Көшпенділер 2



Pdf көрінісі
бет13/26
Дата12.03.2017
өлшемі1,71 Mb.
#9265
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26
Әдеби KZ 
сұлтанға құшағын ғана жайып қоймаған, жұбайының құпиясын да ашқан. Қандай 
опасыз! 
 
Енді  оны  бір  сәт  өкініш  биледі.  Түнде  ашу  қысып  тұрған  шақта  хан  әбес 
құлықты  тоқалын  жендеттеріне  өлтіртпек  те  болған,  бірақ  қанды  жолдан  бас 
тартып  еді.  Он  жыл  бойы  балдан  тәтті  ләззат  сыйлаған  қылықты  әйелін  өз 
қолынан  өлтіруге  қимаған.  Опасыздығы  үшін  мәңгі  талақ  етіп,  еліне  қайтуға 
бұйрық  берген.  Сол  көңілшектігінің  зардабынан  енді,  міне  «Қап!»  «Қап!»  деп 
тістене аһ ұрады. 
 
Жоқ,  Әбілқайыр  көңілшек  жан  емес.  Кіші  жүздің  тағына  отырған  жиырма 
жылдың  ішінде  досына  да,  қасына  да  көңілшектік  істеп  көрген  жоқ.  Мұның 
тамырында да ұлы бабасы Шыңғыс ханның қаны бар-ды. Рас, Әбілқайыр Жәнібек 
ұрпағының кіші тармағына жатады. 
 
Жәнібектің  тоғыз  баласының  ішінде  бір  анадан  Ұснақ  пен  Жәдік  туған.  
Жәдіктің балалары жеті атасынан хан болып келген. Ал Ұснақтан тараған Бұлақай 
Құяннан  оның  баласы  Айшуақ,  Айшуақтан  туған  Нырыш,  Нырыштың  баласы  өз 
әкесі  Аджаға  (Абдоллаға)  дейін,  бірде-бір  хан  болып  көрген  жоқ.  Бақ  пен  дарын 
жеті  атадан  кейін  бір  қонады  деген  қазақта  қауесет  бар,  мүмкін  содан  болар, 
Жәнібектің жетінші буыны өзі хан болды. Онда да тек Кіші жүзге ғана. Рас, Үлкен 
Ордадан  бұ  да  дәметкен.  Әттең  не  керек,  бақ  күндес  туыстары  мақсатына 
жеткізбеді. Ал Кіші жүз жеке отау тігіп, Әбілқайырды өзіне хан сайласа, о да сонау 
Їш жүздің қара шаңырағы — Үлкен Орда хандығы болжырап нашарлап кеткеннің 
нәтижесі!  Ал  ел  басына  күн  туып,  Жоңғардың  қалың  әскері  қаптағанда,  қазақ 
жұртын  біріктіріп  жауына  қарсы  тұруды  басқарса,  онысы  өзінің  ерлігінің, 
көрегендігінің  арқасы.  Әбілқайырдың  бұл  қасиеттері  жұрт  алдында  абыройын 
асырды,  кейде  исі  қазақ  елінің  көсемі  дәрежесіне  дейін  көтерді.  Орта  жүздің 
кейбір  ру  басшысы,  Жәнібек  секілді  батыры  бұның  соңынан  ерді,  қарындасын 
алып,  жекжат  болды.  Солардың  демеуімен  Әбілқайыр  өзін  кейде  бар  қазақтың 
жоқтаушысы ретінде сезінді. Әрине, көпшіліктің көкейкесті арманы — тыныштық. 
Әбілқайыр  халықтың  сол  тілегін  пайдалана  білді.  Ұлы  Россияға  бізді 

154 
Әдеби KZ 
қарамағыңызға  алыңыз  деп  ең  бірінші  боп  хат  жазды.  Өзге  хандардан  гөрі 
Әбілқайыр  Қытай,  Жоңғар  боғдыхандарының  қазақ  елін  мүлдем  құртуға  бел 
байлағанын  жақсы  түсінді.  Әбілқайырдың  қылығы  үлгі  боп,  Сәмеке  хан  да  орыс 
патшалығының қол астына кіруді талап етті. 
 
Ал  жоңғар  дауылының  қарқыны  сәл  басылып,  қазақ  елі  кей  жерде  оларға 
төтеп  беріп,  кәрі  Сәмекенің  орнына  Орта  жүзде  Әбілмәмбет,  Абылай,  Барақ, 
Қазыбек  секілді  ел  басқара  алатын  адамдар  шыға  бастап  еді,  ел  билеп  отырған 
«игі  жақсылар»  екі  бөлінуге  айналды.  Россия  патшалығының  қолтығына  кіріп 
алып, Әбілқайыр бәрімізге үстем болмақшы деп қорыққандар да табылды.  Олар 
енді Әбілқайырдың саясатын теріс көріп, кешегі жауы жоңғарлықтармен келісімге 
келуге  де  бар  екенін  жасырмады.  Соның  бірі  Барақ  сұлтан,  Ал  Әбілмәмбет  пен 
Абылай... 
 
Әбілқайыр беті ауған жаққа жүріп келеді. Тек құлағын қайшылап қара қылшық 
кәрі  төбеті  ғана  соңынан  қалмайды.  Расымен  Әбілмәмбет,  Абылай,    Барақ 
жоңғарлардың  жалған  дәлелдеріне  сеніп,  кешегі  төгілген  ағайын-туыстың  қанын 
кешпек пе? Жоңғарлардың айтуы бойынша, қазақтардың жерін, малын тартып алу 
үшін  таламаған  көрінеді.  Қытай  боғдыхандары  апатқа  ұшыратып  жатқан  кезінде, 
Жоңғар елін қазақ батырлары үнемі шауып, әбден зығырдандарына жеткен-мыс. 
«Ақтабан  шұбырындыда»  Жоңғарлардың  қазақ  еліне  істеген  қиянаты,  кәрі-
жасына  қарамай  қырып,  ен  даласын  қанға  бояғаны  соның  ызасы-мыс.  Айыпты 
қазақ елінен алған кегі-мыс. Расында солай ма еді? Жоқ, бекер сөз! Ол кездерде 
Қытай мен Жоңғар арасы қандай болса, қазақ пен жоңғар, Қытай мен қазақ арасы 
да сондай еді ғой. Бықыған, өсіп келе жатқан малына жайылым іздеген жоңғарлар 
бос  жатпаған-ды.  Ертістен  бері  қарай,  таудан  құлаған  қорым  талай  рет  жөңки 
қаптаған.  Бүкіл  тарихында  қазақ  жауынгерлері  Жоңғардың  жерін  тартып  аламын 
деп,  Ертістен  асып  соғыс  ашқан  емес.  Рас,  өзі  келген  жаумен  сан  айқасқан, 
әрқашан да жеңіп, кейін шегіндіріп отырған. Осының бәрін Әбілмәмбет, Абылай, 
Барақтар  білмей  ме?  Білсе  керек-ті.  Онда  жоңғарлықтармен  қалай  бітімге  келіп, 
қолтықтаса  қалмақ?  әлде  айла  ма?  Менің  орыс  патшалығының  қол  астына  кіріп 

155 
Әдеби KZ 
күшейіп  кеткенімнен  қауіптеніп,  біз  Жоңғар  жағындамыз  деп,  маған  халықты 
қарсы қоймақ па? Олай болса өздері де орыс патшалығына бағынуға бармыз деп, 
менімен  жарысып  неге  бірнеше  рет  уәде  берді?  Бұл  қандай  ойын?  әрине, 
Барақтың  ұстаған  жолы  ежелден  басқа.  Ал  сонда  Орта  жүздің  ханы  мен  басқа 
сұлтандарынікі  не?  Жоңғар  мен  орысты  өтірік  бірін  апа,  бірін  жезде  еткен  боп, 
өздеріне дұрыс қаратып, қазақ еліне тек өз бастарының үстемдігін жүргізбек пе? 
әрине, содан барып жұрт Орта жүз сұлтандары біздің жоғымызды жоқтайды екен 
деп әрі қарай ауып бара жатқаны хақ. Ал Барақ секілді сұлтандары мені тіпті орыс 
патшалығына  ел-жұртын  сатқан  адам  ғып  көрсетпек.  Түбі  еліміздің  де,  келешек 
ұрпақтардың да көзі жетер, бүгінгі әрекетімді ақтар; бізге қалған жалғыз жол — ол 
Россияның  қол  астына  ену.  Бүгін  күшті  болып  көрінгенмен,  бар  тірлігі  құр  мал 
өсіру, өзінен әлсіз елді шабу болған Жоңғар тайпасы да күні ертең не Қытайға, не 
Россияға  бағынады.  Күні  ертең  бізге  туған  күн  оларға  да  туады.  Өйткені,  ұлы 
мемлекетке  лайық  қайнар  бұлағы,  көзі  тайыз.  Өнері,  білімі,  шығарып  жатқан 
қорғасыны,  темірі,  егіп  жатқан  егіні,  өсіп  жатқан  бау-бақшасы,  салынып  жатқан 
қаласы,  бекінісі  жоқ  ел  ұзақ  өмір  сүрген  емес.  Бір  қатты  боранда  бар  малынан 
айрылып  қалатын,  елінің  шетіне  жау  келсе  құр  сойылы  мен  отты  жүрегін  ала 
шабатын біз секілді ел жан-жағыңнан қалың жау қаптап тұрғанда, өз алдына жеке 
жұрт  болып  тұру  қайда?!  Тұра  алмайды.  Осыны  неге  түсінбейді  олар?  Жоқ,  біз 
қайтсек те Россия мемлекетінің қолтығының астына кіруіміз керек. Бұл қазақ еліне 
бірден-бір келешегі бар жол. 
 
Әбілқайыр  сәл  кідіріп  тұрып  қалды.  Оның  сұрғылт  көзі  тұнжырап  кетті.  «Мені 
Ор  қаласын  салдырмақсың»  деп    айыптайды.  Ор  қаласын салдырсам,  қазақ  елін 
Россияға  бағындыру  үшін  салдырам.  Оны  жасырып  отырмын  ба?  Егер  сөзіме 
көнбесе,  айтқанымды  күшпен  істетем.  Күшпен  бағындырам!  Өз  халқыма  өзім 
осылай зорлық көрсетуім, біле білсе сол халықтың өзі үшін емес пе? Бүгінгі ісіме, 
ертең  болашақ  ұрпақ  алғыс  айтады!  Ал  осы  арманым  үшін,  жолымда  кім  қарсы 
тұрса аяғымның астына сап таптаймын! Сол үшін маған қазақ жеріне салынар Ор 
бекінісі  керек!  Ол  бекіністе  мұздай  қару-жарақты,  аузы  түкті  көп  солдат  болуға 

156 
Әдеби KZ 
тиісті!  әрине,  қастарым  «осының  бәрін  Әбілқайыр  өз  басы  үшін  істейді,  орыс 
патшасының  күшімен  бәрімізге  хан  болғысы  келеді!»  дейді.  Сөздерінде  шындық 
бар,  рас  мен  орыс  патшасына  сүйенген  хан  болғым  келеді.  Күшті  хан  болғым 
келеді.  Бір  жағынан,  надан  ел-жұртым,  сенің  қамыңды  ойлайтын  хан  болғым 
келеді. Халқым, саған адал екенімді кешегі қырғын ұрыстарда көрген жоқсың ба? 
Өз  басымның  қамын  ойлап  қай  жерде  бұғып  қалғаным  бар?  Алдағы  уақыттарда 
да бұғып қалмаспын! Оған ар-ұятым куә! 
 
Әбілқайыр  кілт  тоқтады.  Көптен  бері  жүрек  түбінде  жатқан  бір  ауыр  ой 
кеудесіне  кенет  шаншудай  қадала  қалды.  «Ал  егер  менің  үмітім  ақталмаса  ше? 
Сонау салынғалы жатқан Ор қаласы, Барақ сұлтан айтқандай, өзіміз құлайтын орға 
айналса, ел-жұртқа не деймін? Жоқ, олай болуы мүмкін емес, егер ақ патша мені 
тек  халқымның  мүңкір-нәңкірі  етіп  пайдаланбақ  болса,  онда...  Онда...  Мен  де 
алысып  өлем!  Осылай  етуді  құр  өз  басым  ғана  емес,  мына  әрқайсысы  әр  тайпа 
елді басқаруға жарап қалған ұл-қыздарыма да өсиет етіп тапсырып кетем! 
 
... Әбілқайыр ханды бағалай білмеген кейбір орыс пен қазақ тарихшылары оны 
қара басының қамы үшін жұртын сатқан, бақ күндес жауларын табанының астына 
саламын деп қазақ елін Россия патшалығына бағындыру саясатын қолдаған дейді. 
Сол  бір  қилы  кезеңде  Әбілқайырдың  түпкі  ойы  солай-ақ  делік...  Бірақ  болашақ 
тарих,  ұстаған  жолының  дұрыс  екенін  айқындады.  Қазақ  елінің  Россияға 
бағынуының  қажеттігі  Әбілқайырдың  өз  басының  қамынан  көрі,    әлеуметтік 
қасиетін  жоғары  сатыға  қойды.  Әбілқайыр  ұстаған  саясаты  үшін  еш  уақытта 
күрестен  бұғып  қалған  емес.  Оған  куә  қан  майданда  үнемі  алғы  шепте  болуы, 
қауіп-қатерді  кезеңдерде  өз  басын  қорғап  тығылып  қалмауы.  Ұстаған  жолы  үшін 
өз басы түгіл, туған балаларының ешқайсысын аямай кезек-кезек аманат ретінде 
патша  қол  астына  беруі.  Демек,  бұның  бәрі  Россияның  қол  астына  кіру  керек 
екеніне оның шын жүрегімен берілгендігін көрсетеді. 
 
Әбілқайыр қанша қатыгез болғанмен балаларының орыс қаласына аманат боп 
барып,  тәлім-тәрбие,  өнер-білім  алуын  қуаттаған.  Әрине  орыс  төрелерінің 
арасында ол өзіне деген қастарының да көп екенін білді. Олар әйел патшаға бұны 

157 
Әдеби KZ 
екі  жүзді  деп  хат  та  жазды.  Келешек  үлкен  мақсаты  үшін  бұл  оған  да  шыдап 
баққан. 
 
Әбілқайырдың  төрт  заңды,  үш  заңсыз  әйелінен  он  бестен  астам  ұл,  қызы 
болған.  Ханның  көзі  тірісінде  бәйбішесі  Бопайдан  туған  Нұралы,  Ералы,  әділ, 
Айшуақ,  Қожахмет  және  қалмақ  әйелінен  туған  Шыңғыс,  Қаратай  сұлтандар 
өзіменен  үзеңгілес  жауға  шауып,  Орда  ісіне  кіріскен.  Әбілқайыр  бұларын  орыс 
бекіністеріне  аманат  етіп  қалдыру  былай  тұрсын,  оларды  ең  қауіпті  жорықтарға, 
тартыс-таластарға жіберіп отырған. Ханның сайдың тасындай, кілең «сен тұр, мен 
атайын» осы жеті ұлы көп жағдайда өзіне сүйеніш, серік болған... 
 
Әбілқайыр  ұзақ  жүрді.  Ол  ауылдан  әжептәуір  алыстап  кеткенін  аңғарған  жоқ. 
Оның ойы енді бастаған істерінің қаншалықты қиындыққа түсетініне ауды. 
 
Ханның Россия патшасы Анна Иоанновнаға жазған хаты бойынша Тевкелев бір 
мың  жеті  жүз  отыз  бірінші  жылы  Кіші  жүз  Ордасына  келген  шағында  қандай 
қиындыққа ұшырамады? Жыл өткенде еліне әзер қайтқан жоқ па? Әбілқайырдың 
Россия  патшасына  басшыларымен  тегіс  ақылдаспай,  бүкіл  халық  атынан  хат 
жазғанын  соңынан  білген  Кіші  жүз  бен  Орта  жүздің  шонжарлары  не  істемеді! 
Тевкелевті  еліне  қайтартпай  қандай  қорлық  көрсетпеді!  «Бұл  қазақ  жеріне 
тыңшылықпен келген, біздің күшімізді біліп алып келесі жылы соғыс ашпақ» деп, 
оны  өлтірмек  те  болған.  Дәл  осы  кезде  башқұрт  батырлары  Торғай  бойындағы 
қазақ  ауылдарының  малын  шауып,  әлі  Россияға  бағынудың  байыбына  жете 
түсінбеген халықтың наразылығын бұрынғысынан да өршіте түсті. Әрине, Бұғыбай 
батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр кіріспегенде, о жолы Тевкелев те, оған 
еріп  келген  адамдардың  бірде-бірі  тірі  қайтпаған  болар  еді.  Рас,  осы  жолы 
Россиямен жақындасу жөнінде көп іс істелді. Бұхара мен Хиуа хандарына уәкілдер 
жіберілді.  Қарақалпақ  елінің  ханы  Қайыппен  сөз  жүргізіліп,  оның  Россия  қол 
астына кіргісі келетіні анықталды. Әбілқайыр менімен ақылдаспай қатын патшаға 
хат  жазды  деп  өкпелеп  қалған  Орта  жүздің  ханы  Сәмеке  де  хат  жолдап, 
Тевкелевпен  кездеспек  болды.  Бірақ  Арқа  жеріне  қарай  осы    кезде  Жоңғар 
қонтайшысы әскерінің бет алған қаупімен байланысты бұл кездесу болмай қалды. 

158 
Әдеби KZ 
Демек,  өз  басына  төнген  ажалға  қарамай  Тевкелев  бұл  жолы  да  қазақ  елі  мен 
Россияны  жақындастыру  жолында  көп  шаруа  істеп  кетті.  Ол  Әбілқайыр, 
Әбілмәмбет,  Сәмеке,  Абылай,  Ұлы  жүздің  ханы  Жолбарыс  пен  Қарақалпақ 
билеушісі Қайыптың Россия қол астына кіруге бар екенін біліп қайтты. 
 
Ал  қазір  қалай  болмақ?  Тевкелев  қандай  қауіп,  қандай  жақсылық,  қандай 
жамандық әкеле жатыр? Мырза не тілемек? Тілегін мен орындай аламын ба? 
 
Кенет ол  селк ете қалды. Хан ордасына таяу тігілген қараша төлеңгіт аулынан 
«ой,  бауырымдап!»  бері  қарай  шапқан  ері,  әйелі  аралас  бір  топ  адамды  көрді. 
Шұбалаңқы топ дәл хан тұрған белесті бетке алып келеді. Бұл сойылға жығылған 
Тайман жігіттерінің туыстары екенін Әбілқайыр жаңа ғана ұқты. Сөйткенше болған 
жоқ «ой, бауырымдаған!» қаралы топ хан жанынан өте берді. Тек белес үстіндегі 
Әбілқайырды  көріп  екі-үшеуі  бері  бұрылды.  Алдыңғысы  кәртең  әйел  екен, 
астындағы ұшқыр биесінің тізгінін бос қоя беріп, екі қолымен шашын жұлып, бетін 
тырнап, ойбайлап келеді. 
 
Әйел  Әбілқайырдың  тұсына  таяй  беріп,  қос  қолымен  биесінің  тізгініне 
жабысты. Бие тоқтамағанмен, шабысын сәл бәсеңдетті. 
 
— Жалғызымнан айрылдым, қарашығымнан айрылдым, — деді ол қу даланы 
басына  көтере  қарлыққан  сұмдық  бір  қайғылы  айғаймен.  —  Алтын  күнім  батты, 
қара жыланың шақты! Жалғызымды ажалға айдаған сенсің, Әбілқайыр хан! Құдай 
сені  де  жылатсын!  Бала-шағаңның  қызығын  көрме!  Көріңде  өкір,  көріңде  өкіргір 
тас бауыр хан! 
 
Ашу  қысқан  хан  қалш-қалш  етті.  Баласы  өлсе  —  ел  басына  туған  күйзелісте 
кімнің  баласы  өлмей  жатыр!  Бүгін  бұның  жалғызы  өлсе,  ертең  менің  он  ұлым 
бірдей қанды айқаста қаза таппасына кім кепіл! 
 
Әбілқайыр  жалғызынан  айрылған  сорлы  ананы  тоқтатар  жылы  сөз  таба 
алмады. 
 
 
— Тарт тіліңді, ей сорлы! — деді ол ақырып. — Балаң өлсе жалғыз сенің балаң 
өліп пе!.. 

159 
Әдеби KZ 
 
— Тартпаймын тілімді! — деді қайғыдан налыған бейбақ ана. — Қанішер, қара 
жүз! Адыра қал! Сен! Сен өлтірдің менің баламды! Қайтарып бер ойбай, қайтарып 
бер, атаңа нәлет, қанішер! 
 
Туғалы  мұндай  сөз  естімеген  хан  ашудан  бұрынғысынан  да  бетер  жарылып 
кете жаздады. Ол дәл осы сәтте жалғыз баласынан айрылған мынау сорлы ананың 
ақылынан адасып кеткенін де аңғармай қалды. Екі құлағын қасқырша тігіп, шолақ 
құйрығын бұлаңдатып, иесінен бұйрық күтіп тұрған қара қылшық арланына: 
 
— Айт! — деуге ғана шамасы келді. 
 
Қанды  көз  айбарлы  қара  төбет  алқымынан  ала  түспек  боп,  екі  орғып  жанына 
жетті  де,  келіп  қалған  салт  атты  әйелге  қарсы  атылды.  Сол  мезетте  әйелдің 
соңынан  тепеңдеп  жеткен  күрең  байталды  қапсағай  қара  жігіт  қолындағы 
құрығын  итке  қарай  қос  қолдап  сілтеді.  Қайың  құрық  шекесінен  тиген  жолбарыс 
денелі  ит  бір-ақ  рет  қыңсылай  шаңқ  етті  де,  кісі  бойындай  көтерілген  қалпынан 
қара жерге гүрс етіп құлап түсті. 
 
— Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! — деді ол, әйелдің шылбырына 
жабысып, — сенің балаң өлді не, сенің өзің өлдің не, оған бәрі бір емес пе! 
 
әйелдің  көзі  шарасынан  шыға,  аузынан  көбік  атып,  бажылдағанына  қарамай, 
биенің  тізгініне  қолы  тиісімен-ақ  өліктер  жатқан  ауылға  қарай  тепеңдеп  шаба 
жөнелді. 
 
«Ой,  бауырымдаған!»  жұрттың  қарасы  өшкен  кезде,  Әбілқайыр  жерде  сұлық 
жатқан итінің қасына келді. Қос қолдап ұрған қайың құрық арланның бас сүйегін 
опырып  жіберіпті.  Қып-қызыл  қан  мен  миы  бұрқырап  жерде  шашылып  жатыр. 
Бүйірі  әзер  ғана  бүлк-бүлк  соғып,  көзі  тасырайып,  кешегі  топ  қасқырға    жалғыз 
шабатын қылшық жүндісі енді талмаусырап өліп бара жатты. Күшігінен асыраған, 
сан  қауіпті  сапарларда  өзіне  серік  болған  итін  қимай  Әбілқайыр  ұзақ  тұрды. 
Ақырғы рет тынысын тартып, төрт аяғын бірдей жазып, тына қалғанда ғана, теріс 
бұрылып кетті. 
 
Әбілқайыр  ұзақ  жүрді.  Бағанағыдай  емес,  бойынан  ашуы  тарап,  енді  болған  
істі басынан аяғына дейін көз алдына елестете бастады. 

160 
Әдеби KZ 
 
Ақырғы  он  жыл  өмірінің  ішінде  үнемі  қан  жосыған  сұмдықтардың  арасында 
жүріп  еті  үйреніп  кеткендіктен  бе,  бойын  тез-ақ  жинап  алды.  Кенет  баласынан 
айрылған жаңағы қарт әйелдің «қанішер!» деген сөзі құлағына қайта келді.  Сонда 
барып бұл әйелдің, итін ұрып өлтірген жігіттің кім екенін есіне түсірді. Осы әйелді 
баяғыда  қарақалпақ  елінен  олжалап  әкеліп,  өзінің  төлеңгітіне  қосқаны  ойына 
келді. Күйеуі өліп, жалғыз ұлы ер жетіп, Тайман жасағында жүретін. Енді бүгін о да 
мерт  болды.  Иә,  әйелдің  Әбілқайырды  «қанішер»  деуге  шын  хақысы  бар  екен. 
Енді  итін  өлтірген  жігіттің  де  кінәсін  кешкен  тәрізді.  Жігіт  өзінің  қарулы 
жылқышысы,  жаңағы  әйелдің  қайнысы  Хұсайын  деген.  Қатты  сүзек  боп  ауырып, 
төсектен тұрғанына бір айдай болған. Бүгін-ертең жылқыға шықпақшы еді. 
 
Бұл  адамдардың  өздері  де,  тағдырлары  да  таныс  болғандықтан  ба,  хан  енді 
әлгі оқиға жайын естен шығаруға тырысты. Бірақ оның ойынан бір нәрсе кетпей-ақ 
қойды. 
 
Ұрыста  ер  жігіт  қаза  тапты  деп  ешкім  де  ханды  сөкпесе  керек  еді.  Бұл  ел 
салтында жоқ. Ал бүгін неге бұлай болды? Ханды балағаттар, аяулы итін өлтіртер 
бұларға мұндай желік қайдан бітті? Мұнда қандай себеп бар? Жалғыз қара халық 
емес, батыр, сұлтандар да Әбілқайырға қарсы сөйлеуді жиілетіп жүр. Осылардың 
бәрінің түбірі неде? Жарайды, жұрт ұрыстан, соғыстан қажыды делік. Мезі болған 
жұрттың  тілі  де  шыға  бастауы  мүмкін.  Бұл  бір  ақиқаты  болар.  Екіншісі  неде? 
Екіншісі...  Әбілқайыр  мойындағысы  келмегенмен  мойындауға  мәжбүр  болды. 
Екіншісі  —  «Ақтабан  шұбырындының»  алғашқы  жылдарындағыдай  емес,  халық 
алдында қадірінің түсе бастағанында еді. 
 
...  Түн  ортасы  ауа  хан  өзінің  ауыр  ойларынан  сергігендей  сезінді.  Қарсы 
алдындағы  ошақтың  қызыл  шоғы  сөнуге  айналған.  Тынық  түнде  жас  қи  түтінінің 
болмашы  күлімсі  исі  келеді.  Арғы  беттен  өгізшағаланың  құлаққа  жағымсыз 
айқайы естіледі. 
 
Әбілқайыр  отырған  диірмен  тасынан  түрегелді.  Кенет  өн  бойы  дірілдеп  кетті. 
Қарсы  алдында  бүгін  ғана  жығылған  ақ  отаудың  жапырылған  орны  жатыр  екен. 

161 
Әдеби KZ 
Иә, бұл бір кезде ханның жанындай жақсы көрген тоқалы Нұрбикенің қымбат ақ 
отауының орны еді... 
 

162 
Әдеби KZ 
ІІІ 
 
 
Қазақ  даласының  Россия  қол  астына  кіруін  бір  куәлік  қағазбен,  не  бір  указ 
күнімен  атау  мүмкін  емес.  Бұл  ондаған  жылға  созылған  ұзақ,  қайшылығы  мен 
қиындығы мол ауыр қалыптасу кезі еді. Және қазақ елінің Россияға қосылуын бір 
ханның, қала берді бірнеше қайраткердің есімдерімен ғана байланыстыру — о да 
дұрыстыққа  жатпайды.  Бұл  заңды  шешімі  бар,  саяси,  экономикалық,  әскери 
фактілер  секілді  көптеген  себептермен  шиеленіскен  дәуірінің  тілегіне  қарай 
тарихтың  өзі  жаратқан  перзенті.  Россияға  қосылу  —  рулар  арасындағы  талас-
тартыс, сол рулардың жағрафиялық жағдайы — толып жатқан қасын да, досын да 
тудырды. Бір жағынан, ұшы-қиырына құс жетпес кең даласында қазақ қауымының 
қалыптасқан  тұрақты  экономикасының  жоқтығы  және  негізгі  кәсібі  құбылмалы, 
көшпелі,  тұрмыспен  байланысты  болғандығы,  екінші  жағынан,  Жоңғар 
шапқыншылығының  дүмпуі  әсер  етіп,  ру  басшылары  өздерінің  Россияға  бағыну 
саясатын әрдайым өзгертіп отырды. Мұндай жағдайда Россия қол астына кірудің 
кешегі қолдаушылары бүгін оған қарсы шығып, ал кешегі қарсыларының бүгін оны 
жақтауы — таңқаларлық іс емес-ті. 
 
Бірақ  келешекке  керексіз,  болашағы  жоқтың  бәрін  өзінен  әрі  итеріп,  тарих 
доңғалағы алға қарай айнала берді. Осылай қазақ даласына аяуды білмес, орасан 
қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді. 
 
Сондай-ақ Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға 1730 жылы жазған хатындағы 
«қорғаныңызға алуыңызды тілейміз» деген сөзді соңынан шыққан ресми қағазда 
«Россия  қол  астына  алуыңызды  өтінеміз»  деп  өзгертуі  жайындағы  ғалымдардың 
таластарының  да  керегі  шамалы.  Әрине,  тарихи  куәлік  қағаздардың  дұрыс 
аударылғаны  жақсы-ақ,  бірақ  бүгінгі  күні  «қорғаныңызға  алыңыз»,  не  болмаса 
«қарамағыңызға алыңыз» деген сөздердің қандай айырмасы бар? 
 
Тарихи  деректерге  қарағанда,  Россия  патшасы  Анна  Иоанновна  Әбілқайыр 
ханға  берген  грамотасында:  «...  Өздеріңнің  өтініштерің  бойынша  жоғарғы 
көрсетілген тараулардың негізінде, қырғыз-қайсақ ханы Әбілқайыр, сені және бар 

163 
Әдеби KZ 
қырғыз-қайсақ  әскерін  қол  астымызға  алдық...  Сондықтан  хан  мен  оның  бар 
әскері  біздің  императорлық  мәртебеміз  бен  оның  мұрагерлеріне  мәңгі-бақи 
адалдығын сақтауы керек» делінген. Бұл грамотада: «Адал және әділетті» патшаға 
қызмет  істеу,  соғыс  кезінде  Россия  әскери  басшыларының  қарамағына  қару-
жарақты  қол  болып  келуі,  Жайық  єазає-орыстары,  башқұрт,  қалмақ  секілді 
Россияға  бағынышты  ұлттарды  шаппауы,  қазақ  жері  арқылы  өтетін  орыс-сауда 
керуендерін  тонамау,  бұрын-соңды  қолға  түскен  орыс  тұтқындарын  қайтару 
секілді  қазақ  хандарының  міндеттері  көрсетілген.  Сонда  ғана  Россия  патшалығы 
қазақ елін өз қорғанына алмақ болған. 
 
Әбілқайыр  хан  да,  одан  кейін  «Россия  қол  астына  кіріп  адал  қызмет  істеуге» 
ант  берген  Орта  жүздің  ханы  Әбілмәмбет  пен  Абылай  сұлтан  да,  сол  жылы 
Бұғыбай  мен  Есет  батыр  бастаған  Кіші  жүздің  үш  жүз  тоқсан  тоғыз  «игі 
жақсылары»  да  Россияға  бағыну  деген  ұғымды  қорған  болу  деген  мағынада 
түсінген. 
 
Не  дегенмен  де  бұл  кезеңнің  басты  маңызы  —  қазақ  елі  осы  шақтан  бастап 
Россияға арқа сүйей отырып, өзінің шаруашылығын, саясатын, енді сол Россияның 
көз-қарасымен  байланыстыра  жүргізуінде  болды.  Бұл  тарихи  керек  жағдай  еді. 
Және бұл жағдай осы кезден бастап, алдындағы бөгеттердің бәрінің күл-талқанын 
шығарып, әрі қарай дами түсті. 
 
әрине,  мұндай  тарихи  ауыр  күрес-қимылдарда  бағынышты  қазақ  елі  мен 
патшалық  Россия  секілді  отаршылық  саясатты  ұстаған  екі  жұрттың  арасында 
қайшылық, толып жатқан қиындықтардың туатыны да мәлім. Бірақ соның бәріне 
қарамай, енді қазақ жеріне Жоңғар шабуылы  тоқталды. Жоңғар қонтайшысы тек 
өзі басып алған қазақ даласының оңтүстік өңіріне ғана ие боп қалды. 
 
Осындай  «қол  астына»  кірген  қазақ  елін  Россия  патшалығы  бір  мың  сегіз  жүз 
қырқыншы  жылдары  Үргеніш,  Хиуа  тұсынан  төнген  Иран  патшасы  Надир  шахтың 
шабуылынан да сақтай алды. 
 
Ор  қаласынан  кейін  Россия,  Жайық,  Елек,  Жем  өзендерінің  бойына  әскери 
бекіністер сала бастады. Орыс патшалары бүкіл Россия шекараларына тұрғызылып 

164 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет