Қарапайым қабілеттер – болмысты жай бейнелеуде, қабылдау, ес, ойлау, қиял мен еріктің әдеттегі, барша тек өкіліне тән деңгейде қалаған әрекет орындауда іске қосылады.
Күрделі қабілеттер –оқуда, бақылау, шығармашылық істерінде көрініп, ақыл-ес дамуының жоғары деңгейін танытады. Қарапайым және күрделі қабілеттердің қажетті деңгейдегі дамуы болмаса, тұлға адами іс-әрекеттердің бірде біріне араласа алмайды. Іс-әрекет түрлеріне орай арнайы қабілеттер – сызу, көркемөнер –әдеби, нақты-ғылыми (математикалық және т.б.), тәжірибелік-ұйымдастыру, тұрмыстық-жасампаздық, т.с.с. болып ажыралады. Қабілеттер тек өкілі бойындағы білім, ептілік және дағдылармен шектелмейді. Олар нақты іс-әрекет тәсілдерінің шапшаң әрі берік игерілуінен көрінеді, тек өкілінің психикалық әрекеттерін реттеп барушы тетік ретінде қызмет етеді. Қандай да жетістіктер барысында іске аса отырып, адам қабілеттері тек көрініп қана қалмастан, жаңа белес деңгейінде қалыптасып, одан әрі дамуда болады.
Адамды басқа тіршілік түрлерінен ажыратушы белгі ретінде қабілеттер сол адамның табиғи - әлеуметтік болмысын құрайды, ал ол болмыс – тарих өнімі. Адам табиғаты оның еңбектік іс-әрекетіне негізделіп, тарихи даму процесінде қалыптасады, сонымен бірге өзгерістерге түсіп отырады. Зерде (интеллектуал) қабілеттері адамның қоршаған дүниені мейлінше таныған сайын, оны өзгеріске келтіре білу ептілік, дағдыларының өрістеуімен бірге дами түседі. Тұлғаның көркем-өнер, әдеби шығармашылық, ән-күй және т.б. қабілеттері өнердің әрқилы түрлерінің даму барысына орайлас келеді.
Еңбектік іс-әрекет аясының кеңеюі және оның жаңа түрлерінің пайда болуымен адамда қабілеттердің де жаңа түрлері қалыптасып барады. Адам қабілеттері мен олардың құрылымы тарихи өзгерісте болатын еңбек бөлісі формаларына тәуелді келеді.
Тарихи даму барысында адамзат қауымында әрқилы маманданған қабілеттер қалыптасып отырады. Олардың бәрі де адамның дербес еңбектенуіне және тарихи дамуға байланысты жасап, жинақтағандарды оқып, үйреніп меңгеруіне қажет қабілеттерде түрліше көрініс табады. Нәтижеде, іс-әрекеттің әрқилы түрлеріне орай – арнайы қабілеттер және жалпы қабілеттер өзара жіктеледі.
Жалпы қабілет көбіне “дарындылық” терминімен белгіленіп жүр.
Дарындылық – бұл белгілі іс-әрекет саласындағы табысты қамтамасыз етуші қабілеттер тобы (комплекс).
Арнайы қабілеттер нақты мамандыққа орай іс-әрекет түріне қатысты көрінеді. Қандай да бір арнайы қабілеттер ішінде тек өкілінің адами қызметтерінің жетекші формаларының жалпы шарттарымен сәйкес келетін жалпы дарындылық та байқалуы мүмкін.
Адамның шынайы дарындылық кейпі осы жалпы және арнайы қасиеттердің ажырамас, өзара кіріге, бірігуімен ғана қамтамасыз етіледі. Дарындылықтың аса жоғары деңгейі «талант» және «данышпандық» ұғымдарымен айқындалған.