5.Әдебиеттер: №1 қосымша ақпаратты қараңыздар.
6.Бақылау сұрақтары: 1. Бауыр жетіспеушілігіне қандай себептер әкеледі?
2. Бауырлық кома немен сипатталады?
3. Сарғаюдың қандай түрлері бар ?
4. ұйқы безінің сыртқы секреция бұзылысының негізгі себептері қандай?
Дәріс №3 1. Тақырыбы: Бүйрек патологиясы
2.Мақсаты: бүйрек зақымдануында пайда болатын негізгі синдромдардың патогенездік механизмін түсіндіру.
3. Дәріс тезистері Бүйректер зәрді өндіру мен шығарудан басқа көптеген қызметтер атқарады. Оларға : фильтрация, реабсорбция, секреция үрдістері жатады. Ал қандай да бір патология кезінде бұл үрдістер бұзылады.
Шумақтық фильтрация бұзылысының екі түрі болады: шумақтық фильтрацияның төмендеуі (сау нефрондар санының азаюы) және жоғарылауы(нефротикалық синдромдағы протеинуриямен байланысты, онкотикалық қысымның төмендеуі, гипопротеинемия).
Зәр мөлшерінің көбеюі - полиурия , азаюы - олигурия, зәр шығарудың толығымен тоқтауы - анурия деп аталады.
Зәрдің патологиялық құрамы : ақуыз, эритроциттер, лейкоциттер. Протеинурия – зәр құрамында ақуыздың болуы. Гематурия – зәр құрамында эритроциттердің болуы(жедел нефрит кезінде болады). Жедел нефрит кезінде шумақтардың өткізгіштігі артады. Пиурия – зәр құрамында ірің мен лейкоциттердің болуы. Пиурия іріңді қабыну үрдісі кезінде болады. Цилиндрурия - өзекшелік эпителий жасушаларының дистрофиясы, қабынуы салдарынан өзгерген цилиндрлердің зәр құрамына өтуі.
Нефротикалық синдром – бұл бүйректің біріншілік және екіншілік зақымдалуымен байланысты клинико-зертханалық кешен. Нефротикалық синдромның көріністері: гиперпротеинурия, гипопротеинемия, гиперлипидемия, диспротеинемия және ісіну. Нефротикалық синдромның себептері гломерулонефрит пен пиелонефрит болуы мүмкін. Нефротикалық синдром кезінде патологиялық үрдіс бірінші шумақтық аппаратта , содан соң өзекшелік аппаратта дамиды. Бұл патологиялық үрдіс шумақтық капиллярдың базалдық мембранасында орналасқан , антидене-антиген иммундық кешеннің әсерінен дамиды.
Бүйрек шумақтарының өзгерістері салдарынан бүйрек жетіспеушілігі дамиды. Ол жедел(ЖБЖ) және созылмалы (СБЖ) болады. Жедел бүйрек жетіспеушілігі бүйрек синдромдарының ішіндегі маңыздысы болып табылады. Ол үш түрлі ықпалдардың әсерінен дамиды: пререналдық (шок, қанның жалпы қысымының төмендеуі, бүйрек артерияларының рефлекторлық тарылуы, ауқымды күйік кезінде сусыздану салдарынан электролиттерді көп мөлшерде жоғалту, тердің өте көп бөлінуі), реналдық(токсикалық заттардың бүйрекке тікелей ісер етуі), постреналдық(лигатураның, тастардың және ісіктердің салдарынан зәр шығарылуының тежелуі).
СБЖ нефрондардың біртіндеп өліп, оның орнында дәнекер тіннің өсуі нәтижесінде дамиды.