Модуль 1. Психология ғылымының жалпы мәселелері №1 дәрісбаян. Психология пәні. Ми және психика 1. Психология ғылымының анықтамасы
2. Психология ғылымының дамуы
3. Психика және сана
1. Психология ғылымының анықтамасы Адамның ішкі жан дүниесін, оның сырттай болмыспен өзара ықпалдастық байланыстарының жалпы заңдылықтарын зерттеумен арнайы ғылым – психология (грек.-psiche, logos-ғылым) айналысады.
Психологияның негізгі даму кезеңдеріне сәйкес оған берілген анықтамаларды қарастырайық.
1-кезең – психология жан жөніндегі ғылым. Психологияға мұндай анықтама бұдан екі мың жылдай бұрын берілген. Ежелгі адамзат жан бар деген ұғыммен өзіне түсініксіз барша өмір құбылыстарын дәйектеуге тырысқан.
II-кезең – психология сана жөніндегі ғылым. XVII-ғасырда жаратылыстану ғылымдарының өркендеуімен пайда болды. Адам өзінің ойлау, сезу және ниеттеу қабілеттерін сана категориясымен баламаластырған. Ал сананы зерттеудің негізгі әдісі адамның өзін өзі бақылап (интроспекция), одан алған деректерін баяндау болған.
III-кезең – психология әрекет-қылық жөніндегі ғылым. XX ғасырда пайда болды. Психология бұл кезеңде өз міндетіне эксперимент жасап, тікелей нақты көруге мүмкін болғандарды ғана, яғни адамның мінез әрекеттерін, қылық-қимылдарын, сыртқы әсерге жауап қозғалыстарын зерттеуге алды, бірақ оларға себепші болған мотивтерді ескеруді қажет деп білмеді.
IV-кезең – психология шынайы заңдылықтарды, психика көріністері мен тетіктерін зерттеуші ғылым ретінде танылды. Психология - психиканың дамуы мен әрекетке келуі және оның көрінісінің жеке-дара типологиялық ерекшеліктері жөніндегі, сонымен бірге адамның қоршаған ортамен өзара ықпалдасты байланыстарының жалпы заңдылықтары туралы ғылым.
Психология пәні1) іс-әрекет субъекті ретіндегі адам, 2) өзін өзі реттеуіне қажет тұлғаның жүйелі өз сапалары; 3) адам психикасының қалыптасуы мен әрекеттік қызметке келу заңдылықтары; 4) адамның болмысты бейнелеу қабілеттері және оны тануы; 5) соның нәтижесінде өзінің сырттай дүниемен өзара ықпалдасты байланыстарын реттей алуы.