Әдеби KZ Әбілқайыр әскері осы арада бір жеті болмақ. Аттың белін көтергеннен кейін
арғы бетке өтпек. Сейхун секілді долы тасқыннан өту оңай шаруа емес.
Шыңғысхан заманында мұндай өзеннен өтудің басқа жолы болған. Әрбір
монғол жауынгері ерінің басына байлап алған өгіз терісін дастарқан секілді
дөңгелетіп ойып, шетінен қыл шылбыр өткізетін тесік істейтін. Бар киім-кешегін,
кейде тіпті қару-жарағын да, осы терінің ортасына салып, шетіндегі тесіктерден
өткізілген шылбырмен аузын бүріп байлайтын. Осылай қолдан жасалған, суда
батпайтын тері қапшықты ат құйрығына байлайтын. Өзі атының жалынан ұстап
қатарласа жүзеді. Не атты бос қоя беріп әлгі қапшықтың үстіне отырады. Орхон,
Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен
монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып
шығады. Дәл осылай олар бір кезде Жейхун, Сейхун, Жайық, Еділдерден де өткен.
Ал Қыпшақтардың тәсілі бөтен-ді. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс
жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын.
Өздері қамыстан, не талдан сал тоқып, сонымен өтетін. Тек кейбір өжет жігіттері
ғана үрген қос қарынды байлаған жіптерді қолтықтарының астынан өткізіп,
арқасына киімі мен қару-жарағын таңып, жүзіп арғы бетке шығады. Ал, Сейхун,
Жейхун жағасының жауынгерлері көбіне кепкен асқабақтарды байлап жүзіп өтеді.
Жігіттері бір күн дем алғаннан кейін, Әбілқайыр қамыс шауып сал дайындауға
бұйырды. Өзі нөкерлерімен әскері қос тіккен жерден әрірек барып аң ауламақ
болды. Хан аңға шыққан жер Сейхунның ойпаттау сағасы болатын. Дария
жазғытұрымғы тасыған кезде осы арадағы кең алқапты алып, қайтадан есесіне
түскен шағында ойдым-ойдым қарасулар қалдыратын. Тым қуаңшылық жылдары
бұл араға сонау Қазықұрт тауынан жайлауға көшіп келген ауылдар, тартылып
қалған қарасулардың балшықтарынан құлаш-құлаш мекре, лақа балықтарды
қазып алатын.