«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және (немесе) облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбесі) осы Қағидалардын 1-қосымшасына сәйкес көрсетеді.
Көрсетілетін қызметті беруші хабарландыру жарияланған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдайды.
Бірінші басшылар лауазымына орналасуға үміткер жеке тұлға (бұдан әрі – кандидаттар) осы Қағидаларға 1-қосымшаның 8-тармағына сәйкес Мемлекеттік корпорацияға және (немесе) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне және (немесе) «электрондық үкімет» веб-порталына (бұдан әрі – портал) өтініш пен құжаттар береді.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап өтініш қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанындағы құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама не өтінімді одан әрі қарау туралы дәлелді бас тарту келіп түседі.
Мемлекеттік қызметті алуға құжаттарды қабылдау кезінде көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту береді.
Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушыға құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
Қалыптастырылған өтініштерді (құжаттар топтамасымен бірге) Мемлекеттік корпорация көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.
Кандидат Тізбесінде көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Бұл ретте, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік көрсетілетін қызметтің мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын ұсынады.
Көрсетілетін қызметті беруші «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы мәліметтерді Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау мен бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Шағым көрсетілетін қызмет берушіге және (немесе) лауазымды адамның шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) жасалады.
Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күннен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарға толық жауап беретін шешім не өзге де әкімшілік шара қабылдаса шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес ол тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында басқаша қарастырылмаса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа шағымдануға рұқсат етіледі.