4.4 Биоценоздың трофикалық құрылымы Әр экожүйеге қоректену әдісі бойынша ажыратылатын түрлі организмдердің топтары кіреді (биоценоздың трофикалық құрылымы).
Автотрофтар (өздігінен қоректенетін) – фотосинтез (жасыл өсімдіктер) және хемосинтез (сутегі, күкірт, күкіртсутегі, аммиак, темірдің тотығуының энергия көзі ретінде пайдаланылатын бактериялар) процестерінің көмегімен өз денесінің органикалық затын неорганикалық заттардан – су мен көміртек оксидінен түзетін организмдер. Автотрофтар барлық тірі тіршілік иелерінің негізгі массасын құрайды және кез келген экожүйедегі барлық жаңа органикалық заттардың түзілуіне жауап береді, яғни өнімді өндіруші – экожүйенің продуценттері болып табылады.
Гетеротрофтар(басқалармен қоректенетіндер) – басқа организмдердің дайын органикалық заттарын және олардың тіршілік әрекетінің өнімдерін пайдаланатын организмдер. Бұл барлық жануарлар, саңырауқұлақтар және бактериялардың көп бөлігі. Гетеротрофтар органикалық заттарды тұтынушы және деструктор (бұзушы) болып саналады. Қорек көзіне және деструкцияға қатысуына байланысты олар бірнеше категорияларға бөлінеді: консументтер, детритофагтар және редуценттер.
Консументтер –тірі организмдердің органикалық заттарын тұтынушылар. Оларға жатады:
Тірі өсімдіктермен қоректенетін (өсімдік биті, шегіртке, қой және т.б.) өсімдік қоректі жануарлар (бірінші ретті консументтер - фитофагтар);
Басқа жануарлармен қоректенетін ет қоректі жануарлар (екінші ретті консументтер - зоофагтар), яғни фитофагтарға ғана емес, басқа да жыртқыштарға шабуылдайтын түрлі жыртқыштар;
Қожайын-организмнің заттары есебінен тіршілік ететін паразиттер (үшінші ретті консументтер); бұларға жануарлар ғана емес (құрт, жәндіктер, кене), сонымен бірге микроорганизмдер (вирустар, бактериялар, қарапайымдылар) және кейбір саңырауқұлақтар мен өсімдіктер кіреді;
Симбиотрофтар – қожайын-организмінің шырындарымен немесе бөлінетін заттарымен қоректене отырып, онымен бірге оның өмірі үшін маңызды трофикалық функцияларды орындайтын бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдылар; бұларға көптеген өсімдіктердің тамырлы қоректенуде қатысатын жіпшумақты саңырауқұлақтар, күрделі асқазанды күйіс қайыратын жануарлардың микробты тұрғындары және т.б. кіреді.