1.1 Есімше категориясы туралы сипаттама
Етістіктің грамматикалык категорияларының ішінде ең көлемді және сыры көп, әр алуан күрделі түрі осы есімше формалары. Есімше формалары етістік негіздеріне (түбір етістік, етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік) арнайы қосымшалар жалғану арқылы жасалады: Келген, айтар, жазбақ, келмекші, барушы, айтқан т. с. с. Есімше формалары етістікке және сын есімге тән қасиеттерді бойында сақтайды. Есімше – етістік негіздеріне арнайы форма тудырушы аффикстер жалғану әр қилы жасалатын, етістікке тән грамматикалык категория. Есімше формаларының етістіктің басқа грамматикалық категорияларынан айырмасы, бұлар (есімше) есім сөздер сияқты септеледі, тәуелденеді, көптік жалғауын қабылдайды. Сонымен қатар жіктік жалғауы аркылы жіктеліп, баяндауыш қызметінде жұмсалады. Есімше формалары есім сөздерше (септік, тәуелдік, көптік) өзгергенімен, етістікке тән қимылдық, іс-әрекеттік ұғымды әрқашан бойында сақтайды. Сонымен катар есімшелер етістіктің етіс, күрделі етістік, күшейтпелі етістік негіздерінен жасалады да, солардың да мағыналарын сақтайды. Есімше формалар за т есімнің алдынан келіп, сол заттың қимылдық сапасын, белгісін білдіреді, яғни атрибут мағынасында жұмсалады. Міне осы атрибут қызметінде есімше формалары сын есімге ұқсайды. Өскен ел, айтар сөз, гүлденген дала, өркендейтін шаруа, суаратын жер, бермек ақиіа, орындаушы адам т. б.
Сын есімге зат есімнің көптік, тәуелдік және септік жалғаулары жалғанғанда, зат есім мағынасына ауысатындығы сияқты, есімше формалары да септік, тәуелдік, көптік жалғауларын қабылдап, зат есім мағынасында жұмсалады. Жүргенге жөргем ілінеді (Мақал). Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен, сұра. Бермегенді беріп ұялт. Қонарымды сай біледі, көшерімді жел біледі. Алмақтың да салмағы бар. Сиынғаныңнан сенгенің күшті болсын.
Сөйтіп, есімше дегеніміз әрі етістік, әрі сын есім тәрізді түрленіп, солардың қасиеттерін бойына сақтайтын етістіктің грамматикалык категориясы болып саналады.
Есімше -ған (-ген, -қан, -кен), -ар (-ер, -р, -с),-атын (-етін, -йтын, -йтін), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бак, -бек, -пақ, -пек) жұрнақтарының негізгі және туынды түбір етістікке, етістіктің болымды және болымсыз формаларына, етіс категориясының барлык түрлеріне жалғану арқылы жасалады.Ал қалау рай, бұйрық рай, шартты рай формаларына есімше жұрнақтары жалғанбайды.
Есімше жұрнақтарының қызметі - өзі жалғанған етістіктің аңғартатын мағынасын өзгертпей, заттың қимыл-әрекет арқылы білдіретін белгісін жасау. Мысалы, бар - қимыл-әрекетті білдіретін етістік, ал барған (адам), барар (жол), баратын (кісі), барушы (бала) - заттың қимыл нәтижесімен аңғартатын белгісі.
Есімше жіктеледі, бірақ етістіктерше емес, есімдерше жіктеліп, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.
Есімше формасының әрі сын есім, әрі етістік ретінде қолданылуына қарай күмәнді сипатының пайда болуы анық. Шындығында, екі сөз табына тән белгілері бар бұл форманы қай сөз табына жатқызуға болады? Бұл мәселенің басын ашып, түсінікті болу жағын қарастыру үшін екі сөз табына тән тұстарын санамалап барып таразыға салу ләзым.
Достарыңызбен бөлісу: |