Стеникалық сезім дегеніміз - адамның белсенділігі арттыратын, күші мен қуатын еселейтін, адамды жігерлендіретін сергектікке бағыттайтын сезім. Стеникалық сезім («стенос»-грексөзі, қазақшалағанда күш деген мағынаны береді), мысалы: күшті қуаныш, ашу сезімдері жатады.
Астеникалық сезім дегеніміз - адамның белсенділік қуатын азайтатын, адамды тежеп отыратын сезім.
Астеникалық сезім («астенос» - грек сөзі, қазақшалағанда әлсіздік мағынасында қолданылады), мысалы, нәзіктік, қайғықасірет, қорқыныш сезімдерін жатқызуға болады.
§4.2 Эмоционалдық күйлердің жіктелуі
Сезімдердің жылдамдығының, күші мен тұрақтылығының үйлесіп келуіне байланысты эмоциялық жағдайдың түрлеріне бөлінеді. Олардың негізгілеріне көңіл-күй, аффект, құмарлық, жігерлену, стресс жатады.
Көңіл-күй (настроение) - онша білінбейтін, ұзаққа созылған'' эмоциялық жағдай, ол негізінен өзінің әлсіз немесе орташа күшімен және көп жағдайда тұрақтылығымен ерекшеленеді. Кей жағдайда адамның көңіл-күйі күні бойы, аптасына, айына және одан да көпке созылуы мүмкін.
Адамның көңіл-күйі әртүрлі болатындығы белгілі. Мысалы: шалт, қайғылы, жабырқау және т.б. көңіл-күй жақсы және жаман болып келеді.
Адамдардың көңіл-күйі әртүрлі себептерге байланысты болады. Ондай себептер адамның жеке және қоғамдық өмірінде болатын елеулі оқиғаға байланысты болуы мүмкін. Белгілі бір жұмысты ойдағыдай сәтті орындау бірнеше күнге, ұзақ мерзімге көтеріңкі, жағымды көңіл-күйді шақырады. Көңіл-күйдің сондай болу себебі адам жүйке жүйесі мен оның жалпы денсаулық жағдайына байланысты.
Адамдарда көңіл-күй әртүрлі болғанымен, әрбір адамға көңіл-күйдің басым келетін түрі тән. Осы көңіл-күйдің басымдылығына қарай адамдардың кейбіреулерін көңілді, шалт, сергек адамдар деп атаса, басқаларын жабырқау, көңілсіз деп атайды. Осындай жетекшілік ететін көңіл-күй мінез бітісі болып табылады.
Көңіл-күй барлық психикалық үрдістерде және адам іс-әрекетінде ерекше мәнге ие. Көңіл-күй елестетулер мен ойлаудың жылдамдығына, сонымен қатар оның мазмұны мен бағыттылығына әсер етеді. Көңіл-күй адамның басқа эмоциялық жағдайларына, олардың белсенділігіне, ұмтылыстарына және іс-әрекетіне ықпал етеді.
Мысалы, адам шалт көңіл-күйде ерекше белсенді болады, көңілсіз, қайғылы жағдайда - белсенділік танытпайды. Көңіл-күй адамның қоршаған ортаға қатысына әсер етеді. Жағымды көңіл-күй үстемдік еткенде адам уақытша сәтсіздік пен қиындықты басынан жеңіл кешіре біледі.
Аффект - латын сөзі, қазақшалағанда жан толқынысы деген мағынада қолданылады. Аффектілер деп ерекше күшті, тез пайда болатын және адамды билеп кететін, қысқа мерзімде жүріп өтетін эмоциялық жағдайды айтамыз. Мысалы: қуаныш, қорқыныш, қайғы және т.б аффектілерін атауға болады. Аффектілер негізінен күшті тітіркендіргіштердің әсерінен болады. Аффектілер көп жағдайда кенеттен болады, бірнеше минут жүріп өтеді де, адамды тез арада билеп әкетеді.
Аффектілер еріктің әлсіреген жагдайында пайда болады, өзін-өзі ұстай алмаудың және өзін-өзі басқара алмаудың керсеткіші болып табылады. Әрбір адам саналы құбылыс ретінде өзінің жекебасында кездесетін аффектіні алдын ала болдырмауға, оны алғашқы байқалған кезінен басып отыруға әрекеттенуі керек.
Тіпті аффектінің ең күшті сәттерінде де адам өзін-өзі басқара білуі қажет.
Халқымызда: «Ашу-дұшпан, ақыл-дос, ақылыңа ақыл қос», «Ашу дұшпан жағына шығып кетпе, ақыл-досыңды қолда», «Қит етсе қызарақтап, қызыл кеңірдектікке салынған көпке жеккөрінішті көрінеді» деген даналық сөздер бар. Сондықтан «Бүгінгі ашуыңды ертеңге қалдыр» дейді халық нақылы.
Аффектілердің жүйке жүйесі ауру адамдарда байқалатын патологияның түрі болады. Бұл жерде аффектілік жағдайдың алдын алу үшін оған сәйкес емдеу қажет.
Аффект кезінде адам «ештеңе білмей қалдым, көзім түк көрмеді» дейді. Бұл мүмкін емес. Адам әр уақытта да өз қылығына есеп беріп отыруға және қандай жағдайда болса да, өз сезімін басқарып отыруға тиісті.
Достарыңызбен бөлісу: |