Енді қайтып келместей
Бұрылып сәлем берместей,
Ашуланып, булығып,
Тұлпарына мінеді (Қамбар батыр).
Ниет есімше. Ниет есімше етістік негіздеріне –мақ,-мек, -бақ, -бек, -пақ,-пек немесе –мақшы,-мекші, -бақшы, -бекші, -пақшы, -пекші жұрнақтары жалғану арқылы жасалады: Бармақ - бармақшы, келмек – келмекші, жазбақ-жазбақшы, қашпақ-қашпақшы. Бұл қос тұлғаның арасында ешқандай мағыналық айырма жоқ. Жазба әдебиетте болсын, ауызекі сөйлеу тілінде болсын қос тұлғаның екеуі де қолданыла береді. Сөйлемде бұларды бірінің орнына бірін ауыстырып айта беруге болады, одан мағына өзгермейді. Мысалы, Тың өлкесіне жуырда көптеген жас мамандар келмекші деген сөйлемдегі кел-мекші сөзінің орнына келмек деп айтса да, мағынасы өзгермейді.
Кейбір түркі тілінде -мақ формантты етістік инфинитив болып есептеледі (өзбек, азербайжан, түрікмен т.б.). Қазақ тілінде инфинитив рөлін тұйық етістік атқарады да, -мақ формантты етістік есімше категориясына жатады. Ниет есімше де басқа есімше формалары тәрізді, етіс, күшейтпелі етістік, сабақты етістік, салт етістік және күрделі етістіктер негізінен жасалып, солардың қасиеттерін бойына сақтайды. Сонымен катар ниет есімшенің басқа етістік формаларынан ерекшелігі мұның болымсыз түрі, есім сөздер сияқты, емес сөзімен тіркесу арқылы жасалады. Бұған етістіктің болымсыздық формасын білдіретін –ма,-ме, -ба,-бе, -па,-пе қосымшасы жалғанбайды. Мысалы, Абылғазы шақырмаса, жатақтар келмекші емес еді (М. Әуезов). Мен бұл жайды ешкімге айтпақ емеспін.
Ниет есімше қимыл иесінің алдағы уақытта бір істі істеу не істемеу туралы ниетін білдіреді. Ниет есімше де басқа есімше формалары сияқты, зат есімнің алдынан келіп анықтауыш қызметін атқарады да, сөйлем соңында жұмсалып, баяндауыш қызметін атқарады. Ал мұның бастауышы және анықталушы мүшесі болып қимыл иесі болатын заттардың ұғымын білдіретін зат есімдер ғана жұмсалады. Ауылға қайтпақшы жігіт - жігіт ауылға қайтпақшы .
Ниет есімше де жансыз зат есімдердің анықтауышы қызметінде сирек жұмсалады. Жансыз заттардың ұғымын білдіретін зат есімдер бастауыш болып келген сөйлемде тек ырықсыз етістен жасалған ниет есімше тұлғасы баяндауыш бола алады. Колхоз басқармасы колхоз орталығына келесі жылы
клуб салмақшы .
Мұның себебі - адам, немесе басқа жанды заттар ғана өзінің алда не істейтіні туралы ойлап ниет қыла алады. Ал жансыз заттарда ондай қасиет жоқ. Болу, өту, жүру етістіктері ырықсыз етіс тұлғасында тұрмай-ақ баяндауыш болып келген сөйлемде кұбылыс ұғымын білдіретін (жиналыс, той, сот) және өзі қозғалатын (машина т. б.) зат есімдер бастауыш бола алады.Бүгін кешке комсомол жиналысы болмақшы .
Ниет есімшенің септелуі, тәуелденуі, басқа есімшелер сияқты жүйелі емес. Көптік жалғауы, бірлі-жарым сөзге болмаса, тіпті жалғанбайды. Мүның өзі ниет есімшенің есім сөздерден гөрі етістік сипатының басым екендігін аңғартады.
Ниет есімшенің –шы, -ші жұрнағынсыз тұлғасына септік жалғауларының кейбіреулері ғана жалғанады. Ол да өте аз, тек халық ауыз әдебиетінде, фразалық тіркестерде, поэзияда ғана кездеседі. Алмақтың да салмағы бар (Мақал ) .
Ниет есімше ескіде қалыптасқан мақал, мәтел құрамында жиірек кездеседі. Олар қазіргі тұйық етістік сияқты мағынада қолданылады.
Бас болмақ оңай,
Бастамақ қиын (Мақал).
Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ (Мақал).
Міне, осы мақалдарды қазіргі әдеби тіл түрғысынан: Бас болу оңай, басқару қиын. Бас кесу болса да, тіл кесу жоқ деп- өзгертуге толық болар еді. Бірақ бұлар ерте кезден осылай қалыптасып кеткен.
Осы шақ есімше. Осы шақ есімше тұйық етістікке -шы/-ші жұрнағы жалғану арқылы жасалады: Қелуші, сөйлеуші, сыбырлаушы, жүгіруші т. б.
Осы шақ есімше тұлғасындағы етістіктер тек адамға қатысты қимылды білдіреді. Яғни қимыл иесі адам болып келеді де, көбінесе анықталушы мүше қызметінде жұмсалады. Қора сыпырушы қарт, бала қараушы кемпір т. б.
Бұл мысалдарда адамның ез қимылы өзіне атрибут (анықтауыш) болып. тұр. Осы шақ есімше адамнан басқа ұғымды білдіретін зат есімдердің алдынан келіп, атрибут болып жұмсалмайды. Атрибут қызметінде осы шақ есімше мен дағдылы есімше мәндес болады. Мысалы, бала қараушы әйел- бала қарайтын әйел. Қора сыпыратын қарт- қора сыпырушы қарт. Қой бағушы жігіт - қой бағатын жігіт т. б.
Есімшенің бұл екі түрінің, бір-бірінен айырмасы дағдылы есімшенің қолдану аясы кең. Ол жанды және жансыз ұғымдағы барлық зат есімдердің алдынан келіп атрибут қызметін атқара береді. Киетін шапан, Келетін кісі. Сауатын сиыр. Шапан тігетін әйел. Келетін кісі.Сиыр сауатын келіншек т. б.
Ал осы шақ есімше тек кана адам үғымындағы зат есімдердің атрибуты бола алады. Сондықтан да машина, құрал-сайман атауларына тек дағдылы есімше ғана атрибут болады. Шөп шабатын машина. Киім тігетін машина. Қар тазалайтын күрек. Үй жабатын қаңылтыр т. б. Мұндай заттардың атауларына осы шақ есімше атрибут бола алмайды. Мысалы, шөп шабушы машина, аяқ киім тазалаушы щетка деп айтылмайды.
Ал адам атауларына немесе адам ұғымын білдіретін сөздерге дағдылы есімше де, осы шақ есімше де атрибут болып қолданыла береді. Қора сыпыратын қарт – қора сыпырушы қарт. Хат таситын қыз - Хат тасушы қыз. Мал бағатын қазақ – Мал бағушы қазақ т. б.
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, осы шақ есімше етістік мәнінен ажырап, бірте-бірте кәсіптік мәнді білдіретін зат есімге айналып бара жатқандығы аңғарылады. Осының салдарынан болу керек, түркі тілдерінде осы тұлғаны есімше категориясына жатқызуға қарсы пікірлер де жоқ емес. Қазақ тілі фактілеріне қарағанда, осы шақ есімше тұлғасын бүтіндей зат есім категориясына ауысты деуге болмайды. Өйткені, біріншіден, етістіктің болымсыздық жұрнағын (-ма/-ме, -ба, -бе, -па, -пе) қабылдайды.
Екіншіден, осы шақ есімше етіс, күшейтпелі етістік және күрделі етістік негіздерінен жасалып, солардың мағыналық қасиеттерін толығымен бойында сақтайды. Жұмысты тастап кетіп қалушыларда болды (Ғ. Mүсірепов). Әрине осы шақ есімшенің етістік мәні өткен шақ есімше, дағдылы есімше және болжалды есімшемен салыстырғанда әлдеқайда солғын. Дегенмен, етістік категориясынан бүтіндей қол үзіп кеткен деуге болмайды.
Осы шақ есімше септік, тәуелдік және көпше түрінде заттық ұғымды білдіреді. Экскурсияға барушылар үшін екі машина бөлінген.
Сөйтіп, осы шақ есімше түлғасының қазақ тілінде жеке сөз ұғымына қалыптасуы екі түрде кездеседі. Біріншісі – дара түрінде, екіншісі – сөз тіркесі түрінде деп бөліп қарастыра аламыз.
Жалпы бірінші бөлімді қорыта келгенде, есімше категориясы етістік пен есім сөздердің ара жігінде байланыс орнатып әрі қазақ тілінің сөздік қорына өз үлесін танытып тұр деп айтуға болады. Оның ішіндегі әр жұрнағын тиісінше дұрыс қоя білу арқылы сипаттауымызға болады. Келесі тарауда есімше тұлғаларының көркем әдебиетте кездесу түрлерін анықтайтын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |