Критериалды бағалау технологиясының ғылыми негіздері.
1. Критериалды бағалауды туралы түсінік.
2 Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты.
3. Критериалды бағалаудың міндеттері.
Критериалды бағалауды туралы түсінік.
Критерий деген – ұсынылған талаптарға сәйкес бір нәрсені бағалау бойынша шешім қабылдау ережесі.Әр критерийдің дискрипторы болады, онда оқу тапсырмасының орындалу нәтижесінің дұрыстығы туралы нақты түсінік беріледі. Дискрипторға сәйкес бағалау оқушының қойған мақсатына жетуін анықтайды.
Ал критериалдық бағалау – оқушылардың оқу-танымдық құзыретін қалыптастыруға жағдай жасайтын, білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес білім беру процесіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс..
Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керек екендігін түсіндірмейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін ары қарай не істеу керек екендігін түсінуге мүмкіндік береді. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Олар: білу, түсіну, қолдану, сыни ойлану, анализ, синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті дағдылар, тілдік дағдылар, жеке жұмыс жасау дағдылары, топта жұмыс жасау дағдылары, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік дағдылар, шығармашылық дағдылар, жаңа технологияларды қолдану дағдылары қолданылады. Мұғалім оқытудың берік нәтижелеріне технологиялық тәсілмен қол жеткізу арқылы өзінің педагогикалық шығармашылығына, оқушылардың дамуына көбірек көңіл бөле алады.Оқу үрдісін технологиялық құрылымдауды түсінудің кілті нақты қойылған мақсаттарға жүйелі түрде бірізділікпен бағдарлану болып табылады. Педагогикалық технологияда мақсаттар қою тәсілдері нәтижелілігімен ерекшеленеді. Оқыту мақсаттары оқушылардың әрекеті арқылы көрсетілген оқыту нәтижелері арқылы тұжырымдалады, әрі мұғалім немесе кез-келген сарапшы нақты тани алатын болу керек.Айтарлықтай табысты идеяны жүзеге асыруда әдетте келесідей негізгі қиындықтармен кезігеді:оқыту нәтижелерін әрекет тіліне қандай тәсілдермен ауыстыруға болады және бұл ауысудың бір мағыналылығына қалай қол жеткізуге болады? Бұл проблемалар екі түрлі жолмен шешіледі:біріншісі, педагогикалық таксономия жүйесі арқылы мақсаттар жүйесін нақтылау, екіншісі, таксономия арқылы мұғалім анықтығы жеткіліксіз ойларды оқыту мақсаттарының мейлінше анық, нақты тіліне ауыстыра алады.Таксономия- белгілі бір критерийлер мен ұстанымдар бойынша объектіні жүйелеу, топтастыру немесе жіктеуді, жүйелеу және нақты құрылым бойынша реттілікпен орналастыру.Иерархиялық жіктелген, ретке келтірілген мақсаттарды қолдану ең алдымен, мұғалім үшін төмендегідей жайттармен маңызды:мұғалім назарының негізгі ойға шоғырлануы,таксономияны қолдана отырып мұғалім мақсаттарды бөліп, құрастырып қана қоймай, ең бірінші кезектегі міндеттерді, әрі қарайғы жұмыстың реті мен келешегін нақтылай отырып, оларды ретке келтіреді;мұғалім мен оқушының бірлескен әрекетіндегі ашықтық пен жариялылықты әкеледі; нақты оқу мақсаттары мұғалімге олардың ортақ оқу жұмысын түсіндіруге, талқылауға, кез-келген қызығушылық танытатын тұлғалардың анық түсінуіне мүмкіндік береді.Оқыту нәтижелерін бағалаудың өлшемін жасау ол – мақсаттардың дәл анықтамасына жүгіну; неғұрлым сенімді және әділ бағаға қол жеткізеді.Қалай болғанда да, мақсатты анықтау мен тұжырымдау үдерісі аяқтала салмайды.Біз бағалау критерийлерін іріктеу мен дәл анықтаудың, мақсатқа жеткеннің ақиқатын бағалау тәсілін анықтаудың маңыздылығына мән беруіміз керек. Ондай критерийлер мақсаттың анықтамасынан келіп шығады, ал тәсілдері – сабақ үшін таңдалған критерийлер бойынша қол жеткен нәтижелерді азды-көпті сенімді бағалау мүмкіндігін береді.Критерийлер мақсатты тұжырымдау кезінде, сабақ басталғанға дейін анықталады.Сабақ соңында қол жеткен нәтижені жоспардағы нәтижемен салыстыра отырып, сіз әрі қарайғы іс-әрекетіңізді кәсіби түрде, нәтижелі жүргізуге қол жеткізесіз.
КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ (ПРИНЦИПТЕРІ)
1. Оқыту мен бағалаудың өзара байланысы. Бағалау оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады, ол оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты.
2. Шынайылық, анықтық және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділігі болады.
3. Ашықтық және қолжетімділік. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады.
4. Үздіксіздік. Бағалау білім алушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады.
5. Дамыту бағыты. Бағалау нәтижелері білім алушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және ынталандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |