Эстетикалық сезімдер. Қоғамның даму үрдісінде адам моралдық талаптармен ғана емес, сонымен қатар сұлулық ұғымдарын басшылыққа ала отырып, қоршаған дүниенің құбылыстарын қабылдау қабілеттілігіне ие болады. Бұл жағдай эстетикалық сезімдердің пайда болуы үшін негіз болып табылады. Эстетикалық кәңіл-күйлер өте көп қырлы және күрделі.
Эстетикалық сезімдер- болмыстағы шындықтың сұлулығын, әдемілігін, әсемдігін қабылдаудан туатын көңіл-күй. Эстетикалық сезім табиғат көріністерінен, әуезді әуендерден, әсерлі оқиғалардан, өнер туындыларынан пайда болады. Адамның эстетикалық сезімі өз ортасына, тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Эстетикалық сезімі жетілген адамтабиғат сұлулығын қабылдап сүйсінеді. Адамның қоғамға, дүниеге көзқарасы эстетикалық сезімімен астарласып жатады.
Эстетикалық сезімдер депәдемі заттар мен құбылыстарды қабылдаумен байланысты, ол туралы елестетулер мен ойлармен байланысты адамның көңіл-күйінің жағымды сезімдерін айтамыз.
Интеллектуалдық сезімдер- адамның ақыл-ой, іс-әрекетімен байланысты. Интеллектуалдық сезімдерге таң қалу, әуестену, өзіне-өзі сену, қанағаттану сезімдерін жатқызуға болады. Интеллектуалдық сезімдер танымдық іс-әрекетте пайда болады. Бұл сезімдер әртүрлі теориялық және тәжірибелік мәселелерді қойғанда, міндеттерді шешкенде, ғылыми жаңалық ашқанда, ойлап тапқанда, қандай да болсын жаңаны меңгергенде және танығанда пайда болады және көңіл күйді білдіреді. Теориялық және тәжірибелік міндеттерді шешкенде адам ерекше жағымды сезімде болады. Бұл сезімді бастан кешіргенде адам ерекше қуаныш жағдайында, көңіл-күйі, күш-жігері көтеріңкі болады. Қанағаттану мен қанағаттанбау сезімі адамның өзінің жеке интеллектуалдық үрдісінде пайда болады. Белгілі міндетті ойдағыдай шешу де қанағаттану сезімін тудырады. Мысалы, өте жақсы оқылған лектордың, баяндамашының дәрісі, мәнерлі де тартымды сөйлеген сөзі жағымды сезім туғызады. Тілдің грамматикалық ережелерін сақтамай, стилі жағынан өте ауыр, мазмұны жағынан тартымсыз лектордың сөзі кейде жағымсыз сезім шақырады.