Әдеби KZ
басқан әр адымында, жұмырланып, тола бастаған сымбатты дене бітімінде бір
ерекше сиқыр ұялағандай, үйдегі еркектердің көзін бірден өзіне аударып әкетті.
Ашулы сөздер ызғарымен күңгірт тартқан ақ боз үйдің іші кенет күн сәулесі
түскендей жадырап сала берді.
— Мырзалар, қонақ үйге жүріп дәм татыңыздар, — деді ол, құралай көзінен
сәуле төге, қоңыр даусын сәндене созып.
Нұрбикенің көген көздеріндегі қызығы мол бір құпия сыр жарқ етіп Барақтың
бетіне төгіле түсті де кенет біреу үрлеп жіберген шамдай сөне қалды. Енді ол көзін
төменірек отырған қос батырға аударған. Бөгенбай мен Тайман батырдың жүздері
де тобылғының қып-қызыл шоғына тосылғандай әлденеге балбырап, қызарып
кетті. Нұрбике сұлу түнде көрген тәтті түсі есіне түскендей ақырын жымың етті.
Енді ол жаудыраған қарақат көздерінен махаббат күн шуағындай әсем бір
жылылық төгіп, сұлу тоқалдың кіргеніне мән бермей отырған Бараққа қайта
бұрылды.
— Сұлтан қайным, дәм татыңыздар деп тұрмын ғой, — деді еркелене үн қатып.
— Бұйырған дәм болса татармыз, — деді Барақ, жасы отыз беске келіп қалса
да әлі де жас қыздай сылаңдаған тоқалдың ажарына немқұрайды көз тастап. —
Алдыменен мына хан тағындағы жұбайыңыздың ақылына қанып алуға мұрсат
беріңіз.
Бүкіл алты алашты сұқтандырған көркіне Барақтың назар салмағанына
Нұрбике ханым шамданып қалды:
— Ақылға шөлдеп келсеңіз, онда сусыныңызды әбден қандырып алыңыз, —
деп мысқылмен күлімсіреді де бұрала басып шығып кетті. Ерке тоқалының
айтқанын екі етіп көрмеген Әбілқайыр:
— Астан үлкен емеспіз ғой, — деді, — жүріңіздер, дәм татып шығалық.
— Иә, сөйтелік, — деді батырлар да қостап.
Әбілқайыр орнынан түрегелді. Барақ сұлтан да амалсыз қонақ үйге қарай
беттеді. «Ханға әмірін жүргізген бұл қатынның қандай құдіреті бар екен? Байқап
көретін екен» деді ішінен.
143
Әдеби KZ
Нұрбике ханымның құр ғана сұлулығы емес, хан қадірлер қылығы да мол еді.
Бұл «Ақтабан шұбырындының» алдындағы бір тойда Бөгенбай мен Тайман
батырлардың қатты өштесуіне де осы Нұрбике себепкер болған. Ол той иесі
Қойсан байдың ерке-шора қызы еді. Тойға келген екі батыр жігіт он жеті жасар
Нұрбикеге көрген жерден ғашық болды. О кезде бәсекелес екі батыр сұлу қызды
бірінен бірі қызғанып, өз көңілдерін қатар білдірген.
Ерке-шора бай қызы бір жағы қалжыңбастық, еркелікпен, екінші жағынан
жігіттердің намыстарына тиіп, мазақ етпек оймен:
— Екеуіңді де бірдей ұнатам, — деп еді, — тек кімнің өнері асса — сол менің
қалауым...
Қыз шешімін естіген қызба қанды қос батыр енді ашық бәсекеге түсті. Бірақ
сайыста да, жамбы атуда да, күресте де, жерден теңге алуда да жеңісе алмады.
Бірінен бірі оза алмаған батырлар қайтадан қызға келді. Нұрбике екеуін
ажуалап, тағы күлді.
— Біріңе бірің қимаған өз обалдарың өздеріңе! Енді кеш қалдыңдар, — деді
күлкісін тыйып. Сосын өзіне кеше ғана Кіші жүздің ханы Әбілқайыр құда түскенін
естіртті.
Таласып жүріп, қыздан айрылып қалғандарына өкінген екі батырдың іштері
удай ашыды. Екеуінің арасындағы жігіттік талас енді араздыққа айналған. Сөйтіп
жүргендерінде Жоңғар шабуылы басталды. Ел басына туған апат екі батырдың
арасындағы араздықты ұмыттырды. Жауларына бір майданда қатар тұрып қарсы
шықпағанмен, екеуі ерліктері үшін бірін-бірі сырттай сыйлайтын. Халық құрметіне
бөленген қос батыр ақыры Әбілқайыр ханның оң қолы мен сол қолына айналған.
Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей
болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан
оған опық жеген жоқ. Кербез тоқал өзінің нәзік қылықтарымен ханның көңілін
көншітіп, бабын таба білді. Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда,
қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті.
Ерінің жас тоқалынан суымайтынына көздері жете бастаған ханның өзге әйелдері,
144
Әдеби KZ
Нұрбикені қаралай, өсек те айтып көрді. Бірақ хан сонда да тоқалының өзіне деген
махаббатына шек келтірмеді.
Нұрбике жайында өсек-аяң көбейіп жүрген бір жылы Әбілқайыр әлдеқалай
жас тоқалын ертіп Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған. Зәулім,
әшекейлі мешіттің салтанатты сарайларын аралап жүріп, бір жабық есіктің тұсына
келгенде, олар ар жағынан бір сүйкімсіз қарқылдаған үн естіді. Қожа Ахмет Яссауи
мешітінде бұрын да талай рет болған Әбілқайырға бұл есік бұзыла бастаған зәулім
сарайдың есігі екені, ар жағындағы жексұрын дауыстар сарай қабырғасының
құлаған кірпіштерінің орнына ұя салған қара қарғаның қарқылы екені мәлім
болатын.
Бірақ әулие мешітінің ішінде қобалжып келе жатқан Нұрбике әлгі дыбыстан
секем алып, қасындағы ерінен:
— Бұл ненің даусы? — деп сұраған.
Кенет Әбілқайырға бір ойнақы ой келе қалды.
— Бұл дозақ құстарының шуы, — деді ол шімірікпестен. — Егер мынау сарайға
кірген әйел өмірінде ерінің көзіне неше рет шөп салса, сонша құс ұшып келіп,
басы-көзін шоқи бастайды... — Хан әйеліне сынай қараған. — Кіресің бе?
Нұрбике сұп-сұр боп кетті де, бойын тез жинап алды. «Егер аспандағы алла-
тағалам жердегі менің істеген күнәмді санап жүрген болса, қалай жазалаймын
десе де өз қолында ғой. Тәуекел, кірейін» деп ойлады ішінен. Сосын күйеуінің
бетіне наздана қарап.
— Менің күнәсіз екенімді білмейтін бе едіңіз, хан ием? Онда ашыңыз есікті.
Бәрін көзіңізбен көріп, көңіліңіз орнықсын...
Қуанып кеткен Әбілқайыр есікті аштырмаған. «Күнәлі болса, кіруге қорқар еді,
адал екен» деген ол. Жас тоқалын өте жақсы көретін хан өзін-өзі алдап, әйелінің
күнәсіз екеніне сенгісі келген. Бірақ бүгінгі Нұрбикенің Бараққа аударған
көзқарасынан хан бір сұмдықты аңғарып қалғандай еді, әйтсе де сыр бермеді.
Қыз болып көзге түскелі өзін елемеген еркекті бірінші рет көріп, Нұрбике ақ
боз үйде ызаланып тұрғанда, хан қонақтарын бастап ішке кірді. Нұрбике жайнап
145
Әдеби KZ
сала берді. Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан
тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие
сауымындай мезгіл отырды. Содан кейін қайтадан хан сарайына келді. Тек хан
Ордасының есігін аша бергенде, Барақ сұлтан қонақ үйде шақшасының ұмыт
қалғаны есіне түсіп кейін қайтты да көп ұзамай қайта оралды. Басқа адам бұдан
ештеңе аңғармағанмен, Әбілқайыр қас жауы Барақтың езуіндегі болмашы ғана
күлкіден оның олжасы тек «ұмыт қалған» шақша емес екенін ұқты.
Хан төрдегі орнына отырғаннан кейін, байсалды үнмен сөзін бастап кетті.
— Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол.
— Қай халыққа болса да басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің
жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай
боғдыханына бағыну — тіліңнен де, дініңнен де бірдей айрылу деген сөз. Ал
Россия оған қарағанда әділ де, адал да жұрт. Жеріміз де, тағдырымыз да бір. —
Кенет ол даусын көтере сөйледі. — Жоқ, не десеңіздер де Россияға қосылу — бізге
қалған жалғыз жол!
Күндікке үндемей отырған Церен-Доржи кенет шіңк ете қалды. Алпамсадай
денесі мен тұнжыраған түріне қарамай, үні қанден иттің даусындай жіңішке, ащы
екен. Аузынан көбік ата, сөйлеп қоя берді.
— Тақсыр хан, қазақ еліне Россияға қосылудан бөтен жол жоқ дегенің бекер,
— деді ол астындағы атлас көрпе жамбасына батып отырғандай, қозғалақтап. —
Батыр адамның бәрін өзімізге қосып аламыз. Сені де! Сені де! Қатын патшасын ат
құйрығына байлап өлтіреміз! Сосын орыс жерінен де асып, әрі қарай барамыз!
Арғы бабаларымыз жеткен жерге біз де жетеміз! Одан да әрі кетеміз!
Жолымыздағы қала біткеннің бәрін қиратып жоңғар мен қазақ малына жайылым
етеміз. Адам біткеннің бәрін қойдай көгендейміз! Саған бұдан артық қандай жол
керек?
Бөгенбай батырдың Церен-Доржиға жеркене қарағанын көзінің қиығымен
шалып қалған Әбілқайыр:
146
Әдеби KZ
— Сонда қазақ жерін қайтесіңдер, құрметті ноян? — деді ананың бар ойын
білгісі келіп, — қазірдің өзінде жеріміздің тең жартысынан айрылдық... Ол жерді
бізге кім қайтарып береді?
— Шын батырларды өзімізге қосып аламыз дедім ғой, — деді Церен-Доржи
қайтадан шіңкілдеп, — оларға жер береміз. Ал қара халыққа жер неге керек?
Өлсін! Қырылсын!
— Жарайды, сенің айтқаныңдай-ақ болсын, — деді Әбілқайыр. — Бірақ өзің
орыс зеңбіректерінің қалай атылатынын көрдің бе?
— Көргем жоқ. Көргім де келмейді.
— Жерін тартып алмақшы болып жатқаныңда, орыстар сенің «көргім
келмейді» дегеніңе көнер ме екен?
— Мен одан қорықпаймын, — деді Церен-Доржи, — маған боғдыхан ондай
зеңбіректің мыңын береді.
Қызба қанды Жоңғар нояны, ашу үстінде бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де
білмеді.
Церен-Доржиға енді Барақ та тұнжырай қарады. Найман тайпасы
жоңғарлармен көршілес отырғандықтан, бұл екі елдің арасында ұрыс-керіс
ғасырлар бойы тынбай келген. Жоңғардың жеңіл-желпі шабуылдарына
Найманның батыр ұлдары әрқашан да тойтарыс бере алған. Сөйтсе де, көп
жылдан бері қатар көшісіп жүргендіктен, бұл екі жұрт кейде қыз беріп, қыз
алысып та жататын. Әсіресе, мұндайда жоңғарлықтар қазақтың төре тұқымынан
шыққан адамдармен жақындасуға құмар келетін. Бірақ Наймандар қазақ еліне
жоңғарлар тиіссе болғаны, құдалығын да, көршілігін де ұмытып, қолына найзасын
алып шыға келетін. Найманның бүкіл қазақ еліне әйгілі осындай батырының бірі
Қаракерей Қабанбай еді. Барақ қызын Церен-Доржиға бергеніне Қабанбай батыр
қатты ашулы дегенді де сұлтан естіген-ді. Сол себеп болды ма, әлде Қытай
боғдыхандарының мәңгі қастығы есіне түсті ме, ол Церен-Доржиға:
— Маған шүршіттің жәрдемін айтпа, — деді кейіп, — шүршіттің
зеңбіректерінен гөрі бізге орыс зеңбірегі жеңілдеу тиер... — сосын ол Әбілқайырға
147
Әдеби KZ
бұрылды. — Сонда не істейміз? Жерімізге орыстардың қала салуына көніп отыра
береміз бе?
— Россияға бағыну — қала салдыру ғана емес. Бұл үлкен саясат, — деді
Әбілқайыр, — жақында ғана маған Аралбай мен Оразкелді ақсақалдар келіп:
«Қатын патшаға өтініп, Ұлы жүзді де Россия қол астына алдыр» деп кетті. Ал,
Жайық пен Ор өзенінің түйіскен жеріне қала салуды сұраған менмін. Бұл қала
жеке маған ғана емес, бәрімізге керек... Түбі, қазақ елі толып жатқан
ақымақтардың қолында бөлшектеніп жүргенше, бір ақылдының қолында тұтас
отырғаны жөн емес пе... Мұнымды кім теріс дейді?..
— Мұндай қамқорлық Үлкен Орда ханы Әбілмәмбеттің ісі емес пе? — деді
Барақ тұнжырап.
Әбілқайыр тура жауап беруден жалтарды...
— Мен Үш жүздің басын біріктіргім келеді. Сонда ғана өзге жұрт бізбен
санасады, — деді сөзін сабақтап. — Жаңа Бөгенбай батырдың сөзін естідіңдер ғой.
Жұрттың көбі осылай ойлайды.
Жерге қарап отырған Церен-Доржи басын көтеріп алды.
— «Кірпікшешен ініне кіргенше ғана дос» деген біздің жоңғарда мақал бар, —
деді ол, — ініне кіріп алғаннан кейін инелерін сұға бастайды. Түбінде, қалап алған
досыңнан қашып құтыла алмай жүрме.
— Жоңғар кірпікшешені жөнінде айтып отырған жоқсың ба, ноян? — деді
Тайман батыр.
— Иә, Церен-Доржи, орыс патшасы бізге нендей сый әкеледі, әзірге беймәлім
— деді Әбілқайыр. — Бірақ жоңғардың бұғауымен таныспыз. Ал шүршіттің
зұлымдығын өздерің де бізден кем білмейсіңдер...
— Жарайды, Әбілқайыр хан, сенің бұл шешіміңді мен ұлы қонтайшыға күні
ертең-ақ жеткіземін, — деді Церен-Доржи ханды қорқытпақ боп, — Жоңғардың
бар түмені Ырғыз түбіне жеткенде сөйлесерміз.
— Мейлі, Қалден Цереннің қанды қолын жаңа көріп жүр дейсің бе? Жіберсе,
күтіп алуға бармын!
148
Әдеби KZ
— Онда кешікпей Қалден Церенді де көріп қаларсың.
Жоңғар нояны орнынан түрегелді. Ханға әдет бойынша, сәл басын иіп тәжім
етті де, асыға басып шығып кетті. Оның соңынан Барақ сұлтан да тұра берген...
— Отыра тұр, Барақ сұлтан, — деді Әбілқайыр қолымен ишара жасап. Барақ үн-
түнсіз қайта отырды. — Тевкелевтің келе жатқанын жаңа айттым ғой. Әрине босқа
келе жатқан жоқ. Бұл жолы қазақ елінің ақ патшаға біржола бағынуын талап етуі
хақ. Оған қандай жауап қайтарамыз?
— Өзің қандай жауап қайтармақ ойдасың?
— Мен жауабымды осыдан бес жыл бұрын бергем.
— Мен де жауабымды сонда бергем. Сірә, екеуміздің жауабымыз бір жерден
шыға қоймас.
— Сонда ат құйрығын кескен жеріміз осы болғаны ма?
Әбілқайыр мен Барақ арасындағы араздық өз алдына. Қазір бұлардың
шешетіні тым жауапты мәселе еді. Бірақ амал не, халық тағдыры бас араздықтың
қанжығасында кете барды. Найман тайпасы Жоңғар хандығымен қатар
тұрғандықтан, Бараққа да Әбілқайырдың айтқанына көне қою қиын еді,
сондықтан да ол:
— Ат құйрығын кестім десең өзің біл, Әбілқайыр хан! — деді де ордадан
шығып кетті.
Күзетшілер сол тас мүсін қалпында тұрып қалды. Үй ішін тағы да тымырсық
тыныштық басты.
— Хан ием, — деді Тайман батыр тыныштықты бұзып, — халайық қайда болса,
хан сонда болады деп сенеміз. Соңыңнан ердік, әзірге үмітімізді ақтап келесің.
Бірақ бүгін бір түсінбай қалған жайым бар.
— Сөйле, Тайман батыр?
— Бізге Жоңғарлардың істемегені бар ма? Елімізді қан-жоса етті, шалымызды
кәрі деп аяған жоқ, баламызды жас деп мүсіркемеді. Қыс қыстау етер, жаз жайлау
етер бүкіл жылы өңірімізді басып алды. Ал сондай ата жауымыздың жаңағы
Церен-Доржи тәрізді қандышелек батыры қолымызға өзі түсіп отырғанда, аман-
149
Әдеби KZ
есен қоя береміз. Ол аз болғандай, оның көзінше ашпайтын құпиямызды
ақтарамыз. Біздің бар ойымызды ол ертең-ақ Қалден Цереніне жеткізбей ме?
Білмеймін, жарқыным, неге бұлай бұның бәрі...
— Құпиямызды айтсақ, ол құпияны Церен-Доржи ешкімге жеткізе алмайтынын
білген соң айттық.
— Қалайша?
— Церен-Доржи қасындағы жігіттерімен бүгін түнде Қанды жартас тұсында
ажал табулары керек!
— Кім орындайды ол үкімді?
— Батыр Тайман мен оның сайыпқыран жас бөрілері.
Тайман абыржып қалды.
— әй, қалай болар екен?! Менің жігіттерім Көкжал Бараққа татымайды ғой.
Оған қарсы ұрыс ашуға кімнің батылы барады...
— Церен-Доржиды қасында Барақ жоқ кезде өлтіреді.
— «Барақ жоқ кездеңіз» қалай? Бәрі бірге аттанады ғой.
— Барақ сұлтан ымырт үйіріле, осы біздің ауылдың тұсына қарай кейін
қайтады.
— Неге?
Әбілқайыр жүдеу ғана езу тартты.
— Иә, Барақ кейін қайтқан соң, сендер Қанды жартас түбінде аңдып тұрып
Церен-Доржидың тобын басуларың керек. Бірде-бірін тірі жібермеңдер. Біздің
ордадан аман кеткені бүкіл жұртқа аян. Сонан кейін елшісінің қанынан Барақ
сұлтанның өзі ақталып көрсін.
әңгіменің ар жағы күбір-сыбырға айналып кетті. Бұл кеңес біткеннен кейін, сүт
пісірімдей мезгіл өтер-өтпесте, қасында қару-жарақты елу жігіті бар Тайман батыр
хан ауылынан күншығыс жаққа қарай қиялап шыға берді.
Әбілқайыр үйде оңаша қалды. Бейуақта берілген әмірінен бөтен ешкімнің
хабардар еместігіне сенген хан енді тағына сүйеулі тұрған үкілі домбырасын алып,
бір асау күйді безілдетіп ойнай жөнелді. Осының алдында ғана ашу, ыза, әдіс,
150
Әдеби KZ
қулық секілді неше алуан сезімді басынан өткізген ханның домбыраны осыншама
құшырлана қағуы — жүрегін өртеген бар азапты ұмытып, бір мезет көңіл
қобалжуын басуы еді...
Ал Барақ сұлтан болса, Әбілқайыр айтқандай, хан ордасынан әжептәуір ұзап
барып, ымырт үйіріле Церен-Доржи тобынан өзінің сенімді екі жігітін бөліп алып,
кейін қайтқан. Қас қарая хан ауылының тұсындағы терең сайға келіп, атын жігітіне
беріп, өзі бергі жағаға шықты да, көзін хан аулынан алмай етпетінен жатты да
қойды.
Қара шапан жамылған Нұрбике тек ауыл ұйқыға қатты кеткен кезде ғана,
уәделескен жеріне жетті. Шыдамы таусылған Барақ сұлтан орнынан атып тұрды.
Баласыз әйел қанша сұлу, еріне қанша ыстық болмасын, ол тек жас кезінде
ғана жарына қымбат! Бұл қазақтың ескі дәстүрі. Әсіресе бұл заңды қартайғанша
жас иіс құмар төре тұқымы мықты ұстаған. Осыны білетін жеңгелері «Егер хан
күйеуің суып кетпесін десең, оған күлге аунасаң да бір перзент тап» деген
ақылдарын жүрегіне мойнындағы тұмардай сақтаған ерке тоқал қара мақпал
шапаны бозаң үстіне қалай жайылғанын екеуі де түсіндегідей ғана сезінді... Бие
сауымындай өткен кезде, орнынан созыла түрегелген Нұрбике Бараққа ерінің
Церен-Доржиды өлтір деп әмір бергенін айтты.
Барақ атына қарай жүгірді. Әне-міне дегенше тыныш түнді үркіте оятып, жазық
даланы дүбірлете күншығысқа қарай шаба жөнелді. Ашу қысқаны сонша, ат
дүбірінен ауыл оянып, Нұрбикенің қылмысы ашылып қалар деп ойлаған да жоқ.
Бірақ бұл қылмысты Әбілқайыр онсыз да біледі. Сай жағасындағы қалың
талды жападан-жалғыз бағанадан бері аралап жүрген көлеңке — бұл Әбілқайыр
хан еді. Әттең, дүние-ай, Барақты ол тек атына мінген кезде ғана көріп қалды.
Сол күні ол көрер таңды көзімен атқызып шықты. Тек таңертең ғана
нөкерлеріне ең жақсы көретін тоқалы Нұрбикені бар жасауымен Сыр бойындағы
әкесі Қойсан байдың аулына апарып салуды бұйырды. Нөкерлері де, Нұрбике де
«неге?» деп сұраған жоқ.
151
Әдеби KZ
Сәскеден ауа, Нұрбикенің көші ұзап, жаңа көтерілген сағыммен араласа,
көкжиекте бұлдыр тартып кеткен кезде ғана ол үйден шықты. Кетіп бара жатқан
көштің сыртынан ұзақ қарап тұрды. Әлден уақытта барып, жүрегінің бір нәзік
қылы үзіліп кеткендей, қинала күрсінді. «Асықпа, Барақ сұлтан, күнім туса сені өз
қолымнан бауыздармын» деді тістене күбірлеп.
Осы мезетте күншығыс жақтан құйындата шапқан салт аттылар көрінді. Бұлар
Тайман батырдың жігіттері еді. Көп ұзамай олар аттарын ауыл сыртындағы
кермеге байлап, бері қарай жүрді.
Тайман батыр өзгелерден бөлініп кеп, Әбілқайырға сәлем берді.
— Жолың болды ма, батырым? — деді хан.
Тайман батыр төмен қарады.
— Сәті түспеді, хан ием.
— Қалайша?
— Біз Церен-Доржидың тобына жеткен кезде, Барақ сұлтан сіз айтқандай,
олардың арасында жоқ екен. Аттылы жаумен белес арасында кездесуді қауіп
көріп, қара көрсетпей Қанды жартасқа дейін еріп отырдық. Қанды жартасқа
жеткен кезде олар аттарынан түсті. Көліктерін отқа қойып, бастарына
қоржындарын жастанып, көздері ұйқыға кетті-ау деген кезде, біз де тидік.
Ұйқылы-ояу сасқалақтаған жігіттерін бірден сойылға жықтық. Бірақ Церен-Доржи
атына мініп үлгіріп қалды. Талағы түскір әбден ұрысқа үйренген бе, біздің
дүбіріміз шығысыменен арқырай кісінеп иесіне жетіп келді. Ат үстідегі Церен-
Доржи осал жау болмай шықты. Маңына таяған екі-үш жігітімді айбалтасымен
ұрып құлатты. Түн қараңғы боп, өзім оған дәл кездесе алмадым. Енді қолыма
түстің бе деп, бес-алты жігітіммен қоршай бергенімде, Барақтың «Аруақ! Аруақ!»
деген айбарлы даусы естілді. Жігіттерім тым-тырақай қаша жөнелді.
— Өзің ше?
— Өзім де шегінуге мәжбүр болдым. Барақтан қорықпағанмен де, төре
тұқымы ғой, қарсы сойыл көтеруді жөн таппадым. Өзге қауым қалай көреді, ол әлі
ашық жау болып шыққан жоқ қой?
152
Әдеби KZ
— Дұрыс еткенсің: қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, қарашаның
төре тұқымына сойыл соғуы лайықты емес.
— Өзім де солай болжадым.
Әбілқайыр бұдан әрі қазбаламады.
— Өңгерген өліктеріңді көрмедім. Сойылға жығылғандарың қайда?
— Көрші ауылда.
— Жөн еткенсің. Орда маңайы онсыз да қара түнек.
Әбілқайыр теріс бұрылып, ауыл сыртындағы белеске қарай жүре берді.
Соңынан нөкерлері емес, қасқыр алатын, хан жалғыз жүргенде жанына кісі
жолатпайтын, күшігінен асыраған қасқыр қандас қара қылшық, тайшадай арлан
төбеті ерді.
Басқа сөз айтпай, зерлі шапанын иығына бос салып жалғыз кетіп бара жатқан
Әбілқайырдың соңынан Тайман түнере қарап тұрды да, жанына келген
серіктеріне:
— Қаза болған жігіттердің үйлеріне хабар беріңдер, — деп бұйырды да,
Бөгенбай батырға арнап тігілген үйге қарай беттеді.
Аңызақ желге маңдайын сүйгізе Әбілқайыр хан жападан-жалғыз келе жатыр.
Көзі алыстағы көкжиекте. Жан дүниесі астан-кестен болып, қара торы жүзіне ыза
теуіп, сұрланып кеткен. Церен-Доржиды өлтіріп, оны Бараққа жаба алмағаны
жанына қатты батып келеді. Бұрынғыдай емес, Барақпен екеуінің арасындағы
болмашы көпір біржолата құлаған. Қалден Церен де бұған деген ақырғы сеніммен
енді мәңгі қоштасады. Жоңғар қонтайшысы Әбілқайыр ханды құртпай, Кіші жүз
жеріне шабуылын тоқтатпайды. Бұның бәрін Әбілқайыр ап-анық сезінді. Ақыл-
ойын жайлаған сұрапыл ашу, өшпенділік тұла бойын өрттей күйдіріп әкетіп
барады. Әсіресе, Нұрбикеге ызалы. Кеше Барақтар кеткеннен кейін, кеңес құрып
отырғанда ауызғы бөлмеде шолпының сылдыры шыққандай болып еді. Енді
міне... сол ауыз үйде жүрген Нұрбике екен. Оның не айтқанын өз құлағымен
естімесе де, Барақтың асыға жүріп кетуінен бәрі де белгілі болды. Нұрбике
153
Достарыңызбен бөлісу: |