Кіріспе ­­­­­­­­­­


II. Ш.ҚҰДАЙБЕРДИЕВ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ТІЛДІК ҚҰРАЛДАРДЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет18/24
Дата25.11.2023
өлшемі175,39 Kb.
#127391
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24
II. Ш.ҚҰДАЙБЕРДИЕВ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ТІЛДІК ҚҰРАЛДАРДЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2.1 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы эпитет пен теңеудің қолданысы
Шәкәрім бұрынғы поэзиядан, жыраулардан, Абайдан көптеген эпитеттер алады және олардан бір мысқал кем соқпайтын тың эпитеттерді тіл айналымына қосады. Олардың қоғам мен адам болмысын нақыштауға көмектесетін мәні айрықша. Шәкәрім эпитеттері образды сомдай түседі, ойдың, ұғымның құлашын кеңейтіп халықтың тілін ұштайды. Табиғат-өмір-адам қарым-қатынастарын сол күрделі, қайшылықты және өзара тәуелді қалпында лирика тілімен жеткізеді. Шәкәрім бұрынғы бар ойды, идеяларды толықтырып, өзіндік мәнермен жырлай біледі. [15.71]
Шәкәрім - өз шығармашылығында Абайды үлгі, өнеге тұтқан адам. Абайда бір сөздің алдына әр түрлі эпитет қойып, құбылтып, әр түрлі мән беріп қолдану жиі кездеседі (ыстық жүрек, асау жүрек, ит жүрек, мұз жүрек, жылы жүрек, сұм жүрек, жау жүрек, ет жүрек, асыл жүрек, жас жүрек, кірлеген жүрек, ызалы жүрек, ынталы жүрек, ауру жүрек, қан жүрек, жаралы жүрек, сорлы жүрек, жалын жүрек, үрпиген жүрек, шын жүрек, айнымас жүрек, ғаділетті жүрек, ақ жүрек – деп «жүрек» сөзін жиырма үш түрлі тіркесте қолданған). Әлемнің ұлы жазушысы М.Әуезов кезінде бұл жөнінде: «Ұлы атамыздың бізге берген еншісі, қалдырған аманаты осы асыл сөздер, біз оны ардақтаймыз да мәпелейміз»-деген болатын.
Бұл сияқты бір сөзге түрлі мән беріп көріктеулер Шәкәрім Құдайбердиев поэзиясында да аз ұшыраспайды. Мысалы, ақын «көңіл» сөзін мынадай тіркестерде қолданған: толқынды көңіл, көңіл көзі, қайғылы көңіл, жүйрік көңіл, соқыр көңіл, көңіл хошы, көңіл жарығы, көңіл сәулесі, жаралы көңіл, құр көңіл, шерлі көңіл, ояу көңіл немесе бұзылмаған көңіл, қиянат қылмаған көңіл, өлген көңіл, ұрлаған көңіл, зырлаған көңіл, сырлаған көңіл, зымдаған көңіл, шыдаған көңіл, тұрмаған көңіл, шыңдаған көңіл, шырқалған көңіл, жырлаған көңіл, ымдаған көңіл, сынбаған көңіл, ұнаған көңіл, көңіл бөлу, көңіл ашу, көңіл сүю, көңіл толу т.б. сан-салалы адамның ішкі сезімі мен иірімдерінің тебіреніс-толғаныстарын бейнелеу де кейде грамматикалық тұрғыдан тіркеспейтін сөздерді байланыстырып, сол контексте тұтас қарап, көркем суретті көз алдыңызға дөп басып әкелгендей.
Абайдың:
Толғауы тоқсан, қызыл тіл, сөйлеймін десең, өзің біл немесе
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас, [35] - деп сөз дүниесінің әр тамырының лүпілін жіті барлап, жаны-тәнімен түсініп, әрі сөздің кішігірім мағыналы бөлшегінің өзін зергерлік таразысына тартуы, Шкәрім өлеңдерінен заңды жалғас, дәстүрлі дамуын тапқандай.
Бойым еркін, ойым ұжмақ
Тілім - бұлбұл, сөзім – бұлақ, [65]
сондай-ақ,
Ән - өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу, не кем салу,
Қапы қалу жарамас. [144]
Бұлар, жоғарыда айтқанымыздай, біздіңше, Абайға еліктеуден, Абай дәстүрін меңгеруден туған.
Көркем шығармаларында Абай мен Шәкәрімнің сөз қолдану шеберліктерінде де сабақтастық барын аңғару қиын емес. Мысалы, «жүрек» сөзіне байланысты айтылатын бейнелі тіркестерді Шәкәрімнің де поэзиясынан орын тауып, қисынын келтіріп, әдемі қолданғанын байқауға болады. [16.12] Мәселен,
«Саналы, шерлі жүректі
Сары алтынға малған күн». [251]

«Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар!». [150]


«Жан жүрегім, жаным жеп,
Жанған отқа саласың». [132]
«Жүректегі дертімді білер едің,
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас». [173]
«Таза жүрек, тату дос-сол шарасы» [155]
«Бақытсыз жүрегім
Жалындап жанып тұр» [43]
деп жүрек реакциясын ұтымды да әсерлі бейнелейді.
Шәкәрімде мол қолданылған эпитеттердің бірі – «ақ» .
«Егер құдай барлығы анық болса,
Тең болмас ақ жүрек пен сұм залалкес» [6.202]
«Ақ тамақтан шөп етіп» [6.28]
«Жүректің ақ нұры сөнді,
Амалсыз осыған көнді» [6.197]
«Балалық – тазалық өлді,
Жүректің ақ нұры сөнді» [197]
«Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,-
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол» [151]
«Ентелеген еңбектің бәрі танбай,
Ақ өнімді шақырдың, сол шын досың» [68]
«Ар, ынсапты іс қылып азап тартып,
Ақ жолында өледі бірталай жан» [202]
«Арам безден арылып әділ жүрсең,
Ақ жаратқан құдайың жек көре ме?» [97]
Қазақ халқы ұғымында «ақ» ең қалаулы түс, қасиетті ұғым. Шәкәрім мағынасы жағынан бір-бірінен үйлеспейтін сөздерді тіркестіріп, көбінесе ақынның өз қолтаңбасын танытатын авторлық тың эпитеттерді ұсынған. Мысалы:
«Ұлы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр,
Ыза қысып, тісімді байлаулымын.
Өткен өмір - өкініш, ой жаралы.
Дерті қалың делбемін шірік өкпе» [96]
«Мұнымен кірлі көңіл шалқия ма?
Қан жұтқан қайран сенің сұм жүрегің» [137]
Шәкәрімнен, Абай сияқты образдар дүниесін теңеу, шендестіру арқылы беруде де жасалу үлгісі бұрынғы болғанымен, күтпеген тың қолданыстарды табамыз. Мысалы, Шәкәрімде өлең-әскер, ән-өлшеуіш, ашу-келіншек, ынсап-кәрі адам, өлең-күміс, қағазы-жолдасы, қаламы-сырласы, сөз сөйлеу-ер қосу, арақ-ақыл, мастық-ой, жар-хақиқат, жан-нәпсі, шатақ-иман, дін-қиянат тәрізді мысалдар ақынның образдар дүниесіне тың үлгілер енгізіп тұр[ ].
Суреткер тілінен қарақаттай көз, қанжардай қас, уыздай жас келіншек тәрізді халықтық қолданыстағы дағдылы теңеулермен бірге, ақын шындықтан өрбіген, тыңнан табылған «қасы-жай, кірпігі оқ реттес», «еркектей еркін өмір», «шиқанымды езгендей шықты жаным» деп сөздерді құбылтып шығара қояды.
Шәкәрім өлеңдерінде теңеу біршама жиі кездеседі. Және олардың жасалу жолдары да әр түрлі.
Ақын теңеулерінің көпшілігі: -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтарының көмегімен жасалған теңеулер. Мысалы,
«Даулассаң желдей еседі,
Өзі айтып, өзі шешеді» [4,63]
«Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң» [4,118]
-ша, -ше жұрнағының көмегімен жасалған теңеулер:
«Біреу зорлап алады, біреу алдап,
Ұры залым ... бәрі тұр жыланша арбап» [4,36]
«Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап үріп жүрді [4,31]
-Бейне сөзінің көмегімен:
«Іш түземей, сыланып сыртын түзеп,
Тауықтың айыры бол, бейне солсың [4,58]
-Сияқты, сықылды сөздерінің көмегімен:
«Сен біреудің айыбын ашпа,
Түн сықылды перде тарт.
Күн сықылды аша берме
Жер жүзінің әр сырын» [4,77]
Осы насихат өлеңінде сықылды сөзінің көмегімен жасалған оннан аса теңеу бар. Барлығы да өлеңнің көркемдігіне үлесіп қосып, өз жүгін атқарып тұр.
Шәкәрім теңеулерінің синтаксистік құрылысы да әр түрлі:
-дай, -дей, -ша, -ше жұрнағының көмегімен жасалған теңеулердің барлығы дерлік жалаң теңеулер.Сондай-ақ ақында күрделі теңеулер мен толымды теңеулер де бар. Мысалы,
«Кейде тегін береді, кейде бұлдап,
Мінезі жел қайықтай тұр бұлтылдап» [32]
Бұл толымды теңеу болады. Себебі, теңеуге тән элементтердің бәрі де бар. Шәкәрім теңеулерінің эмоционалдық экспрессивті мәні жоғары. Ақын әйел сұлулығын, сырын тамаша суреттеген:
«Бойы бар сымдай,
Белі бар қындай,
Мүсінінің қыны жоқ».
Ақын өлеңде қарапайым, халықтық теңеулер арқылы сұлудың сыртқы келісті келбетімен ішкі жан-дүниесін, қазақ қызына тән мінез-құлықты беруге тырысады. [18]




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет