2.2. «жүрек/heart» және «жан/soul» концептілерінің лексика- семантикалық топтары
Концепт терминінің мағынасы - өте терең екеніне, және концепт туралы ғалымдар ойы болатындығына жоғарыдағы тарауларда көзіміз анық жетті. Кейбір ғалымдар оны термин ретінде қарастырса (В.И. Карасик, C.А.Аскольдов), енді біреулері (Д.С. Лихачев, B.Т. Москвин) ұғыммен теңестірді. Концепт негізінде адам білсем, көрсем, сезінсем деген оймен білім аясын жан-жақты кеңейте түседі. Зерттеп, зерделеген сайын тіл бірліктерінің мәнін ашып, соған көзін жеткізе түседі. Әсер ету күшін Б.А. Ларин концептіні тілдік тұлғаның танымдық деңгейлсты бөлшегі ретінде танып, ғаламның тілдік моделін беруші ұжымдық сананың қозғалысын анықтаушы бірлік екендігін көрсетеді [30, 20].
Когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы - концепт бірнеше түрге бөлінеді. В. А. Маслова концептіні жеке тұлғалық концептілер, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер, жалпыұлттық концептілер деп таратады [31, 12].
Жеке тұлғалық концептілер дегеніміз - біздің пайымдауымызша, белгілі бір тұлғаның немесе автордың жеке қолтаңбасына тән тірек мағыналар. Ал адамдардың жас ерекшеліктеріне тән концептілер тобы сол адам санасының жасына қарай дамуын, сол арқылы әлемді, қоршаған ортаны қабылдауын көрсетеді.
Жалпыұлттық концептілер сол ұлттанымын, талғамын, өмірлік тәжірибесін, парасат-пайымын, ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын сөздер тобын құрайды. Сонымен қатар әрбір концепт адам санасының даму ерекшелігіне байланысты, қоғамның өзгеріп, өркендеуіне байланысты бірнеше қабаттардан тұрады. Сонымен қатар концептілердің негізгі қабаты жалпыұлттық сипатты қамтып, қосымша қабаты семантикалық өріс шеңберіндегі концептілерді құрайды. Әрбір концепт күрделі, ол менталды кешенді жүйеден құралады. Оны А.Байтұрсынұлы «Адам дүниедегі көрген- білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тексан лаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрселерінің я ісінің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, біріне сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде кыртылып айырылғысыз болып бірігеді» [32, 12], - деп түсіндіреді.
Бала танымында әлемнің тілдік бейнесі тілді игергенге дейінгі уақытта қалыптасады. Оның тілдік көріністері бала тіліндегі вербалды элементтер арқылы көрінеді. Бала миында жинақталған ақпараттар енді тілді меңгергеннен кейін, сөйлеу барысындағы тілдік бірліктер арқылы нәтижесін көрсетеді. Осыдан барып әлем туралы тілдік үлгілер қалыптасады да, баланың әлем туралы біртұтас тұжырымдамасы бейнеленеді [31, 12].
Ж. Исаева қазақ тіл білімінің антропоцентристік дамуы, мақал-мәтелдердің антропоцентристік бағытта зерттелуін сөз ете келіп, қазақ халқының мол қазынасы - мақал-мәтелдердің әрқайсысын когнитивтік тұрғыдан талдайды. Осы талдау барысында мақал-мәтелдер бейнесіндегі «адам» концептісі жеке тұлғалық концептіге де («Ерді намыс өлтіреді…», «Болар бала қонаққа үйір», «Қыз-қылығымен»), жас ерекшелігіне қарай концептіге де («Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без», "Ағасы бардың, жағасы бар»), жалпыұлттық концептіге де («Балалы үй - базар, баласыз үй - мазар», «Әдепті келін - келін, әдепсіз келін - келсап», «Қонақ келсе ырыс", т.б.) жататынын дәлелдейді [33, 127].
Ал, С.Жиренов XY-XIX ғасырлардағы ақын-жырау поэзиясындағы «Өмір- Өлім» концептісінің танымдық табиғатын айқындап, концептіге «ойлау мен таным және мәдени процестердің жиынтығы бола келіп, адам ойындағы ғалам бейнесінің өзіндік белгілерінің ассоциациялануының нәтижесі» деген анықтама береді [34, 27].
Концепт - ғаламның концептуалды бейнесі жайлы түрлі ақпарат беретін ұлттық-мәдени-танымдық мәнге ие болған доминанттың тілдік қолданыстағы мағынасының ой елегінен өтіп, тіл арқылы бейнеленуі.
Жүрек, жан концептілері әртүрлі аспектіде көрініс табады. Жүрек сөзі тура мағынасында , бойға қан жүргізуші басты орган. Ауыс мағынасында адам баласының жан дүниесі, рухани сезімі. Сол сезімнің әркімнің бойында әртүрлі қабылдаудың әсерінен лүпілдеген жүрек, қақ айрылған жүрек, сұм жүрек, жылы жүрек, асау жүрек, ақ жүрек т.б. секілді күйініш пен назын, қуанышы мен қайғысын білдіреді. Философиялық тұрғыдан адам өзін-өзі жеңуі және дел-салдық дәрежеге түсуі ақиқат.
Жан - адамның ішкі сарайы, ой-санасы. Ауыспалы мағынасында қадірлеу, құрметтеу ретінде айтылатын сөз. Концепті ретіндегі қолданыстарын фразелогизмдер арқылы жоғарыда талдап өттік Мысалы, жан азабын тартты, жан алды, жан алқымға алды, жан дәрмен, жаналқымға таянды, жан жүйесін босатты, жан күйттеді, жаны тынды, жаны ұстараның жүзінде, жаны шошыды, жаны шықты т.б. Мысалдардан бұл екі концептінің қызметінің кейде өте ұқсас болып кететіні байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |