Логикалық (қисынды) ойлау – логикалық операциялар (салыстыру, жүелеу, қорыту және т.б.) жәрдемімен орындалатын ойлау түрі. Синкретикалық (біріктіру) ойлауда құбылыстар мәнді қатынастарынан емес, сырттай ұқсастық белгілері бойынша өзара байланыстырылады. Шешілетін мәселе және орындалатын іс-әрекеттердің стандартты не стандартты болмауынан келесідей ойлау түрлері ажыралады: алгоритмдік, дискурсив, эвристикалық және шығармашыл ойлау.
Алгоритмдік ойлау – типтік мәселелерді шешуге қажет алдын ала белгіленген ережелерге, әрекеттердің қалыпты бірізділігіне орайласқан ойлау түрі. Дискурсив ойлау - өзара байланысты ұғымдар жүйесіне негізделген ой әрекеті түрі. Шығармашыл ойлау – соны жаңалықтар ашуға, түбегейлі жаңа нәтижелерге қол жеткізетін ой қызметі. Эвристикалық ойлау – қалыптан тыс мәселе, міндеттердің шешімін табуға бағытталған өнімді ойлау үдерісі. Танымдық үдерістер өздерінің өту сипаттары бойынша шұғыл сезімдік (интуктивтік) және аналитикалық (талдауға негізделген) болып бөлінеді.
Шұғыл сезімдік (интунтивті) ойлау сипаты: өтуі шапшаң, толық түсінікке келмеген, кезеңдері анық емес. Ойлаудың арнайы бір түрі – аутистикалық ойлау – психикалық сырқаттармен байланыста көрінеді (мысалы, ақылдан адасу, ес ауу жағдайында). Өмірде мұндай сырқатты ойдың өтпелі формалары көптеп кездеседі: нақты тәжірибеден шамалап ажырасудан бастап, негізсіз, шындыққа тіпті жанаспайтын қиялилыққа дейін.
Ойлау сапасы: Ойлау өрістілігі –адамның мәселені тұтастай қамтып, сонымен бірге оның жекеленген тұстарын да назардан шығармау қабілеті.
Ой тереңдігі – күрделі мәселелердің мәніне жете енуден көрінеді. Ой тереңдігіне қарсы сапа – ой үстірттігі. Мұндайда адам басты нәрсені көрмей, қажеті кем жағдайлардан аса алмайды.
Ой дербестігі – адамның жаңа міндеттерді алға тартып, басқалар жәрдемінсіз-ақ оларды шешудің жолдарын таба білу.
Ой асығыстығы - тұлғаның кезіккен мәселені жан-жақты ойластырып алмай, қандай да бір тарапын үзіп алып, шешім беру, жетерлі ой сарабынан өтпеген жауаптар мен пікірлер айту әдеті. Ой икемділігі – мәселе шешудің дәстүрлі, бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдері құрсауына маталып қалмай, қалыптан тыс шешім жолдарын іздестірудегі еркіндігі, жағдай өзгерістеріне орай жаңаша ой жүргізу қабілеттілігі.
Ой жүйріктігі – адамның ауысқан, бейтаныс жағдайлар мәнін жылдам түсініп, ойланумен дұрыс жол таба білу қасиеті. Ойлау әрекетінде көрініс беретін шабандық жүйке жүйесінің типі – жай қозғалғыштығымен байланысты. Айзенк пікірінше, ақыл үдерістерінің шапшаңдығы адамдар арасындағы ой-өріс, парасат ерекшеліктерінің негізгі тірегі.