Әрқандай іс-әрекетке байланысты адам қандай да қызметті орындауы қажет және сол істің тиімді нәтижесін қамтамасыз етуге жәрдем беретін сапаларға ие болуы тиіс. Мұндай дара психологиялық ерекшеліктер міндетті түрде, бір жағынан, өзіндік психикалық табиғатына ие болудан, екіншіден - әркімде өз алдына, қайталанбас көрінісінен жеке адам қабілеті деп аталады.
Қабілет өз ішіне әртүрлі психофизикалық қызметтер мен психикалық процестерді ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның барша даму деңгейін қамтыған әрі оларға тәуелді күрделі бірігім. Адамның сыртқы білім, ептілік, дағды әрекеттерінде көрінгенімен, қабілет табиғаты іс-әрекеттен бөлек. Мысалы, тұлға техникалық және білім жағынан күшті бола тұрып, қызметке келгенде болымсыз, ал кейбіреулер арнайы оқып, үйренбей-ақ күрделі қызметтерді атқарып, тиімді нәтиже беруге шебер.
Нақты көрінетін білім, ептілік және дағдылар қатарында қабілет адамның жүзеге асуы мүмкін қасиеттерінің бірі ретінде бағаланғаны жөн, яғни қабілет жерге тастаған дәнмен бірдей: қолайлы жағдай болса өнеді, кері жағдайда көрінбей-ақ жойылады. Осыдан, қабілет - білім, ептілік және дағдыларды игерудің мүмкіндік көзі, ал оның іске асу, аспауы көп жәйттерге тәуелді.
Білім, ептілік және дағдылардың игерілуімен олар-дың қабілетпен тікелей байланысы көріне бастайды, яғни іс-әрекетті игеру барысында қатыса отырып, қабілет одан әрі дамиді, іс-әрекетке жаңа мазмұн мен сипат береді.
Сонымен, қабілет білім, ептілік және дағдылардың өздерінде көрінбей, танып үйренуге орай нақты әрекетті игеру динамикасында (тез - шабан, оңай - қиын) байқалады. Іс-әрекеттің нәтижесі, орындалу деңгейі мен тәсілдерінің тиімділігі қабілетке тәуелді.
Қорытындылай келе, "қабілет" түсінігінің бүгінгі ғылым қабылдап отырған үш негізгі көрсеткішін (Б.М.Теплов) атайық:
1. Қабілет - бір адамды екіншісінен ажырататын дара психологиялық ерекшелік. Баршаға бірдей тән қасиеттері қабілет бола алмайды. 2. Қабілет - кей адамға ғана дарыған қандай да бір не бірнеше іс-әрекетті табысты орындауға жарайтын жо¹ары ептілік. 3. Қабілет - нақты адамда топталған білім, ептілік және дағдылардан оқшау, ?ажет әрекетті игеру желісінде ғана көрінеді. Қабілет пен іс-әрекет арасындағы қатынасты сөз ете отырып, егер адам іс-әрекетке байланысты талаптарды орындай алмаса, оның қабілетінің жетімсіздігін атап өткен жөн. Мұндай тұлға қажетті білім қорын жинақтап, ептіліктер мен дағдыларды қалыптастыруы үшін талай күш салып, ұзақ уақыт жаттығуы тиіс, ал тәрбиеші-педагогтар оны оқытып, үйрету үшін үлкен шеберлік пайдалануы лазым.
Іс-әрекет адам қабілетін ұдайы дамыта бермейді, оның себебі - қабілет пен іс-әрекет арасында белгілі сәйкестіктің болмауы. Бұл сәйкессіздіктің мәні: әрқандай қабілет өзінде қалаған іс-әрекет мүмкіндіктерін қамтуынан қай бір жағынан нақты орындалып жатқан іске қарағанда ауқымда да кең мағыналы. Екінші жағынан, нақты іс-әрекет өзіне қатысты қабілеттен кеңірек болып, басқа да қабілеттерді қажетсінуі мүмкін. "Қалыпты адам өзінің дене және ақыл қабілеттерінің он пайызын ғана пайдаланады. Қолданған және онда пайдаланбай қалған мүмкіндіктер айырмашылығы - адамның кім болып танылғаны мен әлі де кім болатынының көрсеткіші" (Коупленд П.)
Осыған орай қабілеттер нақты (актуальный) және мүмкін (потенциальные) болып екіге бөлінеді.