Кітапхана қызметінің тиімділік мүддесі үшін оқырманмен дұрыс қарым-қатынас орната білу мәдениеті
Кітапхана - мәдениеттің жоғары деңгейі және ақпарат пен білім әлемі ретінде онда жұмыс істеген адамнан еріксіз жоғары стильді талап етеді.
Кітапхана бар білімнің қазынасын жинақтап, ақпаратты қызмет жүргізетін білім ордасы. Сондықтан кітапханаға келген әр адам, кітапханашыдан ерекше біліктілік пен мәдениеттілікті талап етеді. Кітапхана мәдени-ағарту мекемесі болғандықтан, біздің бойымыздан ешкімге ұқсамайтын мәдениеттілік желі есіп түру керек.
Әр адамның бір-бірімен қарым-қатынасы сөз, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Тылсым тыныштықта, білім қазынасының ортасында отырған кітапханашыдан біліктілік пен ізгіліктің, инабаттылық пен әдептіліктің нұры шомылып тұруы керек. Сөйлей білу де өнер, ол табиғи дарын. Ал біздің қызметте бойыңа дарындылықты бермесе, үйреніп, оқып, ізденіп, тіпті түрлі тіл жаттығулары арқылы сөйлеу мәдениетін игергеніміз жөн. Журналист, мұғалім мамандықтары тәрізді кітапханашы маманына да сөйлеу мәдениетін, сөз өнерін меңгеріп, жоғары кәсіби деңгейде белгілі бір кітапты насихаттау, болмаса, өзінің көзқарасын білдіріп, адамдармен қарым-қатынасқа түсу үшін білім гана жеткіліксіз, кітапханашыға сөйлеу мәдениетінің негізі аса қажет. Жақсы сөзді дайындау өз алдына, оның мазмұнын тындаушылардың жаны мен жүрегіне дұрыс жеткізе білу басқа шаруа. Осының барлығына дұрыс жолға қойылған сөйлеу мәнері арқылы қол жеткізуге болады. Әр оқырман кітапханашының алдына келгенде, оның бойынан парасаттылық пен біліктілікті көргісі келеді. 80% оқырман кітапханашыға кітап таңдауда ақылшы, көмекші ретінде үміт артып келеді. Осы ізгі ниетін жоғалтпас үшін
кітапханашы оқырманға ерекше ықыласпен назар аударып, сөйлесу барысында адамның көзіне қарап, жылы жүзбен, ілтипатпен сөйлескені
дұрыс. Ұлы Абай сөз құдіретін:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас -деп тамсана бағалаған.
Кітапханашы өз оқырманының мінез-құлқын, мәдени деңгейін, тағы да басқа ерекшеліктерін сұхбат барысында ескергені жөн. Бір ауыз сөз арқылы сіздер біреуді риза етуге, көңілін жайландыруға, іздеген кітабын таба алмаса да жігерлендіріп, үміттендіріп мейірімділікпен шығарып салғандарыңыз дұрыс. Жазушы З.Қабдолов «Көп біліп-дөп сөйлеген шешен, аз біліп көп сөйлеген-мылжың» деп әдемі түйіндеген. Осы бір қағида бізге керек-ақ. Ал көп сөйлеудін қазығы - кітапта. Менің айтарым қазақ тіліндегі шығармаларды көп оқып, әдеби тілдеріңді дамытып, дұрыс сөйлесе білу. Кітапханашының басты мақсаты елдің үрпағын білім дариясына бағыттау үшін қызмет ету.
Кітапхана өмірі - сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ. Сол мамандықты өміріне серік еткен адам ғана сана-сезімге тән ләззат сыйларға, рухани байлыққа кенеліп, жан дүниесі толысады. Ендігі жерде кітапхана мамандарының білімдерін тұрақты жетілдіру арқылы олардың ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттерін қалыптастыру, олардың мемлекеттік тіл мен шет ел тілдерін білуі, жаңа технологиямен жұмыс істей білуі, жоспарлауды үйренуі, бағдарлама жасауды игеруі талап етіледі. Кітапханашыларымыз осындай бесаспап маман болғанда ғана бүгінгі күннің биік талаптарын орындай алмақ. Уақыттың талап-тілегіне сай оқырмандарды ақпараттық қажеттіліктермен өз дәрежесінде қамтамасыз ету үшін кітапхана ісін жүргізу мен басқарудың жаңа тәсілдері керек екені даусыз. Осындай өрелі міндетті жүзеге асыру барысында ең алдымен бұл саладағы әлемдік тәжірибеге назар аударуымыз керек. Сонымен қатар ақыл-ойды, сана мен парасатты саптан өткізудің маңызы өте зор.
Кітапханашы кітапхананың қожасы, оқырманның ең жақын досы. Кітапханашының адам тұлғасының қалыптасуында алатын рөлі өте ерекше, сондықтан да олардан кең түрде саяси білім талап етіледі. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет қалам ұстаған сөз зергерлерінің ғана емес, өзін қоғамның белді мүшесімін деп есептейтін әрбір адамның ойына дарығанда ғана нұрлы болмақ. Кітаппен кездесе отырып, бүкіл адамгершілікке қатысты қасиеттерді тануға болады. Егер кітапханада адамға деген жылы шырай танылмаса, ол кітап тарататын, сақтайтын жерге айналады. Кітапқа көбіне кішкентай балалар ғашық болады. Есейген сайын кітапсыз өздерін жаман сезіне бастайды.
Қандайда өркениетті елдің дамуында білім, ғылым, мәдениет басты орын ала отырып, кітап оқуға деген құштарлық та арта береді. Кітаптан асқан қазына жоқ. Ешқандай байлық, дүние оның орнын баса алмайды.
Кітапханадағы «кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым- қатынас сөйлеу мәдениетінің негізі.
Кітапханадағы қарым-қатынастың өзіне тән маңызы бар, олар:
-коммуникативтік - бұл кітапханалық қарым-қатынастың түрі; кітапханалар ортасындағы қарым-қатынастық қызметтің құралы болып есептеледі;
-ақпараттық - кітапхана оқырманға ақпарат беріп отырады. Ақпарат пайдаланушыға беріледі, пайдаланушы мен ақпараттың арасында байланыс болмаса ақпарат өзінің маңыздылығын жоғалтады. Сонымен бірге кітапханашы өзінің білімін үнемі көтеріп отыруы қажет. Осы мақсатпен кітапханашылар әр түрлі әдістемелік ғылыми семинарларға, өндірістік кеңестерге, іс-тәжірибе алмасу шараларына, кітапхана ассоциациясының отырыстарына қатысып, баспасөз беттері арқылы өз іс-тәжірибелерін бөлісіп отыруы керек;
-реттеушілік қызмет - кітапханашыға кітапхана ортасында қарым- қатынасын реттеп, кәсіби ұжымда өз орнын табуға, пайдаланушымен қызметтік қарым-қатынас шекарасын орнатып, этикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектеседі;
- тәрбиелік қызмет - кітапханадағы орнықты әрі лайықты қарым-қатынас оған қатысушыларға жақсы әсер етеді, кітапханашы оқырманмен қарым- қатынас кезінде қызмет көрсетуді жақсартуға ақпарат алады, оқырманның білімі мен мәдениетінен өзіне қажетті жақтарын пайдалана алады, сол сияқты оқырман да кітапханашыдан тәрбиелік әсер алады: ақпарат беруде, оны іздестіруде, кітапхана қабырғасында өзін қалай ұстау қажеттігі және қарым-қатынас нәтижесінде екеуінің істері бір мақсатқа тоғысады. Бірақ, үнемі олай бола да бермейді, кейде әр түрлі даулы мәселелер туындап жатады. Кітапхананың тәрбиелік қызметі кітапханада жұмыс дұрыс жолға қойылған ортада жүзеге асады. Кітапханада әр түрлі келеңсіз жағдайлар да ұшырасады, олар кітапханашының немесе оқырманның дөрекілігі, оқырманға қажетті кітаптың болмауы, оқырманға дұрыс ақпарат берілмеуі, міне осы жағдайлар оқырман мен кітапханашының ортасын алшақтатып, оқырман кітапханаға жолағысы келмей, кітапханашы оқырман жайлы бөтен ойда қалатын кездер де кездеседі.
Кітапханадағы сөйлеу қарым-қатынасы үш алғы шартты басшылыққа алуы қажет: адамдарды дұрыс тани білуі, олардың іс-әрекеті неге бағытталғанын түсініп, оқырмандар мен әріптестердің әркайсысына жеке ерекшелігіне қарай қарым-қатынасты таңдап алса, тіпті қүба- қүп. «Кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым-қатынас еңбек қарым-қатынас жүйесі болып құрылады.
Оқырман кітапханашыны барлығын білетін, білімді, қайырымды, кез-келген уақытта көмекке келетін маман ретінде қабылдайды. Осы түсініктен
ауытқыған жағдайда «кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым-қатынас
қайшылыққа ұшырап, оқырман кітапханашыға сыни көзқараспен қарай бастайды.
Әріптестер, қызмет барысында оқырманмен қайшылықтар кездесті ме? Егер болса, оны қалай шештіңіздер?
(әріптестерді тыңдау)
Тәжірибелі мамандар қазіргі уақытта кітапханашылар мәдениетті, тәрбиелі, көп оқыған, көп білетін, жайдары, ой өрісі дамыған, сыпайы, елгезек, адал жауапты, оқырманға құрметпен қарайтын, жеке тұлғаның психологиясын түсінетін, педагогикадан хабары бар, жаны жомарт, сонымен қатар, әрине кәсіби біліктілігі жоғары адам болу керектігін айтады.
Кітапханашыға оқырманға өз ойын, сөздің мағынасын дұрыс, әдемі етіп жеткізуі үшін сөз сөйлеу мәдениетін меңгеруі қажет. Сөйлеу әдісін дұрыс меңгерген кітапханашы сөзі анық, тыныс алуы қалыпты, тындаушылармен дұрыс қарым-қатынас орната алады. Кітапханашының сөйлеу мәдениетіне қойылатын талап, ол сөйлеп тұрған тілінің (қазақша, орысша) сөйлеу қалпына сәйкес келіп, грамматикалық жағы дұрыс, мүмкіншілікке қарай қысқа, нақты әрі дауыс мәнері анық болып, кез- келген аудиторияда естілуі қажет.
Кітапханашының дұрыс сөйлеуі - сөйлеу мәдениетінің негізі! Сөйлеудің грамматикалық ережесін сақтамай, қателіктер жіберіп, сөзді дұрыс пайдаланбай және айта алмай тұрған кітапханашының сөзін оқырман дұрыс түсінбесе, оқырманның алдында кітапханашының беделі төмендейді. Ерекше айтарым - әдеби тілмен, кітап тілімен, поэзия тілімен әсерлі де әсем сөйлеу. Сөйлеудің қасиеті әдептілігі мен әдемілігіне қоса, шындығы. Кітапханашының сөйлеу әдебі оқырманға назар аударып, оның қалаған кезінде өз ой-пікірін білдіруіне мүмкіндік беріп, сезімталдық көрсетуінде. Бұл сөйлесудің мәнін арттырып, екі жақтың да қанағат сезімін тудырады. Кітапхана жұмысында кітапханашы өзінің сөйлейтін сөзін берілген уақыт шеңберіне сыйғызып, сөзін қысқа да түсінікті етіп жеткізуі қажет. Бір сөзді бірнеше рет қайталамау керек. Кітапханашы ақырын, ұғынықсыз, бір сарында сөйлеп, сөйлеген сөзіне м-м-м, сонымен, т.б. керексіз сөздерді қосып, қайталап, тілін шұбарлауға мүлде болмайды. Кітапханашының тілі дауыс ырғағына байланысты құрылады. Кітапханашының дауыс ырғағы, сөйлеуі қарым-қатынасының негізі болғандықтан, кәсіби шеберліктің маңызды сипаттамасы болып табылады. Кәсіби ортада оның қызметтік бет-бейнесін қалыптастырады және оған өз ортасы тиісті бағасын береді.
Достарыңызбен бөлісу: |