Өсімдіктің мүшелері арқылы (вегетативтік) көбеюі Мүше – өзіндік құрылысы бар белгілі бір қызмет атқаратын ағзаның бір бөлігі. Жоғары сатыдағы өсімдіктер тіршілікке қажетті, әр түрлі қызмет атқаратын мүшелерден тұрады. Өсімдіктің мүшелері өсімді (вегетативті) және көбею (генеративті) болып 2-ге бөлінеді. Өсімді мүшелеріне – тамыр, сабақ, жапырақ жатады.
Вегетативтік көбею (лат. vegeto – тірілту, қоздыру, өсіру) – өсімдіктердің вегетативтік мүшелері арқылы көбеюі. Жоғары сатыдағы өсімдіктер тамыр атпалары (қара өрік, алма, шие, тал, жеке, қандағаш, т.б.), тамыр сабақтары (жыланқияқ, қырыққұлақ, селеу, қамыс, жатаған бидайық, адыраспан, т.б.), пиязшықтары (жуа, қызғалдақ, картоп, т.б.), мұртшалары (бүлдірген, жатаған сарғалдақ, т.б.) арқылы көбейеді. Өсімдіктерде, негізінен, қалемшелеу әдісі қолданылады. Вегетативтік көбею кезінде жыныстық көбеюге қарағанда ұрпақта сорттың қасиеттері, белгілері жақсы сақталады. Вегетативтік көбею өсімдік өсіруде, бақ және орманда кеңінен қолданылады. Өсімді мүшелер Қоршаған орта жағдайларының әсеріне байланысты ұзақ жылдар бойы өсімдіктер біртіндеп жеке-жеке мүшелерге жіктелді. Өсімді мүшелер тек гүлді өсімдіктерде жақсы дамыған. Өсімді мүшелер екі түрлі жүйе құрайды: өркендер жүйесі (сабақ, жапырақ), тамырлар жүйесі (тамыр). Олар өсімдікке өсу, қоректену, көлемін ұлғайту және тіршілігін сақтап қалу үшін қажет. Вегетативтік көбею деп вегетативтік денеден тіршілікке қабілетті бөліктер бөліну арқылы түрдің жеке санының артуын айтамыз. Вегетативтік көбею алуан түрлі және өсімдіктердің барлық топтарында кең таралған. Бір жасушалы балдырлар мен бактерияларда вегетативтік көбею жасушаларының екіге бөлінуі арқылы жүзеге асады. Колониалды балдырларда, олардың жасушаларының вегетативті көбеюінен жас колониялар пайда болады. Көп жасушалы балдырларда вегетативтік көбею, олардың талломдарының кездейсоқ бөліктерге бөлінуі арқылы жүреді. Жіпшелі көк-жасыл балдырлардың кейбір түрлері (носток, анабена) гетероцисталары арқылы көп жасушалы гормогонияларға бөлінеді. Көбеюдің мұндай қарапайым тәсілі тек төменгі сатыдағыларға ғана емес, суда тіршілік ететін кейбір гүлді өсімдіктерге де (сужапырақ, мүйіз жапырақ, егеушөп) тән. Осылай көбею нәтижесінде XIX ғасырда Еуропаға енген Канада сужапырағы су қоймаларында кең таралғандықтан, жергілікті тұрғындар «су чумасы» деп атаған. Саңырауқұлақтарда вегетативтік көбеюдің қарапайым жолы — мицелийдің жеке учаскелерге бөлінуі, бүршіктенуі (ашытқылар) арқылы жүрсе, арнаулы маманданған түрі кондиилер, оидийлер және хламидоспоралар арқылы жүзеге асады. Оидийлер мен хламидоспоралардың пайда болуы көбеюдің вегетативтік жолынан жыныссыз жолында өтпелі түрі ретінде қарастырылады.
Қыналар, денесінің арнаулы бөліктері — соредийлері, кейде сирек изидийлері, ал бауыр мүктері өнімтал бүршіктері арқылы көбейеді. Өсімдіктердің вегетативтік көбеюі оның регенерациялық қабілетіне негізделген. Регенерация (латынша «регенерацио» — жандану, қалпына келу) — өсімдік денесінде жетіспейтін мүшелердің немесе тұтас өсімдіктің өсімдік денесінің жеке бөліктерінен, тіпті жеке вегетативті жасушасынан қайта қалпына келуі. Көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өсімдіктердің регенарация қабілетінің өте жоғары болатынын байқаған. Мысалы, жасаңшөп жапырақ эпидермасының бір жасушасынан тұтас өсімдік, сол сияқты көптеген өсімдік топтарының гүл табанынан, гүл желегінен, аталығынан тұтас өсімдіктер өсірілетіні белгілі. Вегетативтік көбею кезінде аналық өсімдіктен пайда болған жас особьтар жиынтығы клон деп аталады. Гүлді өсімдіктерде клонда тамырсабақтың бұтақталған ескі бөліктерінің біртіңдеп бұзылуынан, каудекс, кіндік тамырдың партикулдануынан, сол сияқты жер беті және жер асты столондарының ұшындағы түйнектер мен жуашықтардан жас өсімдіктер бастамасы ретінде жетіледі. Вегетативтік көбею табиғатта өздігінен жүретін табиғи және адамның қатынасуымен жүзеге асатын — жасанды деп екіге бөледі. Бұл екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Өйткені табиғи вегетативтік көбею өсімдіктердің регенерациялық қасиетіне, ал екіншісі түрлі әдістерді қолдану арқылы қолдан вегетативтік көбейтуге негізделген. Жоғары сатыдағы сабақты-жапырақты өсімдіктер тамыр атпалары, тамыр сабақтары, мұртшалар, желілері (көген сабақтары), түйнектері, столондары, жуашықтары, өнімтал бүршіктері арқылы табиғи вегетативтік жолмен көбейеді. Көптеген сүректі өсімдіктер және біраз шөптесін өсімдіктердің кейбіреуі тамыр атпалары (тамырдың эндогенді қосалқы бүршіктерінен өскен жас өркеңдер) арқылы көбейеді. Эндогенді бүршіктер жанама тамырлар сияқты жетіледі. Қосалқы бүршіктерден өсіп шыққан жас өркендер көбейіп, тез тарайды. Мәдени түрінде мұндай өсімдіктер тамыр атпалары арқылы көбейтіледі. Тамыр атпалары арқылы көптеген сүйекті жемістер — қара өрік, шие, алма, сол сияқты терек, тал, көк терек, қандағаш, жөке, ақ қараған, серігүл, сиыр бүлдірген көбейеді. Шөптесін өсімдіктерден — сүттіген, шырмауық, бақбақ, желкек, қалуен т.б. Тамыр сабақтары арқылы көбею негізінен көп жылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Тамырсабақты өсімдіктерге: жыланқияқ, папоротник, селеу, қамыс, қоңырбас, кияқ, жатаған бидайық, адыраспан т.б. өсімдіктер жатады. Бұлардың жер астындағы өркендерінің буыны және буын аралықтары бар. Буындағы бүршіктерден жас өркендер өсіп, вегетативтік көбеюді қамтамасыз етеді. Қысқарған тамырсабақтарда бүршіктер жиі орналасады да, олардың жер бетіңдегі өркендері де жиі шоқтанып жатады, ұзарған тамырсабақтарда бүршіктер сирек орналасады, сондықтан олардың жер бетіңдегі өркендері де сирек. Ұзарған тамырсабақты өсімдіктер жан-жаққа тарамданып, тез арада жайылып өседі. Көптеген жатаған өсімдіктер мұртшалары арқылы, ал төселмелі сабақты өсімдіктер желілері арқылы көбейеді. Жатаған өсімдіктерге ақ бас беде, қой бүлдірген, қазтабан, жатаған, сарғалдақ, тас бүлдірген т.б. жатады. Жатаған өркеннің топырақпен жанасқан буынынан қосалқы тамыр жетіліп, осы жердегі жапырақтың қолтық бүршігінен жас өркен шығып, көбеюін жалғастырады. Жатаған өркендердің буын аралықтары өліп, жас өсімдік пен аналық өсімдіктің байланысы үзіледі. Жас өсімдік те, аналық өсімдік те өз алдына жоғарыдағыдай көбею жолын қайталайды, яғни әрқайсысынан жаңа мұртшалар — жатаған өркендер жетіледі. Төсемелі желі сабақты өсімдіктерде оның ылғалды топырақпен жанасқан жерінде жатаған өсімдіктердегі сияқты қосалқы бүршіктерінен жас өркендер пайда болады. Желі сабағы арқылы көбею асқабақ тұқымдастарының өкілдеріне тән. Мысалы, колдан отырғызған асқабақ, қауын, қарбыз, қияр желілеріне өсімдік вегетациясының соңында ылғалды топырақ төгіп, сонымен жанастыру арқылы көбейтуге болады. Вегетативтік көбею қызметін атқаратын түйнектер — тамыр мен өркеннің түр өзгерістері. Түйнектердің өзі жер бетіңдегі түйнектер және жер астындағы түйнектер болып бөлінеді. Бұлардың бет жағындағы орналасқан бүршіктерден (көзше) жас өркендер өсіп шығады. Түйнектері арқылы жер алмұрты, цикламен, альпі қоғажайы, нарғызгүл, кольраби орамжапырағы және т.б. өсімдіктер көбейеді. Өнімтал бүршіктер — кейбір папоротниктерде, мүк тәрізділер мен гүлді өсімдіктерде вегетативтік көбею қызметін атқаратын арнайы мүше. Өсімдіктерде олардың мөлшері тым көп болғандықтан, тұқым сияқты шашылып, қолайлы ортаға түссе, тез өсе бастайды. Мысалы, жасан шөптер тұқымдасына жататын бөлме өсімдігі бриофиллюмның жапырақ жиегіндегі тісшелерінің арасында (ойыс жерінде) қосалқы бөлшектер бар. Бұл бүршіктерден 2—3 жапырағы, 1—2 қосалқы тамыршасы бар кішкентай өсімдіктер пайда болды да, жапырақтан түскен жерінен қаулап өсе бастайды. Осы сияқты өнімтал бүршіктер кейбір шықшылдықтар жапырағына, папоротниктер жапырақ жиегіне, жүйкелеріне тән. Кейбір өсімдіктерде өрімтал бүршіктер түрі өзгеріп жуашық (тісшөпте) немесе түйнекше (мықыр таспада) түрінде кездеседі. Табиғи вегетативтік көбеюді адам өз мақсатына пайдаланып, вегетативтік көбейту жолымен мәдени өсімдіктерді өсіреді. Қолдан вегетативтік көбейту. Қолдан вегетативтік көбейту ерте заманнан қолданылып келе жатқан әдіс. Қолдан вегетативтік көбейтудің бірнеше жолы бар. Соның бірі — телу әдісі. Телу дегеніміз бір өсімдіктің бүршікті бөлігін екінші өсімдіктің денесіне ұластыру. Телуді кейде трансплантация деп те атайды. Өз тамырыңда өсіп тұрған өсімдікті телітуші (подвой) деп, ал оған әкеліп ұластырылатын бүршігі бар бөлікті телінуші деп атайды. Телу үшін өсімдіктер таңдап алынады да бірнеше мынадай талаптар орыңдалуы қажет: телінушінің өткен жылдары жаппай гүлдеп, мол жеміс берген, ауруға шалдықпаған сау бұтақтары алынады, телітушінің тамыр жүйесі жақсы жетілуі, телінушіден шыққан өркендерді қоректі затпен қамтамасыз ете алатындай қуатты болуы керек; ауруға шыдамды, ортаның қолайсыз әсеріне төтеп берерліктей болуы қажет. Осындай шарттар орындалғаңда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады, Мысалы, жеміс-жидекті өсімдіктерден жүзімді алайық. Оның аса қауіпті ауруы — филлоксера. Жүзімнің өнімін төмендетіп жіберетін осы дерт. Ғалымдар мәдени жүзімнің сорттарын жабайы жүзімге телу арқылы бұл аурудан құтқарды. Өйткені жабайы жүзім тамыры филлоксера ауруына төтеп бере алады. Сол сияқты раушан гүлін итмұрынға теліп телітушінің хош иісті, әсем гүлдерін алуға болады. Осы қасиеттеріне бола негізінде ғалымдар лимон, мандарин, алхоры, алманың мәдени сорттарын өзді-өзінің жабайы түріне теліп олардың жаңа сорттарын алды. Компоненттер бір-біріне тез ұласуы үшін телінуші мен телітушінің түзуші ұлпасы — камбий, тағы басқа аттас ұлпалары бір-бірімен сәйкес келуі қажет. Компоненттердің арасындағы енген жасушалардан пайда болған қабат біртіндеп айналасындағы тірі жасушаларға сіңіп кетуі, телінетін екі өсімдік жүйелілік тегі жағынан бір-біріне жақын болуы керек. Алшақ болса, оңайлықпен теліне қоймайды және күткен нәтижені бермейді. Мысалы, екі тұқымдасқа жататын өсімдіктерге қарағанда бір туыстың екі түрі өзара тез ұласады. Телу тәсілдері. Қазіргі кездегі телудің жүзден астам тәсілі белгілі. Олардың көп қолданылып жүргендері — жанастыра телу, кесінділеп (қалемшелері арқылы) телу және көзшелеп телу. Жанастыра телу үшін қатар өсіп тұрған екі өсімдіктің бірін телітуші, екіншісін телінуші етіп алады. Екеуінің де жанасар жақтағы беттерінің қабығын шамалы сылып тастап, екеуін өзара жанастырады да сыртынан жұмсақ жіппен орап байлайды. Сүректі өсімдіктерді теліген кезде байлауға жөке ағашының суға салып жұмсарылған тін талшығы пайдаланады. Осы қалыпта қалдырылған компоненттер шөптесін өсімдікте 10 күнде, сүректі өсімдік те бір-екі вегетациялық кезеңде ұласады. Телінушінің ұласқандығы бүршіктердің өркендей бастауынан байқалады. Жанастыра телу кезінде есте болатын жағдайлар: біріншіден, компоненттердің сылынған жерінің көлемі бірдей болуы; екіншіден, телінуші ретінде алынған өсімдік өркенінің кесетін жерден жоғарғы бөліміңде бүршіктерінің болуы. Телінгеннен бір немесе екі вегетациялық кезең өткен соң компоненттер ұласады, осы кезде телітушіні жоғарғы жағынан, телінушіні төменгі жағынан кеседі. Кесінділеп телу тәсілдері қолданылады. Кесінділеп телудің: жарықшақтап телу, беттестіре телу және т.б. түрлері бар. Копулировкада — телушіге алынған қалемшенің 2-3 бүршігі болуы кажет, телінушінің қалемшесі мен телітушінің сабағынан қиғаш кесінді жасалады және де компоненттердің камбий қабаттары сәйкес келетіндей диаметрлері бірдей болады. Копулировка жасалған жерге балшық немесе ағаш көмірінің, ұнтағын сеуіп қояды. Бұл телінген жерге ауру тудыратын микроорганизмдердің ұяламауы үшін қажет. Ал ағаштар мен бұталарды теліген кезде компоненттердің диаметрі сәйкес келе бермейді. Мұндай жағдайда кесінділеп телудің басқа тәсілдері қолданылады. Көзшелеп телу — мұнда телінушіге көзше, яғни бүршік, телітушіге өсіп тұрған өсімдік алынады. Бүршікті алу үшін өркеннің бүршік тұрған жерінің жоғарғы және төменгі жағынан көлденең кесінді жүргіземіз де, жоғарыдан төмен қарай аздап қабығын ілестіре көзшені сылып аламыз. Телітушіден Т әрпіне ұқсас бір-біріне перпендикуляр кесінді жасаймыз. Кесілген жердегі қабықты пышақтың ұшымен көтеріңкіреп, бүршікті ендіреміз. Бүршіктің қалқаншасын бастыра байлап қоямыз. Телінген жерге қайың көмірінің ұнтағын себеміз. Бұл жарақаттанған жерді микроорганизмдердің зиянды әсерінен сақтайды. Көзшелеп телудің басқа тәсілдерден тиімділігі компоненттер мықты болып тез ұласады, телуге материал аз кетеді, арзанға түседі. Қолдан вегетативтік көбейтудің телуден басқа метаморфозданған мүшелерден, кесінділерден, сұлатпа шыбықтан, түбін ажыратып көбейту және тамыр атпаларынан көбейту сияқты жолдары бар. Метамофрозданған мүшелерден вегетативтік көбейтуге түйнектерді, пиязшықтарды, қабыршақтарды пайдаланады. Мәселен картоп сабағының метаморфозы түйнегінен өсіріледі. Оның көзшелері — бүршіктер. Сол бүршіктердің әрқайсысы жер бетіне жеке өсімдік болып шығады. Сондықтан картоп түйнегі үлкен болған жағдайда әр бөлігінде 1-2 көзшеден қалдырып бірнешеге бөліп отырғызады. Сол сияқты күрделі гүлділер тұқымдасына жататын жер алмұртының сабағының метаморфоздануынан пайда болған жер асты түйнегі арқылы көбейтеді. Жер алмұртының түйнегі тағамға, малға жем ретінде, ал техникада спирт жасау үшін пайдаланылады.