Әдеби KZ
сағынып жүр еді. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры елге қайтуға келісім берді. Осылай,
әне-міне көшемін деп жүргенінде, кеше Әбілқайыр ханнан да шабарман жетіп,
«Ордаға келсін! деген хабар әкелді.
Бөгенбайдың бүгінгі толқуы осыдан еді. «Хан неге шақырды екен? Менің
көшкелі жатқанымды біреу жеткізген ғой шамасы. Енді ашық айтуға тура келеді...»
Ол не де болса хан ордасына барып қайтпақ болды.
131
Әдеби KZ
ІІ
Орта жүз ханы Сәмеке Сарыарқаның түкпірі Нұра өзенінің арғы бетіне қарай
ығысқанда, Күші жүздің ханы Әбілқайыр ордасын Ырғыз өзенінің жағасына әкеп
тіккен.
Бұл кезде қазақ елі жоңғарлармен тайталас түсіп, кейде жеңіп те жүрген.
Осындай жеңістің бірі Әбілқайыр хан мен Тайман батырдың басқаруымен
Сарысуға құятын Бұланты өзенінің жағасында, ал екіншісі тағы осы Әбілқайыр мен
Бөгенбай батырдың басқаруымен Қошқарата мен Боралды өзендерінің жоғарғы
сағасында болған. Сол айқастардан кейін Әбілқайыр хан тікелей жоңғар әскерімен
соғысуды қойған. Оның көңілі енді басқа бір күрестерге ауған.
Ал бірақ Әбілқайыр көшіп кеткенмен, қазақ елі Жоңғар шапқыншыларына
қарсы шығуын тоқтатпады. Күрес күннен-күнге үдей түсті. Әсіресе Іле мен Қаратал
өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған халық жасақтары
жоңғарларды сан рет жеңді, әйтсе де бұның бәрі, негізі мықты құрылған жоңғар
әскерін күйрететіндей күшке айнала алмады. Тек басқыншыларды тойтаруға
болатынын көрсететін, халықтың рухын көтерер айқастар өресінен аспады.
Жоңғарды жеңген күнде, ар жағында одан да күшті, өзіне көз тіккен Қытай
боғдыхандары бар екенін еске алмаған жұрт осылай, өз тағдыры үшін жан аямай
күресе берді.
Сөйтсе де, ел басына туған күннің тым қатерлі, қазақ жеріне қызыққан
көршілерінің қауіпті екенін ойлағандар да табылды. Соның бірі Кіші жүздің ханы
Әбілқайыр болды. Ол енді батыс жаққа үміттене қарады. Бірақ ханның Ырғызға
көшіп келісімен қазақ пен қарақалпақ елінің атынан «қарамағыңызға алыңыз»
деп жазған хаты Петербургке жеткенде, орыс әкімдері таң қалмады. Жоңғармен
күресіп жатқан қазақ елінің түбі өзіне осылай келіп пана сұрайтынын олар
бұрыннан да білетін. Сол себептен аптықпай, қазақ елінің шын жағдайын түсіну
үшін, Россия патшалығы арнаулы елші жіберуді ұйғарды. Россия әкімдері шығыс
көршілеріне өз қарамағындағы мәдениеті, дәстүрі, тілі жақын кісілерден елші
132
Әдеби KZ
жіберуді әдет етіп келген. Бұ жолы да со дағдысына салып, татар молдасы Мақсұт
Юнус оғлын аттандырды.
Кіші жүздің ханы бұл молдамен бір мың жеті жүз жиырма алтыншы жылы
қарақалпақ жерінде кездесті. Осы кездесуден кейін Әбілқайыр: «Еділ қалмақтары
тәрізді бізді де қарамағыңызға алыңыз» деп ақ патшаға хат жазып, Қойбағар
Көбек ұлын бас етіп тағы елшілер аттандырды. Бұл елшілерге: «Қайтсеңдер де
патша ағзамнан башқұрт жері мен Жайық өзенінің ортасында көшіп жүруге және
Россия қалаларына барып сауда-саттық істеуге рұқсат алуға тырысыңдар», — деп
тапсырған. Бірақ шығыс жағында әлі әбден бекініп болмаған Россия патшалығы,
қазақ елін қарамағына алса, Жоңғар қонтайшысымен бұрынғы қарым-қатынасын
бұзуы мүмкін екенін еске ұстап, тоқ етер жауабын түрлі сылтаумен соза берді.
Россия патшалығының қолтығына кірген Еділ қалмақтары мен башқұрт елінің
«мұртын балта кеспей отырғанын» көрген Әбілқайыр Россия патшалығына
«қарамақтарыңа ал» деп, әлсін-әлсін хат жазып, елшілер жіберуді қоймады.
Ақырында қазақ елінің өзіне бағынышты болуынан тек пайда түсетінін ұққан,
Бірінші Петр патшадан кейін таққа отырған Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның бір
мың жеті жүз отызыншы жылы наурыздың сегізі күні «қорғандық» істеуін өтінген
қағазына жауап ретінде, қырғыз-қайсақ жұртын қарамағына алғандығын білдіріп,
бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы февральдың он тоғызыншы күні указ
шығарды. Бұл указды бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы октябрьдің бесі күні
Ырғыздағы Әбілқайыр Ордасына Сыртқы Істер коллегиясының тіл машығы —
аударушысы Мұрза Тевкелев әкеп тапсырды. Россия патшасы Кіші жүзді өз қол
астына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бұлақ
батыр қол қойған, «бізді де қол астыңызға алыңыз» деп Анна Иоанновнаға
жазылған өтінішті Петербургқа Қангелді батыр алып келген. Сөйтіп, қазақ елі мен
Россия жұртшылығының арасындағы жаңа дәуір басталды.
Әйтсе де Әбілқайырға берілген указдан кейін де қазақ елінің Россия
патшалығымен қарым-қатынасы бірден жөнделіп кете алмады. Башқұрт пен Еділ
қалмақтарының шабуылы да тыйылмады. Ханның Россияға арқа сүйемек
133
Әдеби KZ
болғанына риза емес қазақтың өзге сұлтандары, әсіресе, Әбілқайырдың бақ
күндес қастары оның саясатына кедергі жасап, кіжіне түсті. Осындай қамшысын
білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.
Жоғарғыдай жағдай туған кезде, патшаның өзі «миллион сомға дейін шығын
шығарсаң да, қазақ жерін Россияға заңды түрде бағындырудың жолын тап» деп
бұйрық берген Тевкелев қайтадан Әбілқайыр ордасына аттанды. Бұл хабарды
«ұзынқұлақ» Кіші жүз ханының Ордасына тез-ақ жеткізді. Сол күні-ақ Әбілқайыр
Тевкелевпен кездесу қамына кірісті. Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне
қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайманға, бір тайпаның
ақсақалы — биі Бөгенбайға ат шаптырды. Бөгенбайдан өзгесі хабар алғаннан
кейін, көп кешікпей хан ордасына жетті. Бөгенбай мен Тайман жайшылықтағы өз
серіктерімен келсе, Барақ сұлтан әжептәуір қарулы қолмен хан ордасына кеп түсті.
Және неге екені белгісіз, өзінің ежелгі қасы, қан майданда сан атысқан Қалден
Цереннің елшісі Церен-Доржиды ерте келіпті.
Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі
қонысы Ырғыз өзенінің жағасында. Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр:
Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры
Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны
Барақ... Жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған. Ханның сол
жақ бүйірінде, Бөгенбайдан жоғарырақ, Жоңғар ханы Қалден Цереннің елшісі,
қара түндей түнерген Церен-Доржи...
Бөгенбайдың көзі әлдеқалай Тайманға түсіп кетіп еді, өткен бір жайлар есіне
келді.
Онда бұл екеуі де қылшылдаған жас жігіт еді.
Сол жылдары Қанжығалы руы Қараөткел мен Керекудің түйіскен тұсындағы
Ерейментау, Қоржынкөл, Ақкөл, Қоянды-Қойтас, Шақша деген жерлерді
жайлайтын-ды. Ал Шекті руы Ақ Жайыққа құятын Жем өзенінің бойында көшіп
жүретін. Жазы аңызақ, ыстық келіп, қысы қатты болар жылы екі ел бірдей Сырдың
қамысты жағасына қарай жылысатын. Осындай Қанжығалы, Шекті рулары дария
134
Әдеби KZ
жағасында бастары қосылған жылы ұлан-асыр бір үлкен той болған. Қоңырат
руынан шыққан атақты бай саудагер Қисан жалғыз ұлын сүндетке отырғызған.
Осы тойда Арқадан келген Бөгенбай мен Шектінің жас жолбарысы Тайман қатты
керісіп қалған. Содан бері екі ақиықтың бетпе-бет ұшырасып отырғаны осы. Ел
басына күн туғанда жеке бастың кикілжіңі естерінен шығып кеткен-ді.
Күннің аңызақ ыстығына қарамай, тіркестіре тігілген хан ордасы — ақ боз үйдің
есіктері түгел жабық. Жайшылықта жел соқсын деп түріп қоятын іргелері де
түсіріліп қойылған. Он екі қанат ақ боз үйде осы бесеуінен басқа есік алдында
жалаңаш қылыштарын кеуделеріне таяй ұстаған, еңгезердей қос күзетші мен
сырлы тегенедегі сары қымызды сапырып отырған, ханның он сегіз жасар кенже
ұлы Ералыдан басқа ешкім жоқ. Хан, сірә, кенжесі мен есік алдындағы
күзетшілеріне сенетін болар, қонақтарымен сыр жасырмай еркін сөйлесіп отыр.
— Иә, Әбілқайыр хан! — деп еңгезердей қара сұр Барақ сұлтан, ұшы құлағына
дейін жетіп тұрған, білеудей қара мұртын саусағымен сылап қойды. — Алысқа ат
шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді. Қатын патша біздің елге
Теуіпкелді қайта жіберсе, бұдан үш жыл бұрынғы «қарамағыңа кірдім» деген
сенің сөзің жеткіліксіз болғаны ғой... — Ол Әбілқайырға мысқылдай қарады. Қазақ
жерінде — Тевкелевті «Теуіпкел» деп атап кеткендіктен, оның кім туралы сөйлеп
отырғанын бәрі де түсінді.
— Болжауың дөп тәрізді... Мырзаны қайта жіберуіне қарағанда бір менің
уәдем әйел патша ағзамға жеткіліксіз болғаны хақ... Бірақ, — Әбілқайыр сол
жағында отырған Церен-Доржиға көзінің қиығын аударды да тына қалды.
— Иә, айта бер, не «бірағы» бар?
Әбілқайырдың жүзі қуқыл тартып үндемеді.
— Айтамын деген сөзіңе, істеймін деген ісіңе іркілмейтін Әбілқайыр хан, неге
үндемей қалдың? әлде арамыздағы жат адамнан қысылып отырсың ба? Айта бер,
Церен-Доржи Қалден Цереннің елшісі болғанмен, менің жақыным...
Әбілқайыр езу тартты.
135
Әдеби KZ
— Қалден Цереннің елшісі жақының болуына қарағанда, Жоңғар
қонтайшысының өзі де досың боп шықпасына кім кепіл...
— Кекетпе, Әбілқайыр! Церен-Доржи жай ғана жақыным, емес, сенімді
серігім...
Хан оның сөзін мақұлдағандай басын изеді.
Иә, қонтайшы Ордасында да алауыздық бар екенін ол білетін. Бірін-бірі
аямауда бұлар арғы бабасы Шыңғысханның шын мұрагерлері еді.
Жоңғар тағының болашақ қонтайшысы, өзінің әкесінің туған інісі Шұно-Дабоны
Қалден Цереннің қалай жойғаны жұрт арасына мықтап тарай бастаған. Жел
болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Әсіресе, осы үйде отырған
Бөгенбай батырға Шұно-Дабоның өлімі Қалден Цереннен болғаны айдан анық еді.
Дүниеде құпия қалар ештеңе жоқ. Бәрі де естіледі. Әсіресе жау ордасында
болып жатқан оқиға, дұшпанына тез жетеді. Оған себеп: хан тағының бір құлағы
бар. Ол — алтыны.
Жоңғар ордасының мықтылары екіге бөлінгенін Әбілқайыр бұрын да естіген.
Алдын болжай білетін тәжірибелі Сыбан Раптан мен оның баласы Қалден Церен
бар әскерін жеті сала етіп, ең алдымен қазақ жерін жаулап алу керек екенін жөн
көрсе, ал жоңғар нояндарының бір тобы әскердің бетін Ертістің төменгі саласына
бұрып, Сібірді алуды мақұлдаған. Бұл топ — осы Жоңғар хандығының негізін
салған Чорас руынан шыққан Даян ханның ұрпақтары — жас нояндар еді. Соның
ішінде бағанадан бері бір ауыз сөз айтпай түнеріп отырған Сыбан Раптанның
ортаншы ұлы Церен-Доржи да бар. Бұлардың жатса-тұрса көретіні сонау Сібірде
қалған ата-бабаларының молалары. Солардың аруақтары «сенің ата мекенің осы
ара — біз жатқан жер» деп шақырып жатқандай көрінетін оларға.
Сібірді жаулап алудың керектігін жас нояндардың құлағына кімдердің
құятынын Әбілқайыр Қалден Цереннен кем білмейді. Бұл кезде орыс әскерінің
алдыңғы шебі Манчжурияның шекарасына жеткен-ді. Ол аз болғандай, сонау
Тынық мұхитта да орыс кемелері жүзе бастаған. Міне, сондықтан да Қытай
әміршілері жоңғар жолбарысының тұмсығын Сібір жағына қарай бұрғысы келген.
136
Әдеби KZ
Осы жолбарыс өзінің болаттай өткір тістерімен Тынық мұхитқа созылған қатын
патша қолының күре тамырын орып түсуін арман ететін.
«Қытай — жер кіндігі болғанда, жер шарының шеттері де Қытайға жатуға
тиісті!» — боғдыхандар. Олар Сібір өңірін де қосып алып, қала салмақ болды.
«әзірге бұл араны жоңғар жолбарысы мекендей тұрсын, ал уақыты жеткен шақта
оны әрі қарай, күнбатыс жаққа қуып жіберіп, бар тайганы өзіміз жайлаймыз», —
деп ойлаған.
Ал Қалден Церен, көмейі қанша кең болғанмен, орыс жерінің тамағынан
өтпейтінін түсінетін. Сібірді жұтамын деп қақалып жатқаннан гөрі, басы бірікпей
жүрген қазақ елінің кең байтақ даласын біртіндеп қарамағына алып, Ұлы Жоңғар
мемлекетін құруды тиімді санаған. Ондай мемлекет құру үшін қазақ елінің тең
жартысын қырып тастап, қалған жартысын басқа елдерді жаулап алуға
пайдаланбақ болған. «Бүкіл әлемді сілкіндірген» жирен сақалды ұлы бабасы да
дәл осылай істеген...
Бірақ Қалден Цереннің бұл ойына Чорас руынан шыққан жас нояндар көнгісі
келмеді. Олар енді өздеріне серік іздей бастады. Бұндай бірен-саран серіктер
қазақ сұлтандарының арасынан табыла кетті. Соның бірі Барақ еді. Ол жақында
өзінің кіші қызын осы Церен-Доржиға берген. Бұны да Әбілқайыр білетін. Және ол
бүлікшіл Церен-Доржиды қазақ жеріне айдауға аттандырғандай, Қалден Цереннің
әдейі жібергендігінен де хабардар еді. Қазақ даласында ұзақ уақыт жүргендігін
пайдаланып Церен-Доржи Орта жүздің кей сұлтандарын өзімен одақтас етіп те
үлгірген. Ал жоңғар нояндарына еріп, қазақ сұлтандарының Сібір қалаларын
шабуға шығуы қазақ еліне ажалмен тең түсетін апат екенін ұққан Әбілқайыр енді
екеуінен де сырын жасырмауға бел буды. Өйткені Барақ пен Церен-Доржидың
одағы — қазақ елінің Россия қол астына кіруіне қарсы ұйымдастырылған қауіпті
одақ еді.
— Жақсы, — деді, қияқ мұртының ұшын бір ширатып қойып Әбілқайыр, —
қазақта мақал бар ғой «Сырыңды айтпа досыңа, досыңның да өз досы бар» деген.
137
Әдеби KZ
Бәрібір мен айтқан сырды Барақ сұлтан өзінің досы Церен-Доржи мырзаға айтпай
қоймас, ашық сөйлесейік.
Барақ сұлтан езу тартты. Кенет ол «қашаннан бері мені өзіңе дос санайтын
бола қалдың?» деп Әбілқайырдан сұрамақ болды да, сабыр сақтап, өзін-өзі баса
қойды.
— Жарайды, — деді сосын түксиген қабағын сәл жадыратып. — Теуіпкелдің
келе жатқанын естідік. Ол неге келе жатыр екен? Қайсымызды теуіп кетпек? Мені
ме, Абылай сұлтанды ма, Әбілмәмбет ханды ма, қай қасыңды? әлде Ор қаласын
салғалы келе жатыр ма?..
— Мүмкін...
— Қайдам, сен салдырмақ Ор қаласы, бәрімізге бірдей қазылған орға
айналмаса нетсін...
Әбілқайыр ханның Россия патшалығының қол астына кірумен қатар, патша
үкіметі алдына қойған екі негізгі мәселесі болатын. Бірі — Кіші жүз еліне Еділ мен
Жайық өзендерінің аралығынан жайылым беру. Екіншісі Ор өзенінің Жайыққа
құятын сағасынан Ор қаласын салу, Әбілқайырдың ондағы ойы — қол астындағы
орыс бекінісі арқылы өзінің билігін күшейту, бекіністегі әскерді бақ күндес
сұлтандарға қарсы пайдаланып, үстемдігін арттыра түсу; бүкіл қазақ елін өз
дегеніне көндіру. Бірақ бұл екі тілегінің екеуі де әзір орындалмай тұр. Бар мәселе
әзірге екі жақтан бірдей қағаз жазылумен ғана аяқтала берген. Тек бір мың жеті
жүз отыз төртінші жылы қазақ жерінің батыс жағын басқаратын Орынбор
экспедициясы құрылғаннан бері Ор өзенінің төменгі сағасына қала салудың
мәселесі қайта қозғалған. Барақ сұлтанның «әлде Ор қаласын салуға келе жатқан
шығар?» деуі осыдан еді. Хан жауабына шамданып қалған сұлтан кекесін сұрағын
жалғай түсті.
— Әрине, Теуіпкелді ана жылғыдай құрметтеп, сырнай-кернейлетіп қарсы
алатын шығарсың?
138
Әдеби KZ
— әлбетте. Россия секілді дос елдің елшісі түгіл, қас еліміздің де елшісін
қошаметтеп, төрімізге шығарып отырмыз ғой... — Хан Церен-Доржиға қарап
қойды.
— Бірақ саған келе жатқан қонақ ата-бабасының дінін ұмытқан шоқынды ғой?
— Сенің де қонағың жетісіп тұрған жоқ-ау, — деді Әбілқайыр Церен-Доржидың
шүршіт дінінің адамы екенін ескертіп, — кейін жиеніңді сүндетке отырғызарыңда,
бізді де тойға шақыратын шығарсың, Барақ сұлтан?
Барақ сұп-сұр боп кетті. Енді ол іштегі ашуын сыртқа шығарды.
— Қатын патшаның Теуіпкел арқылы саған жіберген сыйлығы да, Теуіпкелге
сенің көрсеткен салтанат құрметің де таңғажайып болып еді ғой. Бірақ одан не
шықты? Қазақ жерінде түнерген баяғы қара бұлт — сол қара бұлт... Төрт жағыңнан
соққан ызғарлы сұрапыл — сол сұрапыл... Россия қарамағына алды деп, Еділ
бойын жайлаған қалмақ мықтылары малыңа жайылым беріп отыр ма?
Бұрынғыдан да өшігіп алды. Оларға тыйым салған қатын патша жоқ. Ал Ор бекінісі
саған тек бізбен күресу үшін ғана керек.
— Әрине, сол үшін керек!
Барақ не дерін білмей тоқтап қалды.
Сұлтанның айтып отырғаны шындық еді. Қазақ елінің Россия патшалығының
қарамағында болуына күрделі еңбек істеп жүрген Тевкелев осыдан бір жыл бұрын
ғана Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Қырғыз-қайсақ жұрты тәрізді
қалмақ пен башқұрт халықтарының да сана-сезімі төмен. Бәрі де тағы және терең
ойламайтын елдер... Егерде әлдеқалай біреуі Россия патшалығына қарсы бас
көтерер болса, қалған екеуін оған қарсы пайдалану керек. Мұндай жағдайда біз
айыпты емеспіз, біздің ұят-арымыз қашан да болса таза қалады» деген.
Россия патшалығы бұл елдерге қарсы өзінің отарлау саясатының бар әдісін
пайдалана білді. Соның ішінде атам заманнан келе жатқан көне әдісі «бір ұлтты
бір ұлтқа айдап салып, бөліп алып билеуді де» молынан қолданған. Демек,
отаршылық саясатының осындай бір қатал әдістеріне қарамай, бұл ұлттардың
болашағы тек Россияға қосылуда ғана қалған еді. Өзге жолдың бәрі, әсіресе
139
Әдеби KZ
Жоңғар хандығымен одақтасу тәрізді далбаса жолдар, қазақ елін мүлдем
күйреуге апаратын...
— Өз билігің өз қолыңнан кеткен соң, бізді орыс басқара ма, жоңғар басқара
ма, бәрібір емес пе? — деді Барақ сұлтан қайтадан сұрланып.
— Қонтайшы басып алған жерінің адамдарын тегіс қырып-жойып, тек өлі
жандарды ғана басқарғысы келеді.
— Орыстар ше?
— Бүгінге дейін орыс саудагерлері біздің жерімізге тек керуендерімен ғана
келіп жатыр.
— Соңынан солдаттары келгенде не болмақ?..
— Оны уақытында көрерміз. — Әбілқайыр тағы Церен-Доржиға қарады. —
«Қорқау қасқырдан гөрі арыстанға жем болған жақсы» деген мәтел бар.
— Ендеше, ол арыстаның бізді неге қорғамайды?
— Істеп отырған қастығымыз аз ба?
— Қандай қастығымызды айтасың?
— Қазақ жерінен Ташкент, Хиуа, Бұхарға қарай аттанған орыстың бір керуенін
тонамай, сау өткіздік пе? Сөйтіп отырып, орыс патшасына қалай қорған бол дей
аламыз?..
Әбілқайыр ханның бұл айтып отырғаны да шындық еді. Бір мың жеті жүз отыз
екінші жылы, полковник Гарбер басқарған жүзге таяу жауынгер қорғаушысы бар,
орыстың Хиуа мен Бұхарға бара жатқан сауда керуені Астрахань атырабында
тоналған-ды. Орыс саудагерлерінен тек Гарбердің өзі мен бірнеше солдаты ғана
аман-есен құтылған. Өткен жылы, майор Миллер басқарған, Орынбордан
Ташкентке бара жатқан дәл осындай орыс керуені тағы тоналды. Мұндай
жағдайлар Ертіс, Есіл бойларында да жиі кездесе бастаған.
Әбілқайыр осыларды Барақтың бетіне әдейі салық етіп отыр.
— Орыс керуендерін өткізсең, елімізге бейбітшілік пен қуаныш орнайды дейсің
ғой, Әбілқайыр хан. — Барақ сөзі енді тұтыға шықты. — Бұның бекер. Айтайын
дегенім көп еді, бірақ орда сенікі...
140
Әдеби KZ
— Айт! Айт! — деді Әбілқайыр мысқылдай. — Айтарыңды айтып жүрсің ғой,
бөтен жер ме, менің ордам ба, саған бәрібір емес пе?
— Онда тыңда! — деді күреңденіп кеткен Барақ. — Әбілқайыр хан, сен елімізге
тыныштық емес, бүліншілік әкелгелі отырсың!
— Мен бүліншілік әкелмей тұрып-ақ, қазақ жері Жоңғар қонтайшысы қырған
жұрттың сүйегіне толған жоқ па?
Барақтың кенет ерні кезеріп, көзі ұшқын ата қалды.
— Әбілқайыр хан, сен өзіңнің қамың емес, халқыңның қамын ойлайды екенсің
ғой! — Барақ Әбілқайырдың тамағынан ала түскісі келгендей шарт жүгініп отыра
қалды. Церен-Доржи да тайпы табан етігінің қонышындағы пышағына қолын
созды. — Кәне айт, айтшы шыныңды?!
Барақ сұлтанның оқыс қимылынан Әбілқайыр ханның беті бүлк еткен де жоқ.
Сол сазарған қалпында селт етпей отыра берді. Тек есік алдында тас мүсін секілді
қозғалмай тұрған қос күзетшіге көзінің қиығын аударып еді, екеуі бірдей
қолдарындағы садақтарын Барақ пен Церен-Доржиға кезеніп тұра қалды.
— Жоқ, Әбілқайыр хан, — деді Барақ сұлтан, ашудан күреңденіп кеткен бетінің
ызғары тарамай, — сен Ор бекінісін орыс патшасына бәрімізді матап беріп, тек өз
басыңды жоғарылату үшін салып отырсың!
— Менің орнымда өзі¦ болсаң қайтер едің, Барақ сұлтан?
Жылан мен мысық арбасуындай, Ақ Орда ішін бір суық ызғар биледі. Ашулы
Барақ тағы сөйлемек болып келе жатыр еді, бағанадан бері жұмған аузын ашпай
отырған Бөгенбай батыр жартас үстіне қонған бүркіттей қомданып, саңқ ете
қалды.
— Әй, Әбілқайыр хан! әй, Барақ сұлтан! — деді сол қолын жоғары көтеріп, —
хан мен сұлтан өзара қырқысып жатырсыңдар. Сонда қара халық бізді неге
шақырдыңдар? Соларыңды айтыңдаршы!
— Иә, соны естілік, — деді Тайман батыр да сұрланып.
141
Әдеби KZ
— Иә, иә, сөйле! Сөйле! — деді Әбілқайыр өз айыбын мойнына алғандай,
Бөгенбайдың халық арасында қандай қадыры бар екені есіне енді түскен болуы
керек, ол батыр сөзін бар ықыласымен тыңдамақ сыңай көрсетті.
Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі
Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып,
қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен
емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде
атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген
ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама
құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар
шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген
көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен
ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.
— Иә, сөйле, Бөгенбай батыр! — деді Барақ сұлтан да.
— Сөйле десеңдер, сөйлелік, — деді Бөгенбай ішке тұнған ызасы мен уайымын
әзер басып, — біз хан емеспіз халықты билейтін. Ал халықтың қаны төгілетін
жерде жалғыз ғана хандар сөйлеп қоймаса керек-ті. Маған салсаңдар, орыс
бекіністерінің маңында жұртқа қауіпсіздеу екені рас. Сол себептен де Жоңғар
сойылынан пана іздеген көп ауыл, орыс шекарасына таяу көшіп барды емес пе?
әрине, ол арада қара халықтың басына бәлендей жақсылық орнап жатқан жоқ.
Сөйтсе де халық деген Сейхұн дариядағы балық тәрізді қаупі аздау тереңдікті
іздейді. Орыс шекарасына да сол үшін таяу қонып жатыр. — Ол енді Бараққа
қарады. — Ел мына сенің жақындарыңнан алыстау жерде түтінін түтетіп, малын
бағып, асын тыныш ішкісі келеді.
Дәл осы сәтте Ақ Орданың есігі ашылып, үйге бүкіл Кіші жүзге аты шыққан
әйгілі сұлу, Әбілқайырдың кіші тоқалы Нұрбике кербез кірді. Сұңғақ бойлы,
тобылғы күрең, мөлдіреген қарақат көздерінде адамның жүрегін шөлдетер
ашымық бір ұшқын бар. Басына киген алтын зерлі сәукелесі, үстіндегі белі
қыналған алтын оқалы мауыты қамзолы көлеңкеде жанған шоқ тәрізді. Ырғала
142
Достарыңызбен бөлісу: |