Жүйелі ілімнің үш ерекшелігі Оқулық қазақ тіліне жеңіл де, жатық аударылған. Онда тіл мен мәдениеттің өзіндік ерешеліктерін көрсетуге арналған, коммуникация ұғымының өзіне, оның айналасындағы басқа да толып жатқан мәселелерге берілген анықтамалар көп кездеседі. Олардың ағылшын тіліндегі нұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасы қатар жүріп отырады. Осы аудармалардың қай-қайсысы да ағылшын тіліндегі түпнұсқа мазмұнын сақтап, орыс тіліндегі мазмұнынан да ауытқымай, біріншіден, дәл берілген, екіншіден, аударма өзінің нақтылығымен, анықтығымен және қазақ оқырманының ұғымына сай болып аударылуымен құнды, қазақ тілді оқырманның оп-оңай, жеп-жеңіл түсінуіне баса мән берілген. Сондықтан оқу да, түсіну де жеңіл, оның үстіне оқулықта айтылған мәселелер мазмұнының жүйелілігімен оқырманды жетелеп отырады.
Оқулық аудармасының мынадай үш ерекшелігін бөліп көрсетуге болады:
Біріншіден, қазір кез-келген тілді өзге тілді дәрісханада оқытуда сол тіл иесі халықтың мәдениеті арқылы оқыту бағыты немесе танымдық-лингвомәдениеттанулық бағыт дейтін оқыту ұстанымы алға шығып отыр. Бұл ұстаным бойынша тілді оқыту кезінде пайдаланылатын сөйлеу әрекеті түрлері сол ел мәдениетінен алынған мәтіндерді, деректерді, оқиғаларды, сұхбаттарды т.б. пайдалану арқылы жүреді.Ал мұндай мәліметтерде міндетті түрде сол халық тіліндегі аялық білім түрлері ( реалиялар, логоэпистемалар, лакундар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, т.б.), әр түрлі сол халықтың ұлттық ділінен туындайтын ұғымдар мен түсініктер кездеседі. Аталған мәліметтерді дұрыс түсіну, мағынасына дұрыс интерпретация жасай алу, оларды өз сөзінде дұрыс қолдана алу – мәдениетаралық коммуникацияның дұрыс жүруін қамтамасыз ететін алғы шарттардың ең бастысы. Сондықтан оқулық мәдениетаралық коммуникацияның дұрыс жүрісін қамтамасыз етуге бағытталып, ұғымдар мен түсініктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі талдай отырып, орыс тілі мен ағылшын тіліндегі мысалдарды салыстыру жолымен жүйелі баяндау мақсатын көздей келе, өте тиімді әдістемелік жол көрсетеді. Бұл жол алдағы уақытта қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мақсатында жазылатын көптеген әдістемелік жұмыстарға арқау болары анық.