Қазақ ғылыми тілін кемелдікке жеткізер игі қадам Студенттер үшін, шет ел, орыс және қазақ тілдерін оқытатын оқытушылар үшін, тіпті кез келген тілші-маман, басқа да сала мамандары үшін бұл оқулықтың мәні аса зор. Себебі, оқулық кез-келген оқырманды да, мәдениеттер сұхбатына қатысушы белгілі бір мәдениеттің атынан сөйлейтін тілдік тұлғаны да тіл, мәдениет, мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне қатысты көптеген беймәлім мәселелерден хабардар етіп, олардың ерекшеліктері мен маңызын түсіндіреді.
Қазақстан жағдайында қазіргі үш тұғырлы тіл саясатына орай – қазақ, ағылшын, орыс тілдерін қатар оқыту бағдарына байланысты бұл оқулықтың маңызы, тіпті арта түспек. Себебі, оқулықта көтерілетін мәселелердің барлығы ағылшын тілін оқытумен байланысты беріледі. Мысалдар ағылшын тілінен алынып, орыс тілімен салыстырылып отырады. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту үстінде де мұны тиімді пайдалануға болады. Мысалы, ағылшын, орыс тілдеріндегі мысалдардың қазақ тіліндегі баламасын беру арқылы немесе берілген материалды келтірілген мысалдарға ұқсас, қазақ тіліндегі мағынасы жақын мысалдармен толықтыру арқылы ұсынуға болады. Сонда үш тілдің арасындағы өзгешеліктер салыстырылып, ұқсастықтар көрініп, тілді оңтайлы оқып-үйрену тиімділігі байқалады. Сондықтан да оқу орындарында өзге тілді оқытып үйрету сол елдің мәдениетін меңгерту арқылы (сол халық мәдениетінен алынған мәтіндер, мысалдар, деректер, оқиғалар, т.б.) жүзеге асуы тиіс дейтін ұстаным маңызды орынды иеленіп отыр. Өйткені ел мен елдің, халық пен халықтың әр түрлі саладағы қарым-қатынасы саясатқа да, экономикаға да басқа да толып жатқан мемлекетаралық кедергілерге қарамастан өз жолымен жалғасып, дамып, өрістеу үстінде. Мұның барлығы қазіргі әлем елдерінің өзара тығыз араласуының нәтижесінде өзге халықтың тілі мен мәдениетін меңгерудің маңыздылығының артып отырғандығынан туындаса керек. Осыған орай «мәдениетаралық коммуникация» дейтін термин де зор маңызға ие болып, өзекті терминге айналып отыр.
Тіл білімі ғылымының маңызды жетістігі Адамдар арасындағы қатынас негізінен сөйлесу, тілдесу арқылы жүретін болғандықтан мәдениетаралық коммуникация жеке адам үшін де, сала мамандары үшін де өте қажет мәселе екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін фактор. Әсіресе, тілдерді өзге тіл ретінде оқытып меңгертуде студенттердің өзге ел мәдени құндылықтарына түсіністікпен, құрметпен қарай білуін, мәдениетаралық коммуникацияға икемділігін қалыптастыру оқыту үрдісінде аса маңызды. Алайда тіл, мәдениет, мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне арналған мұндай жеке зерттеу еңбегі немесе оқулық қазақ тілінде әзірге жоқ еді. Ресейдің өзінде С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәденитаралық коммуникация» атты жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттарына арналған оқу құралы – осы саладағы ең бірінші оқулық. Оны оқулықтың орыс тіліндегі нұсқасының аннотациясынан алынған мына дерек растай түседі. Онда: «Эта книга первый фундаментальный учебник по новой и очень популярной специальности «Лингвистика и межкультурная коммуникация». Такая работа особенно важна в новых условиях «мира без границ», когда остро встает проблема взаимопонимания людей разных культур и традиции, пробуждение интереса и уважения к ним становится необходимостью для выживания человечества», – делінген.
Сол себептен, бұл оқулықтың қазақ тіліне аударылуын тек құптауға тұрарлық қана емес, дәл қазіргі күндері аса қажет еңбек деп таныған жөн. Себебі, оқулық біріншіден, қазақ тіліндегі олқылықтың орнын толтырса, екіншіден, іргелі ел Ресейдің өзінде «тіл мен мәдениетаралық коммуникация» бағытындағы бірінші еңбектің қазақ тіліне аударылуы қазақтың тіл білімі ғылымына, қазақ тілін оқытудың әдістемелік саласына қосылған үлкен жетістік екені даусыз.