Толық емес отбасы дегеніміз не? Толық емес отбасы – бір немесе бірнеше кәмелетке толмаған балалары бар бір ғана ата-анадан тұратын жақын туысқандар тобы
1.2Толық емес отбасы дегеніміз не? Толық емес отбасы – бір немесе бірнеше кәмелетке толмаған балалары бар бір ғана ата-анадан тұратын жақын туысқандар тобы
Бүкіл дүние жүзінде толық емес отбасылар санының көбею үрдісі байқалады. Мысалы, Францияда бұл көрсеткіш 13 %, Канадада – 18 %, Ұлыбританияда – 19 %, АҚШ-та 25 % құрап отыр. Америка халқының төрттен бір бөлігі толық емес отбасыларында тұрады. Ал енді біздің статистикаға жүгінсек, Қазақстанда бір ғана ата-анасының қамқорлығында өмір сүріп жатқан отбасылар жетіп артылады. Деректерге сәйкес, 1999 жылы Қазақстанда бір ғана ата-аналы отбасылар саны 487100-ді құрады. Бұл отбасылардың көпшілігінде (444800 отбасыда) балалардың тәрбиесімен аналары айналысады. 2009 жылғы соңғы халық санағының нәтижесі бойынша Қазақстанда 3,5 млн. отбасы тіркелген, оның 445 мыңы толық емес отбасы. 2010 жылы балалардың 20 % некеден тыс туылған, және жылдан жылға олардың санының көбею үрдісі байқалады.
Толық емес отбасылар түрлі себептер салдарынан пайда болады: некеден тыс баланың туылуы, ата-анасының біреуінің қайтыс болуы, некені бұзу немесе ата-аналардың бөлек тұруы; сәйкесінше толық емес отбасылардың негізгі түрлері көрініс табады: некесіз, жетім қалған, ажырасқан, тарап кеткен.
Сондай-ақ, әкелік және аналық отбасыларын да бөліп қарап жатады. Соңғылары толық емес отбасылардың басым бөлігін құрайды. Аналық отбасылардың көп болғандығына қарамастан, қазірде жалғыз басты әкелердің саны да артып келеді. Мысалыға, Петропавл қаласында жалғыз басты әкелер клубы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қамқоршылардың біреуінің балаларды асырап алу үрдісі байқалады.
Толық емес отбасылардың өзгешелігі неде? Біріншіден, бұл жалғыз басты ата-ананың қолы бос болмауы салдарынан, өз балаларын құнды тәрбиемен және материалдық жағдаймен толық мөлшерде қамтамасыз ете алмауынан туындайтын материалдық қиындықтар. Тіпті қамтамасыз етілген жалғыз ата-анаға педагогикалық мәселелермен айналысу да оңай емес, себебі ата-анасының біреуінің жоқтығынан бала өз жынысының мінез-құлық стереотипін толық қалыптастыру мүмкіндігінен айырылады. Психиатрияда «әкесі/анасы болмаған жағдайда» деген термин де бар. Осылайша, әкесі жоқ ер бала еркекке тән мінез-құлық, жүріс-тұрыс ерекшеліктерінен үлгі алу мүмкіндігінен шектеледі, соған байланысты еріксіз әйел сипатынан үлгі алады. Мұндай жағдайда, қыз бала үшін де, анасы өзінің аналық және әкелік рөлін қатар алып жүруге мәжбүр.
«Статистикаға сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда Қазақстанда бір баласы бар отбасылардың саны шамамен 600 мың, екі баласы бар – шамамен 452 мың, үш баласы бар – шамамен 300 мыңнан астам. Сонымен қатар 72 мың бала некеден тыс туылған, жалғызбасты аналардың саны 400 мыңнан астам, ал жалғызбасты әкелердің саны 68 мыңнан астам. Тек бір анасымен 350 (15,1%) мың бала, тек әкесімен 150 (6,4%) мыңға жуық бала тұрып жатыр».
Толық емес отбасылардың пайда болу себептерін жан-жақты қарауға көшейік. Жетім қалған отбасы – отбасы мүшелерінің бірінің қайтыс болуына байланысты орын алған жағдай. Жарынан айрылғаннан кейін, екінші рет некелесу өте сирек кездеседі. Некелескеннің өзінде ажырасу ықтималдығының жиілігі әлемдік статистика нәтижелері бойынша, 60 %-ды құрайды.
Егер жесірлікті баланың некесіз туылуымен салыстыратын болсақ, екінші жағдайда ата-ананың екеуі де тірі, демек, материалдық-тұрмыстық және педагогикалық мәселелерді шешуге көмектесетін жағдайлары бар.
Қоғамдағы тағы бір кездесетін жәйт, ата-ананың біреуінің биологиялық балалары бола алмай, баланы асырап алатын отбасы да толық емес болып есептеледі. Негізінен, мұндай әрекетті ауқатты адам жасайды, алайда, бұл жерде бір ата-ана толыққанды тәрбие бере алмайды деген мәселе туындайды.
Ажырасқан немесе ата-аналарының бөлек тұруына байланысты толық емес отбасы пайда болады, бірақ жауапкершілік жартылай бөлінген болса да, ол толыққанды орындала бермейді, сондықтан алименттер төлеу проблемасы туындайды. Алимент жылдар бойы төленбейтін жағдайлар көптеп орын алуда. Бұл толық емес отбасы «ата-анасыз» диагнозын құрайды, себебі баланың өмірінде жалғыз ғана ата-ана отбасының иесі болып қалады.
Қазақстанда 2009 жылы ресми түрде 39257 ажырасу, ал 2010 жылы 41617 тіркелген, шамамен әрбір үшінші жаңадан құрылған отбасы бұзылады. Отбасының бұзылуы қазіргі заманғы қоғамның проблемасы болып табылады. Жүргізілген бірнеше зерттеулердің нәтижесінде кішкентай бүлдіршін үшін, ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. Зерттеу көрсетіп отырғандай, ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарларға душар етеді.
Нәтижесінде, отбасында шиеленіс пайда болады, себебі үйлесімді отбасын құру үшін ұжымдық міндетті бір ғана адамның орындауы қиынға соғады. Толық емес отбасының психологиялық ахуалы көбінесе ата-анасының біреуін жоғалту салдарынан туындайтын күйзелістермен анықталады. Толық емес отбасылардың көбісі әкенің кетуі себебінен пайда болады. Анасы көбінесе күйеуіне деген ашуын жасыра алмайды; оның ашуы мен наразылығы көбіне олардың ортақ баласына еріксіз проекцияланады. Сонымен қатар, анасы жесірлігімді білдірмеймін деп, ата-ананың қамқорлығын асыра орындауға тырысып, балаға шексіз махаббат пен қамқорлық жасауға ұмтылады. Осындай жағдайлардың барлығында отбасының тәрбиелік атмосферасы бұзылып, баланың тұлға болып қалыптасуына теріс әсерін тигізеді.
Осылайша, балаларда ғана емес, ажырасқан отбасылардың ата-аналарында да психологиялық проблемалар пайда болады.
Біріншіден, бұл ата-анасы ажырасқаннан кейін балада пайда болатын қысымшылық пен өзін өзгеден кем сезінуінің нәтижесінде пайда болатын ашу-ыза. Олар осының бәріне өздерін кінәлі деп сезінеді.
Екіншіден, көбінесе әйел адамдарда аса қамқорлықтан туындайтын, балалардың алдында өздерін кінәлі сезінуі (өйткені, көбіне толық емес отбасыларда балаларды жалғыз тәрбиелейтін аналар). Жағдайы жақсы отбасылардың балаларымен салыстырғанда өз балаларының өмірлік стандарттарының төмендеуіне жол бермеуге тырысып, анасы өзіне үлкен жүк артады, алайда уақыттың тым тапшылығына орай, оларға жеткілікті уақыт пен көңіл бөле алмайды. Жанұяның бұзылуына кінәлі бұрынғы жұбайына деген ашуы тарқамай, әйел адам өз балаларына мейірімсіздік көрсететін жағдайлар да аз емес. Қалай болғанда да, отбасында психологиялық жағымды ахуал қалыптаспайды.
Жағдайдың ең қиыны – балалардың болашақтағы жыныстық рөлдерінің дұрыс дамуы, өмірге деген көзқарасының бұрмаланбауы. Бала өзінің мінез-құлқын ең алдымен ата-аналарына қарап, яғни үлкендерге қарап қалыптастырады. Әкесі балаларын жалғыз тәрбиелейтін отбасылар, аналар балаларын жалғыз тәрбиелейтін отбасылардан тым аз болса да, жыныстық-рөлдік көзқарас проблемалары оларға да тән. Бұдан басқа, балалы әкенің, балалы анамен салыстырғанда жаңа жанұя құру мүмкіндігі көбірек. Осылайша, осындай жанұялардағы проблемалардың бірі – бала (балалар) мен әкесінің жаңа жұбайының (мүмкін оның балаларымен) арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру.
Статистикалық зерттеулер көрсетіп отырғандай, аталған себептерге байланысты толық отбасы балаларымен салыстырғанда, толық емес отбасы балалары мектепте үлгерімі төменірек, невротикалық күйзелістер мен тәртіп бұзушылыққа бейім.
Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Толық емес отбасының проблемасы – бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылуы проблемасы. Осы орайда, ата-ананың біреуінің болмауы, баланы тәрбиелеу процесіне қандай да бір ерекшеліктер енгізетінін қарау маңызды.
Толық емес отбасылардың тағы бір мәселесі балалар денсаулығының төмен болуы. Ғалымдар толық емес отбасының балалары толық отбасы балаларына қарағанда көбіне өткір формада өтетін созылмалы ауруларға анағұрлым көп шалдыққыш деген қорытындыға келді. Балалардың денсаулығының нашар болу көрсеткіштері бірінші кезекте ананың (әкенің) төмен медициналық белсенділігімен байланысты. Толық емес отбасыларындағы денсаулыққа қатерін тигізетін негізгі факторлар: зиянды әдеттердің болуы, әлеуметтік-тұрмыстық және баспаналық жағдайсыздық, өмірдің гигиеналық нормаларының сақталмауы, балалар ауырған жағдайда дәрігерге жүгінбеу, өз бетінше емделу және т.б. болып табылады.
Көпбалалы отбасылардан басқа, мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) отбасылар, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар, қиын өмірлік жағдайға душар болған отбасылар (босқындар), толық емес отбасылар әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін отбасылар санатына жатады.
Расында, толық емес анасы ғана бар отбасыларда пайда болатын мәселелер тізіміне көз жүгіртсек, мұнда әлеуметтік көмек өте қажет екендігіне көз жеткізуге болады.
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, қазақстандық қоғамдағы толық емес отбасылардағы ең өткір мәселелер қатарын атап өтуге болады:
материалдық-тұрмыстық: жалғыз ата-ана өзінің жағдайына байланысты өзі үшін де, бала (немесе балалар) үшін де жұмыс жасауы қажет;
жұмысқа орналастыру мәселесі: бұл мәселенің шешімі, жалғыз басты ата-анаға жақсы жалақы төленетін жұмыстың қажеттігі, үйге жақын болуы, еркін кестеге ие болу мүмкіндігі және т.б. байланысты қиындатылуда;
баспаналық: барлық толық емес анасы ғана бар отбасыларда туындауы мүмкін, әсіресе баспанасының бөліске түсуі кезінде;
психологиялық: «ата-аналар мәселесі» – рөлдерді қиыстыру мәселесі, әртүрлі жағдайлар салдарынан жалғыз ата-ана екінші ата-ананың функциясын орындау қажет болған жағдай. Толық емес анасы ғана бар отбасылардың балалары әдетте тез жәбірленгіш, ұялшақ болып келеді.
отбасылық өмір тәжірибесінің жоқтығы;
балаларды тәрбиелеу, дамыту және әлеуметтендіру мәселесі: толық емес анасы ғана бар отбасы тұтас үйлесімді қарым-қатынастар жүйесіне ие болмайды, отбасы мүшелерінің екі тобы – материалдық және рухани қолдауды қажет ететіндер, және соны қамтамасыз ететіндер арасында теңгерімсіздік пайда болады.
заңдық тұрғыдағы мәселелер: белгілі бір жеңілдіктер, жәрдемақылар берілу, көмек үшін қандай органдарға жүгіну мәселесі бойынша жалғыз ата-аналардың құқықтық білімсіздігі.
жаңа отбасы құру мәселесі: өткен өмірлік тәжірибе жаңа отбасы құруға кедергі келтіреді;
балалар мәселесі: ата-ананың біреуінің жоқтығы, сондай-ақ ерлі-зайыптық қатынас қалыптасып келе жатқан құндылықтар жүйесіне айтарлықтай әсер етеді.
Осылайша, толық емес отбасыларды ілтипат пен қолдауды қажет ететін әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға жатқызуға болады. Балаларды қорғау және отбасыларды қолдау бойынша орталықтың директоры Зульфия Байсақова әлсіз отбасылар үшін жәрдемақыны арттыру қажет деп есептейді. Біз бұл ұсыныспен келісеміз және барлық – материалдық-тұрмыстық, баспаналық, еңбектік, моральдік, құқықтық, психологиялық, педагогикалық деңгейлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оны біздің қоғамға енгізуіміз керек. Бірақ толық емес отбасылардың пайда болуының ең басты мәселесі – қоғамдағы адамгершіліктің төмендеуі. Сондықтан, біз қазірде ең алдымен жастардың адамгершілік тәрбиесіне күш салуымыз қажет. Бала мен ана институтын қолдамасақ, біз оған қол жеткізе алмаймыз. Болашақта толық отбасылардың саны артып, толық емес отбасылар азаюы үшін, толық және толық емес отбасыларындағы балалардың материалдық қамтамасыз етілуі бір деңгейде болуы, және дамуы үшін тең мүмкіндіктері болуы қажет.
Қазіргі заманда отбасының құрылымы өзгеріп, ондағы мүшелер саны азайып, бала саны да кеми түсуде. Осы заманның тағы бір ерекшелігі – толық емес отбасылар, жалғыз басты аналар көбейіп, ата, әже, қайын жұрт, нағашы жұрт секілді, т.б туысқандық байланыстар әлсіреді. Осыдан келіп, бала тәрбиесіне байланысты әкесі мен анасына жүктелуі тиіс міндет жалғыз ананың не әкенің иығына артылады. Отбасы құрылымдық деформацияға ұшырайды – яғни, отбасының құрылымының тұтастығының бұзылуы, ата-ананың біреуінің болмауымен байланысты өзгерістер. Отбасының құрылымдық деформациясы бала тұлғасының қалыптасуына теріс әсер етеді. Құрамы бұзылған отбасының сау ұрпақты тәрбиелеуді көздейтін киелі міндеттері мен мәні өзгереді. Ажырасу санының көбеюі, некеден тыс баланы дүниеге әкелу жайтының артуы салдарынан толық емес отбасылардың жағдайы қазіргі қоғамда ерекше назар аударуды қажет етеді.
Толық емес отбасылардың тәрбиелеу мүмкіндіктері мен әлеуметтік мәртебесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Себебі жалғыз басты анаға отбасының қаржылай және психологиялық мәселелерін өзі шешуіне тура келеді.
Құрылымы бұзылған отбасында ұйымдастырылған тәрбиесі мен саналы ұғынылған қарым-қатынасымен қатар, оның балаға бейсаналы деңгейдегі инстинктивті реакцияларымен шартталған қарым-қатынасы шешуші әсер етеді. Нәтижесінде толық емес отбасындағы ана мен бала қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты бала бойында әртүрлі жағымсыз тұлғалық сапалар, қасиеттер, әдет-дағдылар қалыптасуы мүмкін.
Осыған байланысты, толық емес отбасындағы бала дамуының ерекшеліктерін, ондағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесін зерттеу, оны оңтайландырудың жолдарын қарастыру қазіргі таңда өзекті болып табылады.
Отбасының күйреуіне бала әркез ауыр қайғырады. Ажырасу үрдісі ата-ананың өзара келісімі нәтижесінде екі жақты сабырлы сипатта өтсе де, бала психикасына ауыр соғып, оны ауыр уайым-қайғысына душар етеді. Әрине, балаға осы қиындықтардан өтуге көмектесуге болады, бірақ бұл баламен қалған анадан не әкеден көп еңбектенуді қажет етеді. Ажырасу салдарын әсіресе 3 жастан 12 жас аралығындағы балалар ауыр қабылдайды.
Отбасының бұзылуы немесе ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбіне айлар бойына созылған ұрыстар мен отбасылық кикілжіңдер нәтижесінде болады. Осының барлығын баладан жасыру мүмкін болмайды, ал бала көргендерін уайымдайды. Тіпті кейде ата-ананың ұрыс-керісінің нәтижесінде балаға да кесірі тиеді.
Бала әкесінің жоқтығын сезінеді. Тіпті әкесінің үйден кетуін баладан, яғни өзінен бас тартқаны деп қабылдайды. Бала осы сезімдерді ұзақ жылдар бойына ұмытпауы мүмкін.
Көбіне толық емес отбасында анасы отбасын қаржылай қамтамасыз ету үшін көп уақытын жұмыста өткізеді. Нәтижесінде бала анасының да оны тастап кеткенін сезінеді.
Осындай күрделі психологиялық жағдайда балаға қалай көмек беру керектігін, бала
қажеттілігін есепке алып, анасының бала тәрбиесімен қалай айналысуы, қай мәселелер ескерілмей қалмауын білуі өте маңызды.
Бұл орайда көптеген аналардың жіберетін қателігі - баласын шектен тыс қамқорға алу. Балаға есеюге көмектесіп, өзбетті болуына жағдай жасаудың орнына аналар өздерін бала алдында кінәлі сезініп, шектен тыс қамқорға алады. Анасы ең жақсы ниеттерден баласына қамқорлық жасап, көбірек көңіл бөлуге тырысады. Бірақ, сол арқылы анасы өз қызығушылықтарын, армандарын, денсаулығын құрбан ете отырып, ер баласының бойындағы ер адамға тән қасиеттерді жойып, оны жігерсіз, шешім қабылдай алмайтын қыз мінезді етіп тәрбиелейді.
Осындай мысалдарды қорыта келе, толық емес отбасындағы тәрбие функцияларының тиімді жүзеге асуы үшін ана мен бала қарым-қатынасы қандай сипатта, қай стильді орнату арқылы тәрбие мәселесін шешуге болатынын анықтау қажеттігі туындайды.
Психологтар әр түрлі отбасындағы балаларды тәрбиелеуді бақылай келе тәрбиенің әр түрлі типтерін суреттеді. А.Болдуин ата-ана тәрбиесінің екі стилін көрсетті: демократиялық және авторитарлық.
Қарым-қатынас көбіне тәрбиенің демократиялық стилінде жақсы орнайды. Мұнда ата-ана мен бала арасында жоғары деңгейде вербалды қарым-қатынас болады. Балалар отбасылық мәселелерді талқылауға араласады.
Авторитарлық стильде ата-ана мен баланың арасында тәртіптік шаралар жөнінде келіспеушіліктің болмағанымен баланың мінез-құлқы шектеледі және бала мұның мәнін жете түсінбейді. Ата-ана талаптары қатты болуы мүмкін, бірақ олар балаға жүйелі әрі бірқалыпты қойылып отырғандықтан бала оларды әділ әрі негізделген деп мойындайды.
Кейін бұл стильдерден басқа отбасылық тәрбиенің стильдері де бөліп көрсетілді.
Либералдық стиль (өз бетіне жіберу, бірізділігі жоқ жетекшілік) – бұл ата-ананың тәрбиеге байланысты ортақ көзқарасының болмауы, балаға қойылатын нақты, айқын әрі анық талаптарының жоқ болуы немесе баланы өз еркімен қараусыз жіберуі. Мұндай стильде тұлғаның маңызды базалық қажеттіліктерінің бірі – тұрақты және бірізді болуына мінез-құлық пен бағалауда нақты бағдарлардың болуына қажеттілігі фрустрацияланады.
Қамқоршы стилі (гипер қамқорлық, балаға жоғары көңіл бөлу) – баланың қасында үнемі болуға ұмтылу, барлық мәселелерді ол үшін шешу. Ата-аналар баланың мінез-құлқын үнемі қадағалап жүреді. Мұндай тәрбиенің нәтижесінде бала өзінің маңыздылығын шектен тыс жоғарылатады, екінші жағынан үрейлену, әлсіздік, әлеуметтік кеш есею болады.
Аталған стильдердің ішінде ең жағымдысы демократиялық стиль болғанымен, зерттеулер көрсеткендей толық емес отбасында мұндай қарым-қатынас стилі сирек орнатылады. Себебі толық емес отбасында ана мен бала қарым-қатынасының стилінің қалыптасуына ықпал ететін бірнеше факторлар бар, олардың біріне ананың баласымен эмоционалды қарым-қатынасының бұзылуы жатады.
Отбасындағы эмоционалды қарым-қатынастың маңызы зор. Сондай қарым-қатынасқа негізделген отбасы мүшелері өздерін біртұтас жүйе ретінде сезінеді және бірін-бірі қолдап, жылулық танытады. Сүйіспеншілік пен симпатиядан туындаған мұндай қарым-қатынас отбасылық өмірде және балаларды тәрбиелеуде кездесетін фрустрациялық қайғыруларды азайтуға көмектеседі. Эмоционалды қарым-қатынастың бұзылуы бала тұлғасының қалыптасуына кері әсерін тигізеді.
Эйдемиллер Э.Г., Юстицкис В. (2000) отбасылық терапиядан жинақтаған бай тәжірибесін жалпылай келе, ананың баласына деген эмоционалды қарым-қатынасының бұзылуының көп кездесетін түрлерін бөліп қарастырды. Соның бірі – «ата-аналық сезімдердің көрінбеуі» - мұнда ана бала іс-әрекеттері мен жұмысына қызығушылық танытпайды. Ол ата-аналық міндетті ауырсынады, баланы баққаннан гөрі одан маңызды жұмыстарды жасау дұрыс деген пікірде болады. Аналық сезімдерінің айқын көрінбеуі отбасылық тәрбиенің ерекшеліктеріне байланысты болады, мысалы, өз балалық шағында өз ата-анасынан жылы қарым-қатынас пен мейірімділікті сезінбеген жағдайда жиі кездеседі. Осылай кіші кезінде анасының жылы алақанын сезінбеген қыз өскенде тәрбиенің жазалау шараларын (ұрысу, соғу) қолдануға бейім келеді және балаларына
барлық ашуын шығарады. Сонымен қатар, жас аналарда да ата-аналық сезімі әлі де әлсіз болады, бірақ оларда есейе келе күшею тенденциясы бар.
Э.Г.Эйдемиллер, В.Юстицкис (1998) бала мінез-құлқы бұзылуы мен ауытқуына әкелетін ата-ана тәрбиесінің факторларын бөліп көрсетті. Протекция деңгейі ананың баланы тәрбиелеуге бөлетін уақыты, көңілі мен күшінің мөлшері. Гиперпротекция болғанда ана балаға шектен тыс көп көңіл бөледі, уақыты мен күшін жұмсайды, баланы тәрбиелеу олардың өмірлік мақсатына айналады. Ал гипопротекцияда бала ана көңілінен шет қалады, тек бала қиын жағдайға ұшырағанда ғана аналары тәрбиені қолға алады. Екінші маңызды фактор – баланың қажеттіліктерін қанағаттандыру деңгейі. Мұндайда баланың барлық тілектері орындалады, ерке болып өседі. Елемеу – баланың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұмтылыстың әлсіз болуы, әсіресе, рухани қажеттіліктер, эмоционалды байланыс, анасымен қарым-қатынас қажеттілігі көп жағдайда еленбейді.
Ана мен бала арасындағы үйлесімсіз қарым-қатынас типтері және олардың салдары:
1) Ретсіз тілектерді мақұлдайтын гиперпротекция – аналар баланы бар қиындықтардан босатуға, оның тілектерін орындауға тырысады, шектен тыс жақсы көреді және қорғайды, минималды жетістіктеріне қуанады, басқалардың да таңданып қуануын талап етеді. Мұндай қарым-қатынас нәтижесі балада орынсыз дәмелену, талаптану деңгейінен көрінеді, мысалы балада табандылық және өз күшіне сенімсіздік секілді қасиеттердің жеткіліксіз болғанымен лидерлікке ұмтылады.
2) Басым протекция – бала анасының назарының ортасында болады. Олар балаға көп күш пен уақыт жұмсайды, бірақ көптеген шектеулер мен тыйымдар қоя отырып, өзбеттілігіне шектейді. Бұл эмансипация реакциясына немесе инициативсіздікке, өзі үшін жауап бере алмаушылыққа әкеледі.
3) Гипопротекция – балаға аз көңіл бөлінеді, оның жұмыстарына еш қызығушылық танытпайды, баланың жеке гигиенасына үстіртін қарайды. Жасырын гипопротекция барысында аналар формальды түрде бақылау мен қамқорлық білдіреді, бірақ бала өміріне араласпайды.
4) Эмоционалды оқшаулау – бала қиналады, оның қажеттіліктері еленбейді. Ана баланы масыл деп санайды, оған үнемі көңілі толмайды.
5) Жоғары моральдық жауапкершілік – баладан жасына сай емес шыншыл, тәртіпті болуды, отбасы алдындағы борышты сезінуді, жақындардың жағдайын ойлайтын жауапкершілік талап етеді де, бала анасының үмітін ақтай алмаймын деп қорқады.
6) Баламен қатал болу – баланың қажеттіліктеріне көңіл бөлмей отырып, тіпті кішкене қате қылықтары үшін ауыр жазалар қолдану. Ол ашық көрінуі мүмкін, мысалы балаға кекті шығару, жазалау, зорлық көрсету. Ал жасырын болғанда ана мен бала арасында эмоционалды салқындық пен қастық қамалдары болады.
Толық емес отбасында ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың үйлесімді болуына ананың тәрбие позициялары да үлкен әсер етеді. Бұл – бала тәрбиесіне байланысты ананың тұлғалық құрылымдар жиынтығы. Олардың маңызды сипаттарына адекваттылық, икемділік және болжай алушылық жатады.
Адекваттылық – ананың өз баласының индивидуалдылығын көре және түсіне білуі. Анасының баланың тұлғалық ерекшеліктерін, таным, эмоционалды және мотивациялық сфераларын, рухани дүниесін білуі.
Икемділік – баланың ер жетуі барысындағы немесе отбасындағы өмір жағдайларының өзгеруіне байланысты ананың тәрбие әсерін қолайлы етіп, икемдеп өзгерте алу қабілеті.
Болжай алушылық – ананың жаңа тұлғалық және психикалық сапаларының пайда болуын алдын ала болжай алу қабілеті. Алдын ала болжамайтын қарым-қатынас моделі тек бір сәттік жағдайдың ерекшеліктерін ескеруге әкеледі. Ал бұдан аналар баласының күтпеген мінез-құлқына тап болады, қарым-қатынас қиындай түседі.
Маңызды, бірақ әлі дұрыс зерттелмеген ананың сипаттамаларының біріне олардың балаға қатынасының мотивациясы және оны субъективті ұғынуы жатады.
Толық емес отбасында мүшелерінің өзара қарым-қатынасында рөлдік құрылымы бұзылады және ең алдымен баланың позициясы өзгереді. Мысалы, бала келесі рөлдерді иемденуі мүмкін:
«сүйкімді» (Э.Г.Эйдемиллер, В.Юстицкис айтуы бойынша – «ата-ана сезім сферасының кеңеюі») – балаға шектен тыс көп көңіл бөлу. Көбіне ерлі-зайыптылар өзара қарым-қатынасын қанағаттандыра алмағандықтан санасыз түрде баламен өзара ерекше, жақын жылы байланысты орнатуға ұмтылады. Балаға «барлық махаббатты», «барлық сезімдерді» беруге ұмтылады. Жалғыз басты ана екінші рет тұрмыс құрудан, карьерадан бас тартады.
«кішкентай бала» («балада сәбиге тән сапалардың болуын қалау») – тіпті есейген бала да отбасында еш нәрсеге қатысы жоқ, міндеті жоқ кішкене бала болып қала беруі мүмкін. Аналар балалардың есеюін мойындағысы келмейді, себебі балада сәбиге тән аңқаулық, ойыншылдық, еркелік болғанын қалайды, сөйте отырып, балаға талаптарды аз қойып, психологиялық инфантилизмнің дамуына жол береді.
Психологиялық инфантилизм – онтогенетикалық дамуда денелік әрі психологиялық функциялардың кешігіп қалыптасуы. Бірақ психологиялық дамуы уақыт өте келе толықтай даму деңгейіне жетуі мүмкін.
«Тентек», «түзеуге келмейтін», «қиын», т.б. – бұл роль негізіне «бала бойына өзіне тән ұнамсыз қасиеттерді проекциялау» жатады.
«Вундеркинд», «отбасы үміті» - анасы өзінің қанағаттандырылмаған қажеттіліктерін балалары арқылы жасауға ұмтылу.
«Өзгеге деген кекті кінәсізден шығару» - бала ата-аналарының кекті шығаруға қажет объект рөлін сомдайды. Отбасындағы немесе отбасынан тыс қайғыруларды ата-аналар баласына ұрсу, т.б. арқылы сыртқа шығарады.
«Сот адамы», «татуластырушы» - бала кішкентайынан отбасы өмірінің қиындықтарына араласады, реттейді, ерлі-зайыптылардың дау-жанжалдарын шешеді. Ата-аналар өзара қарым-қатынасты шешумен ғана айналысады және баланы осыған қатыстырады. Оның сезімдері мен ішкі жан күйзелісіне мүлдем көңіл бөлмейді. Баланы соғыс кезіндегі бір-біріне қарсы қару ретінде немесе татуласу үшін делдал ретінде пайдаланады. Бұл рөлді бала ажырасудың ұзақ күрделі кезеңінде сомдауы мүмкін.
Толық емес отбасында ананың баласымен қарым-қатынасының бұзылуы баланың өскенде мінез-құлық акцентуациясының күшеюіне апаруы мүмкін. Яғни, баланың әлеуметтік бейімделуі бұзылады, мінез-құлқында ауытқушылық болады. Бұл акцентуациялар көбіне жасөспірімдік кезеңде айқын байқалады.
Толық емес отбасындағы баланың психикалық дамуына әсер ететін көп факторларды психотерапевтілер талдай келе, олардың бастыларына әкесінен және анасынан оқшаулану, ата-ана арасындағы жанжалды қайғыру, ана мен бала арасындағы шектен тыс қамқор немесе суық қатынас пен тәрбиенің қатаң әдістерін жатқызған.