған табан темірді қондырғыға қойып, орнына салғанда, күршектен қақырап шығып кеткен шабындықтарды, суығаннан кейін табан темір сығып, қозғалтпай тастайды.
Жеке адамдардың қолмен тартылатын колхоздың тұрып тартатын сүт машиналарының сарытегіштерін қайтадан құйып шығаратын да тістерін егеумен қолдан егейтін. Қорытуға, тістеуге келмейтін сарытегіштер мен самаурын, жез, басқа да жез қалдықтары пайданылатын. Сонда, ұста арнайы жәшікке саз топырақты толтырып, сары тегершік моделін салады да тығыздайды, одан да модель алып тасталады, кейін екі жарылады. Қуыс қалған орынға арнайы түтік арқылы сұйық жезді құяды. Қаншалықты жауапты, қиын жұмыстар. Онымен қазір зауыттарда «Литейное производство» айналысады. Қанша көріссем де, сол жатқан сары тегершікті топырақтан бұзып алғанды көруден жалықпаушы едім. Топырақ форма екі қоюға келмейді. Опеканы тығыздап қайта дайындау керек.
Ал, жеке адамдарға тесілген қазан, шелек, құман шегендеу, ожау, қалақ, шүмшеуір, балта, шот, балға, қашау, тістеуік, біз, қақпан, мылтық, қармақ тебен, пышақ жасау, істеу, көп-көп еді, күнде, жаздай-қыстай үнемі....
Әкесі туралы Тұрсекең осылай сыр толғаған.
Ұста атамыздың керемет болғаны соншалықты соғыс басталарға дейінгі 1940 жылдары су тартатын локомобильдің тұрбаларын тесілгенше жүргізіпті. Бұл жұмыстарға жұмыс керек болғасын, бірақта кім ауылда көмірді бере қойсын! Соған қарамастан, бұранда қазған, қарапайым станоктар жасаған: шөп машинасы, тырма, тігін машинасы, сүт машинасын жасаудың құдайы деседі.
Батыр да, батыл атамыз сол бір фашизм жаулаған заманда 1941 жылы соғыс басталғанда бес колхозды ұстап отырған азғантай басқармалармен бірге бронь беріп, соғысқа жібермеген. Бұлда дұрыс өйткені елдегі жағдайды ұстадан артық кім білсін. Елдің жағдайын, қам – қарекетін сол заманға да бір ұста керек шығар. Мен содан өзім ұстаның қадірлі екенін түсініп, өлең шығарғаным бар:
Ұсталық өнер
Түркі жұртын тамсандырған,
Қазақтың ұлттық өнер -
Бай салтынан көрерменге көзайым
Нақ тұрағы ұстахана болады
Аяғандай, Жармақ сынды ұсталардардан.
Осылайша мен өз өлең жырымды бірқатар ұсталарға арнадым.
Жармақ атамыз елін сүйген патриот болғаны соншалықты 1947 жылы елінің қамы үшін партия мүшелігіне өткен. Аудандық партия комитетінің мүшесі, депутат, т.б. қоғамдық жұмыстарға араласқан. 1949 жылы колхоз басқармасы болып сайланған. Бірақ, «әкімдік қолы емес екен» деп өз еркімен босанып, ұста дүкеніне оралған.
Манат апамыздың әңгімесіне қарасақ, Жұмабаев Жармақ қолынан бәрі келетін «ерекше», «аруақты» адам болған. Ал жұмыс істеп отырған дүкенге келген адамдар тек таңдай қағудан басқаны білмейтін. Жармақ атаның қайырымдылығы шексіз болғандықтан ба, бәрі үнемі риза болып отырған.
Ауыр дүниенің азабы ма, өмір берген тағдыр азабымен 1953 жылы Жармақ ұста сүйек сырқатына шалдықты да бұрынғыдай ауыр жұмысқа жарамады. Ұста көмекшісі, ферма меңгерушісі сияқты жұмыстар атқарып, 1962 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Әйгілі ұста өмірден 1994 жылы 93 жасқа қарап тұрған жасында дүние салған. Зейнеткерлікке шыққан 1962 жылдан бергі 31 жыл ішінде ел ішіндегілер ерекше құрметтеген. Соңғы жылдары 2-3 жылда қонаққа шақырғандар көлікпен алдыртатын болған.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов 1947 жылы келген кезде де Жармақ атамыз ерекше құрмет көрсеткен. Манат апамыздың айтуынша сол кезеңде Ахмет Байтұрсыновтың жұбайы Бәдрисафа апа екеуі Жиделі жағасына келе жатқан кезде ата-апамыздың мініп келген ат арбасының дөңгелектері бұзылып қалған деседі. Бұл жағдайға бей-жай қарамаған Жармақ атамыз сонда үлкен ізеттілік көрсетіп, ақ көңілмен бар жанын салып дөңгелегін қалпына келтіріп берген. Бұл ісіне Ахмет ата тәнті болғаннан соң, Жармақ атамызды Алматыға оқуға әкетпекші болады. Сондағы Жармақ атамыздың сөйлеген сөзі біздің құлағымыздан әлі кетпейді деп сыр шертеді Манат апамыз. Сонда Жармақ атамыз ізеттілікпен «Жоқ рахмет» мен бірінші кезекте еліме жеріме, туған ортама керекпін деген екен. Кейін 1971 жылы Байғалиев Бүтінбайдың үйіне келгенде Ахмет Байтұрсынов атамыздың фото - суретін тек Жармақ атамыз ғана таныған екен.
Жармақ ұста арабша оқыған. Тіпті, ауылдағылар кейде «Жармақ молда» деп те атаған. Дүние салғанша оразасы мен намазынан қалмаған. Тек соңғы екі күнде намазға жарамаған. Латын, орыс әріптерін өз бетінше үйренген, кітапты өте көп оқыған екен. Қазақ классиктерінің кешегісі мен бүгінгісінен қалғаны жоқ. Орыс классиктерінің қазақшаға аударылғандары тіпті Жюль Верннің кітаптарын түгел оқыған. Тойда қиссаларды да домбырамен айтқанда таңды таңға қосатын дейді Манат апамыз.Жармақ ұстаның ағалары: Иманберді, Қаумен, Ахмет (Бекболат), Қойшыбай, Қасым. Үзеңгі жолдастары: Бақтыбай, Айтмағанбет, Қаппаз, Тоты, Қантай. Інілері: Сыздық, Қойшы, Зейнеп, Түсен еді. Бұл кісілердің барлығы да дүние салған. Ұстаның сыйласқан адамдары, белгілі еңбек озаттары, ел басқарған қадірменді адамдар болған. Жармақ ұстаның зайыбы – Өрік апа 1982 жылы дүние салған. Науырызым, Сыпсың бойындағы атақты бай және би – Ақназар Баймағанбеттің қызы екен. Әкесі 1928 жылы тәркілеуге ұшыраған. Бұл кісіні Тұрсынбек ата мен Манат апа тебірене еске алады.Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі аз уақыт ішінде тарих қойнауында елеусіз қалған талай жақсылар аты жарыққа шығып егемен еліміздің абыройы асқақтап келеді. Осы игілікті істің бірі Мәдени-мұра бағдарламасы. Осы бағдарлама көлемінде көптеген шеберлер аты жарыққа шықты. Әліде неше алуан өнерлі азаматтар шыққан. Басқаны айтпағанда, Ұлы Жыланшық өңірінен шыққан ұста, шебер, заңгер, Таңат Сейдахмет, Аманкелді батырдың ағасы Бектепберген, Әбен, Тайшық, Көшек, Самырат төрелер осы ұлы шеберлер ісін жалғастырушы хас шебер, өнердің барлық түрін меңгерген бірақ өнерді қадірлемейтін заманда елеусіз ғұмыр кешіп өмірден 1983 жылы 86 жасында озған Сейтқасым Жамбылұлы жайлы өнер зерттеуші, ғалым, этнограф-Әбдіқас Тәжімұратов көптеген зерттеулер жасады. “Шебердің қолы ортақ” атты кітабында көптеген шеберлер аты аталады. Өкінішке орай, ол кісілердің өз замандас туыстары болмаса бүгінгі ұрпақ біздер ол шеберлер жайлы өте азбілеміз. Осындай өнер саласындағы дара тұлғалардың бірі – Сейтқасым Жамбылұлы. Сейтқасым төре Жамбылұлы бір атадан жалқы туған, арда өскен азамат болған. Жаратылысы ерекше сұңғақ бойлы, денесі тіп-тік, кең жауырынды, қияқ ұзын алың мұртты, сұлу қыр мұрынды, ұзын мойын, кең маңдайлы көзі өткір қой көз болатын. Ұзын салалы саусақтарын бір-біріне ұрғылағанда қу ағаштың салдыры шығатын. Ұзын салалы саусақтары да бүркіттің тұяғындай көмкерілген сүйір ұзын әлді болатын. Тырнақтарымен мәштің, етіктің былғарыларын тістеуікше тартып отырғанын талай көрдік. Жас кезінде сәндік үшін екі құлағын тесіп сырға тағуы өз қатарында серілік дәстүрді жалғастырғанын көрсетеді.
Шеберлігімен қатар қурайдан сыбызғы жасап тартатын, аздап домбыра тартып “Дүние қызып түлкі бұраңдаған, бақ тайса басқа дәулет құралмаған” деп ыңылдап өлең айтып отыратын дейді Шөптібай аға. Мұсылманша, орысша сауаты болды. Құранды нақышына келтіре мақалымен өте жақсы оқитын. Жас кезінде жылан шағып содан ісіп-кеуіп аман қалдым, енді маған жылан уы әсер етпейді деген екен. Иә 90-ға жақындаған қарттың тісі егеліп аласарғанымен бір тісі түспей өмірден озды. Көзі көрді, құлағы естіді. Тек буындары әлсіз болып тұрып-тұрып алға елпеңдеп жүгіріп кететін. Сақал мұртты аппақ қудай әз қария осы өмірінде аз қиындық көрмеген. Жер жаннаты Жыланшық сағасының құйылысында дүниеге келген. Торғай дуанына танымал хас шебер Момынұлы Тайшық төренің соңына еріп өнердің қыр сырына ерте қаныққан. Жыланшық бойындағы Тоқпан Көшкінбайдың қызыл үйін, Рахмет байдың үлкен қызыл тамын, Бірәлі байдың баласы Сұлтанның қызыл үйін салуға қатынасқан.
Кірпішті қалай айдап, құюды, кептіруді, оны күйдіруді осы Тайшықтан үйрендім деп отыратын дейді Шөптібай атамыз. Тайшық төре салтанатты үйлер салумен қатар, ұста, зергер адам болған. Осы Тайшық дүниеден озғанда жиналған халық әттеген-ай Тайшықтың алтын қолы жер астына кетеді ау деп егіліп жылаған екен. Хас шебер халыққа қайырымы мол болса керек. Сол хас шебердің ісін жалғаған Сейтқасым Жамбылұлы сәулет өнерімен қатар, сурет салуды,ою-оюды, үй басуды, ағаш өнерін меңгерді, ұсталық жасады, сақина, білезік, жүзік соқты, жас кезінде ит жүгіртіп құс салған, атпаз болған адам.
Теріден торсықты өріп ішіне су құйғанда ақпайтын болған. Бұл туралы Сейіт Кенжеахметов ағамыз жазды. Үлкен ала тазыға қолан тамақ пісіріп беріп төрдегі көрпеге жатқызғанын көзіміз көрді. Бүркіттің балапанын қыстың қай мезгілінде алу керек, оны қалай баптау керек, оны аңға қалай салу керек, атты қалай баптау керек бәрін төңірегіне жиналған балаларға айтып отыратын еді жарықтық дейді ағамыз.Осындай мейірімі мен ізгілігі жастарды өнерге үйретуге деген ынта ықыласы үшін төңіректеп маңынан шықпайтынбыз деп ағамыз Шөптібай Байділдин осылайша сыр шертеді. Мөрда басты, ау тоқыды, сүзекі салды. Неше алуан қармақты қолдан жасап балаларға үлестірген екен. Сол балалар аң аулағанда ағаларының артынан еріп жүретінбіз дейді. Отырған құсты қапыда кетіп обал болады деп ұшырып, ішіндегі аталығын атқан. Жас кезінде қасқырды атпен қуып көп аулағанын ертегідей етіп айтып отыратын дейді ағамыз. Көршісі Қарауыл руынан шыққан Сарбастың жайдақ атпен қасқыр қуып құрықпен бір ұрғаннан шығармай қасқырды ауылға талай тірідей ноқталап әкелген екен.
Сол кезде ауылға тірі қасқыр келген кезде иттер безіп қашып кетеді екен. Сонымен қатар табиғатты сүйген, емшілігі де бар екен. Атамыз Сейтқасым жылқының қатты қылын қарындаш жуандығындай етіп қатты байлап тұтамдай ғып екі басын кесіп, өз кеңсірігіне ұрып қан шығарып өзіне осылай кішігірім операция істеген екен.Жазда бақша еккен, кірпіш күйдіруді, қыста түйе баққан. Қосымша Айса Нұрманов бөгеті аузында су маманы міндетін атқарған. Айса Нұрманов ақталғанда ол кісіге ескерткіш тұрғызға осы Сейтқасым болатын. Бүгінде Айса бөгеті аузында аузында ол кісі еккен ағаштар қалды. Қазақта “Атадан мал қалмаса да тал қалсын” деген осыдан шықса керек. Өнерге деген ынтасы бар адам көп жүріп, көп көрсе өнері арта түсері анық. Сейтқасым ағамыздың да тағдыры өте алуан сан қырлы болған.1897 жылы туған азамат 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 19 жасында қатынасқан.
Кейкі батырды жазалаушы отрядтың қоршағанын, атқанын, оң қолын кетпенмен кесіп әкеткенімен көзімен көрген адам. Батырлығы мен батылдығын балаларына жыр қылып айтып отыратын. Аманкелді, Кейкі, Әбдіғаппар, Әлібиді жайлы өте көп әңгіме білуші еді. Жастықта оған жете мән бермедік дейді атамыз Шөптібай Байділдин.Кеңес үкіметі 20-шы жылдары Жыланшық бойындағы төрелер әулетін қудалаған. Бүкіл әулет Қарсақбай, Жезқазған, Сарысу арқылы жаяу қашып жолда шөлде әйел, балалар қырылып өздері Созаққа әзер жеткен. Осы кезде атақты қобызшы Қазбек Әбенов 7 жасар бала екен. Сол жердегі Кенесары әулетін, оның ішінде атақты Көккүшік атамызды паналаған. Соның қырсығы Сейтқасымға тиіп бір қапылыста қарсыластары Сейтқасымды қолға түсіріп, аяқ-қолын қыл арқанмен байлап қамап тастаған. Қыл арқанды тісімен қиып құтылдым деп отырататын дейді атамыз. Әйелі баладан айырылып, Қаратауда үш ай тұрақтап Торғайға Сужарған бойына қайта оралған. Уақыт тынышталды-ау дегенде 1927 жылы Жыланшыққа қайта оралып, отбасы құрады. Көп ұзамай байларды тәркілеу, басталды, соңынан малдан айырылған халық ашаршылықа ұшырайды.Осы қиын кезеңде төре Байғара ұлы Омар әулетті екі топқа бөледі. Бірінші топ Қарсақбай, Жезқазған арқылы оңтүстікке өтеді. Екінші топ Жыланшықты жағалап Ырғызға ауады. Сейтқасым бірінші топта болады. Жолай Қарсақбайдағы балалар үйіне Тұрсынбек атты 2 жасар баласын қалдырады. Жезқазғаннан Қаратауға жеткенше қырылып алғашқы топ әзер жетеді. Осы жолда әйелі қайтыс болады. Әр жерден пана іздеп, Шымкент, Ташкент одан Тәжікстанға өтіп күн-көріс іздейді. Өзінің өнерінің арқасында қорек табады. Ташкентте жүргенде 8 жасар ер баласы асханаға кіріп қайтып шықпай қалады. Әрі іздеп, бері іздеп таппайды. Ақыры подвал толған ашқарақтар жеп қойғанын біледі. Осындай тарығып жүрген кездерде атақты Бірәлі байдың елде аурушаң болған Шепелей айтты дейді:
-Әй, Секе-ай! Елде жүргенде ақ марқаның еті жақпайтын сорлы басыма осы күні көшеде картоптың шикі қабығы табылса майдай жағып тұр деген екен. Осылайша таршылық өмір кешкен. Шымкенттің қол өнер мектебінде дәріс берген. Ташкентте Қажымұқанды, Нартай ақынды көрдім деп отыратын дейді атамыз Шөптібай. Нартай базар алдында гармонмен ән айтқанда алдына жайған шекпені ақшаға толған, өте әуенді әнші адам болды деп тамсанатын. Бірде осы базарда өзбек, қазақ, болып күреседі. Өзбек палуаны әлді болып екі-үш рет жығылады. Содан басқалар беттемей жұрт аңырап тұрып қалады. Сонда ортаға бір қазақ қария шығып осы өзбекке күреске шығатын, қазақта бір ұл тумады ма деп айғайлайды. Ешкім қозғала қоймаған соң жұлынып ортаға шығып, өзбекті ұстаған жерде жамбасқа салып жерге бір-ақ ұрдым қой деп күлетін.Сейтқасым Торғай өңірінде Еңбекте, Қызыләскер кеңшарларында көптеген жылдар жазда бақша екті, қыста түйе бақты, аң, құс аулады. Атшана кигіз үй сүйектерін жасады, кебіс, мәс, саптама етік тікті, шығырды қолдан қашап құрастырды. Басқада зергерлік бұйымдар жасаумен айналысты. Әйелдері де Нағипа мен Наушаруан шебер адамдар болатын. Неше алуан кілем, алаша, сырмақ, шабадан, қоржын тікті, түйе жүн шекпенді тоқыды.[ Қосымша 6 ]
Сауаты бар елге танымал азаматтың үйінен кісісі үзілмейтін. Торғайда Міркелмен, Ғазез қажымен, Меңдіғалимен, Таласбай молдамен, Әкпар, Смайыл ұсталармен, Жәнәділмен, Тұрақпен барып сыйлас болған адам. Кешегі 1932 жылғы ашаршылықта Оңтүстікке бірге барып сол жерлерде қызметке араласып, колхоздың басшысы болып тұрғанда 1949 жылы 25 жылға сотталған, 1956 жылы босап араға 24 жыл салып елге оралған. Сол кезде Шөптібай атамыздың айтқаны: Сейтқасым ата жан бауырын көргеніне қуанышты болып, бір-бірінің амандығын сұрасқан. Бұл кезде Шөптібай атаның айтуы бойынша 3-нші сыныпта оқиды екен. Шөптібай атаның әкесі Саржанмен еріп, “Тай” деген жерде отырған Сейтқасымның үйінен шықтық. Жақындағанда бір кісі шауып барып сүйінші сұрады. Әйелдерше дауыс қылып көлді жағалап жүгіргені үшеуінің өкіріп көріскені сөйлеуге шамасы келмей өксігін баса алмай отырғаны әлі есімде дейді атамыз. Иә, адасып қалған ағайын араға ширек ғасыр салып кездесті. 1960 жылдардың басында тірі қалғандары туған жері Жыланшыққа жиналды. Көшкінбай деген жерден бір-бір үй салды, совхоз шаруашылығына араласты. Сейтқасымның басшылығымен Амангелді Имановтың ұлт-азаттық көтеріліске Қайыпхан әулетінің ақшыл туын көтерген. Ол ту Қайқы әжемізде сақталған, ашаршылықта тудың алтын күмбезін сатып, матасын Әден төре деген жердегі Кенжебай үйінің жарына тыққан. Осы туды 1965 жылы Сейтқасым жастарды ұйымдастырып қаздырып тудың жұрнағын тапты. Ішінде Бірәлі Сұлтаны болған. Ол тудың жұрнағын аудан совхоз басшылары көріп, сол кездегі өлке азаматтары Ақмолаға жіберген. Бұл күнде ол тудан дерек жоқ. Ол туды көтеріліс кезінде алғашқыда Шыңғыс кейінде Саржан ұстаған. Сейтқасым тарихи жәдігерлерге ерекше мән беріп, іздеп отырған.1974 жылы ғалым, этнограф Әбдіқас Тәжімұратов Аманкелді ауданы, Родник совхозындағы осы кісіге арнайы келіп көптеген құралдар, тарихи жәдігерлер алды. 1974 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Шебердң қолы ортақ» атты зерттеуінде көптеген Торғай шеберлер қатарында Сейтқасым Жамбылұлы аталады.
Этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметовтың «Қазақтың дархан дастарханы» атты жинағында Сейтқасымның қайыстан өрген су ақпайтын торсығы жайлы дерек бар. Сан қырлы шеберлікті меңгерген азаматты ағайын туысы халқы құрмет тұтты. Үлкен ағасы Жанділдә жалғыз ұлын Орынбасарды Сейтқасымның бауырына салды. Жеңгелері жасы кішілігіне қарамай қайын аға деп сәлем жасады. Жалғыз ұлы Бірімжан екі ұл, төрт қыз өсірген азамат, балаларының бәрі де жоғары білім алды. Немересі Айгерім Араб Эмираттарында Америка университетінде ағылшын тілінде оқуда. Нұрманы бүгінде үлкен кәсіпкер. Ол Арқылыққа танымал бірқатар сауда үйі Ажарды, Балажанды салған. Осыдан-ақ Сейтқасым атаның елге әйгілі, ұрпағына мол білім мен тәрбие бергенін көре аламыз. Бүгінде мәдени мұра бағдарламасы аясында игілікті істер атқарылуда. Бүгінгі күні ұрпақ алдында, халық арасында ескерілмей, зерттелмей келе жатқан еліне, халқына еңбегі бар өнерлі азаматтардың жақсы ісін жарыққа шығаруымыз парыз. Біздің киелі Торғай өлкесінде өнерлі азаматтарымыз мол болған. Соларды бүгінгі ұрпаққа таныстыру көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматқа міндет болуы қажет. Иә, Ұлы жаратушы өнерлі етіп жаратқан хас шебер Сейтқасым Жамбылұлының ерен еңбегі мен өнері бүгінгі ұрпақ пен келешекке насихат болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |