Зерттеудің объектісі – Алаш зиялыларының әлеуметтік, саяси және экономикалық бастау көздері, оның ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алатын орны мен атқарған рөлі.
Зерттеудің құрылымы: Курстық жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары
ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының қалыптасуы мен қызметінің бағыт-бағдарлары
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, жаңаша ой-пікір мен көзқарастың қалыптасу белесінде халқымыздың өткен жолы мен оның рухани түлеуін тану құралы ретіндегі тарихи ғылымының көкейкестілігі, мән-мағынасы күрт кеңейіп, толыға түсуде. Отандық тарихнамада тарихты бұрынғысынша түсінуден арылып, оны қайта қарап, соны талдау жасау белең алып келеді.
Зерттеушілерге ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезеңі ерекше ынта-ықылас туғызатыны даусыз. Ресейде капиталистік қатынастардың дамуы орталықтағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл отарлық шет аймақтардағы өмір салаларында экономикада, мемлекеттік құрылымда, мәдениетте ғаламат өзгерістерге жеткізді. Жаңа экономикалық укладтың объективті заңдарының ықпалымен қазақтың қоғамдық санасында елеулі өзгерістер орнығып, ұлттық интеллигенция қалыптаса бастады.
Кеңес үкіметі кезінде қоғамдық ғылымда үстем болып келген таптық көзқарас ұғымы әрбір адам мен әрбір халықтың жеке өзінің бостандығы, бүкіл адамзат мәдениетіндегі жетістіктерге еркін қол жеткізу құқығы сияқты жалпы адам баласына тән өркениетті игеру жолында құжырлылықпен күрескен ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ интеллигенциясының қызметін объективті зерттеуге кедергі жасады. Қазақ интеллигенциясының қалыптасу тарихы, осы процестің тарихи-мәдени алғышарттары бір жақты қарастырылды. Қазақ интеллигенциясы алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің ықпалымен қалыптасып, дамыды деген сыңаржақ қағида орын алды.
Қазақ интеллигенциясын қалыптастырудағы ұлттық рухани бастау-көздер, қоғамда орын алған әлеуметтікэкономикалық және саяси жағдайлардың ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ интеллигенциясының жеңе легінің пайда болуы мен оның нақтылы іс-әрекетіне жасаған әсері зерттеушілер назарынан тыс қалды. Ал Алаш қозғалысының пайда болуына ұйтқы болып, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің белсенді қайраткерлері болған Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары "халық жаулары" деген жалған жалалармен айыпталып, олар туралы айтуға да жазуға да ресми түрде тыйым салынды. Осынау күрделі тарихымыздың кезінде зерттеуге тыйым салынған "ақтаңдақ" беттерін саралау бүгінгі күн тарихшыларының алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Демек, қарастырылып отырған тақырыбымыз арнайы ғылыми зерттеу объектісі болуға әбден лайық, тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі.[2]
Қазақ ұлтының демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Ресейдің халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкерлеуді және қазақтардың этнос ретінде сақталып қалуы үшін оның келешігіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан—жақты экспансиясының тоқтатуды мақсат етті. Екіншіден, олар заң шығарушы және басқарушы үкімет органдарының алдына кадеттер ұсынған үлгі мен әр түрлі петициялар арқылы талап—тілектер қою демонстрациялар мен шерулер ұйымдастыру, мемлекеттік думаның сайлауына белсенді түрде араласып, парламентке халық өкілдерін өткізу үшін күресуді мұрат тұтты. Сондықтан да 1905–1907 жылдары қазақ интеллигенциясы кадеттер ұсынған Ресей қоғамын реформалау талаптарын жүзеге асыру жолында жүргізілген саяси науқандарға қатынасуда айтарлықтай белсенділік көрсетіп, нақтылы іс—әрекеттерге барды. Олар, атап айтқанда қазақ қауымын ең болмағанда уездер мен болыстар шеңберіндегі жүйесін қалыптастырудың отарлық сипатын өзгертуді талап етті.
Қазақ интеллигенциясының қоғамдық—саяси қызметінің тағы бір бағыты Ресейден Қазақстанға орыс мұжықтарын көшіру ісін басқаратын аударушылардың қоныс аударушы мекемелерінің қызметін тоқтату үшін саяси күрес жүргізуге арналды. Үшіншіден, ұлттық—либералдық қазақ интеллигенциясы қоғамының саяси өміріне өзін өкімет пен дергілікті халық бұқарасын байланыстыратын күш ретінде көрсетуге ұмтылды
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының озық ойшылдары қоғамды, адамдардың өздерін күш қолданатын революция емес, қоғам мүшелерінің санасын өзгерту мен адамдардың бүкіл қоғамды жаңғырту практикасына тартылуы ғана өзгерте алады деп санап, қоғамдық сананы қалыптастыру процесін нақты жүзеге асырды. Адамдардың бүкіл бұқарасы мұндай өзгерістерге қатыса алмайды және оған қатысуға қабілетсіз, оны бірдей түсіне бермейді және оған бірдей дәрежеде мүдделі де емес. Қоғамдық тұрмыс пен қоғамдық сананың байланысын әдетте барша жұрт бірігіп немесе әрбір адам жеке дара белгілемейді, қайта адамдардың ерекше топтары, сананы әзірлеумен кәсіби тұрде айналысатын интеллигенттер анықтайды.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында Қазақ газеті мен Айқап журналы төңірегіне топтасқан жас қазақ интеллигенциясы осындай интеллектуалдар тобы болды. Ұлттық зиялы қауым ХХ ғасырда біршама тарих сынынан өтті. Монархтық Ресейдің ХIХ ғасырда жүргізген отаршылдық саясаты күрескер, ұлтшыл азаматтардаң өмір сахнасына шығуына себеп болды. Аталған режим өз бағытын негіздеу үшін қазақ даласында орыс-қырғыз школдарын ашып, ұлт интелигенциясын ықпалында ұстағысы келді. Бірақ бұл керісінше болып шықты. Жастардың бірден-сараны алдауға ергені болмаса, көбі отаншыл, елжанды боп өсті. Шоқан, Ыбырай, Абай, Мұхамедсалықтарды үлгі тұтты. Алайда бұлардың бәрін отаршылдық жүйенің құрбаны деп есептеді. Тіпті олардың тосыннан келген ажалына осы режим кінәлі деп санады. Сондықтан ендігі жерде топтаса күресудің, сауатты саяси текетірестің амалын қарастырды. Осы көзқарас жаңа тұрпатты интеллигенцияның ой-сана темірқазығы еді.
ХХ ғасырдың басындағы, қазақ халқының идеологиялық өкілдері рөлін атқарған қазақ ұлттық демократиялық интеллегенциясы өзінің алдына халқын дағдылы санадан бостандықтың, тәуелсіздіктің ең жоғары мұраттарына бастайтын нақты жолды міндет етіп қойды. Ол қазақ халқының объективті мүдделері мен жағдайын жүйеге түсірілген теориялық білім ретіндегі идеолдогиялық деңгейде ұғынып білдіруге, оның саяси күрес бағдарламасын тұжырымдауға ұмтылды. Демократиялық ұлттық интеллегенция қоғамның таптарға бөлінуі мойындамай бүкіл халық атынан әрекет етті. Олар өз халқына тәуелсіздік және отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресте көмектесуге ұмтылды, әрбір адам мен әрбір халықтың жеке бостандыққа және бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен табыстарына еркін қол жеткізу құқығы сияқты жалпы адамзаттық қазыналар жолында күресті. Осы мақсатпен қазақ интелегенциясы 1905 жылдан бастап саяси қызметті қызу өрістетті. Қазақ интелегенциясы саяси қызметінің қорытындысында «Алаш» партиясы құрылды.
Саяси күреспен қатар қазақ интелегенциясы ағартушылық қызметті де кеңінен өрістетті. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интелегенциясы дәрігерлердің, саясатшылардың, судьялардан, ақын- жазушылардан қаралып, мұның өзі қазақ ғылымының орнығып, алғашқы қадамдар жасауы үшін А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев, Ж. Ақбаев ж.б. қыруар істер тындырды.[5]
Мәселен, Ә. Бөкейханов қазақ халқының саяси және құқықтық санасезімін қалыптастыру жөнінде көп іс тындырған тамаша саясатшы ғана емес, сонымен қатар ғұлама экономист, әдебиетші және тарихшы болған. Оның қазақ халқының тарихын, әлеуметтік- экономикалық жағдайы мен мәдениетті зерттеуге арналған монографиялық мәні бар «Қазақтар» атты мақаласы 1910 жылы Петербургте жарияланды. Қазақ интеллегенциясының шығармаларында қоғамның негізгі идеялары, ой- пікірлері мен көзқарастары қарастырылған. Олар өз мақалалары мен кітаптары арқылы өз халқын ғасырлар бойы мүлгіген тіршіліктен оянуға, оны экономикалық және рухани тәуелділіктен азат етуге, өркениетті даму жолын нұсқауға ұмтылды.
Алаш зиялылары.
Қазіргі кезге дейін құнын жоғалтпаған А. Байтұрсыновтың «Маса» және М. Дулатовтың «Оян, қазақ» кітаптары нақ сол мақсатқа арналды. Қоғамды демократиялық жолмен жаңғырту жолындағы қозғалыс, әсіресе бірінші орыс революциясы самодержавиені біраз кеңшіліктер жасауға мәжбүр етті. Бастапқыда олар саяси салада булыгиндік Дума құрудан көрінді. І Мемлекеттік Думаның жұмысына қазақтың көзі ашық, зиялылары: Торғай облысынан- А. Қ. Бірімжанов, Уфадан- С.С.Жантөреев, ОралданА. К. Кәлменов, Астраханнан- Д. С. Ноян- Түндітов, Ақмоладан- Ш. Қосшығұлов және Семейден Ә. Бөкейхановтар қатысты. 1907 жылғы 20 ақпанда ашылған ІІ Мемлекеттік Дума құрамына қазақ халқынан оқыған мына зиялы азаматтар енді: Ақмола облысынан- Ш. Қосшығұлов, Торғайдан- Ғ. Бірімжанов, Семейден- М. Тынышбаев, Сырдариядан- Т. Аллабергенов, Оралдан-Б. Қаратаев, Астраханнан-Б.Құлманов. Қазақ интеллигенция өкілдері Мемлекеттік Дума жұмысына қатысуымен қазақ халқын сырттан жасалатын күйретуші әсерден қорғайтын қандай да бір заң қабылдауға қол жеткізуді мақсат етті, дегенмен де олардың Думаға қатысуының ең басты нәтижесі, негізінен, оның қазақтың ұлттық бірлігін нығайтуға және олардың саяси деңгейін көтеруге көмектескендігінде болды.
Достарыңызбен бөлісу: |